378
«Алтын домбыра» қызылордалық ақынға бұйырды
«Алтын домбыра» қызылордалық ақынға бұйырды
Бүгін Республика сарайында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Алтын домбыра» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Дәстүрлі жыр додасында «Алтын домбыраны» қызылордалық Мұхтар Ниязов жеңіп алды. Ниязовқа «Алтын домбыра» мүсінімен қатар, 3 миллион теңге сыйақы берілді. 1-орын Болатбек Оразбаевқа (2 млн теңге), 2-орын Жансая Мусинаға (1 млн теңге) бұйырды. Ал 3-орын Серікзат Дүйсенғазы, Мейірбек Сұлтанхан, Иранғайып Күзенбаев пен Өміржан Көпбосыновқа (әрқайсысына 300 мың теңгеден) берілді.
Ақындардың өнерін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов, «Дарын» сыйлығының лауреаты Мұхамеджан Тазабек, «Дарын» сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлы сынды танымал ақындардан жасақталған қазылар алқасы бағалады. Республикалық айтыс Алматы қаласының әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өтті. Айтыстың бірінші кезеңінде Ершат Қайболдин - Сырым Əділбек, Мақсат Ақанов - Әсем Ережеқызы, Шұғайып Сезімхан - Жансая Мусина, Айбек Қалиев - Мейірбек Сұлтанхан, Серікзат Дүйсенғазы - Иран-Ғайып Күзембаев, Рүстем Қайыртайұлы - Өміржан Көпбосынов, Қалижан Білдашев - Болатбек Мейірбекұлы, Еркебұлан Қайназар - Мұхтар Ниязов, Ержан Әміров - Аспанбек Шұғатаев, Нұрлан Есенқұлов - Нұрмат Мансұровтар он жұп айтысты.
«Алдын домбыра» айтысының екінші айналымына 12 ақын өтті. Олар: Еркебұлан Қайназар, Мұхтар Ниязов, Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Мейірбек Сұлтанхан, Ержан Әміров, Өміржан Көпбосынов, Жансая Мусина, Қалижан Білдашев, Иранғайып Күзембаев, Серікзат Дүйсенғазы, Болатбек Мейірбекұлы. Айта кетейік, Мұхтар Ниязов 2012 жылы «Алтын домбыраның» алғашқы иегері болған еді. Келесі жылы бұл бәйгенің бас жүлдесін Жандарбек Бұлғақов иеленсе, 2014 жылы Балғынбек Имашевтің еншісіне бұйырған болатын. Ал 2015 жылы «Алтын домбыраны» павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев олжалады.