519
«Банкротпын!»: жаңа заң халықты банктің бұғауынан босата ала ма?
«Банкротпын!»: жаңа заң халықты банктің бұғауынан босата ала ма?
Мемлекеттік кірістер комитеті «Азаматтардың төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң жобасын» әзірлеп, қоғам талқылауына шығарды. Жалпы, мұндай заң қабылдануы керек деп бұдан бұрын бірнеше рет айтылған. Нақты ұсыныстар да болды, бірақ заң қабылдау кейінге қалдырылып келген еді.
Бізге бұл заң керек пе?
Ең алдымен бізге бұл заң керек пе деген сұраққа жауап іздеп көрсек. «Бірінші кредиттік бюро» базасынан алынған мәліметке сәйкес, тек 3 миллион қазақстандықтың ғана несиесі жоқ. Бұл – 100 адамға шаққанда әрбір 94 адамның банк алдында борышы бар деген сөз. Ал берешек халықтың қарызы 11 триллион теңгеге жетіп қалған. Оған ел азаматтарының салық берешегін қосыңыз (2022 жылғы 1 қаңтарда 16,2 миллиард теңгеден асыпты). Одан бөлек, 791,1 мың адамның бюджетке 20 миллиард теңге мөлшерінде басқа да қарыздары бар екен. Ал сот орындаушылары 3,8 миллион атқарушы құжаты бойынша азаматтардан 3,9 триллион теңге өндіріп жатыр.
Несиесі барлардың барлығы банкрот деген сөз емес, дегенмен өткен жылғы қарашадағы мәлімет бойынша, еліміздегі әрбір 12 адам несиесін 3 айдан бері төлемеген. Несие бюросының дерегіне сүйенсек, жалпы қарызын бірнеше айдан бері өтемегендер саны 1 миллионнан асады екен, қарыз – 994,8 миллиард теңге. Мұнда банктердің балансындағы борыштар және баланстан тыс қарыздар (есептен шығарылған) ескеріледі. Алайда кей сарапшылар проблемалық қарыздары бар қазақстандықтардың саны 2 миллион адамға жетеді деп есептейді. Демек, жағдай статистикадағыдан да күрделі болуы мүмкін.
Экономист сарапшы Мақсат Серәлінің пікірінше, заң қабылданар болса, елімізде банкрот болған азаматтар саны 1,5-2 миллион болуы мүмкін екен.
Ал экономист Бауыржан Ысқақов бізге бұл заң керек екенін, қабылданар болса, үлкен қауіптің алдын алатынымызды айтады.
– Бізге бұл заң керек, себебі қазір елдегі экономикалық белсенді азаматтардың әрбір екіншісінде несие бар. Олардың 45 пайызының несиесінің мерзімі өтіп кеткен. Негізінен дамушы қоғамда осындай жайт байқалатын болса, ол мемлекеттік сыртқы инвестициялық климатына әсерін тигізеді. Егер мемлекет осы заңды қабылдайтын болса, алдағы уақытта болуы мүмкін әлеуметтік жарылыстың алдын аламыз. Өйткені дәл қазір халыққа ешқандай шектеусіз несие үлестіріліп жатыр. Бұл жерде банктердің де кінәсі бар. Біздің екінші деңгейлі банктердің барлығы да бизнеске несие бергеннен гөрі тәуекелі көп тұтынушы несиесін беруді әбден жолға қойып алған. Ал әлемдік статистикадағы пропорция бойынша, банктер тұтынушылық несиені 35 пайыздан асырмауы керек. Қалған 65 пайызы бизнеске берілетін несие болуы керек.Ұсынылып отырған заң жобасының механизмі қандай? Ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес, қарызын төлей алмай жүрген азамат несиесі кешірілуі үшін өзін банкротпын деп жариялап, өтініш беруі керек. Мәселені сотсыз немесе сот арқылы шешуге болады. Егер берешек азаматтың қарызы 300 мың теңге мен 5 миллион теңгенің аралығында болса, мәселені соттың көмегіне жүгінбей-ақ реттеуге болады. Ал егер қарыз 5 миллион теңгеден асып кеткен болса, істі сот қарайды. Оған қоса борышкер несиесін 5 жыл бойы төлей алмаса ғана өтініш бере алады, атында ешқандай мүлкі болмауы, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (38,4 мың теңге) аспауы керек. Статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейінен төмен халықтың үлесі 5,3 пайыз екен. Бұл көрсеткіш кедейлік деңгейі деп те аталады. Бірақ кедейлік деңгейі деген мәселеге келгенде, де-факто ахуал статистикадағыдай емес екенін тағы бір ескерте кету керек. Бұл туралы мінберлерде де айтыла бастады. Мәселен 2 ақпан күнгі Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров Қазақстандағы күнкөріс деңгейі әлемдегі ең төмен елдердің бірі екенін, көрсеткішіміз Нигерия, Ангола, Венесуэла және Габон елдеріндегімен бірдей екенін айтқан болатын. Банкротпын деп өтініш жазғаннан несие кешіріліп, іс бітпейді. Банкрот деп тануды сұрап отырған азамат жарты жыл бойы бақылауда болады. Осы жарты жыл ішінде азамат қандай да бір мүлік иеленсе, немесе төлем қабілеті жақсарып, берешегін өзі өтей алатын болса, банкроттықты тоқтату туралы өтініш беруге міндетті. Ал 6 айда жағдайы реттелмесе, ол адам банкрот деп танылады. Банкрот болған азаматқа қойылар талаптар мен шектеулер бар. Ең алдымен сот азаматтың төлем қабілетін қалпына келтірудің жоспарын жасайды. Банкроттың мүлкі қаржы басқарушы электрондық аукцион өткізу немесе тікелей сату әдісімен сатады. Түскен ақша қаржы басқарушы ашқан арнайы банк шотында болады. Содан соң ақша борышкердің берешектерін өтеуге жұмсалады. Қаржы басқарушы кредиторлармен есеп айырысу кезінде мүліктік массаны сатудан түскен ақша қаражатын, сондай-ақ борышкердің (банкроттың) кірістерін пайдаланады. Банкрот болған азаматтың жалғыз баспанасы өндіріп алуға болатын мүлікке кірмейді. Борышкер зейнетақы алса, оның жартысынан астамын ұстап қалуға болмайды. Сот жоспарды бекіткен соң борышкер оны орындауы қажет. Борышкерге жоспарда көзделмеген мәмілелерді жасауға тыйым салынады. Борышкердің мүлкіне шектеу алынады. Алынған қарыздар бойынша сыйақыны есептеу тоқтатылады. Мәселен несиесі кешірілген азаматқа 5 жылға дейін несие берілмейді, тауар ақысын бөліп төлей алатын банк қызметтерін қолдана алмайды. Сондай-ақ емделу, жақын туысын емдетуге апару немесе жерлеуге баруды қоспағанда, шетелге шығуға 3 жылға шектеу қойылады. Ешкімге кепіл болуға болмайды. Бір рет өзін банкротпын деп жариялаған азамат бұл мүмкіндікті 7 жылдан кейін ғана қайта пайдалануға құқы болады. Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев басқа да шектеулер барын жеткізген еді.
– Бүгінде бұл мәселелер талқыланып жатыр. Негізі кейбір сарапшылар қарызы кешірілгендер мемлекеттік қызметте жұмыс істемесін, заңды тұлғаның құрылтайшысы болмасын деп ұсынысын айтты. Мұның бәрі талқыланып жатыр. Бүгінде заң жобасында тек несие алумен, шетелге шығуға шектеу қою мәселесі қарастырылған, – деді ол.Оған қоса, несиесін төлей алмағандар туралы мәлімет ашық болмақ, яғни кімдердің банкрот болғанын барлығы біле алады. Егер банкрот болған азаматтың алименті немесе өзгенің денсаулығына зиян келтіргені үшін төлеуге тиіс борышы болса, мұндай міндеттемелер алынып тасталмайды. Одан бөлек, ипотекасын төлей алмаған азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алмайды, не төлеу керек, не жылжымайтын мүлікті қайтаруға тиіс болады. Әдетте адамның болсын, жеке компанияның болсын өз-өзін банкрот деп жариялауы – ешқандай амал-тәсіл нәтиже бермегенде баратын соңғы қадам. Кез келген сот процедурасы сияқты, азаматтарды банкрот деп тану да күрделі әрі ұзақ процесс болмақ. Әйтпегенде, екінің бірі өзін банкрот деп жарияламасына кепіл жоқ. Оған қоса, банкроттық дегеніміз тек қана қарыз жауып беру деген сөз емес, бекітілген шартты мерзім ішінде банкрот болған жеке тұлғаның төлем қабілеті қалпына келіп, қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік алуы керек. Демек, банкрот деп танылу үшін тек несие төлей алмау жеткіліксіз: заң жобасының талаптарына қарағанда, тек шынымен тығырыққа тірелген адам ғана көмек ала алады. Дегенмен бұл шешімнің салдары қандай болуы мүмкін? Ескерусіз қалған жайттар бар ма? Әлі де қарастырылуы керек мәселелер бар ма? Ең алдымен тоқталатын мәселе, заң жобасында жеке тұлғаның өтінішін сот арқылы және соттың көмегінсіз қарау ұсынылып отырғанын айттық. Екінші жағдайда іс жеке сот орындаушыларының құзыретіне берілмек. Ал біздің қоғамда жеке сот орындаушыларына қатысты жағымды пікір қалыптаспағанын тағы бір айта кету керек. Оған себеп те жоқ емес. Екінші мәселе, банкрот болған азамат 5 жылдан кейін мүлік, ақша иеленетін болса, үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сол кезде бұрын өзін банкротпын деп жариялаған азамат мүлкі мен ақшасы қалай келгенін дәлелдеуге тиіс болады. Дегенмен сарапшылар дүние-мүлікті жақын туыстарының атына аудару сияқты әртүрлі әдіс қолданылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұған сыбайлас жемқорлық мәселесі қосылса, тіптен қиын. Үшіншіден, банкрот болған азамат 5 жылда ешқандай несие, шағын несие, бөліп төлеуге тауар сатып ала алмайтынын айттық. Бұл жерде назар аудару керек тағы бір нәрсе бар сияқты. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, елдегі инфляция деңгейі 8,4 пайыз болды. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер өткен жылғымен салыстырғанда 8,4 пайызға, оның ішінде азық-түлік – 9,9 пайызға, азық-түлік емес тауарлар 8,5 пайызға қымбаттаған. Айлығын азық-түлікке әрең жеткізетін халық тұрмыстық техника мен киім-кешекті бөліп төлеуге алатыны жасырын емес. Яғни, тұрмысқа қажетті техника мен етік, қысқы күрте сияқты киім-кешек керек бола қалса, банкрот деп танылған адамның оны сатып алуға қалтасы көтермесі анық. Одан бөлек, Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа заң жобасында банкрот болған жеке тұлға мемлекеттік қызметтен және қаржы мекемесіндегі жұмысынан шектелуі мүмкін. Төртінші мәселе, банк төлем қабілеттерін мұқият тексеріп, екінің біріне несие бермеуі мүмкін. Себебі кешірілген несие банктің шығыны болып есептеледі, оған бюджеттен қаражат аударылмайды. Мұндай жағдай болуы мүмкін екенін экономист сарапшы Бауыржан Ысқақов та растап отыр. Ал заңгер маман Бақдәулет Құрманбаев заңды әлі де тиянақтау керек екенін айтады. – Қазіргі нұсқа бойынша банкроттық қозғалады, ол бойынша 6 ай бойы қарастырады, табысын зерттейді. Егер болмай жатса, сіздің қарызыңызды кешіреді. Сондықтан заңды әлі де қарастыру керек. Себебі бұл жерде банктердің, кредиторлардың құқығы бұзылып тұр. Жалпы, бізде заңды тұлғалардың банкроттығы бар. Бүкіл әлемнің тәжірибесі бойынша жеке тұлғалардың банкроттығы заңды тұлғалардың банкроттығымен сәйкес келеді, – дейді ол. Жалпы, жеке тұлғалардың банкроттығы әлемдік тәжірибеде бар, әсіресе АҚШ-та кең тараған. Мұнда жыл сайын өзін банкрот деп жариялайтын азаматтар саны миллиондап саналады екен. Бір қызығы, банкроттыққа ұшырағандар арасында Дональд Трамп, Майк Тайсон секілді танымал әрі табысты тұлғалар да бар. Заң жобасы қоғам талқылауында, сондықтан әлі де жетілдіріліп, кем-кетігі саралануға тиіс. Егер жетілдірілсе, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді деген болжам бар. Бізге мұндай заң аса қажет екені айтылды, сондықтан оның барынша мінсіз болуы әрі халық мүддесіне жұмыс істеуі өте маңызды. Заң солқылдақ болса, олқылықтың орны толмасы анық.