326
Штамдар «эстафетасы» – «омикронда»
Штамдар «эстафетасы» – «омикронда»
6 қаңтар күні елімізде алғаш рет анықталған коронавирустың омикрон штамы аз-ақ уақыт ішінде күш алып, эпидахуал қайтадан ушықты. Қызыл аймақтағы өңірлердің қатары көбейіп, карантин шектеулері күшейтілді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың бұл мутациясы басқа штамдарға қарағанда тез таралатынын, қарқыны қатты әрі қауіпті екенін әу баста айтып, дабыл қаққан болатын.
Індет жұқтырғандарсаны миллионнан асты Елімізде омикрон штамы 6 қаңтарда анықталды. Алматыда 7 адам, Нұр-Сұлтанда 1 адам індет жұқтырғаны белгілі болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бір тәулікте сырқаттанғандар көрсеткішінің 60 пайыздан астамы үш аймақта (Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы қаласы, Қарағанды облысы) тіркелген. Бүгінде ел бойынша эпидахуалдың нашарлауына байланысты жаңа қаулы мен шектеулер қабылданды. Эпидахуалды бағалау матрицасында «сары аймақта» Түркістан облысы тұр, қалған өңірлер «қызыл аймақта». Ресми статистикалық деректерге сүйенсек, 11 қаңтардан бастап елімізде індет жұқтырғандар саны күрт өскені байқалады. Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі эпиджағдайға болжам жасады. Болжам бойынша жағдайға оптимистік көзқараспен қарасақ, тәулігіне 17 мыңнан аса адам індет жұқтырады, шынайы сценарийде – тәулігіне 25,5 мың, ал пессимистік сценарийде тәулігіне 40 мыңдай адамнан анықталуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеген еді. «Омикрон» штамын жұқтырғандар ауруды көп жағдайда жеңіл және симптомсыз өткізетінін айтқан министр стационарларға аурудың орта және ауыр дәрежесімен ауыратын пациенттер түсіп жатқанын, және олардың ішінде жағдайы ауыр және өте ауыр пациенттердің үлесі 5 пайыз екенін де айтты. Жалпы ел бойынша ауырғандар саны 1 миллионнан асып кетті. Ержан БАЙТАНАЕВ, Денсаулық сақтау министрлігі санэпидбақылау комитетінің ресми өкілі: Алаңдайтындай ахуал– Елдегі эпидахуал алаңдатарлық. Бір тәулікте коронавирус жұқтырған адам саны 11 мыңнан асып кетті. Вирус жұқтырғандар ең көп тіркелген қала – Нұр-Сұлтан. Түркістан облысынан басқа өңірдің барлығы – «қызыл аймақта». Елімізде «омикрон» штамы циркуляцияда жүр және аздап «дельта» штамы да бар. Осы жағдайды ескере отырып біз халықты карантин талаптарын сақтауға шақырамыз. Өйткені «омикрон» штамы – өте қауіпті штамм. Бір уақытта ондаған адамға жұғуы ықтимал. Басты белгілері – бастың, тамақтың қатты ауыруы. Шаршау, әлсіздік, мұрынның бітелуі сонымен қатар иіс, дәм сезу қабілеттерінің жоғалуы. Оған қоса аяқ-қолдың сырқырауы, бас айналу, тамақтың ісінуі де «омикрон» жұқтырғаныңыздың белгісі болуы әбден мүмкін. Сол себепті де тұмаумен ауырып жатқан, тұмаудың немесе жаңа ғана айтып өткен белгілердің біреуін байқаған кез келген адам міндетті түрде учаскелік дәрігерге хабарласуы керек. Ауруды таратпас үшін міндетті түрде дәрігерді үйге шақырған абзал. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша ауруды жеңудің, жұқтырмаудың немесе жеңіл өткізудің бірден-бір жолы – вакцина алу. Байқағанымыздай, қазір вирусты бала да, жас та көп жұқтырып жатыр. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша жұмыс істейтін азаматтардың 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшті, ал оқушылар мен студенттер онлайн оқу форматына ауыстырылды.Әлемдегі дүрбелең Оңтүстік Африка республикасының Инновациялар және эпидемиямен күрес орталығының ғалымдары 9 қарашада алынған сынамадан вирустың жаңа штамын анықтады. 24 қарашада ел үкіметі бұл туралы ресми түрде хабарлаған еді. Алғашқы анықталған үлгілерді GISAID базасына жүктегенде, ұқсас изолят Оңтүстік Африкадан келген Гонконгтегі науқастан табылған. Қарашаның аяғында көптеген шетел басылымы коронавирустың жаңа штамы анықталғанын жарыса жазды. Ал Еуропада бұл штамды жұқтырған алғашқы адам 11 қараша күні Бельгияда тіркеліпті. Daily Mail басылымы 24 қарашада алғашқылардың бірі болып ақпарат беріп, оның Ботсвана, ОАР мен Гонконгте табылғанын және «дельтадан» да қауіпті екенін хабарлады. 26 қарашада жаңа штам Израиль, Ұлыбритания, Нидерланд, Гонконгта анықталған. Сол күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шұғыл жиын өткізіп, жаңа штамды «омикрон» (о) әрпімен белгіледі. Ұлыбританияның вирусолог мамандары штамның қаупін мутацияға көп ұшырауымен байланыстырды. Вирус 60-тан астам мутацияға ұшыраған, оның 32-сі – S ақуызда. 11 қаңтарда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдағы 6-8 аптада Еуропаның тең жартысы «омикрон» штамын жұқтыруы ықтимал екенін айтып, мәлімдеме жасады. Германияда індетке байланысты қойылған шектеулерге халық наразылық білдірді. Алдымен Дрезден, Карлсруэ бас көтерді. Апта соңында көшеге Гамбургтің 13 мың тұрғыны шықты. Францияда да бейбіт шеру өтті. 17 қаңтар күні италиялықтар да шектеулерді құптамайтындарын білдірді. Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа да Twitter-де елде «омикрон» штамын жұқтырғандар саны өскенін жазды. Түркияда осы айда ауырғандар саны желтоқсанмен салыстырғанда төрт есеге артқан. Оған қоса «омикронның» өзі әрі қарай мутацияланып жатыр. Мәселен, Израильде «омикронның» жаңа түрі анықталды. BA2 деп аталатын штам бірнеше елде бұған дейін де анықталған және «омикронға» қарағанда қосымша мутацияланған. BA2 алғаш рет Қытайда бірнеше апта бұрын анықталған және ол Үндістанда пайда болған деген болжам бар. Ол Дания, Аустралия, Канада және Сингапурде де анықталыпты. Ресейде де жағдай алаңдатарлық. Ел билігі екі аптадан кейін індеттің тағы бір толқыны басталатынын және бұл жолы әлдеқайда күшті болатынын ескертіп, дабыл қақты. Ал АҚШ-та пандемияның бесінші толқыны басталып та кетті. Мұнда күн сайын шамамен миллион адам індет жұқтырып жатыр. Омикронмен пандемия аяқтала ма? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері 6 қаңтарда Женевада өткен брифинг кезінде «омикрон» коронавирустың соңғы штамы болуы екіталай екенін мәлімдеді. Ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, оған себеп – вакциналау қарқыны. Яғни «Альфа», «бета», «дельта», «гамма» және «омикрон» штамдары вакциналау қарқыны өте баяу болғанының салдарынан анықталғанын алға тартады. Сонымен қатар ұйым «дельта» мен «омикрон» салдарынан жағдай ушығуы мүмкін екенін де ескертті. Дегенмен олар «омикрон» штамы өмірге аса қатты қауіп төндірмейді деп мәлімдеді. Бірақ сарапшылар мен мамандар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бұл мәлімдемесімен келісе қоймады. Берлин дегі Сharite клиникасының вирусология бөлімінің басшысы Кристиан Дростен «омикрон» штамы коронавирусты пандемиядан эндемияға «өзгертетініне» сенімді. Эндемия, пандемия сияқты бүкіл әлемде емес, белгілі бір аймақта ғана таралған ауру. Кристиан Дростен жаңа штамның қарқынын бағамдай келе барлығы коронавируспен ауыратынын, ал өмір қалыпты ырғаққа оралатынын айтады, яғни осы арқылы ұжымдық иммунитет табиғи жолмен қалыптасады. Алайда бұл вакцина салдырудан мүлде бас тарту керек дегенді білдірмейді. Себебі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да пандемияның эндемия фазасына ауысу мүмкіндігін жоққа шығармайды, дегенмен ұйым бұл үшін әр ел халқының 80-85 пайызын иммундау қажет деп мәлімдеді. Адамзаттың індетпен текетіресе күн кешіп жатқанына да біраз уақыт болды. Бірінен-бірі түрленіп, бірін-бірі жалғастырған штамдар «эстафетасы» қажытқаны соншалық, мән беруді, сақтануды да доғара бастағандаймыз. Мамандар босаңсуға әлі ерте екенін айтады, сол себепті шектеулер мен ережелерге бағыну қоғам саулығы үшін керек.