2026
Адамзаттың ақыны
Адамзаттың ақыны
Абайдың шығысын қаншалықты зерттеуге талпынсақ та, кемеңгердің діни көзқарасына терең талдау жасамайынша көп нәрсені түсіне алмаймыз. Әсіресе, мұндай ықылас еліміз егемендік алып, атеистік санадан арылып, өз ділімізге қайта оралуға байланысты туған ниетке орай күшейіп отыр. Біздіңше алдағы уақытта Абайдың шығысына, кемелденген кезінде жазған жырларына, артында қалдырған қара сөздеріне қарап-ақ, оның сопылықтан алыс жүрмегеніне тоқтасақ керек-ті.
Сопылық дүниетаным – Абай поэзиясының қиян шыңының ұшар басы. Ендігі жерде Абайдың биігінен көлеңке іздемей, оның «шығысын» түсінетін, сол шыңның асқарын сезінетін оқырмандарды тәрбиелеген жөн болар. Абайдың шығысы сонда ғана ашыла түседі. Оны тану үшін әуелі исламның жауһары – сопылықты, сол арқылы мына жаратылысты сопыларша түсінуге тереңдей бастаймыз. Сонда ғана Абаймен үндесіп, ол айтқан әр сөздің мағынасына үңіліп, қабылдай аламыз.
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы сопылық ілім негізіндегі дүниетаным Түркістан өлкесінде ІХ-ХІІІ ғасырлар аралығында жанданып, кең өріс ала бастағанын айтады. Ғалым Насафидің «Қожа Ахмет Ясауи» еңбегін мысалға алып «...сопылық ағым, дәуріштер пайғамбарлар заманында-ақ өмірге келген» деген пікірді алға тартады. Суфизмнің қалай пайда болып, ислам әлеміне тарала бастауын ғасырлармен жіктеп талдаған, ирандық лингвист, ТеҺран университетінің профессоры Али Акбар Деххода, (1879-1959) ислам туын желбіреткен пайғамбарымыз (с.ғ.с) дәуіріндегі ислам дінінің шырағы жанған алғашқы жылдарында сопылық туралы сөз де болмағанын айтады. Расында да одан кейінгі билік құрған сахабалар Әбу-Бәкір мен Омар кезеңінде ислам шекарасын кеңейтіп, жорықтармен өткен жылдары дін туралы басқа пікір болуы мүмкін емес-ті. Одан кейінгі төртінші халиф Осман Әбу Тәліб кезінде түрлі діни идеяларды дамытуға мүмкіндік ашылған заман туады дейді. Исламның алғашқы ғасырында мұсылмандар арасында айтарлықтай пікір алшақтығы болмағанын тілге тиек еткен Али Акбар Деххода өз еңбегінде мынаны айтады. «Суфий избирал уединенный образ жизни, для того чтобы предаться целиком изучению айатов Корана и рассказов о посланнике Аллаха (дбА), чтобы посредством непрерывного чтения молитв и повторения хором имени Аллаха заслужить Его благоволение. И между суфиями и остальными муслимами была лишь одна разница, что суфии придавали некоторым идеям большее значение, как, например зикру (т.е. непрерывному произнесению хором фразы «Нет Бога, кроме Аллаха»), и это для них имело значение не меньшее, чем совершение обязательной обрядовой молитвы салат; также они придавали большое значение упованию ( تو كل ) и возложению надежд на Аллаха в такой мере, что иные из них усилия раздобыть еду и поиски лекарств от болезней считали противоречащим упованию на Аллаха».
Мақаламызда сопылықтың даму тарихын түгелімен талдауды мақсат етпедік, ол туралы Тримингэм Дж. С. «Суфийские ордены в исламе». М., 1989, с. 17-36; 114-129) кітабынан, «Суфизм в контексте мусульманской культуры» ( 1990 г, М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1989) жинағынан таныстық. Бертінде жарық көрген қазақ ғалымдары Досай Кенжетай мен Назира Нұртазина еңбектерінде де бұл мәселе жан-жақты талданған. Бұл еңбектердің маңыздылығы сол сопылық ағым туралы егжей-тегжейлі түсіндіріліп, оның пайда болуынан бастап ілімді алып келген алғашқы сопылардың мұрасы туралы жақсы айтылады. VІІ ғасырлардағы ілімнің дамуындағы күрделі белесті Тримингэм Дж. С. «Суфийские ордены в исламе» деген мақаласында кеңірек түсіндіреді. Осы кезеңде ханакалар ашылып, ол қоғамның маңызды орталығына айналады, «шейх – муршид» беделі артып, алдыңғылары мемлекеттік қызмет есебінде жүріп, қоғамның сыйлы адамдарына айналғанын білеміз.
Тақырыбымыздан тым алыстап кетпеу үшін, Али Акбар Дехходаның зерттеуіндегі мына деректеріне назар аударалық. Ол, хижраның V ғасырындағы сопылық ағымның ерекшеліктерін баяндай келе былай деп жазады: «в V в.х. началось проникновение суфийских идей в поэзию, и оно росло с каждым днем и углублялось, так что в VI–VIII вв.х. редко встретишь поэта, который не увлекался бы суфизмом». (Хижра бойынша V ғасырда сопылық идеялардың поэзияға енуі басталды және ол күн сайын күшейе түсіп, сондықтан да, хижра бойынша VІ-VІІІ ғасырларда сопылықпен әуестенбеген ақынды өте сирек кездестіруге болады).
Осы ғасырларда жас Абай әруағынан медет сұрап, аттарын тізбелеп айтқан шайырлар өлең жазу өлшемімен пайда болып, өздерінен кейін сан ғасырда, адамзаттың әр тілінде назиралап насихатталатын мол мұрасын қалдырады.
«Исламдық Шығыстың әдебиетінде, әсіресе араб пен парсы әдебиетінде дін философиясы бірқыдыру орын алады. Әбуғали-сина, имам Ғазали, имам Фараби, ибн-Ғарби, ибн-Тәймия сияқты мұсылман ғалымдары ислам дінінің философиясы туралы бірсыпыра кітаптар жазған. XIX ғасырда Россиядағы мұсылмандар арасынан шыққан Шаһабуддин Маржани да дін философиясымен шұғылданған. Абай осылардың бәрін оқыған да және жақсы түсінген. Араб пен парсы тілін жақсы білгендігі және сол тілдерде жазылған ислам дінінің теориясы және практикасы туралы кітаптарды оқығаны Абайдың шығармаларынан көрініп қалып отырады» деп Сәбит Мұқанов та айтқан.
Философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Абай мұрасы – қазақ діни танымының айнасы» деген мақаласында Абай дүниетанымын қазақ мұсылмандық түсінігінің ерекшеліктері мен болмысын кескіндейтін көрсеткіш ретінде бағалайды: «Ол – ислам діні жолында таза имандылықты уағыздаған хакім. Ал жалпы түркі әлемі секілді қазақ мұсылмандығының ерекшелігі сопылық дүниетаным болатын. Бірақ Абай тариқат жолына түскен суфи емес, ол – сопылық дүниетанымдық ойлау жүйесі арқылы өз қоғамын бақытқа жеткізу жолын іздеген, халқына жөн көрсеткен дана, хакім».
Ғалымның айтқанына алып-қосарымыз осы ілімді саралай отырып, ақын оны түйсігіне ілді, өз дүниетанымымен қорытып, оны «абайша» жырлады. Біздіңше, бұл ұстаным Абай өміріне негіз болды. Оның бір дәлелі Кәкім Ысқақұлының мына сөздері: «Әсіресе, ыхтихадқа бек махкәм еді. Не іс қылса да, не насихат айтса да, мынау құдайшылыққа жөн, бүйтсе адамдыққа жөн деуші еді».
«Ғибадаттың ең үлкені: көңілдің тазалығы, адам баласына жаны ашырлық» деп, сыртымен сопысынып, тақуасынған кісіні қатты ұнатпаушы еді. «Мұндай адамдар халық үшін ғибадат қылады, хақлықпен, шын көкірегі емес, қара жұртқа құрметті болмақтан басқасы жоқ», – деп еске алады Кәкім Ысқақұлы.
Хәкім 38-ші сөзінде, сопыларды да сынайды. «Бұл заманның молдалары хакім атына дұшпан болады. Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық фиғыл, әл-инсан ғәдду ләма жәһилгә хисап. Олардың шәкірттерінің көбі біраз ғарап-парсыдан тіл үйренсе, бірлі-жарым болымсыз сөз бахас үйренсе, соған мәз болып, өзіне өзгешелік беремін деп әуре болып, жұртқа пайдасы тимек түгіл, түрлі-түрлі зарарлар хасил қылады «һай-һой!» менен, мақтанменен қауымды адастырып бітіреді. Бұлардың көбі әншейін жәһил түгіл, жәһиләләр кібік талап болса, қайда хақ сөздер келсе, қазір нысапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тор жасамақ не деген нысап, құр өзімшілдік һәм әр өзімшілдік – адам баласын бұзатын фиғыл. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек».
Осындай ойының басында: «Қиянат – хақиқат пен растықтың дұшпаны. Дұшпаны арқылы шақыртқанға дос келе ме? Көңілде өзге махаббат тұрғанда, хақлықты таппайды. Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықтықпенен табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды», деп толғанады. Ақынның сөзін тыңдай отырып, «ғылым мен білімнің» айналасынан орифтердің (ғұламалар) іліміне бастайтын жолды іздеді ме деп те қаламыз. Ойымызға:
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?
Бойдағы мінді санасам,
Тау-тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес...» өлеңі түседі.
Осы ретте сопылықтың ірі тұлғалары, ұлы ғұлама Жунайд Бағдадиидан жеткен мына тәмсіл еске түседі. Одан «Аллаға жету қанша жер?» деп сұрағанда, «екі қадам, біріншісі өзіңнен өтуің, екіншісі Аллаға жетуің» деген екен. Жүздеген ғасыр бұрын салынған, гүлденіп-күйреген кезеңнен де өткен, сонда да сәулесін шашып ілімі қазақ сахарасына да жеткен сопылыққа бастайтын бұл қос қадамның бірінен Абайдың аттамағаны анық. Ақынның қайшылықты сөздерінің бірі 38-ші сөзі Абайдың орта жолда, таңдау жасай алмай абдыраған хәлінен туындаған деуге болады. Олай деуімізге негіз бар. Оны Досай Кенжетай болса, «Абайдың дәуірінде сопылық жол әбден тозығы жетіп, өзінің таза рухынан алыстап, кім көрінгеннің құралына айналып, дін қоғамды ыдыратудың саясатына айналған болатын» деп жазады аталмыш мақаласында.
Ендеше осы қалпындағы сопылық жолдың сарқыншағын сынауға Абайдың да қақысы бар. Мекемтас Мырзахметұлы «ақын шығармашылығында, оның дүниетанымында суфизмнің белгілі дәрежеде белгі бедерлері болған ба немесе өзіндік суфизм жөнінде пікір танымы бар ма?» дегенде «сопылық әдебиеттің белгісі мен дүниетанымының көріністері де байқалатын тұстары баршылық» деп жауап береді.
Ғалым жас кезінде жазған үш өлеңіне қоса, 1902 жылы кемелденген кезінде жазған «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп аталатын атақты өлеңінде көрініс берген үш сүю немес иманигүл мәселесі кездейсоқ құбылыс болмаса керек-ті» дейді.
Оқырманның есіне сала кетелік:
«Осы үш сүю болады иманы гүл,
Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл,
Ойлан-дағы үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл...»
Мақалада ғалым Абайдың суфизмге қарым-қатынасын камили-инсани, толық адам жайлы ой толғаныстарымен жақындатады. «Исламият әлеміндегі «әл-инса ал камил» мәселесін мораль философиясы негізінде қалыптастырған әрі осы ілім саласын ғасырлар бойы насихаттап, дамытушылар да сопылық әдебиет өкілдері болатын» дейді.
Абайдың шығармасынан сопы-шайырларының ізіне түскендер, міндетті түрде сол ақынның шығармаларынан үлгі алды деп айтып жатады. Оның себебі де бар. Мұхтар Әуезов кезінде «Оған тілдері түсінікті болған соң Низами, Науаи көп әсер етті. … Өзіне ең жақын ұстаз етіп классик Науаи шығармаларынан үлгі іздейді» деген сөзінің ықпалы да болуы мүмкін. Алайда ақын шығармашылығын, оның аудармаларын оқи келе Абайдың өзіндік үні, өзі салған жолымен асыл мұраға қосқан үлесі де барын аңғарамыз. Мұндай ойды нықтаған, профессор Сейіт Қасқабасовтың зерттеуі Абайға басқа қырмен қарап, оның шығармашылығының әлеуетін бір дастанының көлемінде зерттеп, бағасын береді.
«Шығыста Фирдоуси, Низами, Джами, Науаи: Батыста Лампрехт, Ламберу, Бернэ, Шатильонский, Шамиссо: ал Ресейде Жуковский жырлаған Ескендір Абайды да қызықтырған. Сөйтіп, ол «Ескендір» поэмасын жазып, әлемдік «Ескендір-намаға» өзіндік үлесін қосқан». Профессор ағамыз Ескендірдің образы мен жырдың сюжетіне қысқаша шолу жасай келе, «Абайдың «Ескендір» поэмасының сюжеттік түп-төркінін» табады да, Абайдың нағыз ұлыларға лайық диапазонына көзі жеткенін айтады. «Ол орта ғасырлардағы Шығыстың да, Батыстың да ұлы классиктерін білумен бірге көне дәуірдің жазба ескерткіштерін және жаңа замандағы аса көрнекті ақын-жазушылардың творчествосын, бүкіл болмысын жақсы таныған» дейді.
Бұл пікір біздерді Абайды сопы-шайырлар дүниетанымына шегелемей, өзіндік биігін анықтауға, өзіндік дауысын естуге бағыттайды. Десе де, сопы-шайырлардың табиғатымен біртуыс, үндес келетін тұстары басым. Оларды ортақ қазыққа байлайтын, жалпыадамзаттық құндылық, толық адам келбеті, иманигүлмен қауышатын Алланы сүю, барша адамзатты үлкен жүрегімен бауырына басу, әділеттілікті сүю. Абайдың осы бір әдемі сөзін еңбегін атап жазған исламтанушы Қайрат Жолдыбайұлы «Шындығында, иман ақиқаты осы үш махаббаттан тарайды десек, артық айтқандық емес. Кейбір ғалымдардың Абай өлеңдерін қолжазбадан оқығанда бұл сөзді «имани гүл» – «толық адам» деп транслитерациялаған дұрыс деген пікірі де осыны аңғартса керек. Демек, «Имани гүл» бұл кемел иманға айтылған сөз.
Расында да,
«Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес» деген жолдары кәміл иманның да, сопылардың махаббаты да ақынның өзінің дауысы да естіліп тұрған жоқ па?!
«Басты байла жолына, малың түгіл» деген ақын осы жолда адамзаттың қадірін кетіретін жаман әдеттерден аластау, жақсы мен жаманның арасын көрсетіп, Жаратқанның тура жолына бағыттау міндетін еріксіз мойнына алған тұлға.
Абай бұл жолға үлкен жүрекпен ғана емес жоғары біліммен келді. Ұшқыр ойымен жалпы жаратылыстың құпиясын тануға талпынған жан, осы әлемнің мағынасы болып табылатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды жәйдан жәй насихаттамасы анық. Аты атап тұрғандай, жалпыадамзаттық құндылықтар деп кең мағынасымен алғанда бұл адамзат баласының нәсілі мен ұлтына, әлеуметтік жағдайы мен саяси-діни тіпті мәдениетіне де қатысы жоқ, уақытпен шектеспейтін, тұрған жерімен қатынасы да аз, адамның жасы мен білігіне де байланысты емес игіліктерді қамтиды. Сол себепті де жалпыадамзаттық игілік, құндылықтар болып қала беретіні сондықтан. Ол атақты Сократ, Аристотельдерден бастау алған. Бертінде Қытай, Еуропаның ғалымдары бас қатырып, сан мен санатын өзгертіп, әлі де бір ұстанымға келмегені белгілі. Өйткені адам баласының сан қырлы аспектілерін санамалай келе ортақ тұстарын табу, бір тоқтамға келу әрине күрделі нәрсе. Біздерде осы себепті жалпыадамзаттық құндылықтарды діннің мәңгілік сәулесінде қарап, талдағымыз келді.
Ислам әлемінде өскен, мұсылманшылықты жақсы меңгерген Абайдың басқа діндерге қатысты дүниетанымын білмек болғанымызда, Абайдың туысы мен өмірі деп аталған, Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасына (1927-1933) үңілейік.
Абай өз дінін өз сенімін адаспай тапқан ақын. Бірде Семейге келген миссионермен пікір алысқан Абайдың сөзі былайша өрбіп: «Содан кейін Абай христиан дінінің нанымы бойынша «үш жүзді Құдай» ұғымға қарсы дау айтады. «Бірлігіне үш жүзді болу сыя ма, сол үш сипат бір жүзінде болса құдайлығына көп бола ма?» десе керек. Осы жиында Семейдің көп поптары Абаймен дауласпақ болған кезінде миссионер Сергей «Сендер қойыңдар, Ыбырайым Құнанбаев сендердің тісің бататын кісі емес» деген екен.
Біздердің жалпы адамзаттық құнылықтардың қайнар көзі туралы айтқанымызда, неге әріден алып отырмыз? Жоғарыда айттық, профессор Сейіт Қасқабасов Науаидің Ескендір-намасы мен ақынның Ескендірін, сонымен бірге сол кезеңдегі қиссалардың сюжеттік желісін салыстыра отырып, бірінде бар, бірінде жоқ компоненттердің дереккөздерін салыстырған. Ақырында «Жоғарыда айтқан, үшінші, яғни жұмаққа тап болып, сыйға адамның бас сүйегін алған Ескендір туралы баяндайтын сюжеттің тарихы қандай деген сауалға келсек, ол ежелгі дәуірдің аса құнды ескерткіштерінің бірі – «Талмуд» кітабына апарады» деген байлам жасайды.
Әрине, Абайға бұл дүниелер еуропа аудармашылары арқылы жетсе де, ол өз дүниетанымы мен талғамына қарай өзінің нұсқасын алып шыққанын түсінеміз.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас…
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!
Әрине, дін адамзатттың асыл қазынасы болса, сол құндылықтарды дәріптеуші ақын мен өлеңі болуы заңды нәрсе. Адамшылықты жырлаған Абайға дейін де қазақ әдебиетінің төрінен орын алған жарқын жұлдыздары да талантты замандастары да болды. Саралап көз жүгіртсек, қазақтың тарихи әдебиетінің сарыны да негізінен діни сарындағы насихат, нақыл сөзге құрылғанын байқаймыз Абайдың да өз өлеңдерінің де алтын арқауы ой толғамдары нақыл сөздерге құралған. Қажым Жұмалиев оны жақсы танып «Абай өзінің әлеуметтік өміріндегі ролін жақсы түсінді. Ол өзін өз кезінің ақыны ғана емес, ұстазы деп білді. Сондықтан ол өмірдің барлық саласынан, жұртының бүгінгісінен де келешектегісіне де сабақ беруді адамдық борышым деп ұқты» деп жазады. Абайды басқаларынан шоқтығын биіктетіп тұратын осы ұстанымы деуге болады. Осындай терең білім мен ақындық биік талғаммен адамзатқа ортақ құндылықтарды өлеңіне арқау етіп оны насихаттап қана қоймайды, өлеңімен халқының көзін ашып, түзеуге ден қоюы дер едік. Абай өзі тоқтаған ислам дінінде Алланың сипатын Құранның 112-ші Ықылас сүресінде былайша береді: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. (Мұхаммед Ғ.С. оларға) айт: Ол Алла, біреу ақ. Алла мұңсыз. (Әр нәрсе оған мұқтаж) Ол тумады да, туылмады. Әрі оған ешкім тең емес». Егер Алланың 99 көркем есіміне көз жіберсек, онда Адамзатқа өсиет етілген осы қасиеттерді танимыз. Асыл дінімізде топырақтан жаралған адам баласы Алланың құлы және оған жаратқан ерік-жігер, іс-әрекетті таңдау қабілеті мен сенім берді.
Адам бойындағы асыл істі көрсетіп, не нәрседен қашық болып, қанағат, рақым, өнер-білім үйреніп, талап, еңбек терең ой деп бес қазына істі айтып, адам болам дегенге үлгілі өсиетін айтқан Абай осы ойды көздеді. Барша адамзаттың жанын арашалауға асықты. Бүгінде ақын есімін ұлықтатқанда жадымызда Абайдың осы ұлық қызметі тұрады. Мойындаймыз, танимыз, үлгі аламыз, жырымен жүрегімізді тазалаймыз, осылайша Жаратқанға жақындауға тырысамыз. Абайдың ұлықтығы да осында жатқандай.
Өйткені Абай ілімі, Абай жолы «алды тар, арты соқпақ» мына заманда жер бетіндегі жамандықпен күресіп, ізгіліктің отын жағып әлемді құтқаруда рухани қаруымызға айналуы тиіс. Осы жолды өсиеттеген Абай қазақты адамзаттық құндылықтардың игілігінде өмір сүріп, өркендеу жолында бағдаршамымызға айналмақ. Абайтану ғылымы осымен де құнды.