50629
Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың хаты жарияланды
Қытай түрмесінде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың хаты жарияланды
Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғаушысы Сұңқар Нұрмағанбет оның анасына жазған хатын жариялады, - деп хабарлады turkystan.kz.
Қорғаушысының айтуынша, Ақжарқынның сауда жасауға, тұрақты түрде отбасына қоңырау шалып тұруға, сонымен қатар хат алып, хатқа жауап беруге мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Аяулы анашым. Отбасыммен бірге болуды қаншалықты армандайтынымды білсеңіз ғой. Балалық шағымды, сіздерді қатты сағындым. Білесіз бе, біздің жүрегіміз бір-бірімен тығыз байланысты. Біз әлі де жақынбыз. Мен отбасымыздың әрбір мүшесін сағындым және жақсы көремін. Сізден тағы да хаттар мен фотолар күтемін. Сүйіспеншілікпен, қызыңыз Ақжарқын» делінген 2021 жылдың 15 желтоқсанындағы хат мәтінінде.Қорғаушы Ақжарқын елге қашан оралады деген сауалға да жауап беруге тырысты.
«Қазақстанның сотталған азаматтарын беру 2015 жылы Бейжіңде қол қойылған екіжақты келісіммен реттеледі. Мұндай келісім барлық елде жоқ. Бұл - факт», - дейді ол.Процедура келесі қадамдардан тұрады: өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығынан айыруға қайта қарау туралы шешім; ҚР Бас прокуратурасына сотталған азаматтарды қайтару туралы өтінішхат жолдау; ҚР Бас прокуратурасының және Сыртқы істер министрлігінің Қытай тарапымен сотталған азаматтарды қайтаруды жүзеге асыру бойынша өзара іс-қимылы.
«Өте маңызды сәт - жаза биыл қайта қаралуы мүмкін. Осыған күш салудамыз. Ең алдымен, бізге қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтамын», - дейді қорғаушысы.