«Қан көп болды»: Алматыдағы қақтығыстан кейін тазалықшылар көргендерін айтты

«Қан көп болды»: Алматыдағы қақтығыстан кейін тазалықшылар көргендерін айтты

«Қан көп болды»: Алматыдағы қақтығыстан кейін тазалықшылар көргендерін айтты
ашық дереккөзі
50235
Алматыдағы қақтығыстан кейін тазалық қызметкерлері көргендерін айтты, деп хабарлады turkystan.kz. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерден кейін қаланың ұсқыны кеткені рас. Оңтүстік астананы ретке келтіріп, тазалап, қирандыларды жинағандар коммуналды қызметкерлер болды. Бұл көрініс, әсте жүректі ауыртып, жағаны ұстатты дейді көше жұмысшылары. Таза қала жағдайдың тұрақталғанын көрсетеді. Қазір қаладағы қоқыстар шығарылып, қала қайта қалыпқа келіп жатыр. Бұл – сарғылт түсті кеудеше киген адамдардың еңбегі. Қала жұмысшылары шаһарды толықтай қалыпқа келтірдік деп отыр. Stan.kz тілшісі Алматыдағы көше тазалушы қызметкерлермен тілдесіп, митингіден кейінгі қаланың кейпі, оны ретке келтіру кезіндегі қиындықтар туралы сұрады. Алматы қаласының 50 жастағы тұрғыны Райхан Байдаулетова, туған қаласын мұндай кейіпте көргенде қатты жабырқағанын айтады. Оның көше тазалау қызметінде жүргеніне он жыл болған.
«Жүрегім ауырды. Мұндай болып кеткенін біз білмедік. Күнделікті жұмысқа келгендей келдік. Бізді Сәтпаев-Наурызбай көшелерінің қиылысына алып барды. Жолдың бәрі тас. Қоқыс жәшіктері жолда жатыр. Орындық сынықтарын жолға лақтырған. Күнде көріп жүрген қаланың астаң-кестеңі шығып жатқанда жүрегің ауырады екен. Аялдамаларды қиратқаны сонша, орындықтары арықтың ішінде жатыр екен. Ауланы сыпырып жүрген кезде бойымда қорқыныш болды. Әрине, жалғыз болмадық, бригадамен бірге жұмыс істедік», – дейді ол.
Одан бөлек, тазалау қызметкері көшеден оқтың, жарылғыш заттардың қалдығы көп болғанын баса айтты. Осы күндері қаланы тазарту мақсатында күніне 650-ден астам бірлік техника және 1550 жұмысшы жұмылдырылған.
«Алматы ірілі-ұсақты қоқыстан, өртенген көліктерден, бетон блоктарынан, бүлінген шағын сәулет нысандарынан, сондай-ақ тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.  Жол желісінен 6400 тонна тұрмыстық қоқыс, 488 тонна шағын және 146 ірі көлемді қоқыс шығарылды, сонымен қатар қалаға кіреберістердегі бұзылған және өртенген 96 автокөлік және қираған 5 экопост шығарылды» - деді «Алматы Тазалық» ұйымының қызметкері Нұрғали Қарсақбаев.
Оның сөзінше, қызметкерлер тәртіпсіздіктердің бірінші күні, 4 қаңтарда жұмысты бастап кеткен. Кейін қақтығыс өршіген тұста жұмысқа шықпаған.
«8,9,10 қаңтарда жұмысты жалғастырдық. Бүгінде көшелерді толықтай тазартып, жинастырдық. Техникамен сыпырып, қоқыстарды жинастырдық, әрі қарай адамдар қолмен жинады», – деді ол.
Айтуынша, кейбір қызмет көліктерінің әйнегі сынып, айнасы шағылған. Қаланы тазалау қызметінде жұмысшы болып жүргеніне алты жыл болған Мадияр Молдакулов көп зардап шеккені Республика алаңы мен Президент резиденциясы дейді. Ол жақтарда қан шашырап, жерге сіңіп қалған. Оны кетіру үшін адам күші көп кеткен, арнаулы техниканың көмегі керек болған.
«Көңілім құлазыды. Көз алдымызда қаламыздың жанып жатқаны ауыр тиді. Қираған әкімдіктің айналасы, жан-жағындағы көшелер тұтастай лас болды. Әріптестріміздің көңіл күйі болмады. Әкімдіктің алдында газды гранаталар, қарудың оқтарын байқадым. Тасты көп қолданған. Әртүрлі темірлер болды. Бірінші күні толықтай жиналды. Көшедегі аялдамалардың әйнектері сынып, шашылған. Өртенген жеңіл көліктер мен ірі көліктер болды. Қызметтік көліктер де быт-шыт болған. Қан көп еді. Әсіресе Президент резиденциясы маңында. Оны арнаулы техникалармен тазаладық. Алдымен жуып, содан соң жинадық. Оған адам күші көп кетті. Қолмен жуған жоқпыз», - дейді ол.
Зардап шеккен адамдарды байқамадық дейді ол. Сөзінше, тазалау қызметкерлері зардап шекпеген.
«Әдетте, әл-Фараби, Орбита көшелерін жинаймын. Бірақ тәртіпсіздіктерден кейін барлығымызды жиып, Республика алаңына апарды», – дейді ол.
Белгілі болғандай, Республика алаңын тазалау процесі кеше ғана толық біткен. Тазалық жұмысына төрт күн уақыт кеткен.

Серіктес жаңалықтары