50898
Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір
Американың Индиана университетінде қазақ тілін үйретіп жүрген Мөлдір
Бұған дейін кәрі құрлықтың белді университеттерінде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс оқып жүрген мамандар туралы жиі жазған едік. Сол кезде «Ал Америкада қазақ тілін оқытып жүрген кім бар екен?» деп қызыққанымыз бар. Мөлдір Оразбаева – АҚШ-тағы жетекші ЖОО-лар қатарына енетін Индиана университетінде америкалықтарға қазақ тілін үйретіп жүрген жас мұғалім. Америкада қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дұрыс жолға қоюға бағытталған Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасының грантын ұтып алған Мөлдір америкалықтардың қазақ тіліне деген қызығушылығы зор екенін айтады. Елге келген соң, Америкада жиған-тергенін қазақстандық студенттерге бөлісуді көздеп жүрген Мөлдірге хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Индиана университетінің студенттеріне қазақ тілін үйрету мүмкіндігі қайдан туындағанын сұрамас бұрын, алдымен қиыны мен қызығы қатар жүретін ұстаздық қызметке қалай араласқаныңызды айта кетсеңіз.
– Жалпы шет тілін, соның ішінде ағылшын тілін үйрену процесіне деген қызығушылық бала кезімнен бастау алған. 6 жаста болғанымда анам Жезқазғандағы Оқушылар сарайына ертіп келіп, «Көңілің қалаған үйірмені таңда» дегенде «ағылшын тілі курсына барамын» деп айтқаным есімде. Сосын, есіңізде ме, бір кездері Қазақстанның алыс аймақтарына ағылшын тілін үйреткісі келетін америкалық еріктілер келіп, лагерь ұйымдастырып, қызыққа толы сабақтар өткізетін еді ғой. Сол мамандардың өткізген сабақтарынан әсер алғаным соншалық, оқуға деген ынтызарлығым бұрынғыдан бетер арта түсті. Сөйтіп, Жезқазғанда орта мектепті тәмамдаған соң Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алдым. Екінші шет тілі қытай тілі болғандықтан, 2-курста академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Қытайда бір семестер оқыдым. Ол оқудан келген соң, қытай тілін үйренуге қызығушылығым жоғарылап, оны жетік меңгеруді мақсат еттім. Еліміздегі Конфуций институты филиалының өкілдері қытай тілін меңгергендерге арнайы шәкіртақы тағайындап, аспан асты еліне оқуға жібереді. Ол грантты ұтып алған мен бакалавриатта оқып жүріп Қытайда тағы бірнеше ай оқып келдім. Содан соң «Болашақ» бағдарламасымен пара-пар Қытай мемлекеттік грантын жеңіп алып, Шандон провинициясында орналасқан Циндао университетінде магистратура бөлімінде білім алдым. Онда оқып жүргенде белсенділік танытып, көп іс-шараға қатыстым, әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде, Теңіз экспосында қазақ және қытай тілінен аудармашы болып жұмыс істедім. Магистратураны бітірген соң, өзім оқыған Қарағанды мемлекеттік университетінің басшылығы оқытушылық қызметке шақырып, еңбек жолымды сонда бастадым.
– Ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне Америкада қазақ тілін насихаттауға мүмкіндік беретін Fulbright Foreign Language Teaching Assistant бағдарламасы жайлы бұрыннан білетін бе едіңіз?
– Жоқ. Қарағанды мемлекеттік университетінде сабақ беріп жүргенімде қатарымызға Валерий Сартор деген фулбрайтер келіп қосылды. Ол жоғарыда сіз айтып өткен бағдарлама бойынша қазақстандықтарға ағылшын тілін оқыту, сондай-ақ диссертация тақырыбына байланысты зерттеу жүргізу үшін Қарағандыға келген болатын. Мен онымен көп әңгімелесіп, Қарағандының көрікті жерлерін көрсетіп, қолдап жүретінмін. Бірде ол «Дәл осы бағдарламамен Америкаға барып, ондағыларға неге қазақ тілін үйретпеске?» деп ой салды. Сөйтіп, бірінші мүмкіндіктен-ақ бұл грантты ұтып алдым. Неге бірінші мүмкіндік десеңіз, бұл бағдарламаға Қазақстан бойынша жылына 100-ден астам үміткер тапсырады, бірақ бұл – жылына бір, кейде екі мұғалімге ғана берілетін мүмкіндік. Кейбір америкалық университеттер қазақ тілі сыныбын ашса да, екінші жылы студенттер тарапынан сұраныс болмаса оны жауып тастауы мүмкін. Негізі, аталған бағдарлама бойынша мұхит асып, америкалықтарға қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім санының көп болуы студенттердің сұранысына байланысты.
– Демек іріктеу қатаң жүргізіледі ғой...
– Әлбетте. Құжат тапсырып, өтініш жазған соң, «Америкаға неліктен барғыңыз келеді?», «Әріптестеріңізге қандай үлгі көрсетесіз?», «Қазақ мәдениетін қалай насихаттайсыз?» тақырыптары бойынша эссе жазуыңыз қажет. Одан өткен соң, Америкада бұл грантты тағайындайтын мемлекеттік басқарма мен біздегі елшілік өкілдері ағылшын тілінде сұхбаттасады. Бұл кезеңнен іркелмей өткен соң, қазақ тілін меңгеру деңгейіңізді тексереді. Мысалы, менен Хангук шет тілдер университетінде қазақ тілінен сабақ беретін профессор Әлия Құрышжанова емтихан алды. Ең соңында ағылшын тілін жетік меңгергеніңізді айқындайтын TOEFL емтиханын тапсыруыңыз қажет. Бастапқыда тапсырған 100 адамның ішінен TOEFL емтиханына төрт қана үміткер жіберілді. Олардың арасынан топ жарып, шетелде қазақ тілін оқыту мүмкіндігі бұйырғанына қатты қуаныштымын.
[caption id="attachment_173210" align="alignnone" width="1280"] Сабақ барысында[/caption]
– Елшіліктің ресми сайтында бұл бағдарлама «Америка университеттері мен колледждерінде қазақ тілі пәнінен сабақ беруді дамытуға көмектеседі» делінген. Бізді Американың ЖОО-ларында қазақ тілін үйренгісі келетін америкалық студенттерге мүмкіндік жасалатыны таңғалдырып отыр.
– Иә, қазақша сөйлегісі келетін америкалықтың Америкадан ары аспай-ақ ана тілімізді үйренуге мүмкіндігі бар. FLTA жетекшілері маған оқу бағдарламасына қазақ тілі пәні кіріктірілген екі университет: Индиана мен Джорджия университеттерінің біреуін таңдау құқығын берді. Индиана университетінде Орта Азия елдерінің тілі мен мәдениеттін зерттеуге бағытталған кафедра бар. Онда оқитын студент осы аймаққа кіретін елдердің бірінің тілін үйренуі қажет. Ал Джорджия университінде орыс флагманы бағдарламасы бойынша оқытылатын қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып қояды. Онда Қазақстанның ірі қалаларына барып, орыс тілін үйренгісі келетін студенттер алдымен қазақ тілінен емтихан тапсыруы қажет. Осылайша, олар бұл емтиханнан мүдірмей өту үшін қазақ тілінің бірнеше деңгейін меңгеруді көздейді. Индиана университетіндегі кафедраны таңдаған себебім – онда қазақ тілі ешбір тілдің көлеңкесіне жасырынбай, негізгі тіл ретінде оқытылады, сондай-ақ Қазақстан туралы да көп мәлімет беруге мүмкіндік бар. Мен – Индиана университетінде қазақ тілінен сабақ беретін жалғыз мұғаліммін. Мұны мен ана тілімізді, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу үшін маған берілген бақ деп білемін. Айта кетерлігі, мен сабақ беретін студенттердің басым бөлігі – қазақ тілін жүрдім-бардым емес, шындап үйренгісі келетін энтузиастар. Қазақ тілін үйренудегі мақсатын түсіндірген олардың бірі «Қазақстанда көздің жауын алатын жер көп. Алдағы уақытта сонда саяхаттап бармақпын. Сол кезде қазақтармен қазақша сөйлеп, барлығын өзім сұрап білгім келеді» деп түсіндірсе, америкалықтар Қазақстаннан асырап алған, ұлты бөлек екінші студентім «Мен – Қазақстаннанмын, сол үшін қазақ тілін білуім тиіс» дейді. Олар мектепте Орта Азия елдерінің географиясын оқымағандықтан, осы аймақта орналасқан әсем жерлер туралы естіп-білген соң, өз көзімен көргісі келеді. Содан соң докторантура бөлімінде оқитын студенттер Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға қызығатындықтан қазақ тілін үйренгісі келетінін айтады. Ал хоккейге қатты қызығатын бір студентім университетте дәл ортасында елтаңбамыз бейнеленген, Қазақстан деген жазуы бар ұлттық құраманың жейдесін киіп жүреді. Қазақстандық хоккейшілердің өнерін бақылап, ойынын қалт жібермей, жанкүйерлік танытады. Жалпы, америкалықтар бірегей, жан-жақты болу үшін көп елдің мәдениетінен хабардар, сарапшы болғанды жөн санайды.
[caption id="attachment_173209" align="alignnone" width="2048"] Студенттермен бірге[/caption]
– Университет ішінде жеке кабинетіңіз бар ма? Студенттерді қалай іріктеп алдыңыз? Аптасына қанша рет сабақ бересіз?
– Маңдайшасында Kazakh Fulbright Teaching Assistant деп жазылған жеке кабинетім бар. Ал іріктеу туралы сөз етсем, мен Америкаға келгенге дейін кафедра администраторлары жаз бойы қазақ тілі сабағына қатысқысы келген студенттерді іріктеп қойған. Мен тек дайын тұрған тізімді алып, онда тізілген студенттерді деңгейі бойынша екі топқа бөлдім. «Қазақша мүлде білмеймін. Бастапқы деңгейде оқығаным дұрыс» дегенін бірінші топқа бөлдім. Ал қазақ тілін бұрыннан үйреніп жүргендерді тестілеуден өткізіп, орташа деңгейді үйрететін топқа енгіздім. Ал үшінші топта жоғарыда айтып өткен Джорджия университетіндегідей Қазақстанға барып орыс тілін үйрену үшін қазақ тілін меңгеріп жүрген студенттерге сабақ беремін. Бастапқы деңгейді оқып жатқан бірінші топқа аптасына бес рет сабақ беремін. Оларды күн сайын интенсивті түрде оқыту қажет. Ал екінші топтағылар аптасына төрт рет оқиды. Үшінші топ орыс тіліне басымдық беретіндіктен оларға аптасына бір-ақ рет сабақ өткіземін, бірақ бұл сабақ екі сағатқа жалғасады. Айта кетерлігі, біздің университетте 100-ден астам тіл оқытылады, тіпті ұйғыр, күрд тілдері бойынша курстар жүргізіледі. Бірнеше тілді қоса үйреніп жүрген америкалықтар таза сөйлегенді құп санайды, кейбіреулер секілді түбі бір түркі тілдерін араластырып сөйлемейді. Қырғыз тілін жақсы білетін бір студентім сабақ кезінде тек қазақша сөйлеп отырады. Мен де сабақты тек қазақ тілінде жүргіземін, бір күнде өтетін қаптаған ағылшынтілді сабақтардың ішінде кемі бір сағатын өзге тілде сөйлеуді үйренсін, қазақтілді ортада жүргендей сезінсін деп ағылшын тілін араластырмауға тырысамын.
– Еуропа университеттерінде қазақ тілінен сабақ беретін профессорлар шетелдіктердің төл дыбыстарымызды дыбыстауды қиын көретінін айтады. Сіздің сабағыңызда да солай болған шығар?
– Иә, төл дыбыстарды шатастырады. Бірақ мен оларды ажырата білетін жақсы жүйе ойлап таптым. Әр төл дыбысты бір сөзбен байланыстыруды үйреттім. Мысалы, ү әрпі кездесетін сөзді дыбыстау керек болса «Қандай ү? Үй сөзіндегі ү ме?», «Төр сөзіндегі ө ғой?», «Бірлік сөзіндегі і-ні айтып тұрсыз ба?» деп байланыстырады. Бастапқыда олардың үндестік заңын түсінбей қиналғаны бар. «Неге мектептар емес, неліктен мектептер?» деп сұрайды. Сосын қазақ тілінде сингармонизм бойынша сөздердің не біркелкі жуан, не біркелкі жінішке болып айтылу қалыбы бар екенін айтып түсіндіремін. Тағы бір қиналатыны, ағылшын тілінде сөйлем алдымен бастауыш, сосын баяндауыш, содан соң толықтауыштан құралады. Ал олар бастауышпен басталып, баяндауышпен аяқталатын қазақ тілінде сөйлем құрауды қиынсынып, автоматты түрде ағылшын тілінің құрылымы бойынша сөйлем құрайды. Ондай кезде «Қазақ тілінде ереже солай ма еді? Қане, есімізге түсіріп көрейікші» деп, ережені қайталатқызамын. Ә дегенде көбі қиналатын еді, ал қазір барлық ережені жетік біледі. Десе де бай қазақ тілінің кейбір сөздерін түсіндіруімді талап етіп, ақырында бар уақытым соған кетіп қалады. Мысалы, біздегі тәлім-тәрбие деген сөздің мағынасын дөп беретін ағылшын тілінде эквивалентті сөз жоқ. Көпшілігі upbringing деп айтып жүр, бірақ бұл – дұрыс емес, бұл термин өсе келе пайда болатын процеске байланысты айтылады. Ал шетелдіктерге үлкендердің үлгісімен, көрсеткен өнегесімен, салт-дәстүрімізбен кішкентайымыздан бойымызға сіңетін тәлім-тәрбиенің мағынасын түсіндіру оңай емес екен. Сосын олар «Ән айтамыз», «Әңгіме айтамыз» дегенді естіген соң «Сонда сіздер біз секілді «sing the song» деп емес, «say the song» деп айтасыздар ма? Әнді қалай айтуға болады, әнді шырқамай ма?» деп сұрақтың астына алады (күліп). Сабақ үстінде ойламаған жерден осындай сұрақты көп қояды. Барлығын арнайы видео, бейнематериалдар, презентация әзірлеу арқылы түсіндіруге тырысамын.
[caption id="attachment_173212" align="alignnone" width="2048"] Наурыз мерекесін тойлау кезінде[/caption]
– Сабақ үстінде мәдениетіміз туралы да төпелей сұрайтын болар.
– Иә, оларды ұлттық бірегейлігімізге қатыстының барлығы қызықтырады. Сабақ ортасында «Неге сіздер дәл осылай жасайсыздар?», «Қалай сонда?» деп таңғала сұрайды. Апта сайын еркін форматта әңгілемесу сағатын өткіземін. Сонда олар салт-дәстүр туралы көп білгісі келетінін айтады. Қыз қуу туралы естіген бойда «Қызды неге қуасыздар сонда?» деп сұрайды, көкпар ойынын сөз етсем, «Неге ешкінің терісін ғана қолданасыздар?» деп сұрақтың астына алады. Мұның барлығын кішкентайдан біліп өскеніміз өз алдына, дегенмен алдыңа өзге ұлт өкілі келіп, себебін сұрағанда «қалай түсіндірсем болады?» деп қипалақтап қалады екенсің (күліп). Түнеугүні Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» өлеңін оқытсам, «Қалай сонда? Қазақтар қалайша мың рет өліп, мың рет тіріледі?» деп сұрайды (күліп). Бірақ олар осындай сөйлемдердің астарына үңіліп, сырына қанығып, тұңғиығына терең бойлаған сайын ана тіліміздің құдіреті шексіз екенін түсіне бастағандай. Содан соң «Қызық екен, иә. Ал бізде былай...» деп салыстыратын болды. Өткенде елден әкелген көп асықты алып, сыртқа шығып, ойнатқыздым. Сонда олар балалық шаққа саяхаттап, сол кездегі ойнаған ойындарын еске алды. Кеше Наурыз мерекесінде камзол киіп, бауырсақ пісіріп әкелдім. Сосын ұлық мерекенің Қазақстанда қалай тойланатынын айтып, наурыз көже, алтыбақан, бата беру туралы дәріс оқыдым. Қазақтардың жетіні неліктен киелі сан деп есептейтінін де түсіндірдім. Жалпы, қазір олар біз туралы көп дерек біледі деп мақтанышпен айта аламын. Бағдарлама ережесіне сәйкес мұнда тоғыз ай ғана сабақ беремін, десе де алдағы уақытта барлығы Қазақстанға келетін болғандықтан, тілді ұмыта қояды деп ойламаймын. Кейбірі келесі жылы басқа мұғалім келсе оқуды жалғастырмақ ойы бар. Бірақ оларға «қазақша сөйлескілерің келсе, күн демей, түн демей, маған хабарласыңдар, әркез көмектесемін» деп осы бастан айтып жүрмін.
– Америкалықтарды ана тілімізді үйренуге ынтықтырудан бөлек, өзіңіз де көп нәрсе үйреніп жүргенге ұқсайсыз. Оқытушылықпен қатар, сіз де студент ретінде білім алып жүрсіз бе?
– Иә. Бізге бірінші семестрде екі курс бойынша сабақ оқу міндеттеледі. Алғашында лингвистика және психолингвистика пәнін оқып, сосын көп оқытылмайтын тілдерді оқыту әдістемесі курсынан көп нәрсе үйрендім. Қазақ тілі көп оқытылмайтын тілдер тобына кіретіндіктен, оны оқыту әдістемесін әлем тілдері арасында көш бастап тұрған үздік бес тілді үйретудің әдістемесімен тіпті салыстыруға келмейтіні белгілі. Сондықтан қазақ тілін әлеме әйгілегіміз келетін біздің шетелдіктерден үйренеріміз көп. Ал осы семестерде жаһандық нарратив және мультикультурализм, америкалық мәдениет және ағылшын тілін шет тілі ретінде оқыту (TESOL) бойынша дәрістерге қатыстым. Бұйырса, мамыр айында елге қайтамын. Әрбір фулбрайтер бағдарлама біткен соң еліне барып, екі жыл жұмыс істеуі қажет. Осында жиған-тергенімнің барлығын қазақстандық студенттерге үйретуге асықпын. Мақтанбаймын, бірақ менің тіл үйретуден талантым бар деп ойлаймын. Бұған дәлел көп, нәтиже де жетерлік. Айналам да үнемі айтады. Ағылшын десе ағылшын, қытай десе қытай, қазақ десе қазақ тілін үйретемін. Алдағы уақытта шетелдіктерге қазақ тілін оқытуды жалғастыра беруім мүмкін. Бәлкім, басқа тілді үйретуге көңіл бөлуім ықтимал. Десек те қазір бойымды кернеген басты мақтаныш – Америкада қазақ тілі үйретуге бар күшімді салғаным. Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Студенттерім фойеде мені көріп қалса анау жақтан «Сәлеметсіз бе, Мөлдір Ғалымжанқызы!» деп бүкілінің көзінше айқайлап келіп, амандасқанда ет жүрегім елжіреп сала береді. Үзіліске шығып тұрған басқа студенттер «Мынау қай тілде сөйлеп жатыр?» деп сыбырласып, бір-бірінен сұрап жатады. Ал мен болсам «Америкада америкалық азамат маған қазақша амандасып жатыр ма? Рас па?» деп өз көзіме өзім сенбей, біраз кідіріп қаламын. Сәлден соң мұның барлығы түс емес, өңім екенін түсінген соң, ерекше сезімді бастан кешіремін. Мұғалім үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ