Ұлытаудан «қасапшы келіншек» шықты

Ұлытаудан «қасапшы келіншек» шықты

Ұлытаудан «қасапшы келіншек» шықты
ашық дереккөзі
50844
Ұлытау ауданындағы Сарысу ауылының келіні Ақерке Үсенова бүгінде қасапшылықпен айналысып, "қасапшы келіншек" атанып жүр. Ұсақ мал түгілі, ірі қараны өзі сойып, жәркемдей алатын келіншекпен kaz.nur.kz тілшісі сұхбаттасты, деп хабарлады Turkystan.kz. Ақеркенің өзі Instagram парақшасында бұл істі екі жыл бұрын қолға алғанын баяндады. Айтуынша, екі жыл бұрын жақындарының үлгермей жатқанын көріп, аяқ астынан сиыр сойып, қасапшы келіншекке айналыпты.
«Жұрттар бірінші лақ сойып үйреніп, сиыр союшы еді, мен сиыр сойып, лақты енді үйрендім. Сиыр терісін сыпыруға 40 минут уақытым кеткен, лақ 6 секунд ғой. Қолды терінің ішіне тығып жіберіп алып қалсаң, лақ дайын!», - дейді қасапшы келіншек.
Алайда желі пайдаланушылар Ақеркенің бұл кәсібіне қарсылық танытты. Олардың уәжі – қазақта малды әйел адам бауыздамайды деген наным. Бұл сынға қасапшы келіншек былай жауап берді:
«Малды қайын атам бауыздап береді. Ол кісі болмаса, көшеден ер балаларды шақырып аламын. Маған бауыздап берсе болды, ары қарай терісін сылып, етті өзім бұзамын», - дейді Ақерке.
Ақерке жолдасы жұмысқа кеткенде УАЗ көлігіне мініп, жайлауға өзі барып, мал түгендеп қайтады екен. Ауыл келіні желіде блогерлікті де қоса алып жүр. Оған күнделікті шаруаны түсіріп желіге жүктеуге құрбы-құрдастары кеңес бергенін айтты. 27 жастағы ол мал шаруашылығынан бөлек, бала тәрбиесі мен келіндік міндетін ойдағыдай атқарып, сыйлы келін атанып жүр.

Серіктес жаңалықтары