Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ

Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ

Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ
ашық дереккөзі
50615
Қытайда өсіп-өнген қазақ дәрі­гер­лерінің ішінде тың жаңалық ашып, әлем жұртшылығын таң-тамаша етіп жүр­ген­дер жетерлік. Тіпті, емін табу қиынға со­ға­тын кеселдің жо­лын кесер амал-ай­ласын ойлап тауып, ғы­лыми ізденіс үстін­де жүргендер де бар. Соның бірі – Сая­хат Берікқажы. Өзі туып-өскен Шың­жаң өлкесінде қазақ­тар­дың қылтамақпен жиі ауыру себебін зерт­теу үшін дәрігер ма­мандығын таңда­ған ол қатерлі ісікті ем­деудің ерекше жо­лын ойлап тауып, 2018 жылы физио­ло­гия мен медицина са­ласы бойынша Нобель сыйлығын ал­ған әйгілі америка­лық ғалым Джеймс Эллисонның жетек­ші­лігінде жұмыс істе­ген. Қазір Кана­да­ның Торонто қала­сын­дағы орталықта жұ­мыс істейтін қан­да­сымызға хабарла­сып, әңгіме өрбіткен едік. – Шетелде обыр ауруын ауыздықтауға күш салып жүрген қазақ дәрігерлерінің бірі­сіз. Емін табу қиын бұл дерттің ден­деп кетпеуіне үлес қосуыңызға сіз өсіп-өнген орта себепші болды ма? – Дәл солай. Әңгімені әріден бастасам, мен – Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты То­лы ауданының перзентімін. Онда орта мек­тепті бітірген соң, Үрімжі қаласындағы Шың­жаң медицина университетінде білім алдым. Содан соң өз ауданымда орналасқан қазақ медициналық ауруханасында үш жыл жұмыс істедім. Арғы аталарым өңірге белгілі емші-сы­нықшы болған. Әкемнің немере інілері де са­налы ғұмырын медицина саласына сарп ет­кен. Олардың еңбегі туралы естіп-біліп, кө­ріп өскен мен болашағымды дәрігер ма­мандығымен байланыстыруды жөн санадым. Бірақ 2014 жылы өзім оқыған университеттің ма­гистратура бөліміне оқуға түсіп, зерттеу ісі­не бет бұрдым. Біле білсеңіз, Қытайдың Ал­тай, Іле, Тарбағатай сияқты үш үлкен айма­ғында қазақтар көп қоныстанған. Сол жерде тұра­тын қазақтар өңеш обыры, біздің тілмен айт­қанда қылтамақпен жиі ауырады. Қазақ ара­сында бұл кеселдің кең таралғанын зерт­теп жүрген қытайлық профессордың арнайы кафедрасында білім алуды ұйғардым. Онда оқыған үш жыл ішінде біраз нәрседен бейхабар екенімді, білімімнің таяз екенін біл­дім. Көп нәрсені терең түсініп, көзім ашыл­ды десем болады. Осылайша, бұл аурудың ал­дын алу жолдарын тағы да біле түсу үшін докторантурада білімімді жалғастыру қажет екенін түсіндім.  width=– Бірақ сол аралықта Қазақстанға ке­ліп жұмыс істеуді ұйғарыпсыз. Десе де, ел­ге келген соң әлдебір кедергі туындады ма? Неге Шыңжаңға қайта кетіп қал­дыңыз? – Қытайда түлек саны көп болғандықтан, «док­торантураға оқуға түсе алмай қалсам, қай­темін?» деген сұрақ маза бермей қойды. Сөй­тіп, дұрысы, тарихи Отанымыз Қазақ­стан­ға барып тұрақтаған жөн болар деп шеш­тім. Ол жақта бірден жұмысқа алатын таны­сым жоқ қой. Сондықтан Қытайда жүріп, жұмыс іздестіре бастадым. Қытайдағы дәрі-дәрмек әзірлеумен айналысатын ірі зауыттың Алматыда филиалы бар екенін білген соң, алғашында сонда жұмысқа тұрған жөн болар деп ойладым. Ол зауыттың Қытайдағы бас­шысына хабарласып, ол талап еткен барлық емтиханнан өтіп, ақырында Алматыға бара­тын болдым. Достық стансасына жақын ор­на­­ласқан ауылыма барып, ата-анаммен қош­тасып, шекараны кесіп өткелі тұрған сәтте университеттегі оқу бөліміндегілер док­торантураға түскенімді хабарлады. Не іс­терімді білмей, әкемнен ақыл сұрағанымда Қазақстан атажұрт болса да, бейтаныс ортаға бара жатқанымды ескертіп, оқуымды жал­ғастырған жөн екенін баса айтты. Десе де, сол сәтте Қазақстанға барып, жұмыс істеп көру деген құлшыныс бәрінен биік тұрды. Бірақ «Мен ұрлық істегенде ай жарық болды» де­мек­ші, елге табан тірегенде бірнеше тосқауыл­ға тап болдым. Келісілгендей, Алматыдағы филиалдың жетекшілерімен кездескен соң олар мені өндіріс бөлімінің сапасын тексеруге жауапты жетекші етіп тағайындамақшы болды. Бірақ кадр бөліміндегілер республика аймағында тұрақты тұруға рұқсат беретін ықтиярхат алып келуімді сұрады. Маған дейін елге оралған қандастар бұл құжатты оп-оңай алып жүрген екен, ал дәл мен барған уақытта ел ішінде екі жыл бейімделіп, сосын ғана ық­тиярхат беруге мүмкіндік беретін «қитұрқы» заң өз күшіне енді. Елде еш кедергісіз жұмыс істеу үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым, араға таныстарды да салдым. Бұдан ештеңе өнбеген соң Қытайға қайта оралуға мәжбүр болдым.  width=– Ал докторантурадағы оқуыңызды жал­ғастыра алдыңыз ба? – Иә. Мен елден келгенше орным сақ­тау­лы тұрды. Осында келген соң, ғылыми ізде­ніске бұрынғыдан бетер ден қоя бастадым. Бір­де Шыңжаңдағы жергілікті универ­си­теттердің бірінде Американың Айова уни­верситетінде профессор қызметін атқаратын біз­дің ауданның тумасы Қасым Қабылқақ дәріс оқитынын естідім. Ол кісінің жұмысы мен зерттеп жүрген өңеш обыры ауруына қа­тысы бар болған соң сол дәрістің маған пайдасы тиер деп, барып қатыстым. Дәріс кезінде Қасым ағаға ағылшын тілінде сұрақ қойып, көкейімде жүрген бір мәселені қоз­ғадым. Дәріс аяқталған соң сыртқа шыққалы тұрсам, есік алдында тұрған орта жастағы бір кісі менімен жақын танысқысы келетінін айт­ты. Сөйтсем, Америкадағы Хьюстон уни­верситетінің профессоры, ұлты қытай Пейд­жинг Ян әлгі аурудың емдеу шара­лары­нан хабардар екеніме таңғалғанын айтып, Америкадағы М.Андерсон атындағы онко­логиялық орталықта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Өзі арнайы шақыру жіберді, ол кезде төлқұжат алу қиын, бірақ оған да өзі көмектесті. Сөйтіп, Америкадағы сол орта­лық­та екі жыл жұмыс істеп, кейін Шыңжаңға қайтып, кандидаттық диссертация қорғадым. Сосын ақыры ғылым жолына түскен соң, соңғы меже постдокторантурада тәжірибе жинақтайын деп, Америкадағы әлгі ор­талыққа жұмысқа тұрдым. Айта кетерлігі, сол орталықта жұмыс істеген иммунолог әрі ғылыми жетекшім болған Джеймс Эллисон әріптесі жапондық Тасуку Хондземен бірге қатерлі ісікпен күресуде жаңа әдіс ойлап тапқаны үшін 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған болатын. Мұның маған тигізген ықпалы зор екені айтпаса да түсінікті. Күнде көріп жүрген жетекшілерімнің бірі Нобель сый­лығын иеленгенін естігенде ерекше қуандым. Бұл ғылыми жұмысыма жақсы база қалыптас­тырып бергенін айта кеткен жөн. Сосын бір жарым жылдай Техас универси­тетінде жұмыс істейтін қандасымыз, профессор Асқар Әкімжановтың зертханасында жұмыс істедім. Ол жерде жемісті жұмыс істей беруге болатын еді, алайда маған берілген виза ережесі бойынша Америкада тек бес жыл уақыт тұра аламын. Оны ұзарту үшін жұмыс берушің кепілхат жазып, оған сен туып-өскен жердің консулдығы қарсылығы жоқ екенін растай­тын қайтара хат жолдауы тиіс. Асқар ағай шама-шарқы келгенше көмек қолын созып, алаңсыз жұмыс істеуіме мүмкіндік жасағысы келді. Амал қанша, бұл әрекетімізден түк шықпады. Сөйтіп, басқа елдерден жұмыс қарастырып, нәтижесінде әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрған Ұлыбританияның Оксфорд университетінде қанға түсетін паразит құрттарға қарсы вакцина әзірлеу орталығынан, Шотландия университетіндегі үлкен зертханадан және Канададағы Торонто университетінің жанындағы госпитальдан шақыру келді. Барлығын таразылай келе, таңдауым соңғы мекемеге түсті. Бәсі биік Оксфорд университетіндегі орталықты неге таңдамадыңыз деп сұрағыңыз келсе, Торон­тодағы орталықта мен тыңғылықты зерттеп жүрген иммунитеттің ағзаға кері реакция беруіне баса көңіл бөледі. Қазір мұнда иммунитет әлсіздігінен пайда болатын ауру механизмдерін, сондай-ақ метаболизм про­цесін жақсарту, диабет, семіздіктің алдын алу тәсілдерін ойлап табумен айналысамын, сонымен қоса түрлі генетикалық зерттеу жүргіземін. [caption id="attachment_162852" align="alignnone" width="1920"] width= 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған әйгілі америкалық ғалым, ғылыми жетекшісі Джеймс Эллисонмен бірге[/caption] – Әңгіме басында Қытайда тұратын қазақтар арасында қылтамақтың кең тарал­ғанын, бұл кеселдің ел ішін жайлап кетуіне не себеп екенін қытайлық дәрі­гер­лердің арнайы зерттегенін айтып қал­­дыңыз. Ал өзіңіз мұның себебі неде еке­нін біле алдыңыз ба?
– Шыңжаң жақта 56 ұлт өкілі тұрады. Жүр­гізілген зерттеуге сенсек, сол 55 ұлттың ішіндегі мың адамның бірі ғана обырмен ауырса, ал мың қазақтың ішінен 31 адам осы ауру­ға шалдыққан.
Мұның себебі көп. Бірін­шісі, бұл – тұқым қуалайтын ісік. Ал ол бәле тұқымға қалай «енеді» дейсіз ғой? Ол біздің өмір сүру салтымыз, тамақтану тәртібіміз арқылы «жайғасып» алады. Біз қазақ халқы шайды ып-ыстық кезінде ішкенді құп көреміз. Суып қалған сорпаны да тамақ құрлы көр­мейміз. Бізге барлығы ыстық күйінде берілуі керек. Ал ыстық судың салдарынан өңеш­тің бетіндегі перде қабықтары зақым­далып, ақырында қатерлі ісік туындайды. Біле білсеңіз, адам ағзасында обыр жасушалары өмір сүреді. Адамның иммун жүйесі мықты болса, ол жасушалар өспей, белсенділік танытпайды. Ал бірақ әр төрт сағат сайын ыстық су іше берсең, жоғарыда мен айтқан өңештің бетіндегі перде бірте-бірте жыр­тылып, ар жағында өсіп тұрған ет ісіп, жара пайда болады. Ал үстіне үнемі ыстық су құйы­ла берген соң ол жараның жазылуына да «мұрша» жоқ, сөйтеді де обыр жасушалары өсе бастайды. Екінші себеп – біз ата-әжелері­міз үйреткендей етті қақтап, тұздап сақта­ған­ды, жас еттен гөрі сүр еттен тамақ әзірлегенді жөн санаймыз. Құртты да әбден кептіреміз. Өзіңіз білетін боларсыз, сүрленген ет пен кептірілген құрт біраз уақыттан соң көгере бастайды. Тіпті, етке құрт түседі. Ал көгерген, құрт түскен жерде химиялық улы зат пайда болады. Сол улы зат адам ағзасына түскен соң обыр жасушаларын қоздырады. Бірақ біз құрт не ірімшіктің көгерген тұсын көрсек те, алаңсыз жей береміз. Өзім мал шаруашылы­ғымен айналысатын өлкеде өскен соң етті қалай сақтайтынын жақсы білемін. Ондай жерде ет сақтайтын тоңазытқыш қайдан бол­сын?! Оның үстіне, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, мал семірмеген кезде анамыз ұнның ішіне сақталған сүр етті алып, бізге асып береді. Ал сүр ет асқазан мен бауыр­ға кері әсер етеді. Сол себепті көпшілік сүр еттің пайдасынан гөрі зияны көп екенін біл­се екен деймін.  width=– Құрт демекші, өзіңіз секілді Шың­жаң медициналық университетінде бі­лім алған Әбдібек Қалибек бізге берген сұх­батында Жапонияда құрттың суынан 16 түрлі пайдалы қоспасы бар дәрі әзір­леп жатқанын айтып еді. Байқағаны­мыз­дай, Қытайдағы қандастар қазақ ме­дицинасының қыр-сырын бізден же­тік білетін секілді. – Расымен, Қытайда тұратын қазақтардың қа­зақ медицинасынан хабары көп. Әсіресе, мен туып-өскен Толы ауданындағы қазақ ме­дициналық ауруханасының ашылуына мұрындық болған, есімі бүгінге дейні ел аузында жүрген сынықшы Қали атаның ашқан жаңалығы көп. Ол кісінің айтқандарын қазір сізге әңгімелесем, тіпті бір күнде тауыса алмаймын. Жалпы, бұл туралы Қытайда жұ­мыс істеп жүрген мықты қандастарымызбен әңгіме өрбітсеңіз, аузыңыз ашылып, таң-та­маша боласыз. Тағы бір айта кетерлігі, ха­лық даналығының айғағы саналатын «Шипагерлік баяны» атты кітап жазған Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы XV ғасырда қалқанша безінің ісіп кетуінен пайда болатын ауруды зерттеп, оны қорқаншақ без деп атаған. Ал 1895 жылы неміс ғалымдары мұның салдарын зерттеп, оған басқаша атау берген. ХІХ ғасырда Қытай медицина өкілдері де мұны өз бетінше зерттеген. Ал Өтейбойдақ атаның XV ғасырда аталған аурудың емдеу жолдарын жетесіне жеткізіп тұрып түсіндіріп бергенін ескере тұра, қазақ медицинасы дамымаған деп айта аласыз ба? Ол кісілер сол кезде-ақ вакцина егудің жолдарын жақсы білген. Ойлап көріңізші, дүниежүзі вакцинаның не екенін осы ғасырда біліп жатқанда, қазақ медицина­сының өкілдері сол кездері-ақ екпе жасап, күллі әлемге беймәлім ем-дом жасап жүрген. Өкінішке қарай, қазақ медицинасының әлеуе­тін көпшілік біле бермейді, әсіресе халықаралық дәрежеде танылмай жатқанына ішің ашиды. Десек те, Шыңжанда осы мақсатты көздеген қазақ дәрігерлер қоғамы ашылған. Онда жұмыс істейтін профессорлар қазақ медицинасындағы ерекшеліктерді әлемге танытқысы келеді. Қазір олар шама-шарқы келгенше зерттеу жүргізіп жатыр, бірақ «Міне, бізде мынадай дәрі бар. Мынау мы­надан алынған. Анау мына нәрсенің қос­пасынан әзірленген. Біздің медицина әле­мінде ашқан жаңалығымыз осы!» деп жар салу үшін әлі де уақыт керек. Мен де қазақ меди­цинасының ілгерілеуіне үлес қосқым келеді. Өз білгенімді, оқыған-тоқығанымды өскелең ұрпаққа үйретсем деймін. Әлі де үйренерім көп. Өзіме не керек екенін болжап қарасам, ме­ди­цинадағы ізденіс жолым ұзаққа жалға­сатын секілді. Десе де, Қазақстанда обыр ауруы, иммун жүйесінің нашарлауынан туын­дайтын кеселдерді зерттейтін орталықпен бай­ланыс орнатып, тәжірибемді ортаға сал­ғым келеді. Ондай мүмкіндік туса, қуана-қуа­на барушы едім. Лайым, сондай сәт туса екен!

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары