Бәсекеге қабілеттілігі артқан Қазақстан

Бәсекеге қабілеттілігі артқан Қазақстан

Бәсекеге қабілеттілігі артқан Қазақстан
ашық дереккөзі
247

Астана қаласында «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен өткен ХІ Инновациялық конгресс халықаралық және қазақстандық сарапшыларды, үкімет пен жергілікті атқарушы билік өкілдерін, ұлттық холдинг пен ұлттық компаниялардың басшыларын, даму институттарын, ҒЗИ және ұлттық инновациялық жүйенің негізгі қатысушыларының басын қосты.

Қазақстан Кеден одағы елдері бойынша көш басында

Конгресс спикерлерінің ара­сын­да Нобель сыйлығының лау­реаты (2007 жыл)  Рае Квон Чунг, Израильдің «L.N. Innovative Technologies» көшбасшы бизнес-инкубаторының негізін қалаушы Клара Орен, Japan Technology Group компаниясының басшысы Митсу Ямомото, Қазақстандағы Конрад Аденауэр қоры өкілдігінің директоры Томас Хельм, USAID климат өзгерісін тоқтатуға бағытталған қазақстандық бағдарламасының басшысы Алексей Санковский бар. Осы жолы конгресс Қазақстан Респуб­ликасы үшін маңызды төрт бағытқа көңіл бөлді: энергетика, жаңа материалдар, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар (автоматтандыру, роботтандыру, цифрландыру), агроөнеркәсіптік кешендегі қайта терең өңдеу. Конг­ресс бағдарламасына сәй­кес, «МИИДБ екінші бесжыл­ды­ғындағы  инно­вация­лардың рөлі» тақырыбында плена­р­лық отырыс, «Маңызды тех­но­логия­лар­ды дамытудың ха­лы­қ­ара­лық тәжірибесі» және «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 тұ­жырымдамасы аясында «Таза техно­логияларды» дамыту» тақыры­бын­да панельдік сессия өтті. Бұл үшін конгреске мемлекеттік саясат, экономика және инновация сала­сын­дағы беделді халықаралық ұйымдар мен институттар тартылды. Конгресс барысында жиырма алты инновациялық жобалар көр­ме­сіне ерекше көңіл бөлінді. Олардың ішінде ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дырылған көрмесіне қа­ты­сатын  жобалар да бар. Көрменің мақсаты Қазақстанның индус­триял­­­ды-инновациялық даму су­бъек­ті­лерін таныстыру. XI Инновациялық конгреске қатысып, баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының бірінші бесжыл­ды­ғының жетістіктеріне тоқтала келе,  еліміздің өңдеу өнеркәсібінің нақты өсімі бойынша Кеден одағы елдері арасында көш бастап тұрғанын жеткізді. «Индустрияландыру картасы ая­сында 6 жылдың ішінде құны 4 трлн теңге болатын 900-ден астам жоба іске қосылды. Аталған жобалар  7 трлн теңгенің өнімін өндірсе, 90 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген 500-ден астам жаңа өнім түрін шығару жолға қойылды», – деген министр ИИМДБ жүзеге асыру бойынша алдағы жоспарларға тоқталды. Министрдің сөзінше, индустрияландыру бағдар­ла­масы жүзеге асқан сәттен бас­тап, инновациялық даму көр­сет­кіштерінен оң динамика бай­қалды. Инновациялық-белсенді кәсіп­орындардың өсімі 2 есеге, инно­ва­циялық өнім көлемі 4,5 есеге және технологиялық инновацияға шыққан шығын 10 еседен асты. «Әлемдік деңгейде салыстыр­ған­да бұл жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан екінші бесжылдық аясын­да Қазақстан өзінің бәсекеге қабі­лет­тілігін арттыру үшін бұл жұмыс­ты күшейтуі керек», – деді ми­нистр. Айта кету керек, министрліктің алдына еңбек өнімділігі мен өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа өндіріс пен нарық құру сияқты стратегиялық міндеттер қойылған. Бұларды шешу бойынша өнді­ріс­терде технологиялық жаңғырту жұмыс­тарын жүргізу үшін жағ­дай жасау керек. Сондай-ақ, стартап­тарды қолдау жүйесі мен техно­ло­гиялық және кәсіпкерлердің бизнес-құзыреті деңгейін көтеру қажет. Инновациялық саясат 3 страте­гиялық қызмет бағыты бойынша жұмыс істеуді жалғастырмақшы. Олар – технологияны коммерциялау жүйесін дамыту; технология трансфері жүйесін дамыту; білік­тілікті тарату жүйесін дамыту.

Мажарстанмен авиация саласындағы әріптестік

Будапештте Қазақстан мен Мажарстанның авиациялық билігі ара­сында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан делегациясын бастап барған Инвестициялар және даму вице-министрі Берік Камалиев бұл саладағы жетістіктер мен атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарымен бөлісті. Қазақстандық делегацияның Мажарс­тан Ұлттық даму министр­лі­гінің Мемлекеттік хатшысы Ласло Ташомен және «Wizz Air» мажар әуекомпаниясының президенті Йожеф Варадимен болған келіссөздерде екі ел ара­сын­да тікелей әуе байланысын ашу, сондай-ақ азаматтық авиация саласындағы құқықтық базаны жаңғырту мәселелері талқыланды. Қол жеткен уағдаластықтарға сәйкес, Астана мен Будапешт арасындағы тікелей әуе байланысын екі елдің белгіленген тасымалдаушылары арқылы орындауға мүмкіндік бар. Келіссөздерді өткізу және атал­ған меморандумға қол қою Елбасының Астананы қаржы орталығына айналдыру, оның ішінде «ЭКСПО-2017» қарсаңында елорданы қолжетімді көлікпен қамтамасыз етуге қатысты берген тапсыр­маларын жүзеге асыруға бағытталғандығын айта кеткен жөн.

Ортақ туристік кеңістік қалыптасады

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев Санкт-Петерборда ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының қырық бесінші пленарлық отырысына қатысты. Ассамблея жұмысы аясында Таврия сарайында туризм сала­сы бойынша Қазақстан-Ресей ын­ты­мақтастығын дамыту мәселелері қаралған Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерациясы Федералды Жиыны Федерация кеңесі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссияның тоғызыншы отырысы өтті. Оған вице-спикерлер Сергей Громов пен Ілияс Умаханов төрағалық етті. Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы туризм саласын дамытудың негізгі мәселелеріне тоқталған ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев: «ІЖӨ-ге қосатын туризм көрсеткішінің төмендігі; ішкі туризмнің даму деңгейінің же­т­кіліксіздігі мен сыртқа шығу туризмі бағыттарының артықшылығы; туризмді дамыту есебінен жаңа жұмыс орындарын құру көрсеткішінің төмендігі; туризм саласына экономикадағы дағдарыстың кері әсер етуі сияқты мәселелер бар. Мұндай жағдайда біздің елдер бірлескен туристік өнімдерді барынша ұсыну керек. Әсіресе Қытай нарығына шығаруды қолға алу қажет. Сонымен қатар, шекаралық ынтымақтастықты дамыту;  сыртқы нарыққа Қазақстан мен Ресейдің туристік әлеуетін паш ету; шетелдік туристер үшін визалық және тіркелу мәселелерін шешу; ішкі туризмді дамыту сияқты негізгі жұмыстарды қолға алу қажет», – деді. Ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша екіжақты негізде және интеграциялық құрылымдар аясындағы азаматтардың туристік қызметтерге қол жеткізуін қолайлы жағдаймен қамтамасыз ететін ортақ туристік кеңістік қалыптастыру үдерісін жандандыру және өзара іс-қимылдың заңдық, әлеуметтік-құқықтық, гуманитарлық қырларын пысықтау қажеттігі атап өтілді. 2017 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасындағы келісімді бекітуге ықпал ету; ЕАЭО мүше мемлекеттердің туризм саласындағы заңнамаларды одан әрі үйлестіру және туризм саласындағы стан­дарт­тарды сәйкестендіру бойын­ша ынтымақтастық; туризм сала­сын­дағы тұрақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру, туристік қызметті ұйымдастыру жағдайлары мен қағидалары;  мамандар әзірлеудің бірыңғай жүйесін құру; интеграциялық үдерістердің артықшылықтары мен факторларын пай­далану, оның ішінде қонақ­жай­лық индустриясын құруда айма­қаралық және шекаралық экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту бойынша жұмыстар жалғасын табатын болады.

Қазақстан 50 ірі экспорттаушы елдің қатарына кіреді

Орталық коммуникациялар қызметінде 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 56.2 қадамына байланысты «қазақстандық экспорттық брендті құру мен жүзеге асыруға» арналған баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Аналитикалық орталық» ЖШС бас директоры Қайрат Сәдуақасов, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Тимур Нұрашев, «Kaznex Invest» АҚ-ның экспортты жетілдіру департаментінің директоры Айсауле Сұлтанмұратова қатысып, пікірлерімен бөлісті. Осы шара барысында Тимур Нұрашев Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бір бөлігі және  тұрақты  50 ірі экспорттаушы елдердің қатарына кіретінін қуанышпен атап өтті. Әлем Қазақстанды біріншіден уран, ұн, бидай жеткізуші ретінде таниды.  Шикі мұнай жеткізуші ретінде ірі ондыққа кіреді. Әлемнің 118 еліне барлығы 970 тауар түрін экспорттаймыз. Жылына шамамен 200 мыңнан аса экспорттық операцияларды жүзеге асырамыз. Бүгінгі таңда 1800 экспорттаушы жұмыс істейді. Олардың 20 пайызы тұрақты 1 млн доллардан аса экспортқа ие. Экспорттың сапалық құрылымы жақсарды. Бүгін шикізат емес өнімнің үлесі 30 пайызға  өсті. 5 жыл бұрын бұл үлес 24 пайыз болатын. Агроөнеркәсіп кешенінде ҚР Ауыл шаруашылығымен бірге  «Qazaq Organic Food», «Халал», «Ет бренді» сияқты брендтер әзірленді. Бұл үш бренд те стратегиялық маңызға ие және белгілі бір нарыққа бағытталған. «Бұл жоба отандық азық-түлік тауарларын экспортқа шығаруға қосымша серпін береді және Қазақстанды басқа елдер үшін табиғи органикалық тауар өндіруші ел ретінде танытуға мүмкіндік туғызады», – деді Тимур Нұрашев.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің қиындықтары

Бүгінде өнеркәсіп және өндіріс ошақтарында қауіпсіздік мәселесі басты назарда. Осы түйткілдерге байланысты БАҚ тілшілеріне ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев жауап берді. ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіп­сіз­дік комитеті Қазақстан Республи­касының қауіпті өндірістік нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізуде. Қауіпті өндірістік нысандарына жүргізілген тексеріс кәсіпорын қожайындарының қауіпсіздік мәселелеріне жіті назар аудармайтынын көрсетеді. Соның кесірінен апаттар мен түрлі оқыс оқиғалар орын алып жатады. Биыл жыл басынан бері еліміздегі қауіпті өндірістік нысандарда 13 апат болды. Сондай оқыс оқиғаның бірі ретінде 2016 жылы 10 қарашада «Саран» шахтасында болған апатты айтуға болады. Тексеру қорытындысы бойынша бұл жағдай 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсінен болғаны анықталды. Әр деңгейдегі 16 басшы жұмыстан шеттетілді. Материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылған. Қазіргі уақытта ҚР Инвестиция­лар және даму министрлігі Индус­трия­лық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті қауіпті өндірістік нысандары бар 9160 кәсіпорынға мемлекеттік бақылау жасайды. Бұл жалпы кәсіпорын санының 4,5 пайызын құрайды. 2016 жылы  ҚР Бас про­кура­ту­расының сайтында орналасқан кестеге сәйкес, Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті және оның аумақтық департаменттері 1426 кәсіпорынға ерекше тәртіп бойынша тексеру жүргізу жоспарланған. Бұл бар-жоғы 16 пайыз, яғни, қаупі жоғары кәсіпорындарға ғана тексеру жүргізіледі. Жыл басынан бері кестеге сәйкес, ерекше тәртіп бойынша 1137 тексеру жүргізілді. Жалпы тексеріс қорытындысы бойынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары нормаларын бұзудың 56 406 дерегі анықталды. Жалпы сомасы 116,9 млн теңгеге 2106 айыппұл салынды (заңды тұлғаларға қатысты – 25,4 млн теңгеге 1510, жеке тұлғаларға қатысты – 91,6 млн теңгеге 596). Сонымен бірге еліміздің сот органдарының шешімімен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 302 қауіпті өндірістік нысанның жұмысы тоқтатылды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талап­тарының жиі бұзылуы негізінен – жобадан ауытқуға байланысты жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тех­никалық құрылғылар мен жарам­сыз құрал-жабдықтарды пайдалану, маман­дар біліктілігінің төмен­дігі, техно­логиялық қайта жарақтандыру бойын­ша жиынтық жоспардың уақы­тында орындалмауы, технологиялық тәртіп­тің төмендігі, қауіпті өндіріс­тік нысандардағы жұмыстың орын­далуын бақылаудың әлсіздігі. Биыл 9 айда ауыстыру жоспарланған 1196 бірлік техникалық құралдар мен технологиялық желілердің бар-жоғы 862 бірлігі ауыстырылған.

Қазақстан мен Қытай байланысы нығая түспек

Пекин қаласында Қазақстан-Қытай ынтымақтастық коми­те­тінің Геология және жер қой­науын пайдалану саласындағы ынты­мақтастық жөніндегі кіші коми­тетінің 8-ші отырысының ашылу салтанаты өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Инвес­ти­циялар және даму министрлігінің атынан Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев және Қ.Сәтпаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры Мұрат Өмірсеріков бастап барды. Қытай Халық Республикасы аты­нан ҚХР Жер және табиғи ресурстар министрлігінің басшылары, ҚХР Сыртқы істер министрлігі Азия және Еуропа департаментінің бірінші хатшысы, ҚХР Геологиялық барлау партия тобының мүшелері өкілдік етті. Ашылу салтанатында ҚХР Жер және табиғи ресурстар минис­тр­лігінің вице-министрі Цао Вейсин отырысқа қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. Министр Қазақстандық делегацияның іс-шараға белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, мүмкіндікті пайдалана оты­рып, Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығымен құт­тықтап, одан әрі гүлдене беруін тіледі. Министр екі елдің геологиялық қызметтері арасындағы екі жақты ынтымақтастықтың және бірыңғай геологиялық карта құру мақсатымен зерттелетін өңір шегінде геологиялық ақпаратпен алмасу бойынша жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасы Инвес­тициялар және даму министрлігінің атынан Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев өз сөзінде осы іс-шараны ұйымдастырғаны үшін Қытай Халық Республикасындағы әріптестеріне ризашылғын білдірді. «Біз тек қана бірлесе күш сала отырып, Кіші комитет шеңберінде геология және жер қойнауын пай­далану саласындағы одан әрі ынтымақтастықтың жемісті бо­луын қамтамасыз ете аламыз. Өйткені біздің елдеріміз арасындағы геология және жер қойнауын пайдалану саласындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жәрдем көрсету үшін  отырыстарды тұрақты өткізіп отыру маңызды», – деді Б.Нұрабаев. 8-ші отырыстың күн тәр­тібі жағымды жаңалыққа толы болды. Қазақстан-Қытай ынтымақ­тас­тық комитетінің жұмыс жағ­дайы жөнінде ақпарат беру, перспективалық учаскелерді талдау және анықтау үшін Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараға шектес алаптың бірыңғай картасын құрастыру жөніндегі жобаны талқылау, жобаны орындау бойынша өзекті мәселелерді талқылау сияқты геологиялық саладағы екі жақты ынты­мақтастықтың маңызды түйт­кілдері қарастырылды. Сонымен қатар отырыста бір­лескен жобаларды дамыту бағыт­тары, екі елдің геологиялық қызмет­тері арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және геологиялық ақ­па­ратпен алмасу жұмысын күшей­ту жөніндегі жоспарлар талқылан­ды. Алдағы халықаралық конгрес­терге, Қазақстан мен Қытайдағы геоло­гиялық барлау және тау-кен металлургиялық бейін көрме­ле­ріне геологиялық барлау кәсіп­орын­дарының қатысуы мәселесі сөз болды. Қытай тарапы 2017 жылдың бірін­ші жарты жылдығында Гео­логия және жер қойнауын пайда­лану комитетінің қызметкерлері мен қазақстандық геолог маман­дарды геологиялық бағыттар бойын­ша оқытуға әзір. Сондай-ақ, Қытай тарапы Қытай Халық Республикасының Үкіметі атынан стипендия бөлу үшін  коми­тет төрағасына Пекин универ­си­теттерінде оқып жатқан үздік Қазақстандық студенттерді анықтау­ды өтінді. Отырыстың қорытындысы ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен ҚХР Қытай геологиялық қызметі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қоюға әкелетіні анық. Ал «Glencore» компаниясы Қазақстандағы геологиялық бар­лауға 10 млн АҚШ долларынан астам инвестиция құяды. Лондонда ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Қайыров пен «Қазгеология» АҚ басқармасының төрағасы Ғалым Нұржанов әлемдегі аса ірі Glencore швейцария компаниясының акционері әрі  «Kazzinc Holdings» ЖШС дирек­торлар кеңесінің төрағасы Николой Поповичпен кездесіп, осындай мүмкіндікке қол жеткізді. Тараптар бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі жоспарларын тал­қылап, уағдаластықтарға келді.  Атап айтқанда, Glencore «Қазцинк» ЖШС арқылы Қазақстандағы моноқалаларда және компанияның жұмыс істеп тұрған өндірістерінің маңында орналасқан 5  перспективалы учаске­дегі геологиялық барлауға қаржы салатын болды. 2017 жылдан бастап компания осы учаскелерде геологиялық барлауды бірлесіп жүргізуге әзір. Бастапқы кезеңде инвестициялар кемінде 10 млн АҚШ долларын құрайды. Сондай-ақ, «Казгеология» АҚ басшылығы Rio Tinto компаниясының Африка-Еуразия өңірлерін геологиялық барлау операциялары жөніндегі директоры  Кен Тентон мырзамен кездесу өткізді. Күн тәртібіне Қарағанды облысында іске асырылатын 2 жоба бойынша неғұрлым өзекті мәселелерді талқылау, сондай-ақ қазақстандық кадрларды оқыту мен осы саладағы инновациялық технологиялар трансферті бағытын одан әрі жалғастыру жоспарларын айқындау мәселелері қойылды. Айта кету керек, «Қазцинк» ілеспе мыстың, қымбат металдар мен қорғасынның үлесі зор мырышты бірге өндіретін ірі өндіруші. Тау-кен өндіру компаниялары арасында әлемде 2 орын алатын «Glencore» Швейцария трейдинг компаниясы оның басты инвесторы болып табылады. Сол сияқты Rio Tinto – капиталдану көлемі бойынша әлемде 2 орындағы тау-кен металлургия компаниясы, алтын өндіруден  әлемде –  7-ші орында, алюминийден – 2-ші орында, темір кенінен – 2-ші орында, көмірден – 4-ші орында, сондай-ақ алмас пен ураннан – 3-ші орында.

Серіктес жаңалықтары