1651
Мақтарал мақта өндіруден озат аудан атанды
Мақтарал мақта өндіруден озат аудан атанды
Оңтүстік Қазақстанда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің күніне арналған дәстүрлі «Алтын күз - 2016» салтанатты шарасы болып өтті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. Ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері баяндалған мерекеге келушілерді облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құттықтап, биылғы жылдың өңір шаруаларына берекелі болғанын атап өтіп, шаруаларға қуанышты хабар ретінде келер жылға 6 млрд 47 млн теңге субсидия бөлінгенін жеткізді. Облыс басшысы түрлі ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруден І орын алған озат аудан, қалаларды атап, арнайы сыйлық пен облыс әкімінің сертификаттарын табыстады. Мәселен, астық өндіруде Қазығұрт ауданына ешкім тең келмесе, жүгері өндіруде Отырар ауданы, мақсарыда Төлеби, оңтүстіктің бренді болып табылатын мақта бойынша Мақтарал ауданы үздік деп танылды. Ал, бақша өнімдерін жинау бойынша шардаралықтар көш бастаса, көкөністе Сарыағаш, жеміс-жидекте Түлкібас, сүт Арыс қаласы, ет өндіруде Ордабасы шаруаларының мерейі үстем болды. «Сыбаға» бағдарламасының орындалуы жөнінен түркістандықтар ерлеп, «Алтын Асық» бағдарламасы шеңберінде Бәйдібек озық шықты. Ал озық инвестициялық жобаларды іске асыруда Шымкент қаласы басым болса, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастыруда Сайрам өрлеп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына ғылыми тұрғыдан үлес қосудан Мақтаралдың беделі биік болды. Айта кетейік, облыста мақтаның 80 пайызын Мақтарал ауданы өндіріп отыр. Әрине, ғылым мен еңбекті ұштастырған сәтте кез келген қамалды бағындыруға болады. Мақта шаруашылығындағы ғылыми-зерттеулерді дамыту арқылы отандық бәсекеге қабілетті мақтаның жаңа сорттарын шығару, мақта өндірудің тиімділігін, инновациялық технологияларды өндіріске ендірумен Мақтарал ауданында Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары айналысып, бірқатар жетістіктерге жетті.