Арыстық дәрігерлер бас көтерді

Арыстық дәрігерлер бас көтерді

Арыстық дәрігерлер бас көтерді
ашық дереккөзі
216

         Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданында "жұмыссыз далада қалатын болдық" деп жүзге жуық дәрігер қауымы бас көтерді. Өйткені, билік өкілдері Арыстағы туберкулезге қарсы диспансерді жауып тастауды ұйғарған. Дәрігерлердің наразылығына науқастар да қосылды, деп хабарлайды «31-арна».

         Арыстағы туберкулезге қарсы диспансер қызметкерлері аурухананың жабылуына қарсы. Өйткені мекеменің есігіне қара құлып салынса, онда жұмыс істейтін жүзден астам адам күнкөріс көзінен айрылмақ.

«Барлығы қолдап отыр. Барлығының атында 3-4 кредиттен бар. Жалғыз мен емес, осында отырған жалғызбасты аналар қаншама. Бала-шағамызды қалай асыраймыз. Болмайтын жағдай ғой. Әділдік қайда?» - дейді медбике Гүлнар Бегалиева.

         «Оңтайландыру бойынша жабылатын болсақ, онда неге Отырардағы 50 төсек 105-ке көтеріледі?» - дегенді алға тартады арыстық мамандар. Мәселеден емделушілер де хабардар екен. Емдеушілерді олар да қолдап отыр.

         «Жоғарыдан келетіндер неге науқастардан сұрамайды? Әрқайсымыздан жеке сұрасын. Келеді де, сырттан жабамыз деп кетеді. Біз, науқастар біз қой емеспіз ғой. Ана жаққа, мына жаққа ауыстыра беретін», - дейді емделуші Руслан Анарбаев.

         Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мәселе бізде емес, бұл үкімет пен министрлік деңгейіндегі кешенді жұмыс дегенді алға тартады. Биылғы сәуірде үкімет басшысының орынбасары жиын өткізіп, туберкулезге қарсы мекемелерде әкімшілік шығындарды қысқартуды міндеттеген. Артынша облыс әкімі де қаулы қабылдаған. Отырар емес, Арыс ауданындағы диспансерді жабуды комиссия шешті дейді. Басты себеп, сырқаттылықтың төмендеуі көрінеді.

         – Арыс ауданына келетін болсақ, былтырғы жылы да, биыл да науқастардың саны азайып кеткен. Бүгінгі таңда Арыс пен Отырар аудандары науқастарының категориясы бірдей болуына байланысты, 125 төсек орны деп есептелінсе, соның 25 төсегін қысқарта отырып, екеуін біріктіру туралы шешім қабылданды, - дейді ОҚО Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері  Болат Сағымбек.

         Шенділер жұмыссыз ешкім қалмайды, денсаулық сақтау басқармасының арнайы жоспары бар, осыған сәйкес әрбір қызметкерге жекелей қызмет ұсынылатынын айтады. «Арыстықтардың уайымы бекер, жақында аудандарға шығып, мұның себептерін түсіндіреміз» де  йді олар. Ал арыстық мекеме қызметкерлері болса, облыс әкіміне шағымдарын жолдап үлгерді.

Серіктес жаңалықтары