488
«AMANAT» партиясының TALQYLAU алаңы
«AMANAT» партиясының TALQYLAU алаңы
Елдегі саяси реформалар мен әлеуметтік, қоғамдық мәселелер тек мемлекеттік басқару формасында ғана емес, жалпыхалықтық назарда талқыланып, сарапқа салынатын болады. Осы процестерді жүзеге асыратын жаңа платформа пайда болды. Ол – «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты жанынан ашылған TALQYLAU жаңа диалог алаңы.
Алғашқы отырысқа Парламент депутаттары, сарапшылармен қатар белгілі қоғам белсенділері де атсалысты. Онда көтерілген маңызды тақырыптар саяси жүйені трансформациялау мен аралас сайлау жүйесіне көшу турасында болды.
Бұл жаңа платформаның ерекшелігі – барлық талқыланған мәселелер әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетіліп, интерактивті форматта өтуі. Сол арқылы залда жиналған спикерлерге көрермендер мен қарапайым халық өкілдері де сұрақ жолдап, жауап алу арқылы талқылау процесіне тікелей қатысты. Жалпы алғанда 700-ден аса пікір айтылып, сұрақ қойылды.
TALQYLAU-дың отырысында алғашқы болып сөз алған «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов Президент жариялаған реформалардың негізінде жаңа саяси өзгерістердің серпін алатынын тілге тиек етіп, сол бастамалардың бірі осы жаңа диалог алаңы екенін атап өтті.
«Сайлау туралы заңнамаға өзгерістер енгізіледі. Бұл елдегі демократиялық өзгерістердің катализаторы мен негізіне айналатыны сөзсіз. Саяси партияларды тіркеу ресімдерін жеңілдету жаңа саяси қозғалыстардың құрылуына серпін береді және жұмыс істеп тұрған саяси бірлестіктердің өз қызметін жандандыруына алып келеді», – деді партияның атқарушы хатшысы.
Мемлекеттік деңгейдегі мәселелердің алғаш рет ел назарында, тікелей эфирде талқыланып жатқанын алға тартқан «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек бұл жобаның демократиялық дамуға жол бастайтынына сенетінін жеткізді.
«Біз бүгін құрылымданбаған, цензурадан өтпеген ашық диалог дәстүрін бастаймыз деп үміттенеміз. Бұл Президент Жолдауы аясында өте маңызды, өйткені «Жаңа Қазақстан» жұмысын жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек», – деді ол.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлының сөзінше, 30 жыл ішінде жіберілген кемшіліктер мен қателіктерді жөндейтін уақыт келді. Ал ол процеске әрбір ел тұрғындары тікелей атсалысып, жауапкершіліктің жүгін сезінуі тиіс.
«Жаңа Қазақстанда партиядан бастап, әрбір азаматқа дейін, ауыл әкімінен Президенттің жұмысына дейінгі жіберілген кемшіліктерді анықтап, тіпті соның тізімін де жасасақ. Бюджетті құруда бізде көптеген гигантонамия болды. Қаншама миллиардтаған қаражат басқа жаққа жұмсалып, ал мына жақта халық үйсіз-күйсіз жүрді. Оның барлығы кемшілік пе? Әрине, кемшілік. Сондықтан Президенттің айтқаны, бірінші кезекте басымдық өзгеруі керек. Ол үшін халықтың жағдайына қарау қажет. Барлығының өлшемі – адам. Міне, қазіргі біздегі нағыз қағида осы. Біртіндеп соған келе жатырмыз», – деді депутат.
Отырыс барысында сөз алған спикерлердің барлығы бұл жаңа бастаманың тың әрі өзгеше өзгерістердің бастамасы болатынына сенім білдіріп, әрі қарайғы даму бағыттарына қатысты өз ұсыныс-тілектерімен де бөлісті.
Айта кетсек, келесі TALQYLAU отырысы подкаст жазбасы, дебаттар, пікірталастар сияқты түрлі форматта өтеді. Әрі қарай тақырыптар Қоғамдық саясат институтының телеграм-арнасында дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады.
Мемлекеттік қызмет өкілдері мен ел тұрғындарының басын қосқан бұл TALQYLAU кең серпін алып, жалпыхалықтық сипатқа ие болуы тиіс. Сол арқылы ең өзекті мәселелер ел назарында талқыланып, саяси-қоғамдық шешімдер бірге кеңесе отырып қабылданатын деңгейге жететін болмақ.
Әсем ҚҰЛМАНОВА