50277
Үш есе арзанға сатылған кәсіпорын мемлекетке қайтарылатын болды
Үш есе арзанға сатылған кәсіпорын мемлекетке қайтарылатын болды
Алматы облысының әкімдігі «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКК-ны мемлекет меншігіне қайтару шараларын жүзеге асыруда деп жазды turkystan.kz.
Бұл компания қаланың сыртқы жарықтандыру жүйелерін автоматтандырылған және орталықтандырылған басқаруға жауап береді. 2021 жылдың желтоқсан айының соңында Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКК тендер арқылы сатылған.
Алматы әкімдігі баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, бұл конкурста жергілікті «ABM Group.com» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Алайда, тендерге шығарылған кәсіпорынның болжамды құны 14,8 млрд теңге болғанына қарамастан, ол тек 4,6 млрд теңгеге сатылып кеткен.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті 2020-2021 жылдарға арналған қаланың сыртқы жарықтандыру жүйелерін автоматтандырылған орталықтандырылған басқаруды ұсыну бойынша қызметтерді көрсету нарығындағы бәсекелестік жағдайына талдау жүргізді. Осы нарықта «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКҚК-ның үлесі бар. Бұл ұйымның монополиялық жағдайға ие екендігі анықталды», - деп хабарлады әкімдік өкілдері.«Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР заңының нормаларына сәйкес, монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдарды жекешелендіру туралы шешімдер қабылдау ел Үкіметінің құзыретіне жатқызылған. Осылайша, Алматы әкімдігінің «Алматы қала жарық» ШЖҚ МКК-ны жекешелендіру туралы шешімі заңнама нормаларына қайшы келеді және бәсекелестікті шектейді. «Алматы қала жарықты» жекешелендіру стратегиялық мемлекеттік кәсіпорынның жоғалуына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Алматы әкімдігі кәсіпорынды жекешелендіру туралы шешімнің күшін жою шараларын қабылдауда.