Алтай – Қазақстанның алтын алқасы

Алтай – Қазақстанның алтын алқасы

Алтай – Қазақстанның алтын алқасы
ашық дереккөзі
283

Шығыс Қазақстан облысына іссапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтың экономикалық-әлеуметтік, мәдени және рухани дамуымен танысты. Түрлі мекемелер мен кәсіпорындар ұжымымен кездескен Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасындағы басымдық берілетін бағыттарға тоқталды.

Іссапар барысында аймақтың әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуымен танысқан Елбасы «Қазмырыш» ЖШС-ның мыс балқыту зауытының еңбек ұжымымен кездесті.

 Басқосуға аталған кәсіпорынмен қатар Өскемен қаласының 7 мыңнан астам металлург маманы, сондай-ақ, Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат пен Павлодар қаласындағы алюминий зауытының жұмысшылары телекөпір арқылы қатысты. Жұ­мыскерлер алдында сөз сөйлеген Президент шығыс аймақтағы кәсіпорындар отандық экономика мен индустрияның тірегі екенін, ал өңірдің металлургиялық зауыттары мен тау-кен байыту комбинаттары Қазақстанның мақтанышына айналғанын айтты: «Компания кәсіпорны жыл сайын 450 миллиард теңгенің әлемдік деңгейдегі өнімін өндіреді. Оларда 20 мың адам еңбек етеді, технологиялық база ұдайы жаңғыртылып отырады, тиімді жұмыс үшін барлық жағдай жасалған. Мыс зауытының өзі ғана жылына 70 мың тонна сапалы катодты мыс шығарады. «Қазмырышқа» өңірдің дамуына қатысты да зор әлеуметтік жауапкершілік жүктелген, бұл мақсатқа кәсіпорын 3 миллиард теңгеге дейін қаражат бөледі. Компания есебінен медициналық орталық, балабақша, теннис орталығы, жабық бассейн, жекпе-жектер сарайы салынуда, өзге де ондаған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда».

Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары екенін айтқан Елбасы Шығыс Қазақстан облысы бойынша былтырдың өзінде 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 3 мың 300 азаматтың баспаналы болғанын, сондай-ақ, 14 аурухана, 21 мектеп салынғанын еске салды. Кез келген азамат үшін, әсіресе, өскелең ұрпақ үшін ең маңыздысы емхана, мектеп, балабақша мен аурухана екені анық. Көшелер мен қалалардың сыртындағы жолдардың жөнделгені де маңызды. 2014 жылы облыс аумағындағы 360 шақырым жол жөндеуден өткізілген. Балалар мен жастардың лайықты білім алуы мақсатында білім ошақтары тапшылығын да жою көзделіп отыр. Мәселен, биыл облыста 5 мектеп ашу көзделген. «Бұл жұмыстар жалғасатын болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның аясында біздер жол, индустриалдық нысандар, қолжетімді баспана салып жатырмыз. Осының бәрі сіздер үшін, әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жасалуда», – деген Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан шараларға тоқталды.

Осыған байланысты, бірін­шіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі». «Шығыс Қазақстан елдің жарқыраған маржаны саналады және бұл тек табиғаты тұрғысынан ғана емес. Жиынтық өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрады, соның 60 пайызы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі. Қазақстандағы инновациялық өнімдердің 20 па­йызы нақ осы сіздердің облыста шығарылатыны да кездейсоқтық емес. Өңірге салынған инвестиция­лар көлемі 345 миллиард теңгеге жетеді. Шағын және орта бизнесті қолдауға 2 миллиард теңге, өндірістік инфрақұрылым құруға тағы 3 миллиард теңге бөлінеді. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарласын іске асыруға мемлекет 11 миллиард теңге бөлді», – Елбасы еліміздегі тұрақтылықты, этносаралық және дінаралық келісімді сақтаудың маңыздылығына тоқталды: «Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын тудырған қасиетті жер.  Бұл – Қазақстанның 100 этносының отаны. Өңірдің кіші Ассамблеясына 44 этно-мәдени орталық, 4 Достық үйі кіреді, ал олардың тәжірибесіне баға жетпейді және ол БҰҰ-ны қоса алғанда бүкіл әлемде зерттелуде. Біз мұны сақтап, дамытуға тиіспіз».

«Қазмырыш» ЖШС еңбек ұжымы өкілдері Елбасымен кездесу барысында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен құрылымдық бес реформаға қолдау білдіріп, үдетілген индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына, кәсіпорынның бәсекеге қабілетін көтеру үшін жағдай жасалғанына алғыстарын айтты.

Іссапар шеңберінде Шығыс Қазақстан облысындағы басқа да өндіріс орындарын аралаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Елдің үздік инновациялық өнімдерінің бестен бір бөлігі Шығыс Қазақстанда өндіріледі. Экономикалық даму қарқыны белсенді. Былтыр облыс­та 1 трлн. теңгенің өнімі өндірілсе, оның 60 пайызы өңдеу өнеркәсібінің үлесінде. Еңбектеріңізге алғыс айтамын», – деп ризашылығын білдірді.

Өскемендегі «Kondiz» ЖШС кондитерлік фабрикасының ұжы­мымен кездескен Нұрсұлтан Әбішұлы облыста халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қажетті жағдайлар жасалғанын айтты. Мәселен, облыс аумағында әлеуметтік және спорт нысандары, баспана, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандары салынып жатқан көрінеді. Аталған шаралар ШҚО экономикасының өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына игі әсер ететіні анық. Елбасы арнайы барған «Kondiz» Германияның заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Өндірістік қуаты жылына 22 мың тонна кондитер өнімін шығаруға лайықталған кәсіпорын 119 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрындағы кездесуде аймақтың зиялы қауым және облыстың этно-мәдени бірлестіктері өкілдері белсенділік танытты. Зәулім ғимараттағы әсем де жаңа театрдың тұсаукесеріне қатысқан Елбасы елдің береке-бірлігі үшін қоғамды рухани және мәдени дамытудың маңызды екенін айтты: «Бұл – мәдениеттің тамаша жаңа ордасы. Театр 600 орынға лайықталған, дайындық залдары, кіші залы бар. Қазақ және орыс труппаларының ойдағыдай жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалған. Өскемендіктер осы залда актерлердің тарихымыз бен қазіргімізді айшықтайтын керемет ойынын көретініне сенімдімін».

Мәдениеттің дамуы үшін экономиканы көтеру қажеттігін ескерткен Елбасы азаматтар тыныш өмір сүріп, тұрақты табыс тапқан кезде ғана театрға баруға талпынатынын, Қазақстанда бүгінде үш опера және балет театры, ал облыстарда 50 шақты театр жұмыс істейтінін айтты. Қазақстанның мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктерге елдің жүйелі экономикалық дамуы арқасында қол жеткізілгеніне тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Тәуелсіздік жылдары біз жаңа Қазақстанды қалыптастырдық, жаңа ұрпақ тәрбиеледік, экономиканы еселедік, халықтың табысын ұлғайттық. Біз үлкен екі дағдарысты еңсердік. Биыл 20 жылдығын атап өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемнің көптеген елдеріне үлгі болды. Республикамыз ауқымды халықаралық шаралар өтетін орынға айналды. Осының бәріне бірлік пен тұрақтылықтың арқасында қол жетті. Мұны ең басты байлығымыз ретінде сақтау керек», – деді.

Шығыс Қазақстан облы­сындағы сапар шеңберінде Елбасы Семей қаласындағы өңірлік онкологиялық диспансерде болды. Еңбек ұжымы өкілдерімен әңгімелесіп, қаланың медициналық мекемелерінің бүгінгі ахуалы, мекемелерге қажетті емханалық және диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз ету туралы пікір бө­ліскен Нұрсұлтан Назарбаев: «Бұл кешенге мемлекет 7,2 миллиард теңге бөлді, соның 4 миллиарды заманауи жабдықтар алуға арналған. Бұл – ядролық медицина элементтерін қолданатын Қазақстан үшін бірегей мекеме. Енді осы жабдықтарды халыққа кәсіби көмек көрсету үшін барынша тиімді қолдану сіз­дерге байланысты. Бүкіл ел бойынша денсаулық сақтау саласын дамытудың арқа­сында азаматтардың орташа өмір жасы соңғы он жылда 64-тен 71-ге дейін ұлғайды», – деді. Бүгінде диспансерде онкологиялық науқастарға амбулаторлық-емханалық, стационарлық және стационар алмастыру формасында мамандандырылған әрі жоғары білікті медициналық жәрдем көрсетіледі. Медициналық мекемеде 413 адам қызмет етуде.

Серіктес жаңалықтары