Қызын аяусыз ұрып-соққан әйел 200 сағаттық жұмысқа жегілмек

Қызын аяусыз ұрып-соққан әйел 200 сағаттық жұмысқа жегілмек

Қызын аяусыз ұрып-соққан  әйел 200 сағаттық жұмысқа жегілмек
ашық дереккөзі
238
9 жастағы қызын аяусыз сабаған алматылық келіншек 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылатын болды. Сот осындай шешім шығарды. Бірақ Алмалы аудандық білім басқармасына қарайтын қамқоршылық орган мұндай жазаға қанағаттанбайтындарын айтты. Олар Әсел Төрені аналық құқынан айыруды сұрап отыр деп хабарлайды Астана арнасы. Әсел Төре туған қызын аяусыз сабаған. Істі егжей-тегжейлі қараған тергеушілер бір ай бұрын осындай қорытынды жасаған болатын. Тіпті уақытша оқшаулау абақтысына да қамалды, бірақ бірер аптадан соң бостандыққа жіберілді. Жеткіншектің азабына төзе аламаған көршілері, құқық қорғау органдарынан көмек сұраған болатын. Іс сотқа жетіп, бір ай бойы қаралды. 28 қарашада ақырғы шешім шығарылған сот жабық өтті. Бірақ судья соттан соң сұқбат берді. "Бүгін сот 27 жастағы Әсел Төреге қатысты үкім шығарды. Қылмыстық кодекстің 140 бабы, 2 тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Келіспеген жағдайда 15 күн ішінде шағым түсіруге құқығы бар", - дейді Алматы қаласы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Баймурзина. Үнемі бет-әлпеті көгеріп жүретін балғынды әуелі ұстаздары байқаған. Шешесінің оңдырмай ұратынын кейін көршілері де растап, сотта куәгер болған еді. "Кішкентай қыздың басын қабырғаға ұратын. Қызы үнемі сұрағанда алдайтын, бетімді мысық тырнап алды, деп. Кейіннен бәрі белгілі болды", - дейді Әсел Төренің көршісі Галина Кирюхина. Жалғыз басты әйелге аналық борышын дұрыс атқармағаны үшін бұған дейін бірнеше рет ескерту жасалып, әкімшілік жауапкершілікке де тартылған. Бірақ ол қызын ұрғанын тоқтатпаған. Сондықтан қамқоршылық орган өкілдері оны аналық құқынан айыру керек деп отыр. Судьяның айтуынша, әйел баласына жасаған қиянатына өкінетінін айтқан. Десе де осындай қадам арқылы қызының тәртібін түземек болдым деген. Қазір 9 жасар қыз туыстарының қарауында. Денсаулығы оңалып, мектепке барып жүрген көрінеді. Бауырына басар туыс тапқанша, Қамқоршылық орталығының мамандары бала жағдайын жіті бақылауда ұстаймыз деп отыр.

Серіктес жаңалықтары