Кішкентай жұлдыздардың асқақ арманы

Кішкентай жұлдыздардың асқақ арманы

Кішкентай жұлдыздардың асқақ арманы
ашық дереккөзі
473
Еліміздегі тұңғыш ұлттық балалар ән байқауы – «Бала дауысының» ақтық сайысына санаулы күн қалды.  12 қарашада Республика сарайында өтетін дүбірлі додада еліміздің 14 облысы және Алматы, Астана қалаларынан іріктеліп алынған өнерлі өрендер бақ сынамақ. 18 қазанда Алматыға жиналып, байқаудың «Жұлдызды үйіне» қоныстанған балалар қазір қызу дайындық үстінде. Бойларында қобалжу бар. Бірақ көздерінен өз-өзіне сенімділікті, үкілеп сайысқа қосқан қауымның үмітін ақтауға деген құлшынысты көрдік. Республикалық ән байқауының аймақтардағы іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен 23 бала ақтық сынға жолдама алған болатын. Оның ішінде 12 жеке орындаушы, 3 трио және 1 дуэт бар. Финалда бақ сынайтын қатысушылар тәлімгерлерінің қолдауымен өнер көрсететін болады. Дарынды балаларға жол көрсететін өнерпаздар арасында Медеу Арынбаев, Толқын Забирова, Маржан Арапбаева, Жанар Дұғалова, Мақпал Исабекова, Әли Оқапов, Айқын Төлепберген, Диана Шарапова, «Кешью» тобының әншісі Балжан Бидаш, «Алау» тобының әншісі Әсет Арыстанбек те бар. Ауқымды жобаның ақтық сыны 12 қарашада Республика сарайында өтеді. Жеңімпаздың есімі сол күні белгілі болмақ. Апта басында кішкентай өнерпаздардың туған жерлерінен, ата-ана мен достарынан жырақтағы тыныс-тіршілігімен танысып, жауапты күнге дайындықтарын көру үшін «Жұлдызды үйге» бардық. Балғындар вокал сабағынан кейін дене шынықтыру залында бой жазып жатыр екен. Олардың әрбір минуты есептеулі. Ұйымдастырушылар байқау қатысушыларының уақытты тиімді пайдаланып, ақтық сайысқа сақадай-сай дайындалуы үшін арнайы күн тәртібін жасап қойған. Жас өнерпаздарға өнерлерін шыңдап қана қоймай, әсем табиғат аясында тынығуға, спортпен айналысуға, ару Алматының көрікті жерлерін аралауға мүмкіндік берілген. Дене шынықтыру залынан шығып, кешкі асқа беттеген балаларды сөзге тартып, ақтық сынға  әзірлік барысы туралы сұрадық. Атырау облысының намысын қорғайтын Рауан Матаеваның айтуынша, олар күн сайын вокалдан дәріс беретін білікті мамандардан сабақ алады. Ақтық сында айтатын әнін мінсіз орындау үшін талантты қыз ұстаздардың ақыл-кеңесін бұлжытпай орындап, ескертулерін екі етпеуге тырысады екен. – 12 қараша күні Республика сарайында өтетін байқау еліміздегі балалар арасындағы ең үздік дауыс­ иесін анықтайтын болады. Өз облысымның үмітін ақтау үшін сол сынға барымды салып дайындалып жатырмын. «Анаға теңеу тең келмес» атты авторлық әнімді орындайтын боламын. Ал 13 қараша күні байқаудың гала-концертінде тәлімгерім Жұбаныш Жексеновпен бірге «Жалт етіп өткен» атты әнді шырқаймыз, – дейді Рауан Матаева. Жас өнерпаз Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының білімгері. Бұл – Рауанның алғашқы байқауы емес. Бұған дейін республикалық «Күншуақ», «Ақ көгершін» байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрінген. Әйтсе де, дарынды қыздың енді ғана басталған әншілік жолында «Бала дауысының» орны ерек. –  «Бала дауысы» – елімізде теңдесі жоқ байқау. Бұл сайыс еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас әншілерді көпшілікке таныстырып қана қоймай, олардың өз өнерлерін әрі қарай дамытуға мүмкіндік берді. Бағым жанып, қазылар алқасы Атырау облысындағы кастингте нақ мені таңдағанына қуаныштымын. Байқаудың арқасында еліміздің ән өнерінде өзіндік орны бар белгілі әншілермен таныстым, олардан өзіме, өнеріме азық болар көп кеңес алдым. «Бала дауысының» барлық қатысушылармен дос болып кеттік. Байқаудан кейін де достығымыз үзілмейді деп ойлаймын, – дейді талапты жас. Ақмола облысының атынан сынға түскелі отырған Әділхан Махамбетовпен де аз-кем тілдестік. Сырт көзге мінезі тұйықтау болып көрінгенімен, әңгімелесу барысында ашық, жайдары бала екенін аңғартты. Кішкентай болса да орнықты сөйлеуді меңгерген, ойын еркін жеткізеді. Жүріс-тұрысынан өз-өзіне сенімділік байқалады. Әділханнан облыстағы іріктеу кезеңінің қалай өткенін сұрадық. –  Ақмола облысындағы іріктеу кезеңіне қатысуға өңірімізден 85 адам өтініш білдірген. Мамандар әуелі 30 баланы, олан кейін үздік 3 қатысушыны таңдап алды. Топ жарған үштіктің құрамына кіріп, екі қарсыласыммен сынға түстім. Қазылар алқасы менің дауысымды үздік деп тауып, финалға жолдама берді. Қазір тәлімгерім Әдемі ханымның жетекшілігімен ақтық сайысқа дайындалып жатырмын. Көпшіліктің назарына «Жаз жылытсын жаныңды» атты авторлық әнімді ұсынбақшымын, – дейді Ә.Ма­хам­бетов. Әділхан биыл Мәскеуде өткен халықаралық «Зажги свою звезду» байқауының бас жүлдесін иеленген болатын. Өзге елде Қазақстанның намысын абыроймен қорғап келген кішкентай әнші өткен жылы «Аялаған Астана» республикалық байқауында да көпшілікті кең тынысты үнімен сүйсінтті. Ендігі арманы – «Бала дауысында» топ жару. Талабы таудай бүлдіршінге сәттілік тіледік. «Бала дауысы» байқауында жүзден жүйрік шығып, жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салып дайындық жүргізіп жатқандардың қатарында «Каспий» тобы да бар. Болашағынан үлкен үміт күттіретін талантты үш бүлдіршіннен құралған топ – Маңғыстау облысының үкілі үміті. Аймақтық іріктеу кезінде өнерлері тең түскен үш қыздың бірін оздырып, қалған екеуін кем қалдырғысы келмеген қазылар алқасы оларға финалда топ болып өнер көрсетуді ұсыныпты. Содан бері Луиза, Нұрай, Карина үшеуінің бірлігі ажырамаған. Айтуларынша, ақтық сын жақындаған сайын достықтары нығайып, ынтымақтары артып келеді. – Әрине, бастапқыда әрқай­сысымыз жеке өнер көрсеткіміз келген. Бірақ қазылар алқасы үшеумізді бөліп-жарғысы келмеген­діктен, топ құрылды. Жеке дауыста айтқаннан гөрі трио болып ән шырқау қиынырақ. Өйткені үшеуміздің дауысымыз үш түрлі. Үш түрлі үнді үйлестіру үшін шеберлік, көп дайындық керек. Вокалдан сабақ беретін ұстазымыз әннің қай тұсын қайсымыз айтатынымызды белгілеп, дауысымызды қойып берді. Сол кісінің нұсқауы бойынша күндіз-түні дайындалып жатырмыз. Топ болудың жауапкершілігін сезінгендіктен болар, қазір үшеуміз бір адамдай болып кеттік. Топта өнер көрсеткеннің бір артықшылығы – бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қобалжыған, сахнада жүрексінген сәттерді тез жеңеміз, – дейді Луиза. Айтпақшы, Луиза Нұрқуатова – Халықаралық «Славян базары» фестивалінің аясында өткен «Витебск-2015» балалар байқауының жеңімпазы.  Бірақ бұл мәртебесі оған қандай да бір артықшылық беріп, топтың өзге мүшелерінен немесе байқаудың басқа қатысушыларынан дараламайды. Мұны Луизаның өзі де жақсы түсінеді. Бала бола тұра, мақтанға салынбайтыны, мәртебелі марапатын алға тартып, кеуде ұрмайтыны сондықтан. «Бала дауысы» – болмысы бөлек байқау. Луиза үшін өнер биігіне бастайтын даңғылдағы жаңа сынақ. Нұрай, Каринамен бірге талай дүлдүлді түлетіп ұшырған Маңғыстау жұртының абыройын асқақтатсам дейді. «Каспий» тобының арулары өз тәлімгерлері, «Кешью» тобының әншісі Балжан Бидашпен бірге ән шырқамақ. «Әдемі қыз» әні әдемі қыздарға сәттілік сыйлайды деп сенеміз.  

                Анар ЛЕПЕСОВА

Серіктес жаңалықтары