Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз деуге толық негіз бар.
Еліміз тәуелсіздік алған уақыттан бері білім, медицина, экономика, әлеуметтік қамсыздандыру, индустриялық даму, мәдениет, қоғамдық келісім, идеологиялық тұрақтану жолында бірқатар жетістікке қол жеткіздік.
Бұл жолда кездескен қиындықтардың барлығын еңсеруге Елбасының әлемдік тенденцияларды мұқият ескере отырып, қабылданған бағдарламалық құжаттары, жолдаулары, үндеулері айнымас бағыт-бағдар беріп отырды.
Мұндай бағдарламалық құжаттардың уақыт талабына сай туындап отырған мәселелердің шешімін дөп басуы арқылы өміршең болып келетінін және үнемі өзара сабақтастығын жоғалтпайтынын жақсы білеміз.
Осы дәстүрмен жақында ғана өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды.
Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм...
Елбасы бұл мәнді ұғымдарды «елдіктің жеті тұғыры» деп атады.
Елбасы білім мен еңбек мәселесіне ерекше тоқталып өтті. Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Осы орайда білім саласында бірқатар ауқымда жұмыс атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғалы педагогтердің еңбек жағдайлары жақсартылды, олардың жалақысы артты. Мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан және тексерулерден босату бойынша шаралар қабылдануда.
2022 жылғы қаңтарда балабақшалар, мектептер мен колледждер педагогтерінің жалақысы тағы 25 пайызға артатын болады.
Дегенмен қоғамда мұғалім мамандығын дәріптейтін насихат жұмыстары дәйекті түрде жүргізілуі керек деп есептеймін.
Бұл ретте мұғалім мамандығының артықшылықтары туралы шынайы қызықты мақалалар жазылса, отандық телесериалдар мен фильмдер түсірілсе қандай ғажап болар еді.
Сонымен қатар мұғалімдерге арналған БАҚ (газеттер, журналдар, балалар әдебиеттерін, тележурналдар мен бағдарламалар) қайта жаңғыртқан жөн.
Білім жүйесіне енгізілетін жаңалықтар мен жаңа методикаларды мұғалімдерге, ата-аналарға, жалпы қоғамға дер кезінде жеткізіп отыру маңызды.
Сондықтан да Елбасы «табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек етуде» екенін үнемі айтумен келеді.
Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, іргеміз берік болсын!
Динар НӨКЕТАЕВА,
Сенат депутаты