353
Халықаралық конференция өтті
Халықаралық конференция өтті
Қарашаның 26-сы күні, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Креативті кеңістіктегі жастардың шығармашылық бірлестіктері: стратегиялар, білім беру ортасы, іске асыру тетіктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Комитетінің мүшесі Елнұр Бейсенбаев, Алматы қаласы креативті индустрия Басқармасының басшысы Қайсар Сарыбаев, British Council Орталық Азия бойынша өнер және креативті экономика жөніндегі жобалардың жетекшісі Галина Корецкая, Creative Bureau-дің құрылтайшысы (Алматы қ.) Кристина Бекмурзаева, философия докторы (PhD), Нұрсұлтан Назарбаев Қорының ғылым жөніндегі кеңесінің мүшесі, әлеуметтік кәсіпкер Сабина Акжарова және ғалымдар, магистранттар мен студенттер қатысты. Алғаш болып сөз алған Т.Қ. Жүргенов ат.ҚазҰӨА ректорының у.м.а. Шәріпбек Ағабайұлы конференцияның ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.«Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде қазақстандықтар үшін басты бағдар болатын және мемлекет ретінде басты маңызы бар «Мемлекеттіктің жеті тұғыры» қағидаттары жинағында «Қазақ елінің қалыптасуының маңызды құралы: елдегі дарынды, шығармашыл, жігерлі және мақсатты жастар. Әсіресе, белсенді, табысты жастардың ірі компанияларда еңбек етіп, әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтар ашып, өмірдің әр саласында кәсіби танылып жатқанын көру қуантады» деген еді. Бұл халықаралық конференция креативті индустрия саласындағы алдағы табысты қызмет үшін маңызды бағдар болады деп есептеймін», делінген құттықтау хатта. Конференция барысында онлайн байланысқа шыққан ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі Комитетінің мүшесі Елнұр Сабыржанұлы: «Креативті индустрия қабырға не темір емес, ол шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі деп түсінемін. Осы жерде жоғарғы оқу орындарының үлестері аса маңызды. Бүгінгі ғылыми ордада тікелей осы саланың драйвері болатын жастармен жұмыс жасау арқылы біз ең бірінші осы креативті экономика дегеніміз не және ол нені қамтиды дегенді анықтауымыз қажет деп есептеймін», -деді.British Council Орталық Азия бойынша өнер және креативті экономика жөніндегі жобалардың жетекшісі Галина Корецкая тақырыпты кеңінен ашып, пленарлық мәжілісте креативті экономика мен индустрия терминдеріне толық анықтама беріп, слайд арқылы түсіндіру жүргізді.
Қазір барлығы өз деңгейінде дейін әлі толық зерттелмеген экономиканың жаңа – төртінші секторы туралы айтады. Ал креативті индустрия мәдениет пен өнер қиылысатын осы төртінші сектордың бөлігі болып табылады. Біз Алматыда креативті индустриялар секторы жылжымайтын мүлік саласындағы қызметтер секторы мен бизнес қызметтері секторына қарағанда көбірек екенін зерттеу барысында білдік. Қазақстанда кретивті индустрия бұрыннан бар, бірақ біз оның сан алуандығын шын мәнінде қамту үшін дұрыс құралдар мен дұрыс анықтамаларды табуымыз керек, -деді.Академияның барша түлектері атынан Алматы қаласы бойынша Creative Bureau-дің құрылтайшысы Кристина Бекмурзаева сөз алды.
Шығармашылық жоғары оқу орындарының білім беру процесін өзектендіру тақырыбы креативті экономиканы дамытудың маңызды іргелі негіздерінің бірі ретінде стратегиялық маңызға ие. Себебі креативтілік пен креативтік индустрия біздің еліміз, жалпы бүкіл Орталық Азия өңірі үшін бүгінде маңызды. Менің ойымша, академия бүгінде жаңа трендтерді көрсету арқылы өзінің жаңашылдығын көрсетіп отыр. Креативті индустрияның негізгі ресурсы талант. Алдағы жиырма жыл ішінде қатардағы көптеген мамандықтар жоғала бастайды. Керісінше, шығармашылық мамандықтардың түлектері сұранысқа ие болады, - деп, көптеген зерттеулермен расталған фактілер келтірді.Шара қатысушы кәсіпкерлер мен шығармашыл мамандардың креативті индустрияның даму тенденциялары мен бағыттарын талдай отырып, экономика үшін маңызды ұсыныстар айтылған баяндамалармен жалғасты.