Әлем қазақтары әз-Наурызды асыға күтеді

Әлем қазақтары әз-Наурызды асыға күтеді

Әлем қазақтары әз-Наурызды асыға күтеді
ашық дереккөзі
50449
Екі жылға созылған пандемияға дейін ұлттық мерекелерді ерекше атап өтіп жүрген шетелдегі қазақтар биыл­­ғы Наурыз мерекесін асыға күтіп отыр. Індетке байланысты енгізілген шек­теулер біртіндеп алына бастаған қа­зір­гідей уақытта олар «Наурызды қалай той­­латамыз?» деп сол елдегі қауымдастық өкіл­дерінен сұрастырып, қауырт дайын­дық үстінде. Мемлекеттердің мәдени бай­ланысына тың серпін беріп, сонымен қоса ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, ру­­хани байланыстың арта түсуіне себеп­кер болып жүрген қауымдастық өкілдері Наурыз мерекесін бәрінен биік қоятынын айтады. Ұлық мереке қарсаңында Еуро­па­да, атап айтқанда Швеция мен Герма­ния­­да тұратын қандастарымыздың Нау­рыз мерекесін қалай атап өтетінін білу үшін ондағы қазақ қауымдас­тық­тары­ның төрағаларына хабарласып, әңгі­меге тартқан едік.  width=Мұрат ЕРМІШ, Еуропадағы қазақ қоғамы федерациясының президенті, Швеция қазақтары қоғамының төрағасы:

Қазақтар Стокгольмдағы 30 мыңға жуық көрермен алдында ән салып, би биледі

– Қазір Швецияда 90-ға жуық қазақ отбасы тұрады. Бұл есепке кірмейтін, біз танымайтын біраз отбасы бар. Қазақтардың көбі ел астанасы Стокгольмнан 100 шақырым жерде орналасқан Вестерос қаласында тұрады. Онда мен басқаратын қазақ қоғамы белсенді жұмыс істейді, өзіміздің бас қосатын жеріміз бар. Одан бөлек, басында шіркеу болып ашылған ғимаратты 1995 жылы сатып алып, мешітке айналдырдық. Негізі, біздің қауымдастықтың бағдарламасы жастарға көп мүмкіндік береді. Салт-дәстүрімізді насихаттап, ән мен күйді қалай орындап, биді қалай билеу керек екенін де үйретеміз. Ұлттық мерекелерде үйренгенімізді ортаға салып, көңіл көтереміз. Алайда әлемді дүрліктірген індет кесірінен екі жыл бойы жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Ал қазір Швецияда шектеулер күшін жойған уақытта жұмысты жандандырып, «Наурыз мерекесін қайтіп тойлатсақ болады? Не істейміз?» деп бас қатырып жүрміз. Негізі, біз күн мен түн теңеліп, жер жаңарып, көктемнің келгенін, жаңа жылдың лебін айқын сездіретін Наурыз мейрамын пандемияға дейін дүбірлетіп атап өтетінбіз. Жеңгелеріміз Наурыз мейрамының басты тағамы – көже дайындап, бауырсақ пен жеті шелпек әзірлейді. Көжені Қазақстанның әр аймағында әртүрлі әзірлейтіндей, осында да Түркиядан Еуропаға көшкен әпке-жеңгелеріміз әртүрлі дәм қосып пісіреді. Әйелдер қауымы камзол, ал біз болсақ шапанымыз бен бөрігімізді киіп, дастарқан басына жиналып, шүйіркелесіп, арқа-жарқа боламыз. Екі жыл бойы үйде «қамалып» отырған көпшілік те «Шығайық, билейік, көңіл көтерейік!» деп Наурыз мерекесін асыға күтіп отыр. Биыл біз 22 наурыз күні коронавирус салдарынан қайтыс болған, әрі жыл басында атажұртта болған қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан бауырларымыздың рухына бағыштап ас беріп, Құран оқытып, еске алмақпыз. Содан соң жыл сайынғы дәстүр бойынша бұл ұлық мерекені сән-салтанатпен қарсы алатын боламыз. Жастар да уақытты көңілді өткізеді, тоғызқұмалақ ойнайды, одан қалса асық атып, жарысады. Ойын ережесін білмейтіндерге үйретеміз. Бірақ «осы ойынды ойна» деп қинамаймыз. Кейбірі доп тепкісі келеді, ал енді бірі билегісі келеді. Би демекші, Наурыз мерекесінде жиналған жұрт «Қара жорғаға» билемейінше тынышталмайды. Арамызда қазақша көп әнді жатқа білетін, бас қосқан сайын әндететін ағамыз бар еді, ол кісі жақында дүние салды. Сондықтан біздің бар білетініміз – осы би. Балаларымыз да бұл биге қызығады. «Не қалайсыңдар, балалар?» деп сұрасақ, «Қара жорға» деп жамырай жөнеледі. Бір рет қана билесе жөн ғой, қайта-қайта қойдыртып, 5-6 рет билейді. Бұл биді қалай билеу керек екенін қазақтар түгілі, бұған қызыққан шведтерге де үйреттік. Бірақ Наурыз мейрамын атап өтер кезде жер аумағы шағын болғандықтан, шведтерді көп  width=шақыра бермейміз. Десек те, олар біздің салт-дәстүріміз, мәдениетімізбен Стокгольмде өтетін іс-шараларда таныса алады. Әзербайжан, түріктер қоғамының өкілдері жыл сайын сәуір айының ортасында бас қаладағы патша сарайының бау-бақшасында «той» жасап, үлкен іс-шара ұйымдастырады. Бұл мерекенің жоғары деңгейде өтуіне біз де атсалысамыз. Жеке шатыр құрып, жиналған көпшілікке ұлттық киімдерімізді дәріптеп, ұлттық тағамдарымызды ұсынамыз. Ал жас өнерпаздар үлкен сахнаға шығып, 30 мыңға жуық тұрғынның алдында домбыра тартып, «Қара жорғаны» нақышына келтіріп билейді. Сондай кезде буыны қатқан шведтер де бұл биді үйреніп алып, сахна алдына шығып, өнерін ортаға салады. Негізі, қазіргідей жаңа технология заманында Наурыз мерекесінің маңызын жастар көп түсінсе екен деймін. Өкінішке қарай, бұрын балаларымызбен бірге отырып кино көретін едік, сабақты бірге орындайтын едік. Ал қазір мұның барлығы келмеске кеткендей. Телефонға тәуелділік қазіргі заман дертіне айналды. Десе де, біз өзімізден тараған ұрпаққа атамыз, әкеміздің бізге айтқанын айтып, үйреткенін үйретуге тырысып жүрміз. Мысалы, өткенде екі қойды әкеп, ер балаларға оны қалай сою керек, етті қалай мүшелеп, жіліктеу керек, бас табаққа қандай ет салу қажет екенін көрсеттік. Келе алмағандарына видеоға түсіріп, біліп жүрсін деген ниетпен жолдадық. Біздегі басты мәселе – жастарымыздың ана тілімізде сөйлемеуі. Ағылшын тілінде әлем жұртшылығы сөйлейтіндіктен, балалар да қазір соған басымдық беруде. Алысқа бармай-ақ, өз отбасымдағы жайтты айтайын, қазір балаларыма түрік тілі мен қазақ тілін үйрету қиынға соғып жатыр. Қазір Қазақстанда ашылған «Отандастар» қоры шетел қазақтарына қазақ тілін онлайн форматта үйретіп жатқанын білемін, бірақ онда үйренемін деушілер саны шектеулі. Үлкендеріміздің осыншама жыл бойы ұлттық құндылықтарымызды сақтап келгеніне, оны бізге мирас етіп жеткізгеніне таңғаламын. Біз Швецияға менің 5 жасымда көшіп келдік. Ес білгелі анам «Қазақтан қыз аласың» деп қадап айтып жүрді. Ол кезде Қазақстан тәуелсіздігін алмаған. «Жеке мемлекет емес қой» дегенімде, анам «Бәрібір ұлттығымызды сақтап қалуымыз қажет» деп құлағыма құйып отыратын. Содан болар, туыстарымыздың түгелі қазақпен құда болды. Тек Швеция қазақтары қоғамының емес, Еуропадағы қазақ қоғамы федерациясының президенті болғандықтан, іссапарға жиі шығамын. Париждегі қазақтар 27 наурыз күні Наурызды жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отыр. Осындағы қалың бұқарамен тойлаған соң, Париждегі қазақтармен бірге тойлату үшін сонда жол жүргелі отырмын. Сосын Ыстанбұлда өтетін Түркі мемлекеттері өкілдерінің жиналысына қатысып, ондағы қазақтарды құттықтап қайтамын. Қайыра айтқанда, Наурыз мейрамын отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап тойлағалы тұрмын. Әр қазақтың үйінен татулық пен бірлік кетпесін! Бұл екеуі болмаса, бұл өмірдің сәні де, мәні де жоқ. Екі дүниенің жақсылығын тілеймін! Егемендігіміз мәңгілік болсын! Елдігімізге бекем болайық, тілі мен ата дәстүрін ұмытпайтын қазақ болайық!  width=Валерий ОСТВАЛЬД, Qazan e.V. неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы: – Қауымдастық әдепкіде неміс-орыс қауымдастығы ретінде ашылған, бірақ екі жыл бұрын осында тұратын қазақстандықтар жеке қоғам құрғымыз келіп, ақырында атауын өзгертіп, құжаттарын түзетеміз деп біраз шапқылағанымыз бар. Қауымдастық құрылғанға дейін Жаңа жыл, 8 наурыз, Күзгі бал секілді мерекелерді бірге тойлататынбыз. Кейін қауымдастық Qazan e.V. деп ресми атала бастаған соң, Наурыз мерекесін де кең көлемде атап өтуді қолға алдық. 2018 жылы біз ұйымдастырған Наурыз мейрамын тойлатуға 400 адам тіркелсе, келесі жылы бұл көрсеткіш мыңнан асып жығылды. Екеуінде де бұл ерекше мерекені жоғары деңгейде атап өттік. Наурыз көше тұрғындары бірігіп тойлайтын мереке болғандықтан, ашық аспан астында концерт қойып, таңертең сағат 11-ден бастап түнге дейін тойлатқанымыз бар. Қазақша ет пісіріп, бауырсақ пен жеті шелпек әзірлеп, аста-төк дастарқан жайдық. Қазақша ет демекші, бұл тағамды Қазақстанға қарағанда осында көп жеймін. Үйде мұны біз әр апта сайын, тіпті кейде аптасына екі рет әзірлейміз. Сондықтан біздің іс-шараға келген қонақтарға алдымен осы тамақтан дәм татуды ұсынамыз. Одан қалса, қымыз ұсынамыз. Қазақстанда тұтқынға түскен қайын атасы арқылы жылқы бағуды, қымыз жасауды үйренген неміс Ганс Цольман да біздің іс-шараларға қуана-қуана қатысады. 2018 жылы Наурыз мерекесін тойлатқан кезде ол сахнаға шығып, бұл кәсіпке қалай келгенін, қалай үйренгенін әңгімелеп берген еді. Ал келесі жылы мерекелеген Наурыз мейрамына оның әйелі мен қызы келді. Ганс өткенде Франкфуртте қазақ мәдениетін насихаттауға бағытталған фотокөрмеге қатысып, қолдау білдірген болатын. Мен Қазақстаннан Германияға 20 жасымда келгенмін, сондықтан қазаққа қатысты көп нәрсе жадымда сақтаулы. Штутгарт қаласының маңындағы Салах елді мекенінде 600 шаршы метрге жайылған жеке аумағымыз бар. Көп іс-шараны осында өткіземіз. Онда тұрғызылған ғимараттың бірінші қабатында мейрамхана, ал екінші қабаттағы залдың біреуі киіз үй тәріздес қылып безендірілген. Ал бірақ есік алдында елден әкелінген үлкен киіз тігулі тұр. Өткенде киіз үйдің сыртын тұтас жауып тұратын үзік сатып алған едік, өлшемі дұрыс келмей қалды. Германияда ылғалды ауа райы болғандықтан, киіз үйдің өңі «бұзылып» кетпесін деп, оны күтіп ұстауға тырысып жүрміз. Наурыз мерекесі күні сол киіз үйде тамақтанған соң, сыртқа шығып, арқан тартыс ойнаймыз. Қазір қымыз ішу үшін Ганстың фермасына баратындардың қарасы көп. Ал қазыны Mercedes-Benz компаниясының зауытында жұмыс істеп жүрсе де, қазы айналдыруды сүйікті ісі санайтын Арман Болысбековтен аламыз. Ал жайма нанды осындағы неміс фирмасы әзірлеп шығарады. Білуімше, сол компания өкілдері алдағы уақытта қазақстандықтармен байланыс орнатқысы келеді.  width=Осылайша, Наурыз тойлауға қажеттінің барлығына қол жетіп тұрған соң біздегі мерекенің қандай жоғары деңгейде өтетінін ойлай беріңіз. Бізбен бірге атойлатып тойлау үшін тіпті 300 шақырым жерде орналасқан аймақтардан келетіндер де бар. Қала әкімі де қатысып, қызығып кеткен болатын. Сосын олар 2019 жылы Наурыз секілді ерекше атап өтетін қала күні мерекесін тойлауға шақырып, бізге арнайы орын беріп, ұлттық тағамдар мен киімдерді насихаттауға мүмкіндік жасаған еді. Биыл тағы шақырып жатыр. Осы жолы ерекше дайындықпен барғымыз келеді, алаңға келген халық мәдениет, әдебиеттен хабар алса екен дейміз. Өйткені Германиядағы көпшілік Қазақстанның қандай ел екенін әлі біле бермейді. Бүгінде елшілік, бас консулдық арқылы қауымдастықтың жұмысы таныла бастаған соң биыл 3 мыңнан астам адам Наурыз мейрамын атап өткісі келетінін айтып, ниет білдірді. Алайда Германияда осыншалық көп адам жиналуға рұқсат берілмегендіктен, биыл Наурызды ұлан-асыр қылып атап өте алмаймыз. Жартысын ғана шақырып, қалғанының кеудесінен итеруге тағы болмайды. Бірақ 22 наурыз күні қауымдастық қызметкерлерімен атап өтуді көздеп отырмыз. Ал күзде барлық шектеу алынып тасталған кезде Наурыз мерекесінде бас қосқысы келген 3 мың адамды жинап, Қазақфест жасамақ ойымыз бар. Күзге дейін бірнеше іс-шара атқармақшымыз. Былтыр Мюнхенде тұратын неміс қыздары өз қолымен киіз үй жасағысы келіп, елшілік оларға көмектескен болатын. Ал біз қазақша ет, бауырсақ әзірлеп, киіз үй туралы бар білетінімізді айтып берген едік. Олар киіз үй жасауды биыл аяқтап, көпшілікке көрсеткен еді. Тым үлкен етіп әзірлеген әрі кейбір тұсы дұрыс құрастырылмаған. Десе де, киіз үй жасау технологиясын білмесе де, олардың бұл ниетіне риза болдық. Сол идеядан туындаған Юртафестті биыл мамыр айында өткізбекшіміз. Жалпы, алдағы уақытта Наурыз мейрамын 10 мыңнан астам адам тойлайтын мереке деңгейіне жеткізгіміз келеді. Мұны көп адам көрсе, бұл мереке туралы көп білсе дейміз. Сосын тек Штутгарт маңында емес, Германияның басқа өңірінде, тіпті көршілес Швейцарияға барып ұйымдастырғымыз келетінін жасырмаймын. Қауымдастықтың жұмысы жылдан-жылға алға басып келеді, қызметкерлер саны да ұлғаюда. Алдағы уақытта діттеген бұл мақсатымызға жетеміз деген ойдамын. Айналаңызға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаудың өзі – баға жетпес бақыт! Сондықтан көңілді кір шалмасын! Береке, бірлік, бейбіт өмір тілеймін! Наурыз мейрамы құтты болсын!

Серіктес жаңалықтары