880
Долларда «достық» жоқ
Долларда «достық» жоқ
4 желтоқсанда теңге бағамы бір доллар үшін 436 теңгеге жетті. Жалпы, өткен айдың аяғына таман доллардың құны күрт өсе бастады. Ұлттық банк бұған коронавирустың жаңа штамы «омикронның» анықталуы себеп болды деп түсіндірді.
2 желтоқсанда биржадағы теңге-доллар валюталарының сауда-саттық көлемі 292 млн АҚШ долларына жеткен. Бұл – 2020 жылғы сәуірден бергі рекорд көрсеткіш. Сауда-саттық көлемінің бұлайша күрт өсуі және теңге бағамының әлсіреуі долларға деген сұранысты одан сайын арттырған. Халық арасында доллардың бағасы жаңа жылға дейін 450-460 теңгеге барады-мыс деген қауесет тарады. «Уақыт жоғалтпай жиған-тергендеріңді долларға не еуроға айырбастап алыңдар» деп ақыл айтатындар да табылып жатты. Ал 29 қарашада Ұлттық банк теңгенің әлсіреуіне «омикронды» кінәлап мәлімдеме жасады.Ұлттық банк «омикроннан» көрді
– Оңтүстік Африкада коронавирустың «омикрон» штамының анықталуы және Африкамен арадағы әуе қатынасына салынған шектеулер теңгенің әлсіреуіне ықпал етті. Нақтырақ айтқанда, дәл осы шектеулердің салдарынан әлемдегі мұнай бағасының түсіп, акциялар бағамының өзгеруі мен дамушы елдердегі валюта құнсызданды. Оған қоса, Еуропаның үш бірдей елінде коронавирус жұқтыру дерегі күрт артқандықтан, локдаун жарияланған. Осының бәрі теңгеге әсер етпей қоймады. Мұнайға деген сұраныстың күрт төмендеу ықтималдығына байланысты әрі жаңа шектеулердің салдарынан Brent маркалы мұнай бағасы дерлік 12 пайызға төмендеді. Яғни, оның бағасы барреліне 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін арзандаған. Сыртқы әсерлерге жауап ретінде бүгін доллар бағамы 433,5 теңгеге бағаланды. Яғни, өткен жұма күнімен салыстырғанда теңге 0,4 пайызға әлсіреген, – деп түсіндірді Ұлттық банктің монетарлық операциялар жөніндегі департаменттің директоры Нұржан Тұрсынханов. Иә, расымен де 1 желтоқсанда Brent сұрыпты мұнайдың белгіленген бағасы бір баррель үшін 70 доллардан төмен құлдырап, биылғы тамыздан бастап ең төменгі деңгей – 68,14-ке түскен. Бірақ экономист-сарапшы Мақсат Халық дәл «омикрон» штамының теңгенің әлсіреуіне ең басты себеп дегенге келіспейтінін айтады.«Әсер етіп үлгерген жоқ»
– Ұлттық банктің дәл «омикрон» штамы әсер етті дегеніне сену қиын. Өйткені ол әлі әлем нарығына әсер етіп үлгерген жоқ. Аздап мұнай бағасының арзандауына ықпал етті, ал бірақ жалпы мұнай бағасының құбылуына Байденнің саясаты әсер етіп отыр. Ол мұнай бағасын өсіруге мүдделі емес, себебі онсыз да инфляция өсіп кетті. Шикізаттың бағасы өспеуі керек деген талабының нәтижесінде осындай жағдай қалыптасты деп ойлаймын. Қайта керісінше «омикрон» штамына байланысты ахуал күрделеніп жатса, дамыған мемлекеттер, оның ішінде Америка да, федералды резервтер жүйесі де доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін өсірмей, тоқтата тұрады. Жеңілдетілген ақша-несие саясатын доғаруды сәл кешіктіреді және ол теңгемізге керісінше сәл мүмкіндік береді. Егер «омикрон» штамы күшейіп жатса, алда мұнай бағасы төмендеуі ықтимал, міне сонда ғана экономикамызға әсер етуі мүмкін. Бірақ қазір әсер етіп жатыр деу қисынға келмейді, – дейді маман.1 желтоқсанда АҚШ-та «омикрон» штамын жұқтырған алғашқы науқас тіркелген, америкалық нарықтың өсу қарқынын айтарлықтай бәсеңдетіпті. Нәтижесінде, барлық негізгі америкалық қор индекстері айтарлықтай шығынмен жабылған. Сонымен қатар құбылмалылық индексі (VIX) күрт өскен. «Омикрон» штамының АҚШ-тан бұрын біздің елдің экономикасына әсер етті деуге расымен келіңкіремейді. Сонда теңгенің құнсыздануына не әсер етті?
Байденнің саясаты. Экспорт-импорт. Долларға сұраныс
– Теңгенің әлсіреуіне әсер етіп тұрған ең негізгі факторға тоқталайын. Дамыған елдердегі жеңілдетілген сандық ақша-несие саясаты деген бар. АҚШ билігі сол саясатты тоқтатамыз деп қалай айтты – солай Американың қазыналық құнды қағаздарының пайыздары өсе бастады. Осы тұрғыдан келгенде келесі жылдан бастап та доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін көтереміз деген мақсаты бар. Әрине, бұл доллардың құнын арттырады, оны әлі көтерген жоқ, бірақ доллар басқа елдің валюталарына қатысты құнын біршама арттырып алды. Негізі фактор – осы. Ал екінші фактор Қазақстанның төлем балансы импорт пен экспорттың айырмасында екі жыл бойы дефицит байқалды. Қазірдің өзінде -3 миллиард доллардың көлемінде теріс сальдо көрсетіп тұр. Бұл – белгілі бір дәрежеде теңгемізге салмақ түсіріп отырған жағдай. Одан бөлек, жалпы ішкі фактор ол – азаматтардың девальвациялық күтілімі өте жоғары. Соңғы 3 ай ішінде ірі қалаларда доллар сатып алу көрсеткіші күрт өскен. Мұның өзі белгілі бір дәрежеде теңгемізге салмақ түсіріп отыр, оған қоса араласып жатқан спекулянттар бар, 500-600 теңгеге жетеді екен деген әңгіме бар, соның өзі біраз қысым болып тұр, – дейді Мақсат Халық.Экономист қазір теңгені долларға ауыстыруға асықпау керек екенін айтады.
Доллар алуға асықпаңыз
Сарапшы жыл соңына дейін доллардың құны 450-460 теңгеге дейін шарықтайды деген болжаммен келіспейтінін айтады. Яғни, теңгенің ахуалы реттелетініне сенеді. 6-7 желтоқсанда екі күн қатарынан доллар сәл арзандағанын айта кету керек. Теңге 1,33 теңгеге нығайған.– Мен бірден айтайын, қазір валюта айырбастау пункттеріне жүгіретін уақыт емес. Қаржыгердің мынадай заңы бар: «бәрі сатып жатқан кезде өз затыңызды сатпаңыз, бәрі сатып алып жатқан кезде сатып алмаңыз». Сондықтан қазір доллар алатын уақыт емес деп ойлаймын. Жыл соңына дейін енді қазір компаниялардың салықтық кезеңі басталады, компаниялар артық доллармен тұрған ақшаларын теңгеге айырбастайды. Ол белгілі бір дәржеде құн беруі керек. Менің ойымша, желтоқсан айында теңгенің жағдайы реттеледі. Сондықтан әлі де әліптің артын баққан дұрыс деп есептеймін, – дейді Мақсат Халық.Жалпы, сауда деректеріне зер салсақ, қарашаның аяғында негізгі әлемдік валюталарға қатысты доллар бағамы 2020 жылғы жаздан кейін ең жоғары деңгейге көтерілген. Ал түрік лирасының жағдайы мүлде ушықты. Ресми дерек бойынша, елдегі инфляция деңгейі 21 пайыздан асқан. Аса қажет, негізгі тауарлар күрт қымбаттап кеткен. Шетелден әкелінетін немесе шикізаты импортқа тәуелді тауарлардың бағасы, оған қоса тұрғын үй қымбаттады. Ал инфляцияны зерттеу тобы елдегі инфляция 58 пайызға жеткенін айтады.