Дәнеш Дүнгенбай – қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы

Дәнеш Дүнгенбай – қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы

Дәнеш Дүнгенбай – қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы
ашық дереккөзі
52101
Көпшілік елімізде ережесіз жекпе-жек спортының дамуын Ардақ Назаровпен бай­ла­ныстырады. Тіпті, ара­мызда Ардақты қазақтан шыққан тұң­ғыш жекпе-жек шебері деп жүр­гендер бар. Ал бірақ Ардақтан бұрын алаң­да атой салған Дәнеш Дүн­генбаев еке­нін олар біле бер­мейді. 1996-2005 жыл­дар аралы­ғын­да Қазақстан, Еур­а­зия, әлем чем­пионаттарында қарсылас шақ келтірмеген Дәнеш кезінде «Най­ман» атымен танылған Қуат Ха­митовты, «Қазақ» деп ұран­да­тып жүрген Қайрат Ахметовті жат­тықтырған. Спорттағы ман­­са­бында 82 кездесу өткізіп, 82-сін­де де жауырыны жерге ти­­­­меген «жауын­гер» бүгінде Ал­ма­тыда жеке зал ашып, әуес­қой­лар мен кәсіби спортшылардың ба­бын келтіріп жүр. Газетіміздің осы нө­мірінен басталған «Сіз қай­­да жүрсіз?» ат­ты жаңа ай­дар­да елді танытуда елеулі ең­бегі бар, десе де есімі ұмыт қалған Дә­­неш Дүнгенбаевпен әңгімелес­кенді жөн санадық. – Қазірдің өзінде ата-аналар ба­ла­сының аса қауіпті саналатын ережесіз жек­пе-жекпен айналысқанына қар­сы­лық танытып жатады. Ал сіз топқа түс­кен 90-жылдарда ата-анаңыз сол кез­де беймәлім болған MMA-мен бо­ла­шағыңызды байланыстыруға үзілді-кесілді қарсы болған шығар. Оларды қалай көндірдіңіз? – Бастапқыда анам қарсы болды. Бірақ кейіннен бұл спорттың мен үшін маңызын түсінген соң, райынан қайт­ты. Әкем ертеректе дүние салған. Мен 1975 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауда­нына қарасты Шонжы ауылында дү­ниеге келгенмін. Бірақ әкем өмірден өт­кен соң анам 1982 жылы бізді Тал­дықорған қаласының маңында орналасқан Жетіжал совхозына көшіріп әкелді. Сол ауылда өсіп-өнген, еркін күрестен 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының қола ме­даль иегері Мәулен Мамыров екеуіміз көрші тұрдық. Жалпы, менің спортты жаныма серік етуіме Мәуленнің ти­гізген ықпалы зор. Ол уақытта Мәу­лен­нің талай жарыста алдына жан салмай, жар­қырап жүрген кезі. Осылайша, Мәу­ленге еліктеп, 9 жасымнан бастап еркін күрес­пен айналыса бастадым. Кейін 16 жа­сымда Қазақстан чемпионатында жүл­де­гер­лер қатарына ілініп, спорт шебері атағын ие­лендім. Сосын әскерге шақырылдым, ен­шім­де спорт шебері атағы болғандықтан Алма­тыдағы Армияның орталық спорт клубының арнайы ротасына қабылдандым. Әскерден келген соң, үлкен қалада істейтін жұ­мыс, жататын орын, ішетін тамақ бол­ма­ған­дықтан, қиын-қыстау сәттерді басымнан өт­кердім. Алматыда біраз сандалып, бір жылға жуық жұмыссыз жүрдім. Бірде Абай мен Правда көшесінің қиылысынан өтіп бара жатқанда Балуан Шолақ сарайында «Уни­версальный боец» турнирі өтетіні тура­лы хабарланған афишаны көзім шалды. Сөйтсем, Ресейден келген орыстар UFC-дің ережесіне сай жекпе-жек кештерін өткізуді қолға ала бастапты. Содан соң афишадағы телефон нөмірді жазып алып, орыс тілін біл­мегендіктен ауылдас ағаларыма барып, ұйым­дастырушыларға хабарласып, көмек­тесуін сұрадым. Бірақ олар жекпе-жек ке­шіне 70 келіден жоғары салмақтағы атлеттер ғана қатыса алатынын айтып, менің өтіні­шім­ді қабылдамай қойды. Ал сол кезде менің сал­мағым 62 келі болатын. Десе де олар кө­зімнен бір ұшқынды байқаған болуы ке­рек, кейіннен рұқсатын берді. Осы­лайша 1996 жылы бірінші кез­десуім­де жеңіске жеткен соң, бұл спортқа ықыласым ауғаны сон­ша­лық, 2005 жылға дейін жеңі­ліс көрмей, тек жеңіс тұғы­ры­нан көріндім. Еуразия чем­пио­натын екі мәрте ұттым. Қазақ­стан біріншілігінде 7-8 мәрте жеңім­паз атандым. Кейін Оң­түс­тік Корея астанасы Сеулде өткен әлем чемпионатында 1-орын­ға ие болдым. Сол жа­рыс­­т­ан соң спортты қойып кет­тім. – Қазір бізде ережесіз жек­пе-жекпен айналысып жүрген атлеттердің басым көбі – 30 жас­тан асқандар. Ал сіз керісінше 30 жа­сыңызда спорттан қол үзуді құп көріп­сіз. Не себеп болды? – Негізі, спорттағы жолымды әрі қарай жал­ғастырғым келген, бірақ ол кезде жол сіл­теп, жөн көрсететін, демеуші табатын мық­ты менеджер болмады. Өзіңіз білесіз, біз­дің спортта менеджерсіз жұмыс істеу мүм­кін емес. Негізі, бір жылдай амал-айла­сын табуға тырысып бақтым, бірақ мұным­нан түк шықпаған соң, спортпен біржола қоштасуға тура келді.  width=– Сізді танымайтын көпшілік Ардақ Назаровты қазақтан шыққан тұңғыш ММА чемпионы деп ойлап жүр. Бірақ олар сіздің Ардақтан бұрын өзіңіз ай­тып отырған дүбірлі додаларда ешкімге дес бермей, оқ бойы озық бол­ғаныңыз­ды біле бермейді. – Иә, ол кезде интернет жоқ болды. Оған қо­са, көпшілік ережесіз жекпе-жектің қан­дай спорт түрі екенінен беймәлім болды. Де­се де ережесі жоқ жекпе-жектің қалай өте­тінін білгісі келген көрермен санында шек жоқ болды. Балуан Шолақ сарайында өт­кен жекпе-жек кешімнің барлығында дер­лік ине шаншар орын жоқ болғаны есімде. Бірақ бұл кештер туралы небәрі 1-2 басы­лым­да жаңалық ретінде жазылған болуы ке­рек, былайынша біздің спортты, біз жет­кен жетістіктерді аса ешкім жарнамаламады. Тек азын-аулақ адам «О, Дәнеш әлем чем­пио­ны атаныпты ғой» деп ауызба-ауыз айта­ды да қояды. Бар болғаны осы. Негізі, өзімнен де бар (күліп). Танымал болуға талпынбадым. Сол кезде Қуат, Қайраттар секілді аренаға киініп, билеп шығатындар да болды. Ал мен мұн­дайды құп көрмейтінмін. Тек әлем чем­пионатында басыма тақия киіп, иығыма ша­пан жауып шыққаным бар. Былайынша, «ты­ныш жүріп» төбелесуге тырысатынмын (күліп). Кезінде у-шу жасамағандықтан болар, қазіргі жастар мені көп танымайды. Ал Ардақты сөз етер болсам, ол екеуіміз 2000 жылдан бастап Алматыдағы Абылайхан спорт клубында бірге жаттықтық. Джиу-джи­тсумен айналысып жүрген ол ММА-ге енді бет бұрып жатқан болатын. Екеуіміз бірнеше жарыстарға бірге бардық. Ардақтың сұхбаттарын тыңдаған болсаңыз, ол мен туралы жылы сөз айтып, үнемі қолдап жүре­ді. Көпшілік ММА арқылы Қазақстанды та­нытқан Ардақ деп таныса, еш ренжімеймін. Мені жақсы танитындар «Қазақтан шыққан тұң­ғыш ММА спортшысы» деп айтқан кезде өзім­ді ыңғайсыз сезініп, қипалақтаймын. Көп­­шіліктің көзіне түскенде ұната бер­мей­мін, сондықтан менің кім екенімді айна­лам­дағы аз адам білсе, сол да жетерлік. – Сіз туралы кейін естіп-білген біз – журналистер спорттағы ман­са­быңызда 82 кездесу өткізіп, 82-сінде де жауырыны жерге тимеген, на­мыс­ты қолдан бермеген атлет деп біле­міз. Алайда былтыр жария­лан­ған бір сұхбатыңызда айқас алаңына 82 реттен де аз шық­қа­ныңызды айтасыз. Анығында қа­лай болды? – ММА-мен кәсіби түрде айна­лы­сып жүрген кезде алғашқылар­дың бірі болып қолдау көрсеткен Bushido Qazaqstan ұйымының қа­зіргі президенті Асхат Ерболат Сеул­ге әлем чемпионатына бара­тын кезде анкетаға 82 кездесу өт­­кізді деп жазып жіберген. Не­гізі, арнайы ұйымдастырылған елуге жуық жекпе-жекте жеңіске жет­тім, бірақ ол ресми ұрыс­тар­дан бөлек спарингтер, бейресми кез­десулерде де топ жардым. Бұрын біз күш сынасу үшін ау­қат­ты адамдардың оққағарымен кез­десу өткізетінбіз. Көрерменсіз өте­тін бұл айқастарды жаттығу за­лында немесе далада ұйымдастыратын едік. Сондағы жүлде қоры – 100-200 АҚШ дол­лары. Осындай жекпе-жектердің бар­лы­ғын қоса есептегенде 82-ге жетіп қалады.  width=– Лақап атыңыз «Волевой» бол­ғанын білеміз. 82 жекпе-жекте қарсылас шақ келтір­меуіңіз­ге бапкерлеріңіз айт­қан­дай расымен бойыңыз­дағы мықты ерік-жі­гер мен асқақ рух се­беп болса керек. – Мақтанбаймын, бірақ менде функ­цио­налдық даярлық мық­ты болды. Көп жү­гіретінмін әрі бассейнде көп жүзетінмін. Осылайша, өз-өзімді баптау арқылы кім-кімге болса да қарсы тұруға мықты «им­мунитет» қалыптасты. Қарсылас соққыға жық­са да, тайсалмай, соңына дейін тө­белесетінмін. Дейтұрғанмен қан­ша жерден мықты атлет болсаң да, жүрексініп, «сен тұр, мен атайын» дейтін атлеттермен айқасуға қобал­жисың. Мұндай кездерде баpынша салқынқан­дылық та­нытып, сес көрсетуге тыры­са­тынмын. Айта кетерлік жайт, ол кезде ережесіз жекпе-жектің ережесі мүлде басқа болатын. Бір раунд 30 минутқа жалға­са­ды. Чем­пион болу үшін бір күн­де төрт кездесу өткізетінбіз. Осы­­дан-ақ ойлай беріңіз, бір күн­де жар­ты сағаттан төрт кездесу өт­кізіп, төртеуінде де жауырының жер­ге тимей жеңіп шықсаң, фаворит ре­тінде енді жеңілуге құқың жоқ екенін тү­сінесің. Содан соң ол уақытта тек екі сал­мақта: 75 келіге дейін және 75 келіден жо­­­ғары салмақта төбеле­се­тінбіз. Осы ретте қарсыластарымның ішін­­де ұрып жығу қиын­ға соққан бір кездесуді айтып өтейін. Бірде Ре­сейде ұлты якут Анато­лий Танаев деген мықты­мен төбелесетін болып ке­лістік. Ол кезде якут­тың салмағы 75, ал менікі 62 келі болды. Екеуіміз интернет арқылы 65 ке­ліде айқасамыз деп ке­ліс­кен едік, бірақ мен бар­ған кезде ол салмақ қума­ғанын, 75 келіде төбе­ле­сетінін мәлімдеп, талап­та­рын айтып тұрып ал­ды. Менімен бірге еріп кел­ген аға­ларым «Енді қайт­тік? 13 келі айырма­шы­­лық ауыр болуы мүм­кін. Шықпаймын десең келісеміз. Өзің біл» деп ақылын айтты. Ал мен осы жекпе-жекке тыңғы­лық­ты дайын­далып, со­нау жерден ат арытып келгендіктен бас тартпайтынымды айтып, ақырында әлгі якутты айқын басымдықпен жеңдім.  width=– Сізді Қазақстанға танытқан Alash Pride клубында Қуат Хамитов, Қайрат Ах­метов, Ержан Естанов секілді мық­тыларды жаттықтырдыңыз. Сол кезде сізді жекпе-жектен ұлттық құрамаға бас бапкер етіп тағайындау туралы ұсы­ныстар да айтылғаны есімізде. Бірақ сіз топтан бөлініп, жеке клуб ашқанды жөн санадыңыз. Біреуге бағынышты болғыңыз келмей ме әлде? – Негізі, Alash Pride-қа жұмысқа тұрғанға дейін 2006 жылы Алматы маңында орна­лас­қан Абай ауылында зал ашып, жастарды жаттықтыру ісін қолға алған болатынмын. Бұл залды ашпас едім, бірақ көп жас «Ағай, бір­ге жаттығайықшы! Бізге түрлі амал-ай­лалар жасауды үйретіңізші» деп қолқа салды. Кейін 2011 жылы жоғарыда айтып өткен Асхат Ерболат пен бала күннен бері жақсы та­нитын досым Данияр Қасқарауов екеуі про­моушн ашып, Қазақстанның әр түк­пірін­де мықты саналатын атлеттердің басын қо­сып жатқанын естідім. Сосын олар жалпы саны 25-ке жуық мықтыны, арасында сіз атап өткен Қуат Хамитов, Қайрат Ахметов, Ержан Естанов, Аслан Тоқтарбай және тағы басқа спортшыларды жаттықтыру үшін мені жұмысқа шақырды. Айта кетерлігі, клубқа қосылған жігіттердің ешбірі де осал емес, оған дейін біреуі күреспен, енді біреуі бокспен айналысқан. Дегенмен екі жыл бойы оларға бар білгенімді үйретуге тырыс­тым, оларды бәсі биік талай жарыстарға әзірледім. Қазір олар да Ардақ секілді ау­зынан тастамай, мен туралы ылғи айтып жүреді. Alash Pride-та барлығы жақсы болды, десек те жеке клуб ашуды бұрыннан көздеп жүр­ген соң, олардан бөлініп кеттім. Жуырда Ал­матыдағы Абай мен Правда көшесінің қиы­лысындағы ғимараттан жеке зал аштым. Онда екі топты: кәсіби спортшылар мен әуес­­­­қойларды жаттықтырамын. 22 қаңтар күні шәкіртім Абай Жалал Дубайда әуес­қой­лар арасында өтетін әлем чемпионатына аттанбақ. Онда жеңімпаз атанса, кәсіпқойлар қатарына қосуды көздеп жүрмін. Одан бөлек ірі жарыстарда топ жарып жүрген 5-6 шә­кір­тім бар. Ал кәсібилер арасында күш сынасып жүр­гендерден Бекзат Алмахан, Азат Мақсым­дар промоушн компаниялармен келісімшарт жа­сасқан. Бір-екі жылда UFC алаңына шыға­ды деген үміт бар. Ұлттық құрама туралы сұра­саңыз, онда 2015 жылдан бастап бапкер қыз­метін атқарамын.  width=– Бір сөзіңізде шәкірттеріңіздің ережесіз жекпе-жек шеберлерінің бас лигасы саналатын UFC-де өнер көрсетуін негізгі мақсат санамайтыныңызды айтып қалдыңыз. – Көбісі сіз секілді «сондағы басты мақсат UFC емей, немене?» деп сұрайды. Бірақ мен шәкірттеріме «Сен UFC лигасына «ілінуге» тырыс. Сен үлкен аренада төбелесуің қажет» деп айтпаймын. Біреуді мықты, біреуді әлсіз деп бөле-жармаймын. Елу шәкіртімнің барлығына бірдей қараймын. Мендегі басты ұстаным – мықты спортшы болмасаң да, жақсы адам бол. «Спортшылар бұзақы келеді, кітап оқымайды» деген стереотип олардың «қыр соңынан» қалмай келеді. Соны теріске шығару үшін барымды салып жүрмін. Шәкірттеріме «Көшеде біреуді ұрғың келіп, күшің асып-тасып жатса, аренаға шық та, өнеріңді көрсет» деп үнемі ақыл айтып отырамын. Тек спортпен шектеп қалмай, олардың оқу үлгерімін де қада­ғалаймын. Кезінде оқуға онша көңіл бөл­мегендіктен, көп мүмкіндікті мүлт жіберіп алдым. Ол кезде «Оқы, ізден, әлі де кеш емес» деп айтатын адам табылмады. Өз басымнан өткен соң, шәкірттеріме оқудың маңызын айтып, құлағына құйып отырамын. Ар­а­сын­да жоғары білім алуға жағдайы болмағандар болса, қолымнан келгенше оқуға түсіруге көмектесемін. «Күніне залға келіп, біреуді ұрып жығуды ғана үйренбей, жан-жақты болыңдар, шешен сөйлей біліңдер. Ағылшын тілін үйреніңдер. Ертең шетелге жарысқа барсаңдар қажет болады» деп тағы айтамын. Ондайда Ардақ Назаровты үлгі ретінде кел­тіремін. Кезінде Ардақтың жастанып алып, көп кітап оқығанын көрдім. Ардаққа ұқсаса, жаман болмас. Әлбетте, баптап өсірген шәкіртіңнің UFC-де өнер көрсетуі бір бақыт. Десе де олар адам болу қасиет, азамат болу мін­дет екенін ұмытпауы керек. –Әңгіме соңында ережесіз жекпе-жек спортының елдегі даму қарқыны жайлы бірер сөз айта кетсеңіз. – Кезінде ережесіз жекпе-жекті жанына серік еткендерді біріктіретін жалғыз Alash Pride болса, қазір елімізде бұл спорттан шоу ұйымдастыратын промоушн­дар­дың қарасы көбейді. Әрқайсысының демеушісі, келісімшарт жасасқан спортшысы бар. Көп болғаны жақсы-ақ, сонысымен қызықты әрі тартысты бәсеке болады. Айта кетерлігі, олар есімі әлемге белгілі атлеттеріміздің даңқын асырып жатыр. Ал сол мықтылардың жекпе-жек­ке шығу үшін қомақты қаржы сұрай­тынын да естен шығармаңыз. Мысалы, Арман Оспанов 1 000 АҚШ доллар талап етуі мүмкін. Ал Арманмен төбелесетін мықтыны Бразилиядан я Америкадан шақыру үшін де қыруар қаражат қажет. Сондықтан қазір про­­­моушндардың арасында өзара кім мық­тыны анықтауда қызу бәсеке жүріп жатыр. Бұл – құптарлық нәрсе. Бірақ мұның кемшін тұ­сы да бар. Сол промоушндардың басын бірік­тіретін бір федерация ашылса деген тілек бар. Олар тым көп. Ұлттық құрама са­пын­да өнер көр­сететін боксшылар мен балуан­дар секілді жекпе-жек шеберлері нө­мірі бірінші, екінші және үшінші спортшы болып бөлініп, жалақы алып тұрса игі. Фе­дерациялардың әр аймақта штабтары жұмыс істейді. Ондағылар ауыл-аймақтағы спорт­шы­ларға көп көңіл бөледі. Біздің спортқа да осы­лай назар салса дейсің.

Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары