Қаңтар оқиғасы кезінде белгілі бір топтың Алматы әуежайын басып алуы, кейбір облыстарда да әуежайға шабуыл жасалуы ел арасында үрей туғызды. «Стратегиялық нысанды оп-оңай қалай басып алады?» деген ой әркімнің де басында болғаны анық. Біздің «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ғабит Тәжімұратовпен әңгімеміз осы мәселеден басталды.
Әуежайды әскер қорғауы керек
– Ғабит Қалиұлы, қаңтар оқиғасы мемлекетіміздің талмау тұстарын көрсетіп берді. Соның бірі – әуежай. Алматы әуежайында болған жағдай баршаға белгілі. Ал елордамыздағы бас әуежайымызда сол күндерде не болды?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы мәлімдеме жасап, елімізде лаңкестік қауіп-қатердің «қызыл деңгейін» жариялағаннан кейін әуежайдың барлық қызметі, соның ішінде авиациялық қауіпсіздік қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Біздің адамдарымыз қолдарына ақ шүберек байлап алып, бірнеше күн бойы әуежайды күзетті. Ақ шүберекті бір-бірімізді оңай тану үшін байлап алдық. Дереу жедел штаб құрылып, әуежайда орналасқан барлық құқық қорғау органдары, сондай-ақ әуежай қорғанысын күшейту үшін арнайы жіберілген әскери бөлімдер мен құзырлы мекемелер өкілдері тізе қосып іске кірісті. Әуежайдың әрбір кіреберісі мен шығысында терминалға кірген әрбір адамды мұқият тексеру үшін бірінші бақылау желісі орнатылды. Дегенмен ешқандай шектеу енгізілген жоқ, әуежай қалыпты режимде жұмыс істеді.
– Күдік туғызатындай дүниелер болды ма?
– Әрине, мұндай кезде әрбір оғаш қылық көрсеткен, тосын мінез танытқан адамға, топқа күдікпен қарайсың ғой. Бірақ Құдайға шүкір, қауіпті жағдай болған жоқ. Дегенмен Алматыдағы оқиға көп нәрсенің бетін ашып берді. Әуежайдың қауіпсіздік қызметі қашанда осындай оқиғаларға дайын болу керек.
Рейс азайса да кіріс көбейді
– Сіз мұнда пандемия басталардың алдында ғана басшы болып келіпсіз. Жалпы, індеттен кейін көп кәсіпорынның сазға отырып қалғаны белгілі. Немесе жұмысымыз жүрмей жатса, пандемияға сілтей салатын болдық. Сіздерде жағдай қалай?
– Әрине, бәрін пандемияға сілтеп, мың сылтау айту – ең оңай іс. Бірақ кез келген тығырықтың жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын да ұмытпаған абзал. Мысалы, пандемия кезінде біз барлық жұмыс орнын сақтап қана қоймай, айлық жалақыны да біршама өсірдік.
– Қалай?
– Бәрін басынан бастап айтайын. Мен 2019 жылғы 28 желтоқсанда басқарма төрағасы боп жұмысқа кірістім. 2020 жыл басталысымен күшті боран болып, жұмысымызға біраз кедергі келтірді. Содан кейін пандемия басталды. Жағдай қиын болатын, өйткені індет туралы мәліметіміз өте аз еді. 500 миллион теңге қаржы бөліп, бұл қаражатқа қолғап, бетперде, дезинфекция құралдарын, инфекциядан қорғайтын комбинезон сатып алдық. Жолаушының дене температурасын қашықтан лезде «оқитын» тепловизорлар орнаттық. Ухань қаласынан келген эвакуцияланған қазақстандықтарды қарсы алдық. Медициналық орталықтармен тізе қосып жұмыс істедік. Кейін әуежай толық жабылды. Бұл – бұрын-соңды болмаған жағдай. Басында не істерімізді білмей дағдарып қалдық. Бізде 2 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың отбасы, бала-шағасы бар. Көбі несие алған, оны төлеуі керек. Басында айлық жалақысын жартылай төлеп, үйіне жібердік. Жұмысқа өзім ғана келіп жүрдім. Әуежай екі-үш ай қаңырап бос тұрды. Не істеу керек? Даму стратегиясын өзгерту қажеттігін ұқтым. Бізде негізгі кіріс халықаралық рейстерден түсіп келген. Енді халықаралық рейс түгілі, ішкі рейстер де тоқтап тұр. Бірақ солай екен деп қол қусырып отырмайсың ғой. Өйтетін болсақ, дефолтқа ұшырағалы тұрмыз. Жаңа стратегия құрып, іске кірістік. Қытайдан Еуропаға немесе кері бағытта жүк таситын ірі компанияларға шықтық. Өзіміздің мүмкіндіктерімізді көрсетіп, қызметімізді ұсындық. Олар пандемияның кезінде дәрі-дәрмек, бетперде тасыды. Біздің мүмкіндігімізді көрген соң олар да бұрыла бастады. Соның арқасында біздің кірісіміз ұлғайды. Мысалы, Aerotranscargo атты компания біздің тұрақты әріптесімізге айналды.
Пандемияның алдында біздің әуежайдан күніне 100-ден аса рейс ұшатын, қазір күніне 40-50 рейс қана. Оның үстіне, халықаралық рейстер саны 60 пайызға азайды. 2019 жылы әуежайдан 5 миллион жолаушы ұшып-қонса, 2020 жылы 3 миллионға да жеткен жоқ. Ал 2021 жылы 4,8 миллион адам біздің әуежайдың тасымал қызметін пайдаланған. Қараңыз, пандемияның алдындағы деңгейге әлі жеткен жоқпыз. Дегенмен біздің кіріс соңғы екі жылда 3 есе өсті.
Пандемияның кезінде тағы бір пайдалы шаруаны тындырып алдық. Бұрын жаңбыр жауған сәтте әуежайдың іші шылқып кететін жайт болған. Біз соны ретке келтірдік.
– Демек, дұрыс стратегияның арқасында осындай дәрежеге жеттіңіздер ме?
– Иә, солай. Қазір әуежайда өте мықты мамандар жұмыс істейді. Мысалы, Ақтау, Тараз, Қызылорда, Түркістан, Қостанай әуежайларында басшы болып істегендер қазір бізде еңбек етіп жүр. Олар – істің иінін білетін мамандар. Жалпы, авиация саласында мықты мамандарды ұстап тұру оңай емес. Біз сол сынақтан өттік. Мамандарымызды шашау шығарған жоқпыз.
– Сонда қазір әуежайда ешқандай проблема жоқ па?
– Олай деп айта алмаймыз. Жұмыс болған жерде проблема болары хақ. Ал бізде түйіні шешілмеген бірнеше мәселе бар. Мысалы, біздің ұшу-қону жолағы жөнінде. Ол – Орталық Азиядағы ең үздік, халықаралық стандарттарға сай, түрлі метеожағдайда ұшақтың барлық түрін қабылдап, шығарып салуға мүмкіндігі бар жолақтың бірі. Алайда 2003 жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Жылына бір рет жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Негізі, әлемдік стандарт бойынша он жылда бір рет күрделі жөндеу жүргізілуге тиіс. Бір күні жолағымыз істен шығып жатса, ұятқа қаламыз. Елорда әуежайы – мемлекетіміздің айнасы. Ал айна жарқырап тұрғаны абзал. Сондықтан да ұшу жолағын күрделі жөндеуден өткізу керек. Біз қазір өз ақшамызға жобаның сметасын жасап жатырмыз. Мемлекеттің қолдауы керек. Жалпы, әуежай мәселесі ұлттық жобаға енуі қажет.
Қазір Көкшетау әуежайы біздің балансымызда тұр. Онда 140 адам жұмыс істейді. Әрине, ол әуежайдың да дамуына ақша салып отырмыз. Бұл – бізге қосымша жүк. Сондықтан оны Ақмола облысы әкімдігінің балансына өткізген жөн. Курортты аймақ қой, өз арбасын өзі сүйреп кетері хақ. Осы мәселе шешілсе дейміз.
Үкімет жанар-жағармай мәселесін реттеуі керек
– Былтыр төртінші тоқсанда жанар-жағармайға қатысты дау туды. Жыл сайын жетіп келген керосинннің былтыр жетпей қалу себебі неде? Оның үстіне рейстер саны азайды деп отырсыз...
– Мәселе мынада. Атырау, Шымкент, Павлодар зауыттары жылына 500 мың тоннаға жуық керосин өндіреді. Жоғарыда айтқанымдай, бізде қазір транзиттік ұшақтар саны көбейді. Оларға жанар-жағармай керек. Бұрын біздің әуежай жылына әуекомпанияларға 20 мың тоннаға жуық керосин сатса, біз қазір бұл көлемді бір айда сатып отырмыз. Былтыр, мысалы 150 мың тоннаға жуық жанармай құйдық. Яғни жанармай сату көлемі 9 есе өсті.
– Бұл дегеніңіз қып-қызыл пайда емес пе?
– Менің де айтып отырғаным – сол. Бізге қазір әлемдегі алпауыт компаниялар бұрыла бастады. Ендігі мәселе – соларға лайықты қызмет ете білу. Біздің әуежайда Орталық Азиядағы ең үздік жерүсті инфрақұрылым, рейстерге жылдам қызмет көрсететін арнайы техникалық жабдықтар бар. Мысалы, біздің арнаулы көліктеріміз ауыр лайнерлерге 100 тонна жанармайды небәрі 30-40 минутта құяды. Қазір әуежайымыз жылына 2 000-нан астам транзиттік жүк рейсіне қызмет көрсетіп отыр. Алда оның саны ұлғаюы мүмкін. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттары да өз саясатын қайта қарауға тиіс. Біз арадағы делдалдар арқылы емес, тікелей зауыттан сатып алсақ, біраз шаруа ретке келер еді. Әйтпесе, кейде Ресейден керосин сатып алуға мәжбүр боламыз. Қаржының өз мемлекетімізде қалғаны дұрыс.
Әрбір қосымша рейс – табыс. Сосын әлемдегі стандарт бойынша, белгілі бір уақыттан соң экипаж ауысып отыруы керек. Яғни, олар біздің қаламызда қалады, қонақүйге түседі, тамақ ішеді, бұл – ақша, біздің мемлекетімізге түсетін табыс.
Әуежай маңында тұтас жаңа қала бой көтереді
– Әуежайға келген кісіге дұрыс қызмет ұсынсақ дегеніңізден шығады, кейде айқай-шу болып жатады...
– Мұның бәрі маманға байланысты. Елімізде әуежай қызметкерлерін даярлайтын оқу орны жоқ. Бұл да болашақта назарға алынуға тиіс дүние. Алматыдағы «Азаматтық авиация академиясы» негізінен әуекомпанияларына маман әзірлейді. Бізде оқу орталығы бар. Сол оқу орталығында біздің мамандар сертификациядан өтіп, алған білімдерін жетілдіреді, яғни мамандарды өзіміз тәрбиелейміз. Әуе қауіпсіздігі қызметі, аэродромда жұмыс істейтін, жанар-жағармай құятын, құстан қорғайтын, арнаулы техникаға қарайтын мамандар бізге әрдайым қажет.
Сіз әуежайға келгенде толық тексеруден өткізетін мамандарды біз тексеру қызметінің инспекторы деп атаймыз. Әр тексеру нысанында төрт маман тұрады. Кейде әуекомпанияларының өз қызметкерлері тексеріс жүргізеді. Бірақ кімнен ағаттық кетсе де, сөз әуелі әуежайға келеді. Біз өз қызметкерлерімізге жолаушылардың көңілін табу басты міндетіміз екенін үнемі ескертіп отырамыз.
– Сонда мамандарды қалай таңдайсыздар?
– Бізге келгендердің ішінен іріктейміз. Халықаралық терминалға маман қабылдағанда бірнеше тіл білетіндерге артықшылық беріледі. Жалпы, әуежай қызметіне келген дұрыс кадрды жібермеуге, оған жағдай жасауға тырысамыз. Сонымен бірге әрбір жолаушыға жағдай жасау – міндетіміз. Цифрландыру мәселесін Қазақстанда бірінші болып біз қолға алдық. Әуежай ішінде қымбат тамақтану орындарымен бірге арзан асхана да бар.
– Ұшу жолағын күрделі жөндеуден өткізу туралы айтып қалдыңыз. Неге екінші жолақ салмасқа?
– Бұл – оңай дүние емес. Біріншіден, қазіргі жолақ өз мүмкіндігінің 35 пайызы шамасында ғана жұмыс істеп тұр. Сондай уақытта екінші жолақ салу, экономикалық жағынан тиімсіз. Оны ұстап тұруға қыруар қаржы қажет. Сондықтан ең дұрысы – қазіргі жолақты күрделі жөндеуден өткізіп алу.
Ал енді екінші жолақ салу да ретімен болатын дүние. 2023 жылы әуекемелерін қабылдау, жолаушылардың тасымалы жөнінен біздің әуежай елімізде бірінші орынға шығуға тиіс. Әзірге алдымызда Алматы әуежайы бар. Сондай-ақ алдағы бес жылда жүк тасымалын төрт еседен астам ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Міне, сол кезде жаңа сіз айтқан екінші ұшу-қону жолағы керек болады. Біздің есептеуімізше, бұл 2027-2028 жылдарға келуге тиіс. Оған дейін мына жолақты, жүру жолдары мен перронды, жарық беретін жабдықтарды жаңартып алуымыз керек.
– Сонда әуежайдың әлеуеті әлдеқайда артады ғой?
– Әрине. Солай болуға тиіс. Өйткені жоғарыда айтылғандай, әуежай – еліміздің айнасы. Елімізге келген түрлі мемлекеттің басшылары әуелі әуежайды көріп, ой түйеді. Қарапайым жолаушы да ең бірінші әуежайға назар аударады. Жалпы, елорда әуежайын Атланта, Нью-Йорк, Франкфурт, Амстердам, Сингапур әуежайлары секілді аэрополиске айналдырған дұрыс. Ол үшін осы кезден бастап кірісуіміз қажет. Қазір астанамызды 2035 жылға дейінгі дамытудың бас жоспары әзірленіп жатыр, біз соған әуежайды дамытудың тұжырымдамасын енгізуді жоспарлап қойдық. Ол бойынша біздің әуежай ТМД елдері мен Орталық Азия аумағында жетекші әуехабына айналуға тиіс. Мультимодальді жүк тасымалдау орталығы, электронды коммерция қызметі және еркін сауда аймағы құрылады. Ол үшін елорданы дамытудың бас жоспарына біздің даму жоспарымыз міндетті түрде енуі керек. Біз өз аумағымызды шегелеп алуымыз қажет. Әлемдік нормада көрсетілгендей, әуежайға тым жақын жерлерде елді мекен, тұрғын үйлер болмауы қатаң бақылануы қажет. Әуежайға дейін теміржол желісі тартылуға тиіс. Мысалы, әуежайдан түскен жолаушы пойызға отырып, Көкшетауға тартып кетсе, несі бар? Зәулім, жоғары класты қонақүйлер, тамақтану орындары салынады деп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, алдағы 10-15 жылда әуежай аумағында тұтас бір жаңа қала бой көтереді.
–Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ