50273
Қызметтен қуылған өзге полицейлерді де соттау керек – адвокат
Қызметтен қуылған өзге полицейлерді де соттау керек – адвокат
Шымкент қалалық Полиция департаментінде көз жұмған Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша үш полицей жұмыстан қуылып, үш лауазымды полицей Ұлттық қауіпсіздік департаментінің тергеу қапасына қамауға алынды, деп жазды turkystan.kz.
Қалалық мамандандырылған тергеу сотында Нұрболат Жұмабаевтың ісі бойынша сот қаулысы шықты. Сөйтіп, бұған дейін уақытша ұстау қапасына қамалған екі подполковник пен бір полковник тергеуге екі айға қамауға алынды.
Енді марқұмның әкесі Ерғара Жұмабаев жалдаған адвокат Талғат Есімов ішкі істер органдары қатарынан шығарылған алты полицейдің де үстінен іс қозғалу керектігін айтады.
«Алты полицейдің үшеуінің үстінен іс қозғалды. Мен қалған полицейлердің де, сонымен қатар мынау «СОБР» (жедел әрекет ету арнайы жасағы) қызметкерлерінің де үстінен қылмыстық іс қозғалуы керек деп есептеймін. Бұл бойынша прокуратураға талап-арыз бермекпіз. Сондай-ақ, осы оқиғадан кейін департамент бастығы өз қызметінен кетуі керек деп есептейміз. Бұл бойынша алдағы күндері Президент әкімшілігі, Бас прокуратура мен тергеу тобына шағым жібереміз», – дейді адвокат.8 желтоқсанда тергеу кезінде көз жұмған жігітке қатысты оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, өлімге әкеп соғу) қылмыстық іс қозғалған болатын. Бұл оқиғадан соң 6 лауазымды полицей ішкі істер органдарынан шығарылды. Олардың үшеуі бүгінде күдіктілер қатарында.