50625
Әлібек Асқар: Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ
Әлібек Асқар: Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ
«Nur Otan» партиясы жанындағы Республикалық «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында сөз алған жазушы Әлібек Асқар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығының маңызына тоқтала келе, тәуелсіздік алған отыз жыл ішіндегі ең басты жетістік ретінде Елбасының атап өткен үшінші қағидаты ел шекарасын құжат жүзінде бекітіп алу екенін баса айтты.
Әлібек Асқар, жазушы:
– «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығының қай-қайсысы болсын, ел болашағы үшін маңызды. Сол қағидаттардың ішінде «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» атты үшінші қағидатқа тоқтала кетсем. Бұл қағидат «Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым» деп басталады. Расында жер – қазақ үшін қасиетті ұғым. Тарихқа үңілсек, қазақтағы барлық дау-дамайдың барлығы жер мен жесір дауынан басталған. Әсіресе, соғыс атаулының барлығы жер дауынан шыққан. Осы орайда қазақтың «Бақыр қазан қайнаса бәріміздің бағымыз, Туған жердің әр тасы біздің алтын тағымыз» деген әдемі сөзі есіме түсіп отыр. Биыл Тәуелсіздіктің тұғырына қонғанымызға 30 жыл толып отыр, осы жылдар ішінде елімізде көптеген реформа іске асырылып, үлкен табыстарға кенелгеніне өздеріңіз куәсіздер. Сол басты табыстардың бірі – республикамыздың шекарасын толықтай заңдастырылып, шегенделуі. «Қазақстан жер көлемі бойынша тоғызыншы орында» деп үнемі мақтанамыз. Бұл – шынында үлкен мақтаныш. Байқап қарасақ, әлемде көптеген елде әлі күнге дейін түйіні шешілмеген шекара мәселесінің соңы дауға ұласып, қантөгіске алып келгенін білесіздер. Мысалы, Таулы Қарабақ мәселесі әлі толығымен шешімін таппады, одан өзге Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасында да шекараға қатысты келіспеушіліктер жиі болады. Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірініш қолға алатын мәселесі шекараны шегендеу екені анық. Бұл тұрғыда біздің Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ ширақ қимылдап, қайсарлық пен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісімдерді бекітіп алғанын баса айта кеткен жөн. Сондықтан Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты нәтиже – өскелең ұрпаққа бейбіт әрі тұрақты шекараны қалдыру, көрші елдермен қалыптасқан қарым-қатынасты одан әрі жетілдіру және ынтымақтастықты нығайта түсу.