50393
TikTok-тың Сингапурдағы кеңсесінде жұмыс істейтін Олжас әлемде жоқ жоба ашқысы келеді
TikTok-тың Сингапурдағы кеңсесінде жұмыс істейтін Олжас әлемде жоқ жоба ашқысы келеді
Трафикті бақылап, киберқауіпсіздік мәселесімен айналысатын америкалық Cloudflare компаниясының мәліметінше, TikTok 2021 жылы Google, Microsoft пен Facebook секілді гиганттарды басып озып, қолданушылар саны ең көп интернет-ресурсқа айналды. Сондай-ақ әу баста қысқа видеолармен алмасуға мүмкіндік беретін желі ретінде ашылған TikTok-қа ай сайын миллиардтаған адам кіретінін айтады. Әлемге TikTok-ты сыйлаған қытайлық ByteDance компаниясының қызметкерлерінің қатарында Олжас Қайырахмет бар. Ол ByteDance-тың Сингапурдегі халықаралық кеңсесінде деректер сақталатын бұлт қоймасы жүйесіне жауапты командада инженер болып жұмыс істейді.
Қазақстанда ашқысы келген стартап жобасына мамандар таба алмай жүрген Олжасқа хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– IT алыптарының бас кеңсесінде өзіңіз секілді жұмыс істейтін қазақстандықтар мектеп кезінде олимпиадаларға көп қатыса жүріп, осы салаға қызығушылығы оянғанын айтады. Сізде де солай болды ма?
– Иә. Негізі, мен 6-сыныпқа дейін Ақтөбедегі орта мектептердің бірінде оқыдым, сосын қазақ-түрік лицейіне оқуға түстім. Сол кезде информатика пәнінен түрлі олимпиадаға көп қатысатынмын. Бірақ анау айтқандай үлкен жетістіктерге жеттім деп айта алмаймын, көбіне қола жүлдемен оралатынмын. Мектеп бітірген соң, шетелде білім шыңдау мақсатын көздеген досым екеуіміз АҚШ-тағы колледжге құжат тапсырып, оқуға түстік. Алайда ондағы оқудың сапасына көңіліміз толмаған соң, бірінші семестрден соң терең білім, сондай-ақ жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін басқа оқу орнын қарастыра бастадық. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяда ғылым мен техника саласында түрлі зерттеулер жүргізетін Ульсан мемлекеттік ғылым және техника университетінің (UNIST) грантын ұтып алдым. Негізі компьютер ғылымдарының маманымын, бірақ онда менеджмент саласы бойынша қосымша білім алуға мүмкіндік бар. Кейіннен осы мамандық бойынша магистратура бөлімінде оқыдым. Оқып жүрген кезде деректер сақталатын бұлт қоймасына көп ден қойып, ғылыми зерттеу жазып шықтым. Содан соң осы зерттеуімді көпшілікке ұсыну үшін Американың Бостон қаласында өткен конференцияға шақыртылып, ақырында жаныма жақын бұл тақырып бойынша ғылыми диссертация қорғадым. Оқу бітірмей тұрып жұмыс қарастыра бастағанымда келіп түскен бірнеше ұсыныстың ішінен Дублинде ірі ауқымды орталықтарға желілік жабдықтар ойлап табатын Arista Networks компаниясын таңдап, онда бағдарлама жасақтаушы болып жұмыс істедім.
– Содан соң жеке стартап жобаңызды іске асыру үшін елге оралыпсыз. Бірақ ол ісіңіз дұрыс өнбеген секілді. Не кедергі болды?
– 2020 жылғы наурызда пандемия жер-жаһанды жайлаған сәтте Дублинде үйде отырып жұмыс істедік. Мұның соңы немен бітетінін, қандай емі бар екенін әлі ешкім толық білмейтін сол заматта күллі әлем тығырыққа тірелгені әмбеге аян. Алдағы уақытта не күтіп тұрғанын білмеген мен де жарты жыл онлайн жұмыс істеген соң елге оралып, ата-анамның қасында болуды жөн санадым. Оның үстіне, елде іште пісіп-жетіліп жүрген идеям – ақылды есік жүйесін (smart door system) іске асырғым келді. Бұл жүйенің ерекшелігі сол – темір кілттің көмегінсіз-ақ телефонға орнатылған арнайы бағдарлама арқылы есікті ашып, құлыптауға болады. Қазір барлығы төлемді карточкасыз-ақ телефон арқылы жасайды ғой. Мен ойлап тапқан стартап жоба да дәл солай тұрмысты жеңілдетер өнертабыс болар еді. Аталған жобаны жалғыз өзім істей алмайтын едім, себебі менде жүйенің физикалық компоненттерін құрастыратын hardware бағыты бойынша тәжірибе жоқ. Сол себепті Қазақстанда мұның кодын жазатын, бағдарламасын жасақтайтын дарынды адамдарды іздедім. Өкінішке қарай, ешкімді таба алмадым. Бізде ондай таланттарды «өсірмейді». Дегенмен үмітімді үзбеймін, ондай мықты мамандарды әлі іздеп жүрмін.
– ByteDance секілді ірі компанияға Қазақстанда жүріп-ақ жұмысқа тұру екіталай деп ойлайтын едік. Бірақ сіз мұны теріске шығардыңыз. Жалпы, Қазақстаннан Сингапурге жолыңыз қалай түсті?
– Елде жүргенде жоғарыда айтып өткен стартап жобамды жүзеге асырамын деп әлекке түскенімнен бөлек, ақша табу үшін фрилансер болып жұмыс істедім. Ол уақытта тұрақты жұмыс қарастыру ойымда болған жоқ. Тек LinkedIn желісіне жұмыс өтілім мен зерттеп жүрген сала туралы мәлімет жазған едім. Мұны байқаған ByteDance-тің рекрутері маған хабарласып, компания өкілдерінің бұлт қоймасы жүйесін зерттейтін командаға маман іздестіріп жатқанын айтты. Оңтүстік Кореяда оқып жүргенде бұл бағытты әбден зерттеген мен бұл ұсынысқа бірден келістім. Десе де жұмысқа бірден тұрған жоқпын. Алдымен бес кезеңнен тұратын сұхбаттасу процесіне қатыстым. Бұлт қоймасы күрделі іс болғандықтан, ол туралы не білетінімді тексеру үшін көп сұрақ қойып, жарияланған ғылыми зерттеу мен жарияланымдардағы тың деректерді сұрады. Берген жауабым көңілінен шыққан соң, Сингапурдегі халықаралық кеңсеге жұмысқа қабылдандым.
– Қазақстандағы көпшілік TikTok-қа иелік ететін ByteDance компаниясы туралы көп біле бермейді.
– ByteDance – Google, YouTube секілді бірнеше бизнесі бар Alphabet холдингі секілді ірі конгломерат компания. ByteDance ойлап тапқан өнімнің ішіндегі ең танымалы – TikTok әлеуметтік желісі. Негізі, TikTok-тың екі: қытайлық және шетелдік нұсқасы бар. Қытайлық нұсқасын қытайлықтар ғана қолдана алады. Қытайдың құпиялылық туралы заңына сәйкес бөлінген бұл нұсқа Қытайдан тыс аймақта жұмыс істемейді. Оның бас кеңсесі Бейжіңде орналасқан. Ал халықаралық заңдарға бағынатын шетелдік нұсқасы бойынша жұмыс істейтін негізгі кеңсе Сингапурде. Десек те Қытайдағы бірнеше маманмен үнемі байланыстамыз, халықаралық мәселелерге байланысты әлдебір кедергілер туындай қалған жағдайда олар бізге хабарласады. ByteDance-тың TikTok-тан бөлек, Xigua, Toutiao, Lark, Helo секілді бірнеше сервистері тағы бар. Көпшілігі Қытай нарығына арнайы жасақталғанымен, әлем бойынша танымалдығы артып келе жатыр. Дегенмен бізден талап етілетін жұмыс басқа болғандықтан, онда қандай өзгерістер болып жатқанынан бейхабармын.
– Сингапурдегі сіздің негізгі міндетіңіз қандай?
– Басты міндет – деректерді қамтитын бұлт қоймасының платформасын ұсыну, сондай-ақ қойма жүйесін оңтайландыру, оны жылдам әрі тиімді ету. Осылайша, біздің өнім мен жүйені Cloud-native тәсіліне көшіру. Жалпы, алдағы уақытта компания бұлт қоймасына байланысты жобаларға екі есе көңіл бөліп, көп өнім жасап шығармақ. Сол себепті алдағы уақытта жұмыс ауқымы екі есе көбеймек.
– Сингапурды мамандар «Азиядағы Кремний алқабы» деп атайды. Әлемдегі ІТ саласының астанасы саналатын, алпауыт компаниялар шоғырланған Америкадағы алқапқа барудың қажеті жоқ дейді тағы олар. Расымен инвесторларға қолайлы ел атанған Сингапурдың сыры неде?
– Әлбетте, Америкадағы Кремний алқабының бәсі бәрібір биік. Дегенмен салыстырмалы түрде қарасақ, Сингапурда ІТ мамандар мен инвесторларға жағдай жасайтын біраз ерекшеліктер бар. Ең алдымен мұнда төленетін салық сомасы әлдеқайда аз. Ірі компанияларға осында филиал ашу өте қолайлы. Сол себептен де Google, Facebook секілді ірі корпорациялар Шығыс Азиядағы бас кеңсесін осы елден ашады. Одан бөлек, көптеген қаржы институттары да осы жерден филиал ашып алған. Сингапурда блокчейн және криптоқаржыға қатысты көп стартап жоба іске асырылып жатыр. Бизнестің түр-түрі «қызып» жатқан соң, инвесторлар көп қызығады, елде жоқ, тың нәрсе іздеп табу үшін осында «ағылып» келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Америкаға қарағанда Сингапурге жұмыс визасын алу оңайырақ. Америкада жұмыс істеуге рұқсат беретін H1B визасын алу үшін жарты жыл уақыт кетеді. Ал Сингапурде визаны небары 2-3 аптаның ішінде ала аласың.
– Жоғарыда елде бастағыңыз келген қызық жобаны іске асырмайынша тынбайтыныңызды айтып қалдыңыз. Болашақта команда жасақтап, стартап жобаларға көңіл бөлесіз бе сонда?
– Иә. ByteDance компаниясында атқарылып жатқан жұмыстарға белсене араласу – шыңдалып, тәжірибе жинауға таптырмас мүмкіндік. Сен әзірлеген дүниені миллиардтаған адам қолданатынын ойласаң, жігеріңе жігер қосылып, жаңалық ашуға, елде жоқ дүние ойлап табуға деген құлшыныс арта түседі. Сондай-ақ бұрын-соңды шешімін тауып көрмеген күрделі істерді, жолай кезігетін түрлі кедергілерді «еңсеру» сені одан сайын шыңдай түспесе, тежей алмайтыны анық. Мақтанғаным емес, бірақ кез келген ІТ маман қазір мен бақылап жүрген жобада жұмыс істей алмайды. Мен тек студент кезімнен бері осы салаға ден қойып, бүге-шүгесіне дейін зерттегендіктен, берілген тапсырманы мүлтіксіз орындап жүрмін. Қанша жылдан соң іске асатынын білмеймін, бірақ түбі қызық та үздік стартап жобалардың басы-қасында жүріп, жеке-дара жұмыс істейтінімді білемін. Болашағымды осылай көремін.
– Президент жуырда техникалық бағыттағы мамандықтарға, әсіресе ІТ мамандығына көп назар аудару керек екенін айтқанын естіген боларсыз. Осы орайда болашағын сіз секілді ІТ саласымен байланыстырып, әлем таңғалатын жеке жобасын ойлап тапқысы келіп жүрген түлектерге қандай ақыл-кеңес айтасыз?
– Олар алдымен жасап шығаратын өнім немесе платформасын жергілікті я халықаралық нарықтың қайсысына бағыттаған тиімді екенін түсініп алуға тиіс. Сосын аудиториясын ажырата білгені жөн. Жалпыға бірдей өнім жасап шығару қиын екені айтпаса да түсінікті. Содан соң ІТ саласына бас сұғатын адам тұйық болмағаны абзал. Онда техниканы жаңғақша шағатын қабілетіңнен бөлек, адамдармен тіл табысуың да үлкен рөл атқарады. Қанша жерден ақылды болсаң да, стартап жобаңды жеке өзің құрастырып шықсаң да, идеяңды сата алмасаң, инвестордың тілін тауып, онымен сөйлесе алмасаң, онда тірлігіңнен түк өнбейді. Тектен-текке тырысасың. Алысқа бармай-ақ, қарапайым презентацияны көпшілікке ұсына алмасаң, командамен бірге жұмыс істеу қиынға түседі.
Сұхбаттасқан Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ