1022
Айтылды – орындалды
Айтылды – орындалды
Былтырдан бері Мемлекет басшысының баспасөз қызметі «Айтылды – орындалды» айдарымен Мемлекет басшысының тапсырмасы және оның орындалуын, яғни нәтижесін жариялап отыратын үрдісті бастаған еді. Жақында осындай айтылып, орындалған тапсырмалардың бір парасы жарияланды.
«Көлеңкелі майнинг майшаммен қаралды»
Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі барлық майнинг фермаларын анықтап, салық және кеден мәселелерін тексеріп, басқа да аспектілерді зерттеу қажеттігі айтылған болатын. Газетіміздің өткен сандарының бірінде бұл тақырыпқа нақтырақ тоқталған едік, сол кезде Президент бұл тапсырманы сәуір айына дейін орындауды міндеттегенін, мәселенің мән-жайы сол кезде анық болатынын айтып сөзімізді түйіндегенбіз. Сонымен, белгіленген уақыт жетті, тапсырманың орындалғаны туралы ақпарат та жарияланды.
Ресми ақпаратта ең алдымен 51 заңсыз майнинг фермасының қызметіне тосқауыл қойылғаны, 55 ферма қызметін өз еркімен тоқтатқаны туралы айтылған.
Қаржы мониторингі агенттігі де мемлекеттік органдармен бірлесіп майнинг фермаларының қызметіне кешенді тексеру жүргізгені туралы мәлімдеді.
Агенттік ақпаратына сәйкес, қызметін өз еркімен тоқтатқан 55 майнинг фермасының жабдықтары мен құралдары бөлшектеліп, орналасқан жерінен шығарылған. Майнинг жабдықтары Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузиядан әкелінген. Олардың арасында контрабандалық жолмен жеткізілгендері де болыпты.
Жалпы, Қаржы мониторингі агенттігі 25 қылмыстық іс тіркеп, құны шамамен 100 миллиард теңге болатын 67 мыңнан астам техниканы тәркілеген. Осы жабдықтарды екінші рет айналымға енгізуге, қолдануға жол бермеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны да айтылды.
Одан бөлек, «заңсыз жұмыс істеп тұрған «сұр» майнерлердің артында кім тұр?» деген мәселенің жауабын құзырлы органдардың өзі де білмейтіні туралы айтқан едік. Қаржы мониторингі агенттігі бұған қатысты да ақпар берген екен.
– Өз қызметін тоқтатқан майнинг компанияларының арасында Павлодар облысында танымал кәсіпкерлер Болат Назарбаев пен Александр Клебановтың, сондай-ақ Ақтөбе облысында QazaqGaz ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысында танымал бизнесмендердің бірі Ерлан Нығматулиннің үлесі бар фирмалар анықталды, – деп нақтылады Қаржы мониторингі агенттігі. Ведомство олардың арасында кәсіпкер Қайрат Итемгенов пен Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Мәткеновке қатысы бар компаниялардың да барын мәлімдеді.
Ал жолы кесілген 51 ферманың техникалық шарттарсыз энергия көздеріне заңсыз қосылғаны белгілі болған.
Ішінде еркін экономикалық аймақ аумағында заңсыз орналасқаны да бар. Мәселен, фермалардың бірі Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының аумағында (АЭА) заңсыз қызмет істеп келген, ал негізінде АЭА жұмысы көбінесе жабдықтар өндіру, металлургия өнеркәсібі және құрылыс сияқты салаларға бағытталған.
Қытай үкіметі блокчейн индустриясына тыйым салғаннан кейін, сол жақтағы майнинг фермалары мен майнерлер жаппай Қазақстанға ауғанын айтқанбыз, сол кезде шамамен 50 майнинг фермасы, 320-ға жуық майнер келген деген мәлімет бар. Бірақ олар бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал екені де ескерілген болатын. Яғни, «сұр» майнерлермен күрес осымен аяқталды деп кесіп-пішіп айтуға келмейді.
Сондай-ақ фермалар салықтар мен кеден төлемдерінен жалтарғаны анықталып, барлығы энергия көздерінен ажыратылғаны айтылды.
Павлодар облысында жылыжай шаруашылығымен айналысатын үш компания майнинг фермаларына электр энергиясын лицензиясыз сатып келген.
Ал Astana Hub халықаралық IT технопаркінде стартап жасаушылардың атын жамылып, 8,5 миллиард теңгеге мемлекеттік преференция алған 5 майнинг фермасы анықталған. Бұл туралы Есеп комитетінің мемлекеттік аудит бөлімінің басшысы Ақылбай Ибраев мәлімдеді. Майнинг бұл технопарктің негізгі мақсаты мен міндетіне жатпайды, бірақ фермалардың қызметі заңды болып шыққан, соған қарамастан фермалардың біреуі майнинг фермасы ретінде ресми тіркелген. 2021 жылдың үш тоқсанында оларға 8,5 миллиард теңге салық жеңілдіктері берілген. Оған қоса, компаниялар Astana Hub-та тіркелген, бірақ олардың нақты орналасқан жері белгісіз.
Осы тұста технопарктің жұмысы да көңілге күмән ұялатады, себебі бұл мәселеге Astana Hub басшылығы емес, білдей бір министрлік араласып отыр. Оған қоса, жағдайды бағамдасақ, салық жеңілдіктері ешқандай тексеріссіз, оңай берілетін сияқты. Ал шығынды қайтара өндіріп алу туралы мәселе көтерілмеді.
Ақорданың баспасөз қызметі атқарылған жұмыстардың нәтижесі елімізде электр қуатын тұтыну 600 МВт-қа дейін төмендетуге сеп болды деп мәлімдеді. Ал былтыр қазан айында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев заңсыз жұмыс істейтін «сұр» майнерлер шамамен 1 200 МВт электр энергиясын тұтынатынын айтқан еді.
Ал былтыр қарашада KEGOC АҚ елімізде энергия тұтыну өткен жылға қарағанда
1 500 МВт-қа көбейгенін, осы қарқын сақталар болса электр энергетикасы жүйесіндегі тапшылық алдағы 3 айда шамамен 1,7 млрд кВт-сағатқа жетуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.
Осыған байланысты майнинг пен цифрлық активтерді нормативтік реттеу ісі қатаңдатылғаны айтылды. Қаржы мониторингі агенттігі бұл сала реттелмесе, қауіп көп екенін де ескертті. Нақтырақ айтқанда, криптовалюта терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ пен есірткі сатып алу құралына айналуы да мүмкін.
– Осының барлығын ескере отырып, мәселелерді заң аясында реттеуге бағытталған жүйелі шешімдер әзірленіп жатыр, – деп түйіндеді ведомство.
Бұған дейін майнинг фермалары тұтынатын қуатты 100 МВт-дан асырмау туралы заң жобасы талқыланған болатын. Кейіннен бұл заңды түрде жұмыс істеп тұрған майнинг фермаларының жұмысына кедергі келтірілуі мүмкін екені ескерілді. Себебі еліміздегі блокчейн индустриясының жоғары әлеуетін пайдаға асыру туралы ұсыныстар мен пікірлер жиі айтылады. Жалпы, саланы одан әрі дамыту туралы ойды құзырлы мекеме өкілдерінен бірнеше рет естідік.
Жақып ХАЙРУШЕВ,
ҚЭҚ еңбек сіңірген энергетигі:
«Сұр» майнерлер энергия тапшылығының басты себебі емес
– Құзыретті органдар шынымен де біраз жұмыс атқарды және бірқатар «сұр» майнер әшкереленіп, жұмысы тежелді. Олар басқа өндірістердің атын жамылып, тіркеусіз, салық төлемей жұмыс істеді, сәйкесінше бізде энергия тұтыну едәуір өсті, тапшылық пайда болды, бірақ «сұр» майнерлер толығымен анықталды деуге келмейді. Әлі де анықталуы мүмкін, бірақ мұнша көп болмайды, өйткені олардың басым бөлігі осы жолы анықталды деп ойлаймын.
Енді энергия тапшылығы туралы айтатын болсақ, «сұр» майнерлер, әрине біздің электр энергетикасындағы проблемаларымызды ашты, бірақ олар басты себеп емес еді. Қазіргі энергия тапшылығының басты себебі – жылдар бойы жалғасқан тозу. Ол, әсіресе 2021-2022 жылғы қыста анық байқалды: мұржалар құлады, жөндеу жұмыстары жұмыс жасалмағаны анықталды. Тапшылық бұрын да байқалатын, сол кезде біз резервке жүгінетінбіз, ал резерв «сұр» майнерлердің әрекетінен сарқылатын. Сондықтан біздің алдымызда тапшылық мәселесін шешу тұр, бұл енді мүлде басқа мәселе.
«Сұйылтылған мұнай бағасы – бақылауда»
Қаңтар оқиғасы елімізде сұйылтылған газ бағасының өсуіне байланысты Жаңаөзен мен Ақтаудағы жаппай наразылықтан бас алған еді.
2020 жылға дейін бағасы салыстырмалы түрде арзан болып келіп (Маңғыстауда орташа – 55, республика бойынша – 60-70 теңге), бірден 100 теңгеге жетті. Сұйылтылған мұнай газы бағасының бұлайша шарықтап кетуіне әсер етіп отырған фактор сыртқы нарық екені содан бері айтылып келді.
Мәселен, 2020 жылы елімізде 3,2 млн тонна газ өндірілген болса, соның тең жартысы экспортқа кеткен.
5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңесте Мемлекет басшысы Бас прокуратураға бағаны реттеп отыруға жауапты бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп сұйылтылған мұнай газын сатумен айналысатын компанияларға қатысты тергеу жүргізуді тапсырған болатын.
Ақорданың баспасөз қызметі осы тапсырма аясында сұйылтылған мұнай газын жеткізетін 6 ірі көтерме сауда компаниясына қатысты тергеп-тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді.
Ақпаратта «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС, Petrosun ЖШС мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС аталады.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, сұйылтылған мұнай газын сатушылар құзыретін асыра пайдаланып, бағаны ретсіз өсіргені анықталған.
Нәтижесінде, «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-на әкімшілік айыппұл салу туралы сот шешімі шығарылған, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «СП Қазгермұнай» ЖШС-на қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Жалпы, елімізде сұйық мұнай газын өндіруші 10-нан астам кәсіпорын бар. Солардың ең ірісінің үштігіне «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорны кіреді, оған жалпы өндірістің 20 пайызы тиесілі. Одан бөлек, Petrosun ЖШС мен «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС-на қатысты қылмыстық іс қозғалып, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ға қатысты іс материалдары Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген. Ал «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС жұмысын тексеру кезінде сұйылтылған мұнай газын сату кезінде негізсіз қысқарту фактілері анықталыпты.
Жалпы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі сұйылтылған мұнай газын бөлшек саудалайтын 193 субъектіге, оның ішінде 89-на Бас прокуратурамен бірлесіп тергеп-тексеріп жатқаны айтылады.
Нарықтағы 65 субъектінің ісінде келісілген әрекеттер және картельдік сөз байласу фактілері анықталған, ал 45 субъектіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жіберіліпті. Салынған әкімшілік айыппұлдың жалпы сомасы – 92 миллион теңге.
Сонымен қатар сұйылтылған газды электронды сауда алаңында сату 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілген еді. Бұл уақытқа дейін жауапты министрлік бағаның негізсіз өсуін тежеу жолдарын белгілеп, ашықтық талаптары тетігін жетілдіру керек деген міндет қойылған.
Үкімет еліміздің барлық өңірінде 180 күнге газдың шекті бағасын бекітті. Одан бөлек, осы мерзімге, бензин мен дизель отынын сатуға уақытша 180 күнге бағаны мемлекеттік реттеу енгізілген болатын.
«Бұқаралық спортқа назар аударылды»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді» деген болатын.
Президент бұл тақырыпты 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында тағы бір рет көтерді. Нақтырақ айтсақ, спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңызы айтылды. Тапсырма аясында Мәдениет және спорт министрлігі жұмыс жоспарын да әзірлеген болатын.
Спорт және денешынықтыру істері комитеті 2021 жылдың қорытындысы бойынша елімізде денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде 6 534 919 адам шұғылданатынын мәлімдеген еді, бұл елдегі халықтың – 34,28 пайызы. Оның ішінде
2 048 284 адам ауылдық жерлерде денешынықтыру және спортпен шұғылданады. Сондай-ақ 2020 жылмен салыстырғанда шұғылданушылар саны 581 084 адамға ұлғайған деген статистикалық мәлімет жариялаған.
Дәл осы 2021 жылы Халықаралық спорт индексі рейтингі (International Sporting Index) жарияланды. Рейтингте елдегі халықтың спортпен айналысу деңгейі ескеріледі. Зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстан – 58-орында. Ал бұқаралық спорт индексі 27.5 балға бағаланыпты. Бұл – орташадан сәл төмен көрсеткіш.
Сонымен, Ақорда баспасөз қызметі мемлекет шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру институтын алғаш рет енгізгенін мәлімдеді.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2021 жылы 133 мыңнан астам бала сурет, би, музыка және басқа да үйірмелерге, 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысқан. Ал ел бойынша спорт секцияларын ашуға бөлінген қаржы 6 миллиард теңгеден асқан.
Осы орайда ауылдағы бұқаралық спорт, ауыл балаларының спортпен айналысуына қатысты мәселенің реттелуі үшін әлі де болса көп жұмыс атқарылуы керек екені байқалады. Ауыл мектептерін, спорт мектептерін қарапайым спорт жабдықтарымен қамтамасыз етуге байланысты түйткіл көп, оның өзі бір мақалаға жүк боларлықтай мәселе.
Бір апта ішінде жарияланған осы үш есепке шолу жасап, тарқатып көрдік. Айтылғанымен, орындалмай жатқан тапсырмалардың мәселесі өз алдына, айтылып, орындалып жатқан тапсырмалар да қағаз жүзінде қалмаса дейміз.