Тәуелсіздік алғалы бері отандық мәдениет саласының нормативтік-құқықтық базасы қалыптасты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылды. Бағдарлама тарихи-мәдени мұраның ауқымды бөлігін жүйелеуге мүмкіндік берді, ел тарихындағы теңдесі жоқ жемісті гуманитарлық акцияға айналды. Халықтың бай әлеуеті көрсетіліп, отандық мәдениет пен ғылымды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін баға жетпес тәжірибе болды. Алғаш рет республикалық және жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімі бекітілді, тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы шығарылды.
Отандық тарихи-мәдени мұраларды дәріптеудегі маңызды қадам «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болды. Тарихи орындарды толық жүйелеу бойынша жүргізілген ауқымды жұмыстың нәтижесінде жалпыұлттық маңызы бар 256 нысан және жергілікті маңызы бар 575 нысан қалыптастырылды. Жалпы алғанда, 1991 жылдан 2020 жылға дейін тарих және мәдениет ескерткіштерінде 270-ке жуық ғылыми-реставрациялау жұмысы жүргізілді. Виртуалды карта платформасында киелі нысандардың деректерін толық визуализациялау мүмкіндігі бар qazmaps.kz платформасында 500-ден астам нысан цифрландырылды. «Киелі Қазақстан» энциклопедиясының 4 томы жарық көрді.
Тарихи нысандар туралы қысқаша және толық ақпарат беретін «Жалпыұлттық маңызы бар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» көпфункционалды виртуалды картасы жасалды. Алғаш рет «Жалпыұлттық маңызы бар Қазақстанның киелі нысандары» тізіміне енген Қазақстанның сәулет ескерткіштерінің (Ясауи және Қарахан кесенелері) 3D үлгілері жасалды.
4 деректі тарихи фильм жарық көрді.
Қазір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне 11 мыңнан астам, республикалық маңызы бар 250 және халықаралық маңызы бар 10 нысан енгізілген. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген Ясауи кесенесі (2003), Таңбалы петроглифтері (2004) және 8 археологиялық ескерткіш (Талғар, Қарамерген, Қаялық, Ақыртас, Құлан, Мерке, Өрнек және Қостөбе қалалары «Жібек жолы» сериялық номинациясы бойынша) бар.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетінің бірегей ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша шаралар қабылдау іс-шарасы аясында қазір Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстан елдерімен бірлесіп «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» трансұлттық номинациясын ілгерілету бойынша құжаттарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Номинация аясында Түркістан және Қызылорда облыстарында орналасқан Сауран, Алтын Асар, Жанкент, Сығанақ, Отырар, Яссы (Түркістан) қалашықтарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу жоспарланған.
Соңғы жылдар ішінде 5 мемлекеттік музей-қорық құрылды. «Отырар», «Таңбалы» және «Ұлытау» музей-қорықтарының визит-орталықтары ғимаратының құрылысы аяқталды. Қазір елімізде әртүрлі бағыттағы 253 музей жұмыс істейді. 2017 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңде жүргізілген экспедициялардың нәтижелері бойынша отандық музейлердің қоры 15 000-нан астам экспонатқа толықты. 2014 жылы Орталық Азиядағы ең ірі мәдени орталық – Қазақстанның Ұлттық музейі ашылды. Қазір республиканың барлық музейінде музей қорын есепке алу бойынша автоматтандырылған ақпараттық жүйелер қолданылады.
Кітапхана ісін дамыту саласындағы басым бағыттардың бірі – Қазақстан кітапханаларын бірыңғай ақпараттық желіге интеграциялау және бірыңғай кітапханалық каталогті ұйымдастыру. Қазір елімізде 3 925 кітапхана бар. Жыл сайын еліміздің кітапхана қоры 2,5 миллионнан астам құжатқа толығады.
Халықаралық қауымдастықпен байланысты нығайту мақсатында Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Финляндия, Корея, Малайзия, Венгрия, Швеция сияқты әлемнің 35 елінің ұлттық кітапханаларында қазақстандық әдебиет пен мәдениет орталықтары ашылды. Сонымен қатар министрлік ұлттық жобаның «Ел рухы» бағыты аясында «Зағип және көзі нашар көретіндерге арналған кітапханалар қорын, соның ішінде мемлекеттік тілдегі ұлғайту» іс-шарасын жүргізуде. Сонымен қатар бүгінде кітапхананың оқырмандарға ұсынатын онлайн қызметін жетілдіру мәселесі өзекті. Осыған орай министрлік Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасының қызметін жетілдіру, модификациялау және оқырмандар үшін мобильді қосымшалар арқылы электрондық кітапхананы қолжетімді ету жұмыстарын жүргізетін болады.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 20 театр ашылып, 8 театр жаңа ғимаратқа көшірілді. Жыл сайын театр алаңдарында әртүрлі жанрдағы 12 мыңға жуық спектакль қойылады. Бүгінде Қазақстанда 65 театр, олардың ішінде 54 мемлекеттік театр (4 ұлттық (этникалық) театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театрлары) жұмыс істейді. Бейіні бойынша театрлар: 3 – опера және балет, 6 – жас көрермен, 10 – қуыршақ, 35 – драмалық, 4 – музыкалық комедия, 7 – музыкалық-драмалық, жастар мен сатира.
Еліміз опера және балет өнерін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Елімізде Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, «Астана Опера», «Астана Балет» мемлекеттік опера және балет театры өз қызметін табысты жүзеге асыруда. Мемлекеттің қолдауымен опера және балеттің жетекші солистері Ла Скала театрының академиясында, Вена операсында, Мариин театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньядағы италиялық опера мектебінде тағылымдамадан өтеді. 2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының салтанатты ашылуы өтті. Бұл мәдениет саласындағы айтулы оқиға болды.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мәдениет саласындағы маңызды стратегиялық жобасының бірі – ұлттық кино өндірісін дамыту. 1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде «Қазақфильм» киностудиясы 574 көркем, деректі және анимациялық фильмдер, оның ішінде 157 толықметражды көркем фильм шығарды. Тарихта алғаш рет қазақстандық кино мақсатты түрде халықаралық прокатқа шықты. Сондай-ақ Голливуд компанияларымен бірлесіп түсірілген «Әміре» картинасы 4 апта бойғы көрсетілімде алғашқы орында тұрды.
2017 жылы Канндағы әлемдегі беделді кинофестивальда алғашқы қазақстандық павильонның ашылуы, отандасымыз Самал Еслямованың «Үздік әйел рөлі үшін» гран-при алуы – ұлттық кинематограф тарихындағы жетістік.
2025 жылға дейін «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін құрып, 40 отандық анимациялық фильм түсіру, отбасылық көрсетілімге арналған анимациялық фильмдерді дубляждауға қолдау көрсету, цифрландыру мен фильмдерді реставрациялау, сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясын жаңғыртуды мақсат етіп отырмыз.
Қазақстан алғаш рет тәуелсіз мемлекет ретінде 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Онда Владимир Смирнов тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет 1 алтын және 2 күміс медальге ие болды. Тәуелсіздік алған күннен бастап осы уақытқа дейін қысқы Олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары 5 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль, барлығы 18 медаль жеңіп алды. Ал жазғы Олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында ұлттық құрама командалардың спортшылары 47 алтын, 52 күміс, 101 қола медаль, барлығы 200 медаль жеңіп алды. Алғаш рет спортшылардың спорттық этикасы жасалып, бекітілді. Бүгінде елімізде спорт түрлерінен 101 республикалық федерация жұмыс істейді.
Елімізде VII қысқы Азия ойындары мен ХХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиада сияқты ірі спорттық жарыстардың өткізілуіне байланысты әлемдік стандарттарға сәйкес келетін бірқатар ірі спорт ғимараты («Сарыарқа» республикалық велотрегі, «Астана Арена», «Алатау» шаңғы және биатлон стадиондарының кешені, «Барыс Арена», «Алау», «Алматы арена», «Халық арена» мұзайдындары, «Сұңқар» шаңғы трамплиндерінің халықаралық кешені), сондай-ақ алғаш рет Алматыда 5 000 орындық атлетикалық қалашық салынды.
Ведомствоның статистикалық есебіне сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 41 352 спорт ғимараты (ауылдарда 23 693) қызмет етеді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 7,8 мыңнан астам спорт алаңы мен 2 мыңнан астам спортзалы салынды.
Туризм саласында стратегиялық маңызды қадамдар жасалды, оның ішінде нормативтік-құқықтық база, саланы дамытуға бағытталған бірқатар стратегиялық құжат әзірленіп, мемлекеттік қолдаудың маңызды шарасы қабылданды. 2009-2019 жылдар аралығында шетелдік туристер саны 513 мыңнан 980 мың адамға дейін өсті.
Кейінгі кезде Қазақстан туризм бойынша әртүрлі халықаралық рейтингте демалу үшін ең жақсы орындардың бірі, әсіресе экотуризм үшін бағыт ретінде жиі аталады. Инфрақұрылымды жақсарту және туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылға дейін республикалық музей-қорықтардың аумағында 8 визит-орталық салынатын болады.
Бұдан басқа, министрлік отандық қаламгерлерді ынталандыру мақсатында 2022 жылдан бастап «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауын ұйымдастырады. Сондай-ақ алдағы жылдан бастап отандық жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету, жаңа есімдерді ұлықтау мақсатында жас ақын-жазушыларға Президенттің арнайы «Айбоз» әдеби сыйлығы тағайындалатын болады. 2025 жылға дейін шығармашылық пен өнер өкілдерінің, жас ақындар мен жазушылардың, драматургтердің, сценаристер мен публицистердің, сондай-ақ айтыс, мүшәйра, жыр-терме, конкурс, фестиваль, әдеби оқу, тарихи-мәдени орындарға экскурсиялар өкілдерінің жетістіктерін және басқа да іс-шараларды ілгерілету бойынша 30 іс-шараға қолдау көрсетілетін болады.
Мәдениет – мемлекеттің рухани дамуының стратегиялық ресурсы. 30 жыл ішінде рухани-мәдени салада үлкен серпіліс болды. Мұның барлығы – тәуелсіздіктің арқасы. Атқарылған жұмыстар халықтың рухани мәдени-кемелденуіне ықпал етті, мұндай игі бастамалар мен жобалар алда да жалғасын таппақ.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрі