АЭС-ті кім салады?

АЭС-ті кім салады?

АЭС-ті кім салады?
ашық дереккөзі
237

Астанада «Kazatomexpo», «Power Astana», «MachExpo Kazakhstan», «NDT KAZAKHSTAN» көрмелері өз жұмысын бастады. Төрт бірдей өнеркәсіптік көрменің ашылу салтанатына Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары және шет мемлекеттерден келген қонақтар қатысты.

«Kazatomexpo» көрмесіне қатысқан «Росатом» компаниясының Қазақстандағы өкілі Виталий Рябов Ресей мен Қазақстан арасында АЭС салу туралы келісімге қол қойылатындығын мәлім етті.  «Ядролық салада Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығының дәстүрі мен тарихы терең. Қазір ол жаңа сатыға көтерілді: АЭС салу туралы келісімге қол қойылатын болады. Оны «Қазақстандағы бірінші атом стансасы» деп айтқымыз-ақ келеді,  дегенмен Ақтауда 30 жылдай бойы атом стансасы жұмыс жасағаны, өңірді қуатпен, жылумен және таза ауызсумен қамтамасыз еткені есімізде. Айтқандай, Ақтаудағы өнеркәсіптік ядролық реактор 2010 жылы ресми түрде жабылды. Бір қызығы, бұл «стансаның» жабылуы «Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жарқын беті» деп бағаланды. Оның  үстіне бұл әлемдік қоғамдастық тарапынан «ядролық қатерді азайтуға қосқан  қазақ елінің зор үлесі» ретінде танылды. Одан әкетілген «өз міндетін өтеген   отын МАГАТЭ кепілдігіндегі жаңа қауіпсіз қоймаға сақтауға қойылды», – деді Виталий Рябов. Виталий Рябов салтанатты  рәсімде «Росатом» компаниясының «Kazatomexpo» көрмесіне атом реакторларын әзірлеуші мамандардан, институттардан, АЭС үшін отын әзірлейтін кәсіпорындардан құралған делегация жібергендігін айтып өтті.

АЭС құрылысына бірден кірісіп кету үшін негізгі келісімдерді тыңғылықты дайындау қажет екен. Қазір Ресейде ведомствоаралық келісім жүргізілген. Ал Қазақстанда Үкіметтің қайта құрылымдануы, министрліктердің қайта ұйымдастырылуының әсерінен процесс біраз уақытқа кешіккен көрінеді. Қазақстанда АЭС салу туралы келісімге биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында қол қойылуы мүмкін екендігін ескертті «Росатом» компаниясының өкілі. Қазақ жерінде АЭС салуға Ресей қазір дайын отыр. Тек қандай қуаттылықтағы станса керек екендігі белгілі болса болғаны. Рябов мырза Ресейге Курчатов маңынан құрылыс орны бөлініп жатқандығын айта келе, екінші стансаның Балқаш маңында салынатындығына да тоқталды. Алайда Қазақстандық электроэнергетикалық қауымдастықтың төрағасы Шәймерден Оразалинов Балқаш маңында АЭС салудан Қазақстан бас тартқандығын алға тартты. Өйткені қазір ол маңда Оңтүстік Корея көмірмен жұмыс жасайтын Балқаш ЖЭС-інің құрылысын жүргізуде. Ал отандық АЭС-тің қай жерде салынатыны жақын уақытта түпкілікті шешіледі. «Бұл жерде бір нәрсені түсініп алу керек. Атом стансасын салу не салмау – кәсіби мамандардың үлесіндегі мәселе болуы тиіс. Меніңше, жерінің астында осынша уран байлығы бар және тиісті  отынды да шығаратын Қазақстанның солардан қуат өндіретін стансаны  салуы – қисынды іс. Қалай болғанда, соңғы сөз  – мамандарда. Ал АЭС-ті кім     салатынын өтетін байқау шешеді. Және онда әріптес көршілігі үшін емес,   технологиясының үздіктігі, құралының қауіпсіздігі үшін жеңуі тиіс», – деді Шәймерден Оразалинов.

Серіктес жаңалықтары