51241
Ғылымға арналған ғұмыр
Ғылымға арналған ғұмыр
Ғұлама ғалым әл-фараби: «Ғылымның сарайына кіретін адамның ары таза, жан иманы кәміл, пейілі тура болуы керек. Ондай бола алмайтын адамдар өзін де, өзгені де былғамай, ғылымнан аулық жүру керек» деген екен. Міне, осы сөздер Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрыновқа арналып айтылғандай көрінеді. Өйткені ғұлама ғалымның сипаттамасында келтірілген ғылыми-тұлғалық қасиетті ғалымның бойынан көреміз.
Академик М.Жұрынов туралы айтыла қалғанда, оның халықаралық университеттің тұңғыш ректоры, ғылыми зерттеу институтының директоры, Білім министрі лауазымдарынан бөлек, әлемдік деңгейдегі ғылым қайраткерлігіне, академик екеніне ерекше екпін түсіре айтылуының өзіндік себебі де бар. 700-ден астам ғылыми еңбек, 20-ға жуық монографиялық зерттеу мен 100-ден астам куәлік және патенттердің иесі атану жолында еткен еңбек, төккен тердің нәтижесінде ғана мүмкін болатынын бағамдауға болатын сияқты. Бұдан бөлек ғылыми-педагог кадрлар даярлаудағы еңбегі өз алдына бір әңгіме. Тек қырыққа жуық докторлық және кандидаттық диссертацияларға жетекшілік еткенін тілге тиек етсек те жеткілікті.
Жастайынан химия мен физика пәніне жақын болуы – физикалық химия ортасында болатын химиялық реакциялар электр тоғының күшімен жүргізілетін электрохимия мамандығына деген қызығушылығын оятқан болар. Ғылымға деген құштарлық жас ғалымды Мәскеудегі Д.Менделеев атындағы Химия-технологиялық институтының аспирантурасына алып келді. Ғылымдағы алғашқы қадамы екінің біріне бұйыра бермейтін әлемде өзіндік орны бар мәскеулік ғылыми орталықтан басталуының өзінде үлкен мән бар сияқты. «Басталған істің нәтиже беріп, баянды болуы қалай басталуына байланысты» деген пәлсапаға иек артсақ, Мұрат Жұрынұлының жүріп өткен жолына көз жібере отырып, айтылған даналық сөздің дәл әрі дөп екенін байқағандай боламыз.
Ғалымның ғылыми еңбектерге талдау жасау, зерттеу болжамдарын айқындау, зерттеу әдістері қажетіне қарай қолдану және жаңа тұжырымдар ұсыну бойынша жинаған студенттік тәжірибелер кандидаттық, докторлық диссертацияларын жазу барысында көп септігін тигізгенін айтсақ, артық болмас. Өзіне мақсат қоя біліп, оның орындалуына ерекше мән беретін, қай мәселені қолға алса да , ауқымды аумағымен, түбегейлі-түпкілікті тексеріп, тұшымды тұжырым жасай білетін зеректігімен, білімділігінің арқасында қырыққа жетпей-ақ ғылым докторы дәрежесіне ие болды. Ғалымның аса бір ыждаһаттап қарастырған, тиянақты да терең талдап жаратылыстану ғылымдарының әр саласына жүргізген зерттеулерінің ішінде электрохимия бойынша өзінің айтар ойы, терең тұжырымдамасы бар ғалым екенін сала мамандары ерекше құрметтейді. «Әртүрлі табиғи қосылыстар негізінде фармакологиялық активті заттарды электросинтездеу» атты докторлық диссертациясына көрнекті ғалымдардың берген бағасына қарағанда, түрлі-түрлі табиғи органикалық заттардан өте қажетті дәрілер мен жаңа биологиялық активті заттарды синтездеп алудың жолын ұсынған және өзінің терең ғылыми зерттеулерімен биологиялық активті заттарды электросинтездеудің жаңа жолдары мен жаңа технологияларын жасаған. Сондай-ақ ғалымның негізгі еңбектері фосфор өндірісінің қатты және сұйық қалдықтарын электрохимиялық қайта өңдеу, әртүрлі металл фосфидтерін электрохимиялық жолмен алу, табиғи дәрілік заттарды өсімдіктерден электрохимиялық экстракциялау, темір, мыс және кобальт фосфидтерін алудың жаңа әдісін жасау сияқты өте өзекті мәселелерге арналған.
Ғылым мен білім тізгінін тең ұстаған академик М.Жұрыновтың Елбасының бастамасымен ашылған Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылуы, қалыптасуы мен дамуындағы аңызға бергісіз қажырлы еңбегіне арнайы тоқталмай-ақ, ел Тәуелсіздігімен бірге түлеген жоғары білім ордасының түркі әлемінде халықаралық мәртебеге ие университет екені әрі академик М.Жұрынов түркі әлеміндегі танымал тұлғаға айналғанын айтсақ та жеткілікті болар. Сонымен бірге Білім министрі лауазымында болған кезде жоғары білім сапасын қамтамасыз етуде қатардағы оқытушыдан сатылап ректорлыққа дейін көтеріліп, университеттік білімді, әлемдік білім және ғылым қауымдастығына кіріктіру (интеграция) жолында жинақтаған мол тәжірибесі де кәдеге жарағаны рас. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы білім беру жүйесін жетілдіріп, бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтамай, өзіміз ойлағандай етіп, ел дамуына әсер ететін заңнамалық құжаттар әзірлеу оңайға соқпағанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз. Тәуелсіз Қазақстанның білім және ғылым жүйесін жаңғыртуда қолға алынар қомақты істер қажеттігі туындаған тұста, министр М.Жұрынов Қазақ-түрік университетінің дәрежесін халықаралық мәртебеге көтеру барысында «аузын айға білеген» әлемнің алпауыт мемлекеттері университеттеріндегі білікті басшылармен байланысын ұтымды пайдалана білді. Әлемдік білім трендтерді табысты меңгерген ол ел дамуының басым бағыттары болып айқындалған білім және ғылым жүйесін жаңғыртуға жанын салып кіріскенін көз көргендер әлі бүгінгі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр.
Жалпы, реті келген соң айтып жатқанымыз ғой, болмаса бұл мақаламызда сан қырлы академик М.Жұрыновтың ғалымдық бір қырын ғана айтуды мақсат еткен едік. Ғылым дегеннен шығады, адамның білім алуын, жүйелеу мен тексеру бағытындағы қызметінің түрін өзіне бағдар етіп алып, негізгі мақсаты ақиқатқа жету және табиғат, қоғам, ойлау заңдылықтары, танымның өзі туралы нағыздықтың объективтік заңдылықтарын ашуды көздеген ғылым жолын таңдаған ғалым туралы тереңінен толғансақ...
Қандай қызметте болмасын, ғылым мәселесі әрқашан ойда жүретін ғалым Қарағанды мемлекеттік университетінің ғылым жөніндегі проректоры болып тағайындала сала жоғары оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыруда бел шешіп кірісіп кетеді. Ол кездегі саусақпен санарлық ғылым докторларының бірі ретінде өзінің ғылыми-зерттеу бағыты бойынша ғылыми мектеп қалыптастырып та үлгереді. Жеке электрохимия кафедрасын ашып, білікті ғылыми-педагогтік кадр дайындау ісіне айрықша атсалысып, университет қабырғасында докторантура ашуға бастамашылдық жасап, оны іске асырады.
Тек елімізде ғана емес, Кеңес Одағы ғалымдарының арасында бедел биігіне көтерілген академик М.Жұрынұлы Қарағанды қаласындағы Органикалық синтез және көмір химиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады. Қандай қызметте болмасын, істің бабына барып тиянақтылықты, нәтижелікті, тиімділікті ойлайтын бірінші басшы ғылыми зерттеу институтының жұмысын жетілдіріп, материалдық-техникалық базасын нығайтып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін еселейтін ғылыми зертханалар мен инфрақұрылымдар ұйымдастырып, өндірістік аймақтың экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер мен монографиялық еңбектердің көптеп жарық көруіне жол ашады. Аз уақыт ішінде ғылыми институт еліміздің алдыңғы қатарлы ғылыми ұйымына айналады. Иә, шынында ұстазым, академик Шора Сарыбаевтың: «не сиқыры барын қайдам, әйтеуір, Мұрат Жұрыновтың қолы тиген жер жайнап шыға келеді» деген сөзі осындайда ойға оралады...
Әрқашанда жаңалыққа жаны құмар жаңашыл академикке отандық ғалымдар үлкен сенім артып, 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының президенті етіп сайлайды. Баламалы негізде сайлауға түсіп, айқын басымдықпен жеңіске жеткен ғалымды тағы да үлкен сынақтар күтіп тұрған еді. «Бұл ән, бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл академия бұрынғыдай мемлекет қаржыландыратын, ғылыми қызметкерлеріне кесімді (оклад) еңбек ақысы төленіп отыратын, қырықтан астам ғылыми зерттеу институты бар мекеме құқығынан айырылған ғылыми ұйым болып қайта құрылған болатын.
Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебесі академик М.Жұрыновтың «жігеріне құм құйып», мойыта алмады. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым бұл жауапкершіліктің де ауыр жүгін нық сеніммен арқалап, істің көзін тауып, ғылыми ортаның құрметіне бөленгенін айтқанымыз абзал. «Ғылым туралы» жаңа заңның талаптарына сәйкес, ғылым мен жоғары білім интеграциясын игеру мақсатында академияның бөлімдерін Ұлттық университеттер жанынан жасақтады. Бұл қадам ғалымдардың жоғары оқу орындарында дәріс оқып, қосымша еңбекақы алуға, академияға университеттер тарапынан қаржылай көмек көрсету мүмкіндігіне жол ашты.
Ғалымдардың еңбектерін жариялау, оларды насихаттауда да ақпарат құралының рөлі зор екені белгілі. Сонау кеңестік кезеңнен тұрақты түрде шығып келе жатқан, әлемнің 73 еліне тарайтын сегіз ғылыми журналды қаржыландыру мәселесі академиктің атсалысуымен мемлекет басшылығынан қолдау тапты. Қазір осы журналдардың төртеуі – «ҚР ҰҒА Хабаршысы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Химия және технологиялар сериясы», «ҚР ҰҒА Хабарлары. Геология мен техникалық ғылымдар сериясы» және «ҚР ҰҒА Хабарлары. Физика-математика сериясы» Clarivate Analytics халықаралық мәліметтер базасына кірген Орталық Азия мемлекеттерінің ішіндегі жалғыз ел Қазақстан екені көңіл қуантады.
Ұлттық ғылым академиясының жаңа даму жолын айқындағанда француз моделінде қарастыруды мақсат етіп алған академия басшылығы ұзақмерзімді жоспарлар әзірледі. Әрине, мемлекеттің дамуы өндіріс салаларын қарыштап дамытуға байланысты екені белгілі. Сондықтан да ғалымдардың Қазақстандағы табиғи байлықтарға байланысты геология, металлургия, химиялық технология, аграрлық сектор және жаратылыстану ғылымдар салаларындағы зерттеу жұмыстары өз жемісін беріп келеді.
Еліміздегі классикалық ғылым ордасының басшысы ретінде академик М.Жұрыновпен еліміздің экономикасының дамуына ғылым үлесін арттыру жөнінде болған әңгімеден түйген ойларымызды ортаға сала кеткенді жөн көрдік. Жалтақтауға, жалпақтауға жаны қас, өзінің азаматтық көзқарасын тайсақтамай тіке айтатын, пайым-парасаты мол, тағылымдыққа толы тұнық тұжырымдарынан бір-екі мысал келтіре кетсек. «Ұлттың жойылуы ғылымның күйреуінен басталады», «Білім мен ғылым деген бір - біріне ұштасып жатқан дүние», «Ғылым абыройын шынайы ғалымдар ғана көтереді», «Ғылым барлық уақытта шындықты іздейді», «Ғылым дамуы үшін алдымен тазалану керек», «Ғылымсыз ешқандай мемлекет өспейді», «Ғылымсыз қоғамда болашақ болмайды» деген сияқты қанатты сөздерге айналып кеткен, әр кездері еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне берген сұхбаттарындағы сүбелі сөздеріне қарап-ақ, ғалымның кемел білімінен, ғалымдық ғибратынан нәр алғандай боламыз.
«Әлемдік дамыған елдердегідей ғылымға деген көзқарас қалыптастыру біздің елімізде де қолға алынып келеді. Бізде ғаламдық ғылыми жаңалықтардан шет қалмай, ғылыми-инновациялық жолмен ел экономикасын дамыту ісіне ғылым үлесін қосу жолында барлық күш-жігерімізді аямауымыз керек» деген Мұрат Жұрынұлының ойын ел оқымыстылары қолдап отырғаны отандық ғылымның ертеңіне деген сенімнің мол екенін көрсетсе керек.
Сондай-ақ Түркі әлемі ұлттық ғылым академиялар одағының тұңғыш отырысында осы одақтың төрағасы болып қазақстандық ғалым, академик Мұрат Жұрынұлының сайлануы еліміздің ғылымына көрсетілген құрмет деп бағалауға әбден болады. Әлемдік академиялар арасындағы әріптестік еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік тудырып келеді.
Кәрімбек ҚҰРМАНАЛИЕВ, Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор