AMANAT партиясы өңірлердегі кездесулерді Түркістан облысынан бастады
AMANAT партиясы өңірлердегі кездесулерді Түркістан облысынан бастады
AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов Түркістан облысында тұрғындарымен, ауылдық округ әкімдерімен, партия активімен, мәдениет қайраткерлерімен және жастармен бірқатар кездесулер өткізіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру және «Жаңа Қазақстанды» құру міндеттеріне сәйкес партияны жаңғырту мәселелерін талқылады деп хабарлады turkystan.kz. Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылында AMANAT партиясының Атқарушы хатшысы Түркістан облысындағы бірқатар ауылдық округтің, оның ішінде Майдантал, Үшқайық, Жібек жолы, Жаңа Иқан және т.б. ауылдардың жаңадан сайланған әкімдерімен кездесу өткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр тұңғыш рет ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілген болатын. Бүгінде сайлау науқаны еліміз бойынша үздіксіз үдеріске айналды. Осыған дейін Түркістан облысында 72 ауылдық округте сайлау өтсе, соның ішінде сайланған әкімдердің 86%-ы – AMANAT партиясының кандидаттары. Бұл – партияға артылып отырған үлкен сенім. Тиісінше бізге сайлауалды уәделерді сапалы орындау бойынша үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр», - деп атап өтті Асхат Оралов.
Өз кезегінде, Шорнақ ауылының тұрғындары осындағы Б.Майлин және Қ.Досметов көшелеріндегі жолдың сапасына шағымданды. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, аталған көшелерді жөндеу үшін бюджеттен қаражат бөлуге өтінім жолданған. Тұрғындардың шағымын ескере отырып, Атқарушы хатшы мәслихаттағы фракцияға алдағы сессияда қаражат бөлу мәселесін қарап, жөндеу жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды. Бұдан кейін Асхат Орлов өңірдің мәдениет қайраткерлерімен кездесіп, рухани құндылықтарды, ұлттық мәдениет пен өнерді сақтау мәселелерін талқылады. Кездесу партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынған Түркістандағы «Farab» кітапханасында өтті. Атқарушы хатшы партияның шығармашылық және өнер өкілдеріне, жас ақындар мен жазушыларға, сондай-ақ киноиндустрия өкілдеріне, айтыстар, конкурстар, фестивальдер өткізу және басқа да жобаларды іске асыру арқылы қолдау көрсететінін атап өтті.
«Партия қайта жаңғырып, жаңа идеялары бар көптеген жастардың келіп жатқаны құптарлық жағдай. Өз тарапымнан, ауыл жастарын қолдауға ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Ауыл клубтарын жаңғыртып, ондағы кітапханаларды жаңа кітап қорымен байытып, түрлі үйірмелер ашу керек. Сонда ауыл жастары бос уақытын текке өткізбей, ауылдағы таланттардың көптеп танылуына жол ашар еді», - деп өз пікірімен бөлісті Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Бекжігіт Сердәлі.
Осы күні Асхат Оралов Түркістан облысының партия активімен де кездесіп, AMANAT модернизациясының басымдықтарын талқылады. Бүгінгі таңда өңірде барлық деңгейдегі мәслихаттарда 320 депутат болса, олардың 82%-ы – AMANAT партиясының мүшелері. Жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 4,3 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тұрғындар көбінесе әлеуметтік көмек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жұмысқа орналасу және денсаулық сақтау мәселелері бойынша келеді. Наурыз айынан бастап мобильді қоғамдық қабылдаулар ең шалғай ауылдарға баруда. Облыстық мәслихат депутаты Нұралы Әбішев облыста өңірлік сайлауалды бағдарламаға енбеген түйінді мәселелер бар екенін алға тартып, оларды шешу үшін партия мүшелері жергілікті атқарушы органдармен, азаматтық сектормен, халықпен бірлесіп, одан әрі жоспар әзірлеуі тиіс екенін айтты. Жас белсенділермен кездесу барысында жергілікті жерлерде жастарды толғандыратын негізгі мәселелер талқыланды. Түркістан облысында бүгінгі таңда AMANAT партиясынан Жас депутаттар корпусына 35 жасқа дейінгі 55 қазақстандық кірген.