Олимпиада айшықтары

Олимпиада айшықтары

Олимпиада айшықтары
ашық дереккөзі
50289
Спорт тарихында әрі жазғы, әрі қысқы Олимпиадада бақ сынаған спортшылар жетерлік. Дегенмен екі түрлі спортты жанына серік еткен спортшылардың арасында жеңіс тұғырына көтерілгендер некен-саяқ. Ал екеуінде де чемпион атанған біреу-ақ. Америкалық атлет Эдди Иган 1920 жылы Атнверпенде өткен жазғы Олимпиадада бокстан алтын медаль алса, ал 1932 жылы Лейк-Плэсидте өткен қысқы Олимпиадада бобслейшілер арасында чемпион атанды. Эддидің бұл жетістігін қай­талағысы келетін­дер­дің қатарында кішкене күнінен скейтборд пен сноубордты қатар алып жүрген жапондық Хирано Аюму бар. Хирано алты ай бұ­рын отаны Жапонияда өткен жаз­ғы Олимпиадада ойын бағ­дар­ламасына бірінші рет кірік­тіріл­ген скейтбординг сайысына қа­тысқан болатын. Ал алты күн бұ­рын ол Бейжіңде өтіп жатқан қыс­­қы Олимпиадада сноу­борд­шы­­лар арасындағы сында оза шауып, алтын жүлде иеленді. Осы­­лайша, ол аталған спорт бойын­ша Азиядан шыққан тұң­ғыш Олимпиада чемпионы атан­­­­­ды. 15 жасында 2014 жылы Со­чиде өткен қысқы Олим­пиа­дада күміс жүлде, 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олим­пиадада да күміс медаль алған ол бір жыл бұрын берген бір сұх­ба­тында алтын алмайынша көңілі тыншымайтынын айтқан еді. Бір қызығы, Хираноның туған інісі Кайсу да Бейжің Олимпиа­да­сын­да Жапония намысын қорғап, тартысқа толы өткен сноубор­динг сайысында ағасымен бәсе­ке­лесті. Бейжің Олимпиадасында бір-бірімен бәсекелесіп, өзара кім мықтыны анықтап жүр­ген бауырлар Хирано мен Кай­су ғана емес. Кейінгі он жыл­да биатлоннан Норвегия на­мы­сын қорғап жүрген Йоханнес Бё Бейжіңде спринт сайысында чем­пион атанса, оның туған аға­сы Тарьей қола жүлдені еншіледі. Осы­лайша олар Олимпиада тари­хында бір сайыста жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш ағайындылар атанды. Одан бөлек, ағайынды Бё Бейжіңде әйел­дер мен ерлер сайысатын ара­лас эстафетада Норвегия қор­жынына алтын жүлде салса, екі күннен соң ерлер арасындағы эста­фетада екінші алтын жүл­де­ні жеңіп алды. Содан соң Йохан­нес 20 шақырымға жүгіру сайы­сында қола жүлдені қанжы­ға­ласа, Тарьей 12,5 шақырымға із кесу сайысында күміс жүлдені қа­нағат тұтты. Бейжіңде Олимпиададағы «тұң­ғыштар» сериясына енген ағайынды Бёлар ғана емес. Австриялық тау шаңғышысы Йо­ханнес Штрольц Бейжің Олим­­­пиадасында комбинация жарысында алтын медаль иелен­ді. Бір қызығы, оның әкесі Ху­берт Штрольц 1988 жылы Кал­гариде өткен қысқы Олимпиада ойындарында дәл осы сайыста оқ бойы озып, алтын медаль ал­ған болатын. Осылайша, Олим­пиа­да тарихында тұңғыш рет әке­сі мен баласы бір жарыста чем­пион атанды. Бұл күндері спортсүйер қауым туыс спортшы­лар­дың жоғары кәсібилігіне сүй­сі­ніп қана қоймай, америкалық фристайлшы Колби Стивенсон­ның ерлігіне де тәнті болды. Кол­би алты жыл бұрын жергілік­ті жарыста аяғы сынған досын басқа штатқа апару үшін жолға шы­ғып, ақыр соңында 12 сағатқа жалғасқан ұзақ жолда қалғып ке­тіп, апатқа ұшыраған ол 13 күн комада, 5 ай бойы депрессия­да болды. Бас сүйегі 30 жер­ден сынған Колби кәсіби спорт­қа енді қайтып оралмайтындай болып көрініп еді. Ал бес күн бұ­рын Бейжіңдегі қысқы Олим­пиа­дада өлім аузынан аман қал­ған Колби күміс жүлдегер атан­ды. Осы ретте Колбиден бөлек, көп­шілікті таңғалдырған швей­цариялық тау шаңғышысы Вен­ди Холденерді де атап өтпеу мүм­кін емес. 2018 жылы Пхёнч­хан­да өткен қысқы Олимпиада ойындарында тау шаңғысы спор­­тының үш түрінен алтын, кү­­міс және қола жүлде алған ол бір жыл бұрын жаттығу кезінде екі қолын сындырып, өз бабын жоғалтып алған еді. Ал өткен ап­тада Бейжің Олимпиадасында сла­лом сайысында бақ сынасып, ақы­рында қола жүлдені місе тұт­ты. Олимпиададағы «тұң­ғыш­тар» сериясына енген ат­леттер туралы жалғастырсақ. Жуыр­да 29 жастағы Эрин Джек­сон (Америка Құрама Штаттары) ал­ты жыл бұрын ғана ролигін ко­нькиге айырбастап, мұз ай­дын­ға «тәй-тәйлеп» шыққан сә­тін әлеуметтік желідегі парақ­ша­сына жүктеген еді. Ал төрт күн бұрын ол Бейжіңде 500 метрге конькимен жүгіруде алдына жан салмай, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Сөйтті де осы спорттан Америка тарихында Олим­пиа­даның алтын жүлдесін иеленген тұң­ғыш қара нәсілді атлет атан­ды. 23 жасында бейтаныс спорт әле­міне «бас сұғып», бәрін нөл­ден бастаған Эриннің бұл жетіс­ті­гі «Енді бәрі тым кеш» деп қо­лын бір сілтеп, сүйікті ісімен ай­налысуды қойып кеткен көп­ші­лікті рухтандыратыны сөзсіз. Әзірше Бейжіңде еш­қан­дай жүлде алмаса да, көп­шілікті жүрек тебірентерлік хи­каясымен таңғалдырған 17 жас­тағы Уильям Флаэрти туралы әлем­дік БАҚ жарыса жазып жа­тыр. Америкада туған, кейіннен ата-анасының жұмыс бабымен Пуэрто-Рикоға көшіп келген Уильямға дәрігерлер 3 жасында ге­­мофагоцитарлық лимфо­гис­тио­цитоз ауру диагнозын қойып, аман қалуы екіталай екенін айт­қ­ан. Жілік майын трансп­лан­тациялаудан басқа амалы қал­ма­ғанын ата-анасына түсіндірген дәрігерлер Уильямнің 7 жастағы ағасы Чарльздің анализі 100 пайыз сәйкес келетінін, тиісінше оның інісіне донор бола алаты­нын айтқан. Үш сағатқа жалғас­қан отаның салдары Чарльзға әсер етпесе де, Уильям біраз қи­нал­ғанын айтады. «Қалпыма келу үшін ұзақ уақыт кетірдім. Хи­миотерапияның салдары да ауыр тиді. Жаңылыспасам, дәрі­герлер 22 тісімді жұлуға мәжбүр бол­ды» дейді ол шетелдік телеар­наға берген сұхбатында. Денсау­лы­ғын шыңдау үшін жастайынан спортқа баулыған әкесінің қол­дауы­мен Чарльз кәсіби спортқа ара­ласып, нәтижесінде 2018 жыл­ғы Пхёнчханда өткен қыс­қы Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, тіпті ашылу салтанатында Пуэрто-Рико туын көтеріп шығады. Осылайша, ол тропикалық климатымен әлемді тамсантқан Пуэрто-Рико атынан Ақ Олимпиадаға қатысқан тұң­ғыш спортшы атанды. Ал аға­сы­ның ізін басқан Уильям 2018 жы­лы қайтыс болған әкесіне бер­ген уәдесін орындау үшін ты­ры­сып-тырмысып, нәтижесінде Олимпиада жолдамасын қал­та­сына басып, араға төрт жыл өт­кен соң Бейжің Олимпиа­да­сы­ның ашылу салтанатында ағасы секілді Пуэрто-Рико туын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Уи­льям кәсіби спортпен айналысса да, денсаулығы әлі сыр беретінін айтады. 17 жаста болса да Бейжің Олимпиадасынан кейін кәсіби спортпен қош айтысатынын мәлімдеген ол 2-3 айдан соң ая­ғына ота жасалу керегін, ондағы сүйектің бір бөлігін алып жақ сүйегіне жалғайтынын айтады. Баласының кішкене күнінен бас­тап химиотерапиядан көз аш­пағанына налыған анасы Энн «Біздің өміріміз трагедиялық сәттерден құралған мозайка іс­петті, десе де оның ішінде мақ­та­ныш пен үмітке орын бар», – дейді. Осы Олимпиадада бүкіл әлем көз тігіп, құлақ тү­ріп отырған басты мәселе бар: қар­­­сылас шақ келтірмей, қатыс­қан барлық сайысында жеңіске же­тіп жүрген 15 жастағы ресей­лік мәнерлеп сырғанаушы Олим­­пиаданың төртінші күні до­пинг дауына қалды. Олимпиа­даның алғашқы күні командалар сайысында Ресей құрамасын алға сүйреп, алтын медаль алуы­на септігін тигізген Камила­ның сынамасынан келесі күні тек­серіс кезінде спортшыға тыйым са­лынған триметазидин препа­рат табылғаны белгілі болды. Осылайша, Ресей құрамасы ко­мандалық сында жеңіп алған алтын жүлдесінен айырылу, ал Камиланың жарыстан шет­те­тіліп, Ресейге қайтарылу ықти­мал­дығы жоғары еді. Бастапқыда Халықаралық Олимпиада ко­митеті үнемі допингпен ұста­ла­тын ресейліктердің бұл қателікті қашан, неліктен жібергенін майшаммен қарап, Камиланы тіпті жаттығуға қатыстырмай қойған еді. Алайда қыздар ара­сында жекелей сайыс бас­тала­тын бір күн бұрын 7 сағатқа жал­ғасқан жиналыста жауапты ор­гандар Камилаға жарысты жал­ғастыруға рұқсат берді. Де­ген­мен тергеу-тексеру жұмыс­тары аяқталмайынша Камила­ның қатысуымен өткен коман­далық сайыста алтын жүлде ие­ленген Ресей құрамасына алтын медальдарды салтанатты түрде табыстамау туралы шешім шы­ғарды. Сондай-ақ Камила же­ке­лей сайыста үздік үштікке енген жағ­дайда марапаттау рәсімі өт­кізіл­мейтін болды.

Серіктес жаңалықтары