50300
«Доллар сатып алғандар ұтылды»: Жамаубаев сұрақтарға жауап берді
«Доллар сатып алғандар ұтылды»: Жамаубаев сұрақтарға жауап берді
Қаржы министрлігінің басшысы Ерұлан Жамаубаев еліміздегі экономикалық жағдайға, оның ішінде теңгенің қазіргі жағдайына байланысты журналистердің сұрақтарына жауап берді деп жазды turkystan.kz.
«Біз бюджетті болжамдарға емес, есептеулерге, талдауларға қарап отырып жасаймыз. Бір доллар үшін 460 теңге алдық. Менің ойымша, ешкім бұл жерде соншалық бір құлдырау болды деп айта алмайды. Естеріңізде болса, 1 доллар үшін 500 теңгеге дейін көтерілген жоқ па? Айтарлықтай құлдырау болған жоқ. Керісінше, теңге өз бағамын қайтарып алды. Ал соны пайдаланып, үрейге бойалдырғандар, доллар сатып алғандар ұтылды. Жеңгендер – әліптің артын бағып, жағдайдың тынышталғанын, басылғанын күткендер болды», – деді Жамаубаев.Сонымен бірге, журналистердің бірі «Теңге қашанғы рубль мен долларға тәуелді бола береді?» деген сұрақ қойды.
«Бұл біздің төлем балансымыз тұрақтанған кезде, экспорттық операция мен ағымдағы шот импорттық операцияны жабатын кезде болады. Яғни, валюталық түсiмдер, өндiрiстiк сектор, экспорт бойынша түсiмдер айтарлықтай мөлшерде көп түсетін жағдайда ғана бұл мүмкін болады. Үкімет маңызды бағдарламаларды жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде импортты аз сатып алып, өзімізде көп өнім шығаруды көздейтін импортты алмастыру бағдарламасы да бар. Өндірілген өнім есебінен біз экспорттық кірісті алып, валюта ағыны елге құйылатын болады», – деп жауап берді министр.