262
Каратэшілер Пензада жүлделі болды
Каратэшілер Пензада жүлделі болды
Батысқазақстандық спортшылар Ресейдің Пенза қаласында өткен каратэден (WKF) Алексей Макаров мемориалы турнирінде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, биыл екінші рет ұйымдастырылған аталмыш жарысқа 600-дей спортшы қатысты. БҚО-дан барған 10 каратэшінің бесеуі жүлдеге ілікті. Атап айтқанда, Нұркен Хамидолла 45 кг салмақта чемпион атанса, Дархан Темірәлиев, Дәурен Ілиясов, Әлихан Сартаев, Қайырғали Нұрислам қола жүлдені иеленді.
Чемпионат барысында төрт мәрте әлем чемпионы Рафаэль Агаевтың оқу-жаттығу семинары да өткізілді. Сонымен қатар БҚО құрамасы Шымкент қаласында жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатына да қатысты. Мұнда Әлихан Сартаев, Руслан Дәулетқалиев, Ернұр Ғарифуллин, Камила Жоламанова қола жүлдегер атанды. Енді спортшылар Ақтау мен Ресейдің Тольятти қаласында болатын халықаралық турнирлерге дайындалады. Айта кетейік, каратэ 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілгені мәлім.