330
НКВД жендеттерінің ұрпақтары Путиннен араша сұрады
НКВД жендеттерінің ұрпақтары Путиннен араша сұрады
НКВД жендеттерінің ұрпақтары чекистер туралы мәліметтің жариялануына наразы. Олар Ресей президентіне хат жазып, Иосиф Сталиннің тұсындағы "Үлкен террор" - саяси қуғын-сүргінді іске асырған 40 мыңға тарта жендеттің аты-жөні мен олар туралы мәліметтерді жабуды сұрады, - деп хабарлады Азаттық.
"Мемориал" халықаралық құқық қорғау қоғамы таяуда "Үлкен террор" заманындағы НКВД қызметкерлерінің тізімін жариялады. Тізімде СССР бойынша НКВД-ның жеке құрамында 1935-1941 жылдары жұмыс істеген 41 668 адамның аты-жөндері жарияланып, оның 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат берілген. "Үлкен террор" кезіндегі НКВД қызметкерлері туралы мұндай мағлұмат бірінші рет жарияланды.
Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұрынғы НКВД агенттерінің бір топ ұрпақтары Владимир Путинге хат жазып, одан өздерінің бабаларына қатысты мәліметтерді жапқызуды сұраған. Олар өз хаттарында «қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары агенттердің балалары, немерелері мен шөберелерінен бабалары үшін кек алуы мүмкін деп қауіптенетінін» айтқан.
Айта кетейік, "Мемориал" ұйымы бұл мәліметтерді жинақтап, жариялаумен 15 жыл бойы айналысқан.