50321
Тасқынмен күрес: депутаттар жағдайды бақылауда ұстап отыр
Тасқынмен күрес: депутаттар жағдайды бақылауда ұстап отыр
Еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны салдарынан туындауы мүмкін апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында депутаттар бірқатар елді мекендерді аралап шықты деп жазды turkystan.kz.
Бірнеше күннен бері көп мөлшерде қардың еруі салдарынан еліміздің кейбір аудандарында су тасқыны болғаны туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Осыған байланысты депутаттар су тасқынына қатысты мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралармен танысу мақсатында, жергілікті әкімдік өкілдерімен бірлесе отырып, өз өңірлерін аралап қайтты.
Атап айтқанда, Гүлнар Бижанова Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Шешенқара ауылының қазіргі жағдайымен танысты. Оның айтуынша, апатты жағдайларды болдырмау мақсатында ауыл әкімдігі тарапынан қажетті шаралар жүзеге асырылып жатыр.
«Облысымызда құзырлы органдар өкілдерінен тұратын су тасқынына қарсы штаб құрылған. Су тасқынының болуы қаупі бар тұрғылықты мекендер мен басқа да нысандардың тізімі нақтыланды. 158 елді мекен жіті бақылауға алынған. Тұрғындар үшін ТЖ кезінде әрекет етудің арнайы нұсқаулықтары әзірленіп таратылуда» деп жазды депутат.Сол сияқты, Зарина Қамасова да Өскемен қаласындағы іс-шаралар қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанын өз көзімен көріп қайтты. Қала әкімдігінің бас инспекторы Қ.А. Мұқажановпен бірге су тасқынының қаупі жоғары жерлерді аралады.
«Су тасқынының қаупі жоғары әрбір ауданға жауапты адамдар тағайындалды. Күн сайын мониторинг жүргізіліп отыр. Жағдайды әрі қарай да өз бақылауымда ұстаймын», – деп мәлімдеді депутат.