Әлемде 700 млн жеткіншек тұрмысқа шығуға мәжбүрленген

Әлемде 700 млн жеткіншек тұрмысқа шығуға мәжбүрленген

Әлемде 700 млн жеткіншек тұрмысқа шығуға мәжбүрленген
ашық дереккөзі
1011

Әлемдегі балалардың құқығын қорғайтын Save the Children ұйымының жуырда жарияланған есебіне сүйенсек, әлем бойынша 700 миллионға жуық қыз 18-ге толмай тұрып тұрмысқа шығуға мәжбүрленген. Әрбір жеті секунд сайын жер шарында жасы 15-ке толмаған бір қыз отанасы атанады екен.

Ауғанстан, Йемен, Үндістан және Сомали сияқты елдерде 10 жастағы қыздардың көпшілігі өзінен әлдеқайда үлкен ерлерге күйеуге шығуға мәжбүрленетіні бүгінде ешкімге құпия емес. БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар құқығын қорғау агенттігінің статистикалық мәліметтеріне сілтеме жасаған Save the Children 2050 жылға қарай кәмелетке толмаған 1,2 миллиард қыздың ерте тұрмыс құруы мүмкін екенін айтады. Ұйымның мәлімдеуінше, кәмелетке толмаған қыздардың ерте тұрмысқа шығуы әдетте олардың білім алып, жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, көбінесе кедейлік құрсауында қалуына әсер етеді. «Ерте тұрмыс құру қыздардың білім алу, даму, бала болу сияқты басты құқықтарын бұзады», – дейді ұйымның бас директоры Хелле Торнинг-Шмидт.

Африканың Сахара аймағындағы елдерде жасөспірім қыздарға жасалған мүмкіндік деңгейінің төмендігі жиі сынға алынады. Иранның орталықтан қашық кейбір аймақтарында да қыздарын жастай тұрмысқа беру үрдісі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мәселен, жуырда «Азаттық радиосы» 10 жасында ұзатылған ирандық қыздың азапты өмірін баяндаған Голназ Есфандияридің мақаласын қазақ тіліне аударып басты. Мақала мазмұнына сүйенсек, Иранның бір ауылында қатар өскен ұл мен қыз өсе келе шаңырақ құрған. 15 жасар Әлиге тұрмысқа шыққанда Лейла бар болғаны 10 жаста болыпты. «Жарым түн еді, мен қалың ұйқыда жатқанмын. Көршілер қоңырауды басып, кіріп келді де, қолыма сақина тақты. Солай тұрмысқа шықтым, – депті «Фарда» радиосына (Азаттықтың парсы қызметі – ред.) сұхбат берген 22 жасар Лейла (есімі өзгертілген).

Лейла – ес кірмей жатып тұрмысқа шыққан алғашқы иран қызы емес. Иранда күн сайын кәмелет жасына толмаған жүздеген қыз жар атанады. Бұл мемлекетте қыздар ата-анасының келісімімен 13 жастан қалыңдық бола алады, ал бұдан да жас қыздардың ұзатылуына сот арқылы рұқсат беріледі. Ирандық ұлдар 15 жас­тан бастап шаңырақ құруына болады.

Иранның азаматтарды тіркеу ұйымының статистикасы бойынша былтыр (бұл елде жыл санау наурызда басталады) кәмелет жасына толмағандардың 37 мың некесі тіркелген. Шын көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін, себебі көп отбасылар жас балалардың некесін тіркеуге асыға бермейді.

Ата-енесімен бір шаңырақта тұрып жатқан Лейланың айтуынша, өзі өмір сүретін Шығыс Әзірбайжан ауданында әке-шешелері қыздарын 10 жас шамасында зорлықпен күйеуге береді. Мәжбүрлікпен ұзатылған қыз тұрмысқа шығуға мүлдем дайын болмағанын айтады. «Не істеп жүргенімді өзім де түсінбедім. Қолымның дірілдеп тұрғаны ғана есімде. Ол мүлде қорыққан жоқ. Ал мен қатты үрейлендім», – деп ол 15 жасар күйеу жігіттің тым сенімді көрінгенін еске алған. Сондай-ақ, балалықпен еріксіз қоштастырған азапты күндерін баяндаған.

Иранда тұрмысқа шығатын кішкене қыздардың саны артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген БҰҰ-ның Бала құқықтары комитеті жуырда Тегеранды қыздардың 9 жастан тұрмыс құруына рұқсат беретін заңды қайта қарауға шақырды. «Тегеран балаларға сексуалдық зорлық жасауды заңдастыратын, соған мүмкіндік беретін және жол ашатын барлық ережелердің күшін жоюы керек» деп мәлімдеді БҰҰ комитеті. Комитет мамандары ирандық қыздардың ресми балиғат жасын 9 жастан 16-ға көтеруді талап етіп отыр.

Ирандық әлеуметтанушы Мостафа Еглиманың айтуынша, бұл елде кішкентай қыздардың күйеуге берілуінің негізгі себебі – әлеуметтік дамудың төмендігі және ауылда қалыптасқан керітартпа дәстүрдің жойылмауы. «Оларға қыздары сегізде я тоғызда болса да бәрібір, ойланбай ұзата береді. Әдетте кішкентай қыздардың күйеулері де тым жас, 18, 15 не 16 жаста болады», – дейді Еглима.

13 жасар қыз ана атануға дайын ба?

Бельгиялық балалар психологы Мойган Кахеннің пікіріне сүйенсек, бала күнінде күйеуге берілген қыздар психологиялық дертке ұшырайды. «Сырқаттың негізгі белгісі – олар үнемі үрейленіп өмір сүреді. Есейіп, бірнеше балалы болса да, айналасына үреймен қарайтын болады», – деді Кахен.

Сонымен қатар, тұрмысқа тым ерте шыққан қыздардың бала көтеру мүмкіндігінен айрылу қаупі басым. Дәрігерлер бұның негізгі себебі жасөспірім әйел ағзасының толық дамымауымен, ана болу секілді күрделі міндетке даяр болмауымен түсіндіреді. Жасы толысқан әйелдердің туған балаларына қарағанда жасы 18-ге толмаған келіншектердің дүниеге әкелген нәрестесінің алғашқы жылы шетінеп кету қаупі анағұрлым көбірек болатын көрінеді.

Қыздардың 13 жастан бастап күйеуге шығу үрдісі Әзірбайжанда да қалыпты құбылыс саналады. Гәнжә аймақтық әйелдер орталығының төрайымы Малейка Ализаде мұндай оқиғаларды Әзірбайжанның барлық аймақтарынан кездестіруге болады дейді: «Әдетте ата-аналар бұны әлеуметтік мәселелермен байланыстырады. Алайда қыз баланың 13 жасында отбасын құрып, некеге тұруға физиологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да даяр еместігін олар білулері керек. Сондықтан да мұндай отбасыларда елеулі түйткілдердің болары сөзсіз. 13 жасар қыз бала өзі әлі бала болып тұрып жас баланы қалай тәрбиелейді? Дүниеге әкелген баласы ол үшін тек қуыршақ қана болуы мүмкін».

БҰҰ балалар қорының Әзірбайжандағы өкілдігі тым ерте қиылатын некеге байланысты алаңдаушылық білдіреді. Әзірбайжан ратификациялаған Бала құқы жөніндегі 1989 жылғы конвенцияда тек 18 жастан бастап қана отбасын құруға болады деп көрсетілген. Халықаралық стандарттар бойынша, некеге бұл жастан ертерек тұру адам құқығының бұзылуы болып табылады, әсіресе, бұл баланың еркіне қарсы жасалған іс болса, тіпті ауыр қылмыс.

Әзірбайжанның отбасы, әйелдер және балалар істері жөніндегі мемлекеттік комитеті Қоғамдық ғылымдардың халықаралық орталығымен және БҰҰ-ның Балалар қорымен бірлесе отырып елдің төрт аймағында 488 адамға сауалнама жүргізген. Зерттеу деректері бойынша, сұрау салынғандардың 58 пайызы ерте қиылған некелердің көпшілігі қыздың толық келісімінсіз жүзеге асады деп жа­уап берген.

Қазақстанда жыл сайын 3 мың жасөспірім отау көтереді

Ерте және мәжбүрлі некелер мәселесі Қазақстанда да талқылана бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды. ҚР «Неке және отбасы туралы» Заңына сәйкес  елімізде ерлер мен әйелдер 18 жастан бастап некеге тұра алады. Тек ерекше бір жағдайларда ғана 16 жастан некелесуге рұқсат беріледі. Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, жыл сайын Қазақстанда балиғатқа толмаған 3 мың ұл мен қыз некеге тұрады. Жағдайды зерттей келгенде, ерте жаста мәжбүрлікпен үйлендіру, әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және батыс өңірлерінде тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалады. Ерте және мәжбүрлі некелердің көпшілігі АХАЖ органдарына тіркелмейтінін ескерсек, балиғат жасқа жетпей жатып отағасы, отанасы атанатын ұл-қыздардың нақты санын білу мүмкін емес. Олардың өзі әлі жасөспірім. Бірі бойжетіп, бірі ержетіп үлгермеген. Бірақ соған қарамастан  балалы болып жатқан «балалар» бар.

Бала деген ұғымның ауқымы тым кең. Жасөспірім деп неше жастағыларды айтамыз? ЮНФПА (Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық саны саласындағы қоры – әйелдер мен жастарға жыныстық және репродуктивтік денсаулығын сақтап, дені сау баланы дүниеге әкелу үшін олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған БҰҰ-ның жетекші агенттігі) стандарттары бойынша жасы 12-19 аралығындағы қыз бала болсын, ер бала болсын жеткіншек саналады. Алайда «Он үште отау иесі» деген тәмсілді берік ұстанатын қазақ отбасылары өз ұл-қызының балалықтан ертерек арылғанын, әке-шешеге салмақ салмай, өз қолы аузына жететін, өз ісіне есеп бере алатын есті адам санатына тезірек қосылғанын құп көреді. Алайда ерте есеюдің ақыры үнемі жақсылықпен аяқтала бермейді. Оң босағада отырып жүкті болған, некесіз бала тауып, ойланбай басқан бір қадамның кесірінен өмір бойы өкініп өтетін өрімдей қыздарымыздың қатары артып барады. Ресми статистика деректеріне сүйенсек, 15-19 жастағы жасөспірім қыздар арасындағы босану жиілігі 2014 жылы осы жас тобына жататын 1000 қызға шаққанда 34,72-ні құрап, 2011 жылдан бері тұрақты түрде артып келеді (29,4). Қазақстанда бұл көрсеткіш Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін елдерге қарағанда алты есе жоғары. Аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерде бұл көрсеткіш 1000 жасөспірім қызға шаққанда 4-тен 6-ға дейінгі аралықта. Жыл сайын 15-18 жас аралығындағы 1 мың қыздың ішіндегі 4-5 қыз түсік жасатады.

                Әлемдегі жағдайға келер болсақ, 10-24 жас аралығындағы 86 миллион әйел 18 жасқа дейін некеге тұрған немесе «жігітімен» бірге тұрады. Жыл сайын дамушы елдерде 15-19 жас аралығындағы 20 мың қыз бала босанады. Бағалау бойынша 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы қауіпті түсік жасату көрсеткіші 3,2 миллионды құрайды. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің басты себебі – өз-өзіне қол жұмсау. 15-19 жас аралығындағы қыздар арасындағы өлім-жітімнің екінші басты себебіне жүктілік және босану кезіндегі аурудың асқынуы жатады.

Ақмолада 62 оқушының аяғы ауыр

ЮНФПА бағдарламаларының үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова ханымның айтуынша, Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтау күрделі мәселеге айналып отыр. ЮНФПА-ның техникалық көмегі арқасында өткізілген зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, жастардың 13,6 пайызы жыныстық қатынасқа бірінші рет 15 жасқа дейін түседі, 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің жартысына жуығы тұрақты түрде жыныстық байланыста болады.

Ерте жүктіліктің белең алуы салдарынан туындап отырған тағы бір түйткіл – елімізде тастанды балалар санының артуы. Сарапшылар мәселені шешу үшін оқушылар тәртібі мен тәрбиесін бақылауда ұстау тетіктерін мықтап қолға алған жөн деп есептейді. Өйткені тас­танды сәбилердің ішінде мектеп оқушылары дүниеге әкелген шақалақтар аз емес. Өкінішке қарай, мектеп қабырғасында жүріп, жүкті болып қалған өрімдей қыздардың саны жыл өткен сайын көбейіп барады. Мәселен, Ақмола облысында биыл он жеті оқушы ана атанбақ. Облыста биылғы жылдың он айында 62 жасөспірім жүкті болған. Жүкті болып қалған жасөспірімдердің ішінде отыз бесі мектеп оқушысы, ал тоғызы 9 сыныптан соң колледжге түскен студенттер. Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің жетекшісі Шанхи  Өтебаеваның айтуынша, аяғы ауыр болған оқушылардың 26-сы жасанды түсік жасатып, шаранасынан құтылып тынған.

Қызылорда қаласында да мектеп қабырғасында жүріп, жүкті болатын оқушы қыздардың саны артқан. 2016 жылдың  алғашқы 6 айында қалада 18 жасқа толмаған 6 қыз босанған. Соның 4-еуі 16 жасқа енді толады. Ең жас ана – 14-15 жас шамасында. Ал былтырғы жылы осындай есепті мерзімде 18 жасқа дейінгі 4 жасөспірім ана атанған. Оның 2-еуі балиғат жасқа келмеген. Бұл қалалық перзентханадан алынған дерек. Ал елдің сөзінен үркіп, жасырын түрде босанатындардың бар екенін ескерсек, өмірге бала әкелген балалардың нақты санын білу қиын.

Жуырда «Оңтүстік Қазақстанда 350 жасөспірім қыз кәмелет жасқа толмай жатып, бала көтеріп қойған» деген жағымсыз ақпар ел тұрғындарының құлағына түрпідей тиді. Жұрттың төбе шашын тік тұрғызатын мұндай хабарлар жаңбырдан кейін қаптаған саңырауқұлақтай тез тарайтыны белгілі. Ал осындай құбылыстардың қазақылықтың қаймағы бұзылмаған  деп атауы ерек аталатын өңірлерде жиі орын алуы тіпті жанға батады. Қыздарымыз өздері өмір бойы өкінетін, ата-ананы қарабет қылатын шалыс қадамдарға неліктен барады?

Атырау облыстық білім беру басқар­масының мамандары оқушы­лар­дың оң босағада отырып жүкті болу себебін отбасында жыныстық тәрбиенің дұрыс жолға қойылмауымен түсіндіреді. «Мамандар әсіресе ата-анасынан көп қолдау көрмейтін оқушы қыздардың ерте жүкті болып қалатынын жасырмайды. Өйткені ата-аналар өз балаларымен жыныстық қатынас жөнінде әңгімелеспейді. Қызының жүкті екенін білгенде әке-шешесі алдымен мектепті кінәлайды. Алайда мәселе тек білім беру орындарында емес. Бала тәрбиесінде екі тарап бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Өкінішке қарай, оны көп ата-ана түсіне бермейді», – дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова. Облыстық білім беру басқармасы мектеп оқушылары арасында «Жыныстық қатынас жөнінде ақпаратты қайдан білесің?» деген тақырыпта сауалнама жүргізген. Анонимді түрде жауап бергендердің 45 пайызы жыныстық қатынас туралы достарынан білгенін айтса, 36 пайызы ақпаратты эротикалық кинолардан алғанын, тек 8 пайызы ғана ата-анасынан білгенін жеткізіпті. Ал оқушылардың бірде-біреуінің ұстаздары мен психологтардан және әлеуметтік қызметкерлерден бұл тақырыпта сұрауға батылдары жетпеген.

Save the Children ұйымының есептеуі бойынша Қазақстан жасөспірім қыздарға жасалған мүмкіндіктер индексінде 144 елдің арасынан 30-орында тұр. Индекс қыздардың құқықтарының қорғалуы, бастауыш деңгейінде білім алуы, денсаулығын күтіп-баптауы сияқты көрсеткіштерден түзілген. Швеция, Финляндия, Норвегия, Нидерланды және Бельгия секілді бірқатар елдерден қалыс тұрмыз демесек, Орта Азия елдерінен көш ілгеріміз. Қыздарымыздың алаңсыз білім алуына, қалаған ісімен айналысуына, ел аралап, жер көруіне шек қойылмаған. Әке-шешесі алақандарына салып аялап отырған қыздарына кигісі келгенін кигізіп, ішкісі келгенді аузына тосады. Бүгінде барлық ерікті жастардың өзіне берген ата-ана ұл-қызының жар таңдауына да араласпайды. Алайда еркіндіктің арты еркелікке, еркеліктің соңы есерлікке ұласып кетпесіне кепіл жоқ. Мұндайда қазақ «санасына берсін» деп жатады. Өрісім деп өсірген қыз ибаны, қонысым деп қастерлеген ұл ұятты ұмытпаса екен.

Серіктес жаңалықтары