699
Жаңа Қазақстан: Жақын арада не тындырылуы керек?
Жаңа Қазақстан: Жақын арада не тындырылуы керек?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында қиын күндер артта қалғанын, ел тағдыры үшін ұйыса білген барша қазақстандыққа шынайы ризашылығын білдіретінін айтып, жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды. Жаңадан тағайындалған Үкімет басшысы мен қайта жасақталған Министрлер кабинетіне саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін нақты тапсырмалар жүктелді.
Барша қазақстандықтың қоры 11 қаңтарда Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған болатын. Оған қоса қор денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау саласында нақты проблемаларды шешумен айналысатынын да айтып өтті. – Мысалы, сирек ауруға шалдыққан балаларға көмектеседі. Қалаларда, аудандарда, ауылдарда балаларға арналған спорттық алаңдар саламыз. Қабілетті балаларға жәрдемдесеміз. Мәдениетке қолдау көрсетеміз. Алматыға жантүршігерлік трагедиядан кейін оңалуға көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан біз қаза болған полицейлер мен әскери қызметшілердің отбасыларына қолғабыс етеміз. Және бұл тек бер жағы ғана, – деді Президент. Бұл Президенттің, Үкіметтің немесе қандай да бір мемлекеттік органның қоры емес, барша қазақстандықтың қоры болатыны да айтылды. – Бұл – халық қоры. Ол әкімшіліктің немесе Үкіметтің жанынан құрылмайды. Беделді бақылау кеңесі құрылады. Адал, жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметі толығымен ашық болады, қоғамға есеп береді. Жоспарлары, бюджеті мен жобалары сайтта жарияланады. Бүкіл ақпарат ашық болады, – деді қор жайлы Президент. Ізін ала аталған, қор құрылып, жұмысын бастап та кетті. Қордың Қамқорлық кеңесінің құрамы жарияланды. Қордағы қаражатты бөліске салуға осы құрамдағы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, азаматтық қоғам өкілдері, меценаттар мен еліміздің беделді азаматтары жауап беретіні айтылды. Яғни қордың жұмысына Президент Әкімшілігі де, Үкімет те араласпайды. Кеңес қордың төрағалығына Болат Жәмішевтің кандидатурасын ұсынып, қолдады. Жоғары басқару органы ретінде Қорға қатысушылардың жалпы жиналысы, бақылаушы орган ретінде Қамқорлық кеңес, атқарушы орган болып Басқарма және бақылаушы орган болып Тексеру комиссиясы бекітілді. Десе де қордың құрамы халық арасында қызу талқыға түсті, төрағадан бастап мемлекеттік тілге шорқақ екені айтылды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшелері де осы пікірде екендерін білдірді. Мүшелерді халық дауысы арқылы сайлау ұсынысы да болды, құрамда жастардың болмағаны да көпшілікке ұнай қоймады. Бір сөзбен айтқанда, бастамасы игі болған Қордың Қамқорлық кеңесінің құрамына халықтың сенімінен гөрі күдігі басым болып тұр. Ал қор ашыла салысымен, оған қаржы түсіп жатыр. 17 қаңтардағы мәлімет бойынша заңды тұлғалардан 12,36 миллиард теңге түскен. – Kaspi Bank және оның құрылтайшылары Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзе 10 миллиард теңге көлемінде қомақты үлес қосты. Сондай-ақ «Халық» қайырымдылық қорынан 2 миллиард теңге түсті. Степногор тау-кен-химия комбинаты 350 миллион теңге аударды – деп мәлімдеді қор өкілі. Сонымен қатар, қоғамдық қорға ерікті түрде 6 519 қазақстандық ақша аударған. Одан бөлек бір күнгі жалақысын аударып жатқан мекемелер болды, бірақ кейіннен бұл қордың жұмысын науқанға айналдыруы мүмкін екені жөнінде сарапшы мамандар тарапынан сын айтылды. 18 қаңтарда YDD Corporation және Asia FerroAlloys компанияларының акционерлері Ерлан Нығматулин мен Давид Кемертелидзе қорға 1 миллиард теңге аударды. Экономика министрінің жоспарлары Осы аптада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасын тұрақтандыру бойынша жоспарын таныстырды. Министр бұл жоспардың қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, негізсіз бағаның өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау, ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бойынша 51 шарадан тұратынын айтты. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және өзге де инфрақұрылымды қалпына келтіру бағытында жоспарда 11 іс-шара көзделген. Министрдің жоспарына қарасақ, бұдан бөлек, әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды. «Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру жоспарланған», – деді министр. Ал ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарланып отыр екен. – Ұсынылған жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысының тапсырмаларын ескере отырып, алдағы бірнеше айда мемлекеттік органдардың тиісті міндеттерді үйлестіре шешуіне бағытталған. Жоспарды іске асыру елдегі экономикалық ахуалды қалпына келтіруге және күнделікті өмірге қайта оралуға алып келеді, – деді министр. Тағы да ауыс-түйіс Апта ауыс-түйіске толы болды. Бірақ соның ішінде халықтың назарын аудартқандарына тоқталып өтейік. Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов QazaqGaz және «ҚазТрансОйл» ұлттық компанияларының басқарма төрағалары қызметінен кетті. Ақпаратты «Самұрық-Қазына» қорының баспасөз қызметі растады және екі басшының да өз өтініштері бойынша қызметінен кеткенін мәлімдеді. Сонымен қатар Қаныш Ізбастин бұдан былай «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болып жұмыс істемейді. Ал Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Ол бұл шешімін палатаның ресми сайтында жариялады. Тимур Құлыбаев ұлттық кәсіпкелер палатасы жүктелген міндеттерді орындай алғанын, бұған қоса алдағы уақытта Президенттің алға қойған тапсырмаларына ден қоятынын айтты. Бұған дейін еңбек демалысында делінген Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылғаны белгілі болды. Самат Әбішті қызметінен босату туралы жарлыққа Президент қол қойды. Одан бұрынғы ауыс-түйістерді газеттің алдыңғы санында жариялаған едік. 19 қаңтар күні Президент жарлығымен Руслан Жақсылықов Қазақстан Республикасы ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы лауазымынан босатылып, Қорғаныс министрі болып тағайындалды.Ұраншылдық ұшпаққа шығармайды Президенттің «Жаңа Қазақстанды» бірге құрамыз деген сөзін іліп әкетіп, бастаманы қолдайтындарын айтып жатқандар қатары күн санап көбейіп жатыр. Теріске шығарғанымыз емес, десек те айтылған сөзді нақты іс, нәтижеге емес, бос ұранға айналдыратын әдеттен түк шықпасын ұғынатын кез баяғыда келгенін қаперге алсақ игі. Елді жаңартудан бөлек толқудан кейінгі жағдайды реттеуге әлі талай уақыт керек сияқты. Іс-түссіз жоғалғандар мен жазықсыз қамауға алынғандардың мәселелері әлі ушығып тұр. Жоғалғандардың саны әлі нақтыланбады. Мемлекет басшысы бас прокуратураға ұсталғандардың барлығының кінә дәрежесін анықтауды тапсырып, жазаны жеңілдету туралы бұйрық бергеннен кейін ғана сең қозғала бастағандай болды. Дегенмен, әлі де болса жағдай реттелмеді. Бұл мәселе де асыра сілтеуге, науқаншылдыққа ұласпаса дейміз. Қираған нысандар мен бүлінген дүниелер қалпына келер, ал адамның өмірі – елдің басты құндылығы екені ұмытылмауға тиіс. Ескі әдетпен ел жаңармайтыны да анық.Бауыржан ЫСҚАҚОВ, экономист: Шикізатқа тәуелді елден трансформацияланған елге көшу жоспарын жасау қажет – «Қазақстан халқына» атты қор құрылды, ол әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұндағы негізгі принцип бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған деп ойлаймын. Қордың басым бөлігі осы елде, осы жерде өзінің дәулетін асырған, қазба байлықтарды пайдалану арқылы қор жинақтаған адамдардың қаражатына негізделуі керек. Солай деп айтылды да. Бұл – бизнес өкілдеріне беріліп тұрған мүмкіндік. Олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыратын дүние. Яғни ақшаның көп бөлігі заңды тұлғалардан түсуі керек және оның жұмсалуы ашық болуға тиіс. Бізде бұған дейін де талай қор құрылды, солар сияқты жинақталған қаражаттың 20-30 пайызын қызметтік автокөліктерге, қымбат офистерді жалдауға, басшылары мен қызметкерлерінің жалақысына, сыйақыға жұмсалып кетпеуі керек. Сонымен қатар мына нәрсенің арақатынасын ажыратып алуымыз керек: мемлекеттің спорт, білімнің дамуына бюджеттен бөлетін қаражаты бар, ал қордың функциясы осымен бірдей, қабаттас болмауы керек. Бізде әртүрлі жағдайларда, су тасқыны сияқты тосын апат кезінде арнайы қор құрылып жатады, «Қазақстан халқына» қоры осындай оқыс жағдайлардың салдарын жойып, алдын алуға көмектесуі қажет. Ұлттың имиджін көтеретін спортшылар, жас ғалымдардың білімін шыңдауға да сеп болса дейміз. Олар да мемлекет тарапынан қамқорлық, қолдау бар екенін сезінсе, соған назар аударылса екен. Бұл қорды Ұлттық қормен байланыстырмауымыз керек. Ұлттық қордың қаражатын неғұрлым жұмсамаған жөн. Қаржы капитализацияға түсіп, көбейе беруі керек. Соңғы 5-6 жыл ішінде 30 миллиард доллардай ақшаны жұмсап тастадық. Мысалы, 10-15 жылдан кейін мұнай қазіргідей пайда әкелмеуі мүмкін. Сондай жағдайда шығынның орнын Ұлттық қордың қаражаты жабады, негізгі функциясы – осы. Экономика министрінің жариялаған жоспары – кешенді қысқамерзімді жоспар. Жалпы экономикалық бағытты толық айқындамайды, үлкен реформаға айналмайды. Алматы – біздің қаржы орталығымыз, бізге оның имиджін көтеруге күш салған жөн. Жаңа Қазақстанды құру үшін шикізатқа тәуелді мемлекеттен трансформацияланған, яғни басқа да салалары пайда әкелетін мемлекетке көшу жоспарын жасауымыз керек. Біз 1 жыл болмасын, 5 жылға болмасын жоспарларымыздың барлығын мұнайдың нарықтағы бағасымен есептейміз. Экономиканың әлі де дамымай жатқан салаларына назар аудару қажет. Біз бұдан өтіп, ауыл шаруашылығы, туризм саласы, жеңіл өнеркәсіп, автоөнеркәсіп салаларына қаражат бөліп, одан түсетін табысты болашағымызбен байланыстыруымыз қажет. Осы төрт сала мұнайдан түсетін табыстың орнын баса алады. Табыс түсірмейді дейтін салалардың барлығына реформа жасау арқылы кластер құрып, табыс түсіретін салаға айналдыруымыз керек. Серік БЕЙСЕМБАЕВ, әлеуметтанушы: Әлеуметтік реформаларды саяси реформаларсыз жүзеге асыра алмаймыз – Менің ойымша толқулардан кейінгі кризистен Қазақстанның жаңа кезеңге өтуі, өте алу мүмкіндігі саяси реформаларды жүзеге асыра алумен байланысты. Яғни Президенттің жалғыз ғана әлеуметтік-экономикалық мәселелерге байланысты айтқан ұсыныстары мен шешімдері қиындықты еңсеруге жеткіліксіз. Себебі халықтың наразылығын тудырған әлеуметтік-экономикалық проблемалар болғанымен, оның ар жағында тұрған түпкі мәселе – тиімсіз, жемқорлыққа батқан саяси жүйе болатын. Адамдар алаңға шыққан кезде осыған қатысты нақты талаптарын айтты да. Сондықтан да жаңа Қазақстанды құру саяси жүйеге қайтадан сыни көзқараспен қарап, қатып қалған, бүгінгі күннің талабына сай емес институттарды жаңа демократиялық институттарға алмастырғанда ғана мүмкін болады. Сондықтан, менің ойымша, бұл жердегі ең негізгі қадам – саяси реформаларды едел-жедел бастау болуы керек еді. Бірақ өкінішке қарай, Президент бұл мәселелерді кейінге ысырып қойды. Яғни әлеуметтік мәселелерді реттеуден бұрын саяси реформа жүргізілуі керек. Саяси реформа болса, әлеуметтік проблемалар өздігінен шешімін табады дегеніміз емес, бірақ әлеуметтік реформаларды саяси реформаларсыз жүзеге асыра алмаймыз. Жұмабек САРАБЕКОВ, саясаттанушы: Халықтың саяси өмірге заңды негізде араласуына мүмкіндікті арттыру керек – Реформалар, ең алдымен қаңтар оқиғаларына ұқсас сценарийдің қайталанбауы үшін керек, себебі «Жаңа Қазақстанды» құру процесі ұзақ мерзімді талап етеді. Яғни, қоғамдағы ең өзекті мәселелердің шешімін кейінге қалдырмай, жақын арада табу қажет. Тиісінше қазіргі сәтте билік тарапынан қоғам талабындағы өзгерістерге жауап беретін саяси қадамдар жасалуы керек. Ол қандай қадамдар дейтін болсақ, әрине ең алдымен – әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалар. Толқулардың басталуына бірден-бір себеп азаматтардың экономикалық әл-ауқатының төмендеуі екені белгілі. Бұл процесс соңғы бесжылдықта ерекше қарқынмен жүрді. Мысалы, соңғы екі жылда бағаның өсуі тек ресми көрсеткіштер бойынша рекордтық деңгейге жақындады. Одан бөлек мемлекеттік сектордан тыс жұмыс істейтін азаматтардың қалтасына соққы болған пандемия шектеулері де бар. Бір сөзбен айтқанда, өзгерістер қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жоғарылатуға бағытталуы керек. Бірақ бұл ретте билік популизмға ұрынбай, яғни ұлттық қордағы ақшаны жай ғана үлестіріп беру немесе қарыздарды кешіре салумен шектелмей, жүйелі шешімдер ұсынуы маңызды. Ең алдымен, жаңа жұмыс орындарын құру, инфляция қысымын азайту, жеке бизнестің өркендеуіне жағдай жасау және жалпы алғанда ұлттық экономиканы әртараптандыру сияқты мәселелермен шұғылдануы керек. Сонымен бірге, әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бөлек, саясат саласында реформаларды жалғастыру маңызды. Азаматтардың саяси белсенділігінің артып келе жатқанын ескерсек, осы толқынды легитимді бағытқа бұратын шешімдер қажет. Яғни тұрғындардың саяси өмірге заңды негізде араласуына деген мүмкіндіктерді арттыру керек. Одан бөлек, алдағы уақытта болатын сайлау науқандарын сапалы өткізу, жалпы саяси бәсекелестіктің деңгейін арттыру, партиялардың жұмыс тиімділігін арттыру сияқты бұрыннан шешілмей келе жатқан мәселелерді реттеу аса маңызды.