Мақсаты игі, орындалуы шикі

Мақсаты игі, орындалуы шикі

Мақсаты игі, орындалуы шикі
ашық дереккөзі
352

Еліміздегі халық санының көрсеткіштерінде тұрақты өсім бай­қал­ғанымен, ішкі демографиялық ахуалға байланысты шешілмеген мәселе жетерлік. Әсіресе, теріскейдегі жағдай мәз емес. Халық санының азаюы, еңбек күшінің тапшылығы сияқты өңірдегі шиеленіскен мәсе­ле­лерді реттеу үшін оңтүстік өңір тұрғындарын ерікті түрде солтүстікке кө­шіру бағдарламасы қолға алынған болатын. Шынында да, бұл бастама қа­дау-қадау жұрты бар, қаңырап қалудың аз-ақ алдында тұрған сол­түс­тік­тегі талай ауыл тіршілігінің тамырына қайта қан жүгірткендей болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында оңтүс­тік­тен солтүстікке қоныс аударушыларды қол­даудың форматын жаңарту керек еке­нін айтқан болатын. Бес жылдан ас­там уақыт бойы жүзеге асырылып ке­ле жат­қан жоба одан әрі жалғасын та­п­пақ.

30 мыңнан астам азамат көшіп барды

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Пав­ло­дар, Шығыс Қазақстан, Қостанай об­лыс­тарында демографиялық тең­сіз­дік мәселесі бар. Яғни, бұл аймақтарда оң­түстік өңірлермен салыстырғанда бала туу көрсеткішінің төмен, халықтың Ре­сейге немесе басқа да шетелдерге кө­шуі байқалады. Осылайша, көші-қон­ның теріс сальдосы мен егде жастағы аза­маттардың үлесі артып отыр. Оған қоса, өңірлерді қазақыландыру мәселесі де назарға алынды. Оңтүстік өңірлерде жағдай мүлде кері­сінше. Жалпы, халықтың 55 пайызы сол жаққа шоғырланған, жастардың да үлес салмағы жоғары. Бір сөзбен айт­қан­да, демографиялық жағдай өте жақ­сы, бірақ соған сәйкес жұмыс орны тап­шы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға жүргізген талдауының нә­тижесінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау жә­не Алматы облыстары тұрғындарының бір бө­лігін Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қа­зақ­стан, Павлодар және Қостанай облыстарына кө­шіру қажетін анықтаған. Кейіннен бұл тізім­ге Қарағанды мен Ақмола облыстары да ен­гізілді. 2050 жылға қарай оңтүстік ай­мақ­тардағы халық саны 5 миллион 300 мың ада­мға дейін жетіп, жұмыссыздық мәселесі одан әрі ушығуы мүмкін, ал солтүстік өңір­лерде тұрғындар саны 900 мыңға азайып, сәй­кесінше жұмыс күшінің жетіспеуі ықти­мал деген болжам да айтылған болатын. Міне, осы мәселелерді реттеуге бағыт­тал­ған азаматтарды оңтүстік өңір­лер­­­ден солтүстік өңірлерге ерікті түрде кө­шіру бағдарламасы 2017 жылдан бастап «Ең­­­бек» мемлекеттік бағдарламасы шең­берін­­­де жүзеге асырылып келеді. Нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында солтүстік өңірлердің демографиялық мәселелерін шешуге ерекше назар аударылды. Нақты деректер бойынша, 2015-2017 жыл­дар аралығында 1 392 адам, яғни 347 от­басы солтүстік өңірлерге қоныс аудар­ған. Ал 2017-2020 жылдарда оңтүстік өңір­лер­­­ден сол­түстікке 30 мыңға жуық адам кө­­шіп барып­ты. Бұл – шамамен 7 965 отбасы. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ви­це-министрі Ержан Біржановтың мә­­лімдемесінше, 2021 жылғы қаңтар мен қыр­­күйек аралығында солтүстікке көш­кен­дер қатарына тағы 1,3 мың отбасы немесе 4,5 мың азамат қосылыпты. Қоныс аударғандардың басым бөлігі Павлодар (33 пайыз) және Солтүстік Қа­­зақ­стан (26 пайыз) облыстарына қоныс­тан­ған. Ал Ақмола облысына тек 4 пайызы кө­­шіп барыпты. Қоныс аударғандардың ішін­де 600-дей адам жаңа ортаға бейімделе ал­май, кері көшіп кеткен. Негізінен тұрғын үй мәселесі реттелген Сол­түстік Қазақстанды таңдаушылар көп көрі­неді. Солтүстік өңірлердің әкімдіктері көпбалалы отбасыларға көбірек көңіл бөледі. Ауа райын, климат жадайын ескере отырып, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарын таңдап жатқандар да бар. Солтүстікке орныққандардың ішінде 9 мың адам ғана жұмысқа орналасқан екен. Бұл теріскейдегі еңбек нарығы мәсе­ле­сін реттеуге ықпал етерліктей күш болмай тұр.

Еңбек нарығына әлі де күш керек

Көшіп барғандарды жұмысқа орналас­тыру мәселесіне келер болсақ, Еңбек ресурс­тарын дамыту орталығының дерек­тері­не сәйкес, 2017-2020 жылдары қоныс ау­­­дар­ған 25,7 мың адамның тек жартысы ең­­бек­ке қабілетті азаматтар екен. Сол 13 мың адам­ның 9 мыңы жұмысқа орналасқан. Көшіп барған еңбекке қабілетті аза­мат­тардың көбі – фельдшер, дәрігер, мұға­­лім, механизатор. Жеке кәсібін дөңгелет­кісі келетіндер және егіншілікті, мал шаруа­шы­­лығын дамытқысы келетіндер де көшіп ке­­ліп жатыр. Осының негізінде солтүстік өңір­­де жылыжай шаруашылығы да дами бас­тап­ты. Қызмет көрсету саласында да жақсы нәтижелер бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жалпы көшіп барғандардың 613-і өз ісін қолға алған. Ал 109-ы шағын несие алған. 223-і мемлекет гран­тын иеленіпті.
– Өз еркімен көшіп барғандарға негізінен же­­ке кәсіпкерлер жұмыс тауып береді. Мәсе­лен, 2020 жылы жеке кәсіпорындар мен ұйым­­дар қоныс аударушылардың 71 пайы­зын жұмысқа орналастырса, ал мемлекеттік ме­кемелерге 29 пайызы жұмысқа тұрды. Сол­­түстік өңірлерде ауыл шаруашылығы ба­ғы­­ты басым болғандықтан, механизатор, трак­­торшы, комбайнер, жүргізуші, технолог-ма­шинист, ауыл шаруашылығы жұмыс­шы­лары қажет. Жалпы алғанда, бұл бағыттардың тиім­ділік деңгейі жұмыс күші тапшы аймақ­тар­дың өзіндік ерекшелігіне байланысты, – дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталы­ғы­ның сарапшылары.
Солтүстікке келгендерге мемлекеттік қолдау көрсету үшін 2017-2020 жыл­дар аралығында бюджеттен 16,2 млрд теңге, 2021 жылы 4,7 млрд теңге бөлінген. Бұл қара­жат азаматтарға қоныс аудару (отбасының бір мүшесіне 70 АЕК), көшіп келген жылы тұр­­ғын үй жалдау шығындарын өтеуге, олар­ды жұмысқа алған жұмыс берушілерге субси­дия төлеуге жұмсалған. Осы жылдары оңтүстіктен көш­кен­дерге берілген мемлекеттік субсидия, жәрдемақы, олардың баспана жалға алу және сатып алуы үшін 20 миллиард теңгеден аса қаражат кетіпті.

Біржолғы жәрдемақы 2 есе артады

Солтүстікке қоныс аударған оңтүстік аза­маттарына жеңілдіктер мен қар­жы­­лай көмек ұсынылады. Нақты айтсақ, рес­публикалық бюджеттен бағдарламаға қа­тысушыларға және оның әрбір отбасы мү­шесіне бірреттік жәрдемақы төленеді. Мөл­шері – 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 84 175 теңге. Сонымен қатар коммуналдық төлем­дер­ді және жалға алынған бас­пана­ның ақысын төлеу үшін 12 ай бойы ақшалай кө­мек көрсетіледі. Қалалық жерге қоныс аудар­ғандарға 48 100 теңге төленсе, отбасы мү­шелерінің саны екеуден төртеуге дейін бол­са – 60 125 теңге, ал 5 немесе одан да көп бол­са 72 150 теңге төлеу қарастырылған. Ауыл­дық жерге қоныс аударғандарға бір жыл бойын­да ай сайын 36 075 теңге беріліп отыра­ды. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төр­теуге дейін болса 43 290 теңге, 5 не одан да көп болса 50 505 теңге материалдық көмек көр­сетіледі екен. Ал баспана сатып алғысы келетіндер осы қаражаттың біржылдық ақысын бірден алып, үй сатып ала алады. Тек кем дегенде бір адам жұ­мыспен қамтылуы керек. Бұл үшін жұмыс­ты жергілікті билік, яғни елді мекендердегі жұмыспен қамту бөлімдеріне мамандығы бойынша жұмыс тауып беруін сұрап, өтініш жазу қажет. 2016 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан об­лысында қоныс аударушыларға арнап тұр­ғын үй салу және сатып алу жөніндегі пилот­тық жоба қолға алынды. Соның аясында негізінен ауылдық жерлерде тұрғын үйлер салынды. Енді төленетін біржолғы жәрдемақыны 35-тен 70 АЕК-ке дейін өсіру көзделіп отыр. Бұл туралы биыл наурызда Үкімет оты­ры­сында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
– Қоныс аударғандарды жұмыспен қам­туға, жаңа жерге бейімдеуге жағдай жасау үшін көшуге берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшерін 35 АЕК-тен (102 095 теңгеден) 70 АЕК-ке (204 190 теңгеге) дейін көбейту жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр, – деді Серік Шәп­кенов.
Сонымен қатар жұмыс берушілерді ын­та­­­ландыру мақсатында көшіп барған­дардың еңбекақысының бір бөлігін суб­си­диялау, оқыту шығындарын өтеуге қа­тыс­ты шаралар қабылданады. Қоныс аудару­шы­лардың жалақысының 35 процентін бір жыл­ға дейін субсидиялау көзделіп отыр. Бұдан бөлек, бос жұмыс орындары тура­лы мәлімет алу, көшуге өтінім беру және қабыл­данған шешімдермен танысу электрон­ды еңбек биржасы арқылы жүзеге асады. Жалпы, министрдің сөзінше, 2021-2025 жылдар аралығында өңірге 10 мың­нан астам жұмыс күшін көшіру, жұмыс­сыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін азайту сияқ­ты меже белгіленіпті. Бұл үшін 1,8 трил­лион теңге қарастырылып отыр. 2019 жылы Түркістан облысынан Сол­түстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Под­горное елді мекеніне көшіп барған Серік Әлтаев қоныс аударғандардың көптеген мәселесі шешілгенін айтады.
– Біз осы бағдарлама бойынша Арыс қа­ла­сынан Солтүстік Қазақстан облысы Қы­зыл­жар ауданы Подгорное елді мекеніне ерік­ті түрде көштік. Отбасымыз үлкен: жеті бала­мыз бар. Ақпараттың шындығына көз жеткізген соң, мемлекет тарапынан көмектің бо­латынына әбден иланғаннан кейін әре­кет­ке көше бастадық. Бір қызығы, бұл бағдарлама туралы көп ешкім біле бермейтін. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауды неге пайда­лан­басқа деген ниетпен 10-15 адам жиналып, өзіміз де елді хабардар ете бастадық. Әлеумет­тік желілерде парақшалар аштық. Қызығып жат­қандар болса, жұмыспен қамту орта­лы­ғындағы мамандармен байланыстырдық. Әлі де осы істің басы-қасында жүрміз. Мәселенің көбі шешілді, үйлерге су тартылды. Алайда баспаналар сапа­сыз салынғанын айта кету керек. Өрт қауіп­сіз­дігі назарға алынбаған екен, осы себепті ауыл­дағы 2 үй өртеніп кетті. Көшіп кеткендер бар, бірақ көп емес, шамамен көшіп кел­ген­дердің 10 пайызы қайтадан кетіп қалды, – дейді Серік Әлтаев.
Подгорное елді мекеніне 175-тей отба­сы қоныстаныпты, бағдарлама әрі қа­рай жалғасын тапса, халық үшін тиімді бол­са, көшіп келуге ниеттілердің қарасы қа­лың көрінеді.

Қайта форматталған бағдарлама аясында 2022 жылдан бастап көш қайта жанданбақ. Теріскейдегі ахуалды қалпына келтіруге, демографиялық жағдайдың теңелуіне септігін тигізетін жобаның жалғасын табуы болашақ үшін маңызды. Алдыңғы жобада кеткен кем-кетіктің ескерілуі көштің көлікті болуына ықпал етері сөзсіз.

Серіктес жаңалықтары