300
АҚШ-тың 2 спортшысы Рио олимпиадасы алдында кокаин қолданған
АҚШ-тың 2 спортшысы Рио олимпиадасы алдында кокаин қолданған
Fancy Bears хакерлік тобы тағы бір допинг дауын тұтатты. Бүкіләлемдік допинг агенттігінің сайты мен оның басшыларының пошталық серверлерін үздіксіз шабуылдап келе жатқан хакерлер екі америкалық атлеттің Рио олимпиадасы алдында кокаин қолданғанын анықтады.
Fancy Bears-қа сілтеме жасаған интернет-басылымдар анонимді ақпарат таратқанымен, хакерлер есірткі қолданған спортшылардың есімін жариялауға дайын. Әккі программистердің қолына түскен хаттарда салмақ азайту үшін бапкерлерінің рұқсатымен кокаин қолданған АҚШ атлеттері жайлы хабарлама бар көрінеді.
АҚШ допингке қарсы агенттігінің (USADA) мүшелерінің бірі хабарлаған дерекке сүйенсек, Рио олимпиадасының алдында бірнеше спортшының қан сынамаларынан күдікті көрсеткіштер анықталған.
The Guardian басылымының мәліметінше, АҚШ допингке қарсы агенттігі қызметкерлерінің бірі Риодағы Паралимпиадалық ойындар кезінде қоғамдық орында компьютер қолданған. Сол арқылы Fancy Bears хакерлері WADA мен USADA өкілдерінің өзара жазысқан хаттарын қолға түсірген деп жазады басылым. Хакерлік топ жуырда өзінің твиттердегі парақшасында WADA-ның жемқор шенеуніктер туралы жаңа құжаттар дайындап қойғандарын жариялады. Алайда аталған құжаттар әлі көптің назарына ұсынылған жоқ.