50308
«Бағасы удай»: депутат базардағы қымбатшылықтан шошыды
«Бағасы удай»: депутат базардағы қымбатшылықтан шошыды
Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан өткен демалыста базар аралап, азық-түлік бағасын біліп, әбден шошыған. Шенеунік енді «баға реттелгенше, халықтың шыдамы таусылатын болды, үкіметтік ведомстволардың арасында өзара үйлесім жоқ» деп отыр. Оның айтуынша, Үкімет мұндай жағдайда шара қабылдауы керек деп хабарлады turkystan.kz.
«Кеше Елорда базарларын арнайы аралап, азық-түлік бағаларын көріп, саудагерлермен, тұрғындармен сөйлесіп қайттым. Баға – удай... Әсіресе, күнделікті тұтынатын ет-сүт, картоп, сәбіз, пияз, көкөніс, күнбағыс майы, макарон өнімдері секілді негізгі тұтынатын азықтардың бағасы еселеп барады. Өткен наурыз айында баға 13 пайызға өсіп, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті… Баға дейтін пәле елдің еңсесін езіп, белін бүктіріп, етегіне сүріндіріп тұр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруды тапсырған болатын. Ашығын айтқанда, Президент тапсырмасын орындауда Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Сауда және интеграция министрлігі де, Монополияға қарсы күрес агенттігі де, аймақтық әкімдіктер де жағдайдың алдын ала алмай отыр. Министрліктер бір-біріне сілтейді. Жауапкершілікті бір-біріне сілтеп отырған үкіметтік ведомстволардың арасында өзара үйлесім жоқ. Өткен аптада осы салаға жауапты ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Мәжіліске келіп, депутаттардың нақты сұрақтарына жауап бере алмай, қызыл сөзден қырман сапырып, ақыры ауылшаруашылық министріне сілтеді де кетті», – деп күйінді.Базар аралап, ондағы азық-түлік бағасына таңғалған депутат қымбатшылық тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде болып жатқанын алға тартты.
«Базардағы негізгі азық-түлік тауарларының бағасы инфляция өсімінен де асып кеткен. Мамандардың есебінше, күнбағыс майы – 36,7 пайызға, қант – 34,8 пайызға, картоп – 21,8 пайызға, жеміс-жидек – 19,9 пайызға, макарон өнімдері – 22,7 пайызға, жұмыртқа 10 пайызға қымбаттаған. Әрине, азық-түлік бағасы бізде ғана емес, күллі әлемде құбылып тұр. Солай екен деп қарап отырмай, Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасына сай шаралар қабылдауы керек еді ғой. Мәжілістегі «Үкімет сағатында» да, Пленарлық жиында да баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі «мұның бәрі уақытша, жағдай реттеледі» дейді. Баға реттеліп болғанша, халықтың төзімі таусылып бітетін болды. Енді бір мамандар «бәрі жанар-жағармай бағасына тіреліп тұр, жағармайды өсірмеу керек» дейді. Екі ай бұрын елді аралағанда қырдағы шаруалар техниканың 20 пайызға, тыңайтқыштың 50 пайызға өскенін айтып, етектері жасқа толып отырды. Осындай бағаның жүгенсіздігінен тауардың өзіндік құны, әрине, қымбаттайды» деп жазды Жанарбек Әшімжан Facebook-тегі парақшасына.