741
MIRAS ұлт мұрасын ұлықтамақ
MIRAS ұлт мұрасын ұлықтамақ
Мемлекеттің рухани іргетасын қалайтын ұлттық мәдениет пен әдебиет, салт-дәстүр екені даусыз. Сол құндылықтардың негізінде ұлттың негізі мен болмысы қалыптасады. Сондықтан да ел дамуының қай кезеңінде болмасын оған ерекше ден қойып, рухани мұраларымызды дәріптеу мен насихаттауға ұмтылу – басты мақсат. Осындай маңызды мәселелер мемлекеттік деңгейде талқыланып, оны қолдау мен дамыту үшін түрлі шаралар жасалып жатқаны көңіл қуантады.
Соның бірі – «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі Miras республикалық қоғамдық кеңесі өткізген биылғы алғашқы отырыс. Оған депутаттар, Үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кеңесте Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ-тың рөлі, жауапкершілігі, әлеуметтік күйі, кәсіби әлеуеті және «Жаңа Қазақстан: мәдени-рухани әлем және кітап шығару» тақырыптары қаралды.
Айта кетсек, партияның кезектен тыс ХХІІ съезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясын түбегейлі қайта жаңғыртудың мақсат-міндеттерін айқындап, оның мемлекет тәуелсіздігі мен ел бірлігі үшін қызмет ететініне зор сенім білдірген болатын.
Осы орайда кеңес отырысын ашқан партияның Атқарушы хатшысы Асхат Оралов соңғы екі айда қоғамда, партия құрылысында үлкен өзгерістер болғанын, Жаңа Қазақстан құру жолындағы трансформацияның партиядан басталғанын айтты.
Ол халықпен кері байланысты жетілдіру мақсатында құрылымы қайта жасақталған партия жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысындағы өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, «AMANAT» партиясы биыл ұлттық мәдениет пен өнерді қолдауда бірнеше іс-шараны қолға алады. Соның бірі – айтыс.
«Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек, биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Партия әрдайым халықтың сөзін сөйлейтін сөз зергерлерін қолдайды. Бұдан бөлек, биыл еліміз ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтеді. Осы мерейтойларды ұйымдастыру барысында партия жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді А.Оралов.
Кеңес отырысында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Президент Жолдауында айтылған мәдени мұраларымыз бен тарихымызды тануға қатысты қойылған міндеттерге сәйкес министрлік қолға алған ауқымды жұмыстарға тоқталды.
«Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдар Жарлық жобасын әзірлеуде. Оған қоса, биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», – деді ол.
Министрдің сөзінше, биылғы Балалар жылы аясында арнаулы логотиппен 24 кітап жарық көрсе, енді жас қаламгерлерді қолдау мақсатында «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясын шығару жоспарда бар.
Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы Miras-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.
«Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Азаматтық қоғам институттары мен БАҚ өкілдерінің рөлін арттыруға баса назар аударған болатын. Бүгінгі біздің талқылау алаңымыз осы тақырыпқа бағытталады. Әлемдік кеңістікте ақпараттық шабуыл өршіп тұрған бүгінгі күрделі кезеңде еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайту – негізгі стратегиялық мақсатымыздың бірі. Бұл тұрғыда Президент Жолдауында ескертілгендей, қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырмалармен жұмыс істеуден, көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың басқа да топтардың саясатына арбалып қалудан сақ болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті және еркін, мықты БАҚ қалыптастыру үшін не істемек керек?», – деп қазір болып жатқан әлемдік ахуалға қатысты ойын ортаға салды.
Ал Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан мемлекеттік билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты реформалап, тәуелсіз медиа өкілдеріне басымдық беру керегін алға тартты.
– Қоғамды демократияландырудың бірден-бір тетігі – тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары ақпарат құралдары. Сондықтан түрлі ұлттық жоба мен стратегиялық құжаттардың дені ақпарат құралдарында ашық талқылануын қамтамасыз ету керек. Түрлі медиажүйенің кең спектрін және медиа саясатқа байланысты әртүрлі тәсілді ұсыну арқылы ақпарат құралдарының жұмысына жан бітіруіміз керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Осы ретте сөз алған «Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек қазақтілді ақпарат құралдары ұшырасатын түйінді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қазақ тіліндегі сайттардың ірі жарнамалар тапсырысына қолы жетпейді. Қаржы тапшылығының салдарынан білікті маман жалдай алмайды, сәйкесінше білікті мамансыз сапалы контент өндіру тағы қиындық туғызады.
«Мемлекет және әлеуметтік жауапкершілік шеңберінде бизнес осы мәселеге назар аударса. Мемлекеттік тапсырыстан бөлек, түрлі тақырыптағы гранттық жобалар жасалып, жекелеген журналистер, редакциялар конкурс негізінде гранттарды ұтып алу арқылы контент жасау мүмкіндігіне ие болар еді», – деді Е.Азанбек.
Өз кезегінде, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров БАҚ саласын құқықтық реттеуді жетілдіру, ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсібилігін нығайту, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерге тоқталды.
«Осы салада мемлекеттік реттеудің тиімді тетігін құру мақсатында заң жобасын әзірлеу жұмысы басталды. Біз ұсыныстарды жинап, сарапшылармен бірлесе отырып, заңнаманы жетілдіру тетіктері бойынша концепция әзірлейміз. Ол үшін БАҚ, азаматтық қоғам, ҮЕҰ өкілдерін, қоғам қайраткерлері және басқа да мүдделі ұйымдардың басын қосып, арнайы жұмыс тобы құрылуда», – деді министр.
«Хабар» агенттігі» Акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» атты Қазақстан халқына Жолдауының мәні де, маңызы да айрықша екенін айтты.
«Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған реформаларды жүзеге асыру кезеңінде БАҚ саласының жауапкершілігі, әлеуметтік, кәсіби әлеуеті өте зор болмақ. Жаңа Қазақстанды құру жолында еліміздің басты арнасы бел шешіп кірісіп, идеологиялық тұрғыда жұмыс істейді. Президенттің бастамаларын біздің арналарымыз алдағы уақытта да халыққа кеңінен насихаттап, жеткізуге қашанда дайын», – деді ол.
Сондай-ақ кеңесте mecenat.kz жобасының әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жеңімпаз шығарманың авторына өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге әзір. Жобаны әзірлеуші топтың мүшесі, тележурналист Әйгерім Ағылтаева ұлттық әдебиеттің дамуына одан әрі үлес қосу, әдебиетте жаңа есімдерді таныту, үздік романдарды оқырманға ұсынып, роман жазуды ілгерілету мақсатында қолға алынған жобаға Freedom Holding Gorp инвестициялық тобының негізін қалаушы, белгілі қаржыгер Тимур Турлов қаржылай қолдау көрсететінін жеткізді.
Келелі тақырыптар қозғалған жиынға бейнеконференция арқылы да қосылған қаламгерлер мен қоғам қайраткерлері болды. Олар да жоғарыда көтерілген мәселелер бойынша өз пікірлерін ортаға салып, жан-жақты талқылау процесіне қатысты. Атап айтсақ, Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет антологиялық көптомдықтарды шығаруды назардан тыс қалдырмау керегін ескертсе, жазушы Сәуле Досжан кітап саудасы, кітап бизнесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Кеңесте сөз алған жазушы Алдан Смайыл қазақ киносының жеткен жетістіктерін айта келе, онда бар олқылықтардың да орнын толтыратын уақыт келгенін жеткізді. Одан бөлек, аударма саласында кетіп жатқан кемшіліктер мәселесіне де тоқталды.
Miras республикалық қоғамдық кеңесі өткізген алғашқы отырыс осындай маңызды тақырыптарды көтеріп, бірқатар хаттама қабылдады.
Қоғам қайраткерлері мен қаламгерлердің бас қосып, ұлттық құндылықтарды сақтау жөнінде айтқан пікірлері мен қабылдаған шешімдері елдегі мәдениет пен әдебиет, медиа кеңістігіне серпін беріп, жаңа бір тыныс сыйласа деген үміт бар. Аталған салаларға бөлінетін грант пен көрсетілмек қолдаулардың барлығы елдің рухани әл-ауқатын арттыруға жасалып жатқан қадамдар екені анық.
Әсем ҚҰЛМАНОВА