1541
Жаңа штамм – кезекті қарбалас
Жаңа штамм – кезекті қарбалас
Өткен айдың аяғында коронавирустың тағы бір жаңа штамы тарап жатыр деп дүние дүрлікті. Әзірге «омикрон» штамы туралы дерек аз, дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл нұсқа басқа штамдарға қарағанда тез таралатынын алға тартып, «алаңдатарлық» деген баға берді.
Қарқыны қатты әрі қауіпті
Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары 9 қарашада алынған сынамадан вирустың жаңа штамын анықтады. 24 қарашада ел үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлады. Жаңа штамның әу бастағы техникалық атауы – B.1.1.529. Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде ұқсас изолят Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Қарашаның аяғында көптеген шетел басылымы коронавирустың жаңа штамы анықталғанын жарыса жазды. Daily Mail басылымы 24 қарашада алғашқылардың бірі болып ақпарат беріп, оның Ботсвана, ОАР мен Гонконгте табылғанын және «дельтадан» да қауіпті екенін хабарлады. 26 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл жиын өткізіп, жаңа штамды «омикрон» (о) әрпімен белгіледі. Оңтүстік Африкада «дельта» штамына қарағанда «омикронды» жұқтыру жиі тіркеліп жатыр. Ұлыбританияның вирусолог мамандары штамның қаупін мутацияға көп ұшырауымен байланыстырды. Вирус 60-тан астам мутацияға ұшыраған, оның 32-сі – S ақуызда. ДДСҰ өкілі Мария Ван Керкховенің сөзінше, «омикрон» штамы аурудан толық жазылмаған адамнан таралуы мүмкін. Сарапшылар вирус ұзақ уақыт бойы иммунитеті әлсіз науқастың ағзасында көбейіп, мутацияға ұшыраған деген тоқтамға келіп отыр. 5 желтоқсандағы дерек бойынша, «омикрон» штамы әлемнің 40-тан астам елінен анықталды.Қазақстанда «омикрон» штамын жұқтырғандар жоқ
29 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «омикрон» штамын жаңа жаһандық қауіп деп атады. – ДДСҰ мен денсаулық сақтау жүйесіне мүше барлық мемлекет күрделі дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Бүкіл әлемде тез тарала бастаған «омикрон» штамы – жаңа жаһандық қауіп, – деді Президент Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының «омикрон» штамының таралуы жағдайында пандемияға дайындық мәселелері жөніндегі сессиясында сөйлеген сөзінде. Ал Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «омикрон» қаупі туралы қандай да бір мәлімдеме жасауға әлі ерте екенін айтты. – «Омикрон» басқа штамдарға қарағанда қалай таралатыны әлі белгісіз. Иә, Оңтүстік Африкада қазір бұл штамды жұқтыру дерегі көбейген, бірақ эпидемиологиялық зерттеулер аяқталғанға дейін бұл нұсқаның таралу әлеуеті артқаны туралы нақты қорытынды жасауға болмайды, – деп жазды Цой Facebook парақшасында. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шорановтың айтуынша, COVID-19 таралуын тежеуге қатысты ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеу шараларын енгізу туралы шешім шығарды. – Коронавирус инфекциясының «омикрон» штамы жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, оның республика аумағына таралуына жол бермеу мақсатында ведомствоаралық комиссия биыл 3 желтоқсаннан бастап мынадай шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Бірінші – Ботсвана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави, Онтүстік Африка, Танзания және Гонконгтен шетел азаматтарының Қазақстанға келуін шектеу, – деді бірінші вице-министр. Одан кейін Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Аустралия, Канада және Египеттен келген адамдардан вакцинациясы бар-жоғына қарамастан міндетті ПТР-тест қорытындысы талап етіледі. – Үшіншіден, «омикрон» анықталған елдерден келген адамдар ПТР нәтижесіне қарамастан 7 күн үй карантиніне оқшаулануы тиіс, – деді Марат Шоранов. Сонымен қатар ол елімізде коронавирустың «омикрон» штамын жұқтырғандар жоқ екенін айтты. – Қазақстанда «омикрон» штамы анықталған жоқ, вирустың секвенциясы бойынша жұмыс жалғасып жатыр, біз бұл жұмысты ай сайын тұрақты түрде жүргіземіз. Бүгін Үкімет отырысында да жұмысты жалғастыру және күшейту туралы қосымша шешім қабылданды. Нәтижесі желтоқсанның үшінші 10 күндігінде белгілі болады, – деді вице-министр Үкімет отырысында.Симптомдары қандай?
Жаңа штамм 20-30 жас аралығындағы жастарға жұққыш келеді деген ақпарат бар. Оңтүстік Африка республикасындағы ауруханаларға 20-30 жас аралығындағы жастар орташа ауыр жағдайда түсіп жатыр, алайда олардың кейбіріне қарқынды терапия қажет екен. ДДСҰ өкілдері «омикрон» штамын жұқтырғандарда вирус сипмтомдары қаншалықты байқалатыны да белгісіз екенін атап өтті. Коронавирустың ерекше белгілері бар науқастар саны артқан кезде оңтүстікафрикалық дәрігерлер коронавирустың жаңа мутациясы пайда болды деп күдіктенген. Науқастардың көбі шаршаңқылыққа шағымданған. Оған қоса, тамыр соғысының шамадан тыс жиілеуі, дене қызуының көтерілуі байқалған. Бірақ ешқайсысында иіс немесе дәм сезу қабілеті жоғалмаған.Вакцина қорғай ала ма?
Әзірге бұл штамға вакцинаның қауқары жететіні, жетпейтінін анықтап көрсеткен зерттеу жоқ. Еурокомиссия мәліметінше, коронавирустың жаңа нұсқасын зерттеу үшін ғалымдарға шамамен 3 апта уақыт қажет. Алайда Moderna компаниясы жаңа штамға қарсы тұра алатын вакцина әзірлеуді бастап кетті. Pfizer және BioNTech коронавирусқа қарсы Comirnaty вакцинасын 100 күн ішінде «омикронға» бейімдейтінін мәлімдеді. Ал SinoVac компаниясы болса өз мамандарының жаңа штамм үлгілерін зерттеп жатқанын, вакцина әзірлеуге дайын екенін хабарлады. Гамалеи атындағы орталық та «Спутник V» және «Спутник Лайт» вакциналарын «омикронға» бейімдеп жатыр екен. Ал Оңтүстік Африкадағы науқастардың көбі толықтай вакцина алмаған немесе мүлдем вакциналанбағандықтан, әзірге тұшымды дерек жоқ. Әкім ТҰРСЫН, медицина сарапшысы, QMed ұлттық инновациялық медицина палатасының директоры:Вакциналар бұл штамға төтеп бере алады
– «Омикрон» штамының дәл қазір нақты мынадай клиникалық ерекшелігі бар деп айта алмаймыз. Сол баяғы клиникалық симптомдар: қантамыр жүйесі, тыныс алу жүйесін зақымдайды. Бірақ басқа штамнан ерекшелігі – жұғу коэффициенті жоғары екені айтылып жатыр. Бұл жерде күмәнданатын жағдай – 20 мен 30 жас аралығындағылар көп ауырады деген мәселе. Нағыз жұмысқа қабілетті, нағыз вакцина салынатын аудитория болғаннан кейін, еріксіз «неге?» деген сұрақ тудырады. Ал вакцина өндірушілердің біразы бірден жаңа штамға қарсы қауқар таныта алатындай вакцина ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Ал қауіп деңгейіне келер болсақ, жалпы коронавирус бар кезде бүкіл әлемде ортақ иммунитет қалыптаспайынша, вакцина салынып бітпейінше қауіп сақталады. Біздің елдегі вакциналардың бұл штамға қауқары болады деп ойлаймын. Қазір еліміздегі вакцинаның барлығы «дельта» штамына негізделіп жасалып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі «омикрон» штамына негіздеп шығаруға тапсырма берсе, онда солай өзгертуге болады.Төрткүл дүние әлі де беймәлімдеу болып тұрған жаңа штамнан қауіптеніп, түрлі шектеу ережесін жариялап жатыр. Ұлыбритания мен Израиль халықаралық рейстерге шектеу қойды. Жапония да шекарасын жауып жатыр. Нью-Йорк губернаторы Кэти Хочул «омикронға» байланысты өңірде төтенше жағдай жариялады. АҚШ президенті Джо Байден Африканың 8 елімен әуе қатынасын шектейтінін мәлімдеді. Оған қоса, «омикрон» АҚШ экономикасына өз әсерін тигізіп үлгеріпті.