12670
Қор қордаланған мәселені шешуге сеп бола ма?
Қор қордаланған мәселені шешуге сеп бола ма?
«Қазақстан халқына» қоғамдық-әлеуметтік қоры құрылғанына бір ай толды. Қордың ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, бір ай ішінде қорға 117,8 миллиард теңгеден астам қаражат түскен, 70 мыңнан астам демеуші ақша аударған. Қазір көмек алуға өтініш қабылдау, түскен қаражатты жұмсау басталып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 11 қаңтардағы тапсырмасы аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Қордың төрағасы қызметіне белгілі қаржыгер Болат Жәмішев тағайындалған болатын.
Жұмысы басталып, шоттары ашылғаннан-ақ ірі кәсіпкерлер мен қалталылар қорға қаражат құя бастады. Міндетті жарна жоқ екені, әркім қалағанын аударатыны бұдан бұрын да бірнеше рет айтылған еді. Енді алда қор қалай толықтырылмақ? Көмекті кімдер ала алады?
Жарна міндеттеле ме?
28 қаңтарда «Nur Otan» партиясының XXI кезектен тыс съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасады.
– Олигополияның бір бөлігі және тіпті оның бейнесі болып кеткен бизнестегі кейбір танымал адамдар Мемлекет басшысы бастаған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайды. Бұл ашкөздік, нигилизм, әдепсіздік немесе немқұрайдылық па? Қалай болғанда да, мемлекет бұл сұраққа толық жауап алу үшін барлық өкілеттіктерге ие, – деді Президент.
Қазірдің өзінде қорға ақша аударуға ниеті жоқтар барын есепке алсақ, бас-аяғы 1-2 жылдың ішінде қордың жұмысы тұралап қалмай ма деген мәселе де ойландырады.
Осыған байланысты Президент ірі бизнес тарапынан қайырымдылық процесін реттейтін арнайы Жарлық шығаруды жоспарлап отырғанын, сонымен қатар ірі компаниялар «Қазақстан халқына» салық салынатын табыстың белгілі бір пайызын енгізетінін айтты.
Соған қарағанда, алдағы уақытта ірі компанияларға табысының белгілі бір бөлігін жыл сайын қорға аударту мәселесі қолға алынуы мүмкін.
Қор төрағасы Болат Жәмішев орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында қорға лотерея қызметі операторларынан қаражат түсетінін де айтқан еді.
– Қорға түскен қаражат көлемін тұрақты түрде халыққа жария етіп тұрамыз. Оның ішінде бизнес өкілдерімен қатар ірі компаниялар да бар. Бұған дейін 2 рет қорға қандай көлемде ақша түсіп жатқаны туралы ақпарат берген болатынбыз. Қайырымдылықтан бөлек, қорға лотерея қызметі операторларынан қаражат түседі. Сол сияқты Үкіметпен анықталған ұтыс тігу орталықтары мен басқа да табыс көзінен қаражат аударылады. Бұл жұмысты енді қолға аламыз, – деді Б.Жәмішев. Төрағаның айтуынша, жеке тұлғалар қор қызметінің жандануына ерікті түрде қол ұшын созып жатыр.
– Біз біреуді қинап, еркінен тыс ақша аударуға мәжбүрлеуге қарсымыз. Қайырымдылық – адамның өз қалауымен жасалатын шара. Мемлекеттік орган қызметкерлерінің қорға ақша жинап беруіне қатысты шағымды естіп жатырмын. Әрине, біз де қарсымыз. Егер азамат өзі солай шешіп, жақсылық жасау ниетімен аударса, онда іс басқа, – дейді ол.
Бұған дейін қор басшысы түсіп жатқан қаржының алдымен қайда жұмсалатынын айтқан еді. Сайттағы мәліметте қорға ең көп қаражат аударған заңды тұлға Eurasian Resources Group (30 миллиард теңге) болса, ең көп қаражат аударған жеке тұлға Болат Өтемұратов екені көрсетілген.
13 мыңнан астам өтініш түскен
Қордың qazaqstanhalqyna.kz сайты іске қосылғаннан бері 13 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Қор шұғыл әрекет етуді талап ететін мәселелер бойынша сараптамалық комитеттер жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Өтініштердің ішінде үй, көлік сатып алуға, несиесін жауып беруге, отбасылық іс-шаралар мен мерекелік шаралардың қаражатын өтеуге яғни той жасап беруге көмек көрсету туралы өтініштер түсіп жатқан көрінеді. Еске салайық, қордың қамқоршылық кеңесі қордың міндеттерін көрсететін тұжырымдаманы бекітті. Оған сәйкес, «қордың қызметі сәбилерге медициналық қызмет көрсетуді дамытуға және оның қолжетімділігін арттыруға жәрдемдесуге, спорт және білім беру инфрақұрылымы, сондай-ақ балаларға арналған басқа да әлеуметтік маңызы бар қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға» бағытталған. Сондай-ақ «қор мүгедек, науқас немесе әлеуметтік бейімделу проблемалары бар баланы асырап алған, қорғаншылық немесе патронаттық тәрбиені ұйымдастырған отбасыларға көмек көрсетумен және аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету үшін мектептермен өзара іс-қимыл жасаумен айналысады».
Сонымен қатар, қор еліміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін қорғау немесе адамдардың өмірін сақтап қалу және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету кезінде қайтыс болған немесе ауыр жарақат алған құқық қорғау органдары, арнайы органдар, ҰҚК қызметкерлерінің отбасына, әскери қызметкерлерге, төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамдарға қолдау көрсетуді де міндетіне алмақ.
– Бұл қызмет бағыттарын қамқоршылық кеңес бекітті, ал басқа салалар қор қызметіндегі басым бағыттарға жатпайды. Сондай-ақ біз азаматтардың қаржылық проблемалары болуы мүмкін екенін түсінеміз. Алайда бұл мәселелердің барлығын қор шеше алмайды. Сондықтан тұжырымдамада көрсетілген қызмет бағыттарын мұқият оқып шығуыңызды сұраймыз – дейді «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әлібек Әбділов.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев те қордағы қаражат барлық проблемаларды шеше алмайтынын айтқан еді. Сондықтан ол негізгі басымдықтарды анықтау керек екенін мәлімдеген еді.
– Қамқорлық кеңесінде біз қордың стратегиясын талқыладық. Бұл кеңес ешқандай жалақы алмайды. Олар қоғамдық қызмет ретінде міндеттерді орындайды. Жұмыс тобы барысында бұл мәселелерді талқыладық. Серіктестерді де дұрыс таңдау мәселесі көтерілді, – деді Болат Жәмішев.
Дегенмен қордың қамқорлық кеңесі тегін жұмыс істеп жатқанымен, атқару кеңесінің мүшелеріне жалақы төленетіні белгілі болды. Бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланды. Халық жалақы мөлшері тым көп екенін айтып наразылық білдірді.
587 мың теңгені кімдер алады?
Болат Жәмішев қамқоршылық кеңестің мүшелері қорда тегін жұмыс істейтінін мәлімдеді. Қор басқармасының құрамында төраға Болат Жәмішевтің өзі және екі басқарма мүшесі София Айсағалиева мен Ләззат Шыңғысбаева бар. Қор сайтындағы мәліметте олар қордың операциялық қызметіне қатысатын және оларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жобалармен тікелей жұмысқа тартылған сарапшылар деп көрсетілген.
Төрағаның сөзінше, 24 адамнан тұратын атқару кеңесінің мүшелері орта есеппен 587 мың теңге жалақы алады. Алайда қызметкерлер қолына алатын нақты сома бұдан біршама аз екені, өйткені аталған жалақы мөлшерінен міндетті алымдар мен салық шегерілетіні, Жалақы төленетін қаражат банк депозиттерінің сыйақылары есебінен қарастырылып жатқаны айтылды.
587 мың теңгені тым жоғары жалақы деп санайтындарға төрағаның өз айтары да бар.
– Алайда бұл елдегі орталық мемлекеттік органдардағы әкімшілік қызметкерлердің еңбекақысымен бірдей. Біз бүкіл министрлікке қарама-қарсы жолдың бетінде отырмыз. Сондықтан әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердікімен тең болатын жалақы ұсынбасақ, ешкім бізге жұмысқа келмейді. Сондай-ақ мемлекеттік органдарда сыйақы қарастырылса, біз бюджетке сыйақы енгізген жоқпыз, – деді ол.
Бұған дейін донорлардан (яғни демеушілерден) алынған барлық қаражат қордың жобалары мен даму бағдарламаларын мақсатты қаржыландыруға жіберілетіні, ал қордың әкімшілік және ұйымдастырушылық шығыстары ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктердің депозиттеріне немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына уақытша орналастырудан түсетін инвестициялық кіріс есебінен өтелетіні де айтылған еді.
Сонымен қатар Жәмішев қор қаражатты барынша үнемдеуге тырысатынын мәлімдеді. Мәселен, түрлі компаниялар кеңсе, компьютерлер, автокөлік, электронды құжат айналымына арналған портал мен жүйені тегін ұсынған.
Алаяқтардан сақ болыңыз
«Қазақстан халқына» қорының бірыңғай платоформасы арқылы алаяқтық әрекеттердің көбейгенін алға тартқан қор өкілдері халықты сақ болуға шақырды.
Қордың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, алаяқтар қазақстандықтар атынан несие рәсімдеуге тырысып жатыр. Бір күннің ішінде 186 шағым түскен.
– Мәселен, Шымкент тұрғыны атаmekenim.kz сайтында көмекке өтініш беріп, барлық мәліметтерді толтырғаннан кейін экранда несиеге өтініштің сәтті өңделгені туралы ақпарат шыққан. Содан кейін оған одан әрі ақшалай несие рәсімдеу туралы ұсыныспен бейне қоңырау түсті. Дәл осындай оқиға Өскемен қаласында болды. Онда қала тұрғынына электронды үкіметтің жалған порталы атынан SMS хабарлама жіберіліп, одан кейін ақшалай көмек түрінде 1 166 000 теңге алу үшін жолданған SMS кодын атауды сұраған алаяқ телефон соққан – дейді Әбділов.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры атынан телефон соққан алаяқтар 42 500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақы береміз деп, халықты алдаған.
– Қор мессенджерлер арқылы бейне немесе аудио қоңырау шалмайды. Жалғыз байланыс құралы – qazaqstanhalqyna.kz сайты және atamekenim.kz қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай платформасы. Біз азаматтарды қауесетке сенбеуді және алаяқ ұйымдардың арандатуына ермеуді сұраймыз. Тек ресми ақпаратқа сеніңіз, – деді қордың ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Президент тапсырмасынан кейін-ақ бұл қордың тағдырына алаңдағандар көп болды. Бұдан бұрын бюджеттен тыс ашылған кей қорлардың ақша сауудың таптырмас құралына айналғаны жасырын емес. Әу баста халық байлығының арқасында байығандарға «рақмет» айтуға мүмкіндік ретінде ашылған қордың жұмысы қаншалықты нәтижелі болады, оны уақыт көрсетеді.