«Құдайдан қорқыңдар!»: «Терроризм» бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайды (ВИДЕО)

«Құдайдан қорқыңдар!»: «Терроризм» бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайды (ВИДЕО)

«Құдайдан қорқыңдар!»: «Терроризм» бабымен ұсталғандардың туыстары араша сұрайды (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
50265
Шымкентте қаңтар оқиғасына байланысты ұсталып, қылмыстық іспен екі айға қамалғандардың ата-аналары бірнеше күннен бері Әл-Фараби аудандық прокуратурасы мен ИЧ-167/11 тергеу изоляторы алдында жиналып, Қазақстан халқы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап жүр. Олар тергеудің әділ болатынына сенбей, тіркелген әрбір қылмыстық істі қайта қарауды талап етеді, деп хабарлады turkystan.kz Азаттық радиосына сілтеме жасап. Шағымын айтқан 4 ата-ана қазір тергеліп, қамауда жатқан балалары әртүрлі жағдайда ұсталғанымен, құқық қорғау органдары олардың бәріне бірдей 6 айып тағып отырғанын айтады. Атап айтқанда, қамаудағылар Қылмыстық кодекстің «Терроризм актісі» (255-бап), «Билік өкіліне күш қолдану» (380-бап), «Бөтеннің мүлкін қасақана жою» (202-бап), «Бұзақылық» (293-бап), «Қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру» (287-бап) және «Ұрлық» (188-бап) бойынша күдікке ілінген. «БЕЙБІТ ШЕРУГЕ ҚАТЫСҚАНЫ ҮШІН «ТЕРРОРИСТ» ДЕП АЙЫПТАДЫ»
«Сәулет 19 жаста, студент. Жанар-жағармай бекетінде сатушы болып жұмыс істеді. 4 қаңтарда сағат 20:00 шамасында үйден шыққан. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, үлкен ұлым хабарласты. Сәулет наразылық болып жатқан алаңда жүр деді. Естіген бойда хабарластым. Шамамен түн ортасында қала әкімдігі алдындағы субұрқақтан тауып, үйге алып кеттім. Ол кезде қала әкімдігінің алды тыныш еді. Бүлік шықпаған болатын. Одан кейін ешқайда шыққан жоқ. 12 қаңтарда кешқұрым сүт әкелуге жұмсадым. Көшеде жолдас баласы кездесіп, үш жігіт көлік жууға кетіпті. Қайтар уақытта жолда әскерилер тоқтатқан. Мұндайды көрмеген үшеуі қорқып, қаша жөнеліпті. Жаңаталап ауылына кіре бергенде Жол полициясы ұстаған. Жанындағы екі баланы туыстары алып қалған. Баламды іздеуі жоқ адамдай полиция алып кеткен. Түн ортасында (ол кезде комендант сағаты басталған) Сәулет хабарласып, «жеке куәлігімді Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына алып келіңізші» деді. Жүрегім ұшып кетті. Жауын жауып тұр еді. Шымкенттің шетіндегі Жаңаталап ауылынан жол-жөнекей көлік ұстадым, ол Коммунизм ықшамауданына дейін жеткізіп тастады. Сол жерден Хамза ықшамауданына дейін 8 шақырымдай жаяу жүріп, ентігіп жылап бардым, аяғымды басуға шамам келмей қалды. Бір кезде көшеде көліктің жарығын көріп, алдынан көлденең тұра қалдым. Жүргізушіге «балама жеткізші» деп жалындым. Сол көлікпен түнгі екінің шамасында қала орталығында Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына келдім. Сәулетпен дәлізде бір-екі ауыз ғана тіл қатысып үлгердім. Маған айтқаны: үш адам тергеп отыр екен. Адвокат жоқ. Телефонын тартып алған. Телефоннан 4 қаңтарда бейбіт шеруде түсірген видеосы шыққан. Құрдастарының ортақ чатында «Маңғыстау, Атырау митингіге шығып жатыр. Біз де шығайық. Біз де халықпыз» деген сөздері бар. Тергеушілер маған «балаңыз митингіге барған, қатысқан» деді. «Бүлікке дейін баламды алып кеттім» дегеніме сенбеді. Ұлымды 11 сағат ұстады да, ертеңіне түске жақын прокуратураға апарды. Абай аудандық прокуратурасында жеті сағаттай тергеді. Онда баламның жеке бас деректерін, қайда болғанын сұрады. Болды. Бірақ тергеуші компьютерден басын алмай жазды. Түнде баламды сот-медициналық сараптамаға әкетті. 15 қаңтарда қалалық мамандандырылған тергеу соты Сәулетті екі айға қамауға санкция берген. Бұл сотқа да, апелляция сотына да ешбірімізді кіргізбеді. 25 қаңтарда кешке балама қандай айып тағылғанын қаулыдан оқып білдім. Қорғаушы түрмеге кіріп, баламмен жолығып шықты. «Мамам уайымдамасын, бәрі жақсы» депті. Қалай уайымдамайсың, мектепті жаңа бітірген баламды бейбіт шеруде болғаны үшін «террорист» деп түрмеге жауып тастаса»,- дейді күдікті Сәулет Мәуештің анасы Айгүл Тілеубергенова.
«ТУҒАН КҮНІН ТҮРМЕДЕ ҚАРСЫ АЛДЫ»
«Қаңтардың 4-і мен 5-інде Дәурен Шымкентте болған наразылыққа қатысқан. Ол жеті баламның екіншісі. Отбасымызбен бірге Түркістан облысындағы Келінтөбе ауылында қой бағып жүрдік. Дәурен Жаңа жылды достарымен қарсы алуға Шымкентке кеткен. Қайтар жолға ақшасы болмай қалада қалып қойды. 5 қаңтар түнде 20:00 шамасында хабарластым. Алаңда екен. «Қайт» дедім. «Мақұл» деді. Сол кезде соққыға жығылған полицей мен аяғына оқ тиіп құлаған адамға көмек берген. Сөйтіп жүргенде өзінің де қолына оқ тиіп, құлаған. Жан-жағындағы адамдардан көмек сұрап, көлікпен сағат 21:00 шамасында №2 қалалық клиникалық ауруханаға жеткен. Дәрігерлер ота жасаған. «Мақұл» деген соң үш сағаттай телефоны сөніп тұрды. Түн ауа өзі хабарласып, ауруханаға түскенін айтты. Өзіміз қой басындамыз. Қаладағы көршіме өтініш жасап, сол кісі ауруханадан үйге алып келді. Үйге түнгі сағат бірлер шамасында келгені бейнебақылау камерасына түскен. Балам көп өтпей бірге барып, бірін-бірі таппай қалған жолдас баласының оқ тиіп қайтыс болғанын естіді. 9 қаңтарда полиция Дәуренді үйден күштеп әкетті. Сәуледегі түрмеге (ИЧ 167/11 түзеу мекемесі) жатқызды. Ауылда қой бағып жүрген баламды «террорист» дейді. Әйтпесе 11 қаңтарда полиция баламды «Ғимараттарға, құрылыстарға, қатынас және байланыс құралдарына шабуыл жасау немесе оларды басып алу» (269-бап) бабымен күдікке ілінді деп көрсеткен. Арадан төрт күн өткенде оған тағы төрт бап қосылды. 23 қаңтарда балам 20 жасқа толды, туған күнін түрмеде қарсы алды. Уайымнан, баласын күтуден құса болып күйеуім ауырып құлады. Менің тұрысым мынау. Әр есікті бір қағып, жазықсыз балама араша сұрап жүрмін. Түрмеде баламмен кездескен сайын «мама, шығарып алшы» деп жылайды. Не істеймін? Қайда барамын? Баламды құтқарыңыздаршы», - дейді күдікті Дәурен Сапарбайдың анасы Ботакөз Шерубаева.
«ЕКІ БАЛАМДЫ ҚАМАП ТАСТАДЫ»
«Бір емес, екі балам қамауда жатыр. Үлкен ұлым Жеңіс – 25 жаста. Үйлі-баранды, такси жүргізушісі болып істейді. 21 жастағы кіші ұлым Жеткерген – студент. Үлкен ұлым митинг өткен Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы көпқабатты үйде тұрады. 4 қаңтарда митинг басталғанда інісі Жеткергенмен бірге Түркістан облысы Шұбарсу ауылынан келген жолдас баласын үйіне алып баруға көлігімен жолға шыққан. Көшеде топтасып келе жатқан наразыларды көріп, кері айналып бұрылған кезде көлігі «сергек камерасына» түсіп қалады. Бірақ көтерілісте болмаған. Шеруге қатыспаған. Тас лақтырмаған, Үкіметтің затына тиіспеген. 7 қаңтарда видеодағы таспадан көлігін көріп, анықтап, үйдің алдындағы жанар-жағармай бекетінен екі баламды полиция ұстап әкеткен. Екеуіне алты баппен айып тағып отыр. Жеткергеннің ұялы телефонында митингіге байланысты фото, видео жоқ. Үлкен ұлымның телефонында үйінен тұрып митингіні түсірген видео табылған. Карантиннен кейін балаларыммен кездестім. Үлкен ұлым «қалың адамды көргенде көлігімді басып кететіндей көрінді, бұрылып, келген ізіммен кері қайттым» дейді. Айыбы – осы. Кіші баламның айыбы – сол көліктің ішінде болғаны. Ол өзін түрмеге не үшін қамағанын білмейді. Аң-таң күйде отыр. Егер митингіге шығып, тас лақтырып, әкімдікті өртесе түсінер едім. Көлігі «сергекке» түсіп қалғаны үшін қамағаны жанымызға батып тұр. Не дерімді білмеймін. Балаларымның кінәсіз екені анықталып, әділ тергеу өтсе, босатса деймін» дейді күдікті ағайынды Жеңіс пен Жеткерген Жақсылықтың әкесі Шарапат Шариев.
29 қаңтарда Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналғандармен арнайы прокуратура басқармасының өкілі Нұрлан Көлбаев кездесті. Ол қаңтар оқиғасына байланысты қамалғандардың «қылмысын дәлелдейтін айғақтар» болмаса, ісін қайта қарауға уәде етті.
«Алда кім де-кімнің жасаған іс-әрекеті жеңілдеу, я кінәлі деп тануға дәлелдеме аз немесе мүлде болмаса, бұл іске баға беріліп, күдіктінің қылмысын жеңілдету не оны шығару мәселесі қаралады», деді ол.
Шымкентте қаңтар оқиғасынан кейін күдікті ретінде екі айға қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Әл-Фараби аудандық прокуратурасы алдына жиналған адамдар. 28 қаңтар 2022 жыл. Көлбаев прокуратураға «полицейлер ақша сұрады, ұрып-соқты» деген арыздар түскенін растады. Мысалы, ұрып-соғып айыбын «мойындату» туралы оншақты адам арызданған. Содан кейін 12 қаңтарда істі тергеу полициядан арнайы прокуратура басқармасына берілген. Арнайы Прокуратура басқармасы өкілі Көлбаев терроризм қылмысы жайлы да мынадай түсініктеме берді: «Терроризм дегеніміз не? Шымкентте қаншама полицейді ұрып-соғып, кейбірінің қаруын тартып алған. Әкімшілікке кіріп талқандаған, көліктерді өртеген. Бұл – терроризм, аса ауыр қылмыс. Егер қылмыс жасамаса, митингіге барса, видео түсірсе, оны шығару немесе «рұқсат етілмеген митингіге шыққаны» ескеріліп, іс қайта сараланады. Нұрлан Көлбаев күдікті ретінде екі айға қамауға алынып, тергеуде отырғандардың кінәсі дәлелденбеген жағдайда олар абақтыдан босатылады деді. 13 қаңтарда Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі қаңтар оқиғасы кезінде полицияға 3,5 мыңнан астам адам жеткізілгенін хабарлаған. Олардың 271-і әкімшілік қамауға алынған. 77 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, олардың 75-і Сәуле ықшамауданындағы ИЧ167/11 тергеу изоляторына екі айға қамалды. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, қаңтар дүрбелеңі кезінде Шымкентте 120-дан аса адам жараланған.

Серіктес жаңалықтары