50312
Яков Фёдоров: Мен секілді қазақ тілін үйренгісі келетіндерге контент жетіспейді
Яков Фёдоров: Мен секілді қазақ тілін үйренгісі келетіндерге контент жетіспейді
«Nur Otan» партиясы жанындағы Республикалық «Miras» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында блогер, азаматтық журналист Яков Фёдоров Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиыны туралы пікірін ортаға салды. Соның ішінде ол Елбасы атап өткен «Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры» атты екінші қағидатты тілге тиек етіп, осы мәселеге қатысты өз ұсынысын айтты.
Яков Фёдоров, блогер, азаматтық журналист:
– Елбасы атап өткендей, бірлік пен келісім мәселесі әрқашан өзекті. Хакім Абай алтыншы қара сөзінде «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» деп философиялық ой өрбіткен. Сондай-ақ, ол «Қазақ ойлайды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді» деп жазады. Шындығында осылай ма? Дана Абай осы жерде бірлік сөзінің мағынасын ашып береді. Ол былай дейді: «Жоқ, бірлік дегеніміз – ақылға бірлік, малға бірлік емес». Біз қазір екі әлемде сүреміз, біріншісі – материалық дүниеге толы болса, екіншісі – рухани немесе виртуалды дүниеге толы. Бірақ кейбір экономистер «дүние сананы білдіреді» деп айтады. Сана да дүниені білдіреді. Себебі материалдық дүниенің негізгі мақсаты – өскелең ұрпаққа лайықты өмір жасау. Ал бұл материалдық емес, рухани нәрсе. Сол себепті біздің ортада қазақ тілі мен мәдениеті біріктіру құралы болуы керек. Алайда мұнда бірқатар мәселе бар, оны ашық айтқан жөн. Мысалы, мен сияқты қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға контент жетіспейді. Мен мұны бұрын айтқан едім, қазір де айтайын: еліміздің әр аймағында мемлекеттік тілді оқыту орталықтары бар екен. Бірақ олар формалды түрде жұмыс істейді. Сол орталықтардың жұмыс істеу форматын өзгертіп, жаңа медотика енгізудің кезі жеткен секілді. Сосын тағы бір айтайын дегенім – елімізде қазақ тілін керемет үйрететін мыңдаған мұғалім бар, бірақ интернеттен олардың методикасын таппайсың. Меніңше, үздік методиканы меңгерген мұғалімнің сабағын видеоға түсіріп, YouTube желісіне жүктесеңіз, қазақ тілін үйренуде еш қиындық болмайтын секілді. Негізі, тіл үйретуде әрбір ұсақ-түйек нәрсе маңызды. Қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы әр азаматқа ашық болуы керек. Осы ретте тағы бір мәселені айта кетсем. Өткен аптада Орал қаласына бардым. Ол жақта музейлерде тұрған экспонаттарды суретке түсіруге тыйым салынған. Ал бір суреттің құны – 1 000 теңге, бұл қарапайым халық үшін қымбат. Себебін сұрасаң музейдегілер министрліктің бұйрығын айтып желеуретеді. Бұл – дұрыс емес. Тағы да қайталап айтамын, мәдениетіміз бен тарихымыз халыққа ашық болуы керек. Мұндай тыйымдарды алып тастау керек. Келешекте қазақ тілі біріктіру факторы деңгейіне жетсе, онда «өзге ұлттың өкілдері» деп бөлмей, барлығы біртұтас ұлт болады.