50388
12 елдегі қандастарға қазақ тілінен сабақ өтті
12 елдегі қандастарға қазақ тілінен сабақ өтті
Биыл Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен «Отандастар қоры» әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқыту бойынша 31 онлайн-сынып ашқан, деп хабарлады turkystan.kz.
Осы жылдың тамыз және желтоқсан айларында сабақтар speaking club (сөйлесу клубы) форматында өткізілді. Бұл тәсіл Түркия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Франция, Иран, Қырғызстан, Украина, Моңғолия және Беларусьтегі қазақ диаспораларының 1 391 өкіліне 780 онлайн сабақ өткізуге мүмкіндік беріп, 336 қатысушы сертификатқа ие болды. Сондай-ақ қазақ тілін өз бетінше үйрену мүмкіндіктерін жасау мақсатында 30 онлайн-сабақ YouTube-ке шыққан.
Қазір алыстағы ағайынмен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, қазақ халқының мәдени мұрасын ілгерілетуге бағытталған басқа да маңызды шаралар іске асырылып жатыр. Еске сала кетсек, биыл Қырғыз Республикасының астанасында «Abai üiı» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Осылайша, мәдени-іскерлік үйлер жұмыс істейтін елдер саны 6-ға жетті. Олар – Түркия, Германия, Украина, Ресей, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, ҚР АҚДМ және СІМ қолдауымен «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған қазақтардың кіші құрылтайы ерекше маңызды болды. Кіші құрылтай қыркүйек айында Ыстамбұлда өтті. Сондай-ақ қазақ-неміс достығы қауымдастығымен және Жапониядағы қазақтар қауымдастығымен ынтымақтастықты дамыту бойынша 2 Меморандумға қол қойылды.
Жалпы, қазақ мәдени орталықтарымен, қазақ қауымдастықтарымен, шет елдердегі ҚР мекемелерімен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту және кеңейту мақсатында 2021 жылы әлемнің 20 елінен 4 500-ден астам отандастың қатысуымен 15 іс-шара, 20 кездесу, 4 конференция, 4 онлайн-офлайн жоба өтккен.