5064
Телефонға тәуелділік: ауру ма, әдет пе?
Телефонға тәуелділік: ауру ма, әдет пе?
Сандық технологияның эволюциялық жолы көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқаны соншалық, олар адамзаттың ажырамас бөлшегіне айналып кеткендей. Әсіресе, әлемдік цифрлық нарыққа смартфондардың келуі біраз жағдайдың өзгеруіне себепші болды. Өйткені олар асқан ептілікпен жасалып, адам миы мен ойы жететін ресурстардың да кеңістігін жаулап алып жатыр.
САНДЫҚ ӘЛЕМНІҢ «СЫЙЛЫҒЫ»
Сандық құрылғылар жұмыс процесін жеделдетіп, өмір сүруді жеңілдететін фактордан бөлек, адамның психикалық күйіне әсер етіп, стресс тудырады. Әр сәт сайын телефонға алаңдап, әлеуметтік мессенджерлерді тексеруге тырысу, келген хабарлама дыбысына елеңдеу дәл осы техникалық стрестің туындауына себеп болады.
Мысалы, Америка психологиялық ассоциациясының жүргізген әлеуметтік сауалнамаға қатысқан жергілікті халықтың 20 пайызы цифрлық технологияға күнделікті жүгіну күйзеліске душар ететінін жеткізген.
Ал Швецияда жасалған бір тәжірибе бойынша жастар мен жасөспірімдердің мобильді құрылғыларды тұрақты қолдануы ұйқының бұзылуымен қатар депрессиялық симптомдар мен стрестік күйдің жоғары деңгейлерін көрсеткен. Тәжірибеге қатысқандардың 70 пайызы жатар уақыт алдында міндетті түрде әлеуметтік желіні шолып шығатын болса, 15 пайызы бір немесе одан да көп сағатын қалтафонға қарап жатумен өткізген. Аталған зерттеулерге сүйенсек, гаджеттерді түнгі уақытта, әсіресе жатар алдында қолдану мазасыздық пен ұйқысыздыққа немесе ұйқы тыныш болмауына әсер етеді. Сонымен қатар осылай беймезгіл уақытта сандық құрылғыларды қолдану адам салмағының ұлғаюына да әсер ететіні анықталған. Пенсильвания университетінің зерттеушілері Facebook, Instagram сияқты мессенджерлерді үздіксіз парақтау адамдардың өзін жайсыз сезінуіне себеп болатынын айтқан. Егер әлеуметтік желілерді белгілі бір дәрежеде шектесе, жалғыздық пен депрессияны сезіну азаятыны анықталған.
Ал түнде де телефонға телміріп жататын кішкентай балалардың ұйқысы бұзылып, салыстырмалы түрде өте аз ұйықтайды екен. Child Development журналында шыққан ғылыми мақалаға сәйкес, цифрлық құрылғыларды күнделікті әрі белсенді пайдаланатын балалар мен жасөспірімдердің психикалық ауруларға душар болу ықтималдығы жоғары. Олардың ішінде өз эмоциясы мен іс-әрекетін басқара алмау, ADHD (өзгелердің назар аудару жетіспеушілігі және гиперактивтіліктің бұзылуы) сияқты симптомдар бар.
Мобильді телефондардың күнделікті өмірге кірігіп, біте қайнасып бірігіп кеткені сонша, адамдар одан бас ала алмайтындай тәуелділікке тап болған. Цифрлық құрылғылардың тұрақты тұтынушылары тәуелділіктің психологиялық-эмоционалдық шегіне жетіп, оны бір сәт қолға ұстамаса, өзін жайсыз сезінетіндей халге душар болады. Бұл – әлем сарапшылары қағып жатқан дабыл. Соған сәйкес, осы процестерге қатысты жаңа ғылыми терминдер мен ұғымдар сөздік қолданысқа еніп жатыр. Соның бірнешеуіне тоқталсақ.
XXI ҒАСЫРДЫҢ ЖАҢА СИНДРОМДАРЫ
Номофобия (no-mobile-phone phobia) – ұялы телефонсыз қалудан қорқу. Бұл термин 2008 жылы пайда болғанымен, 2018 жылы Кембридж сөздігіне енген. Номофоб адам гаджетінің қуаты біте бастағанда немесе оны бір жерде ұмыт қалдырғанда өте мазасыз күй кешеді. Телефонсыз қалу қатері туындаған жағдайда жүрегі қатты соғып, тынысы тарылып, ашуға бой алдыруы ғажап емес. Зерттеушілер аталған синдромды «XXI ғасырдағы ең ауыр тәуелділіктің бірі болуы мүмкін» деген болжам жасаған. Тіпті, оны психикалық ауытқу ретінде диагностикалық емдеуге тіркеуді ұсынған.
Фаббинг (phone-snubbing) – кездесу, достармен бас қосу кезінде телефоннан бас ала алмау. Яғни, фаббер сөйлесу, әңгімелесу кезінде жанындағы адамға емес, қолындағы гаджетіне көп назар аударады. Әлеуметтік желіні парақтап, тіпті өзге бір адамдармен хат жазысып отыруы мүмкін. Кездесіп отырған екі не одан да көп адамның бірі телефонына қарай бастаса, екіншісі де міндетті түрде оны қайталайды. Осылайша, бұл қалыпты жағдайға айналып кетеді. Кент университетінің дерегінше, бұл психологиялық проблема мен жағымсыз әдеттің бірі ретінде қарастырылған.
FoMO (felling missing out) — маңызды нәрсені өткізіп алудан қорқу. 2013 жылы бұл сөз термин ретінде ресми түрде тіркеліп, Оксфорд сөздігіне енді. Бұл синдромның белгілері: тек телефон тұтынушысы әлеуметтік желідегі лентасын жаңалап, өзгелерден жылы лебіз бен жағымды пікір күтеді, әрбір трендтегі оқиғаға үн қосып, оны басқалардың бағалағанын қалайды, біраз уақыт онлайн болмаса, барлық қызықты жаңалықтан құр қалғандай сезімде болады. Сондай-ақ аталған синдромы бар адам өзіне, өз өміріне көңілі толмай, әрқашан өзгелерге қызығумен, өзін олармен салыстырумен болады.
Бұл дерт адамның псиxикасына әсер етіп қана қоймай, депрессия мен көңіл күйінің түсуіне әкеп соқтырады екен. Шектен тыс стреске түсу суицидке дейін де жеткізуі мүмкін.
Digital detox – цифрлық технологиядан белгілі бір уақыт аралығында саналы түрде бас тарту. Бұл ұғымның ақпарат кеңістігінде пайда болғанына аз уақыт болған жоқ. Ағзаны зиянды шлак, токсиндерден тазарту үшін «детоксикация» жасалатын болса, ми мен жүйке-жүйені де қажетсіз ақпараттардан арылту үшін де детокс әдісін жүргізуге болады екен. Аталған тәсіл тәулік бойы (24/7) цифрлық құрылғыдан бас ала алмайтын, одан бір сәт көз жазып қалса, мазасыз күй кешетін жандарға арналған. Олар үшін қазір онлайн қосымшалар мен түрлі детокс курстар пайда болып жатыр. Туризм терминіне де Digital Detox Holidays деген жаңа саяхат түрі қосылған. Бұл тур кезінде жолаушылар wi-fi орнатылмаған қонақүйлерге орналастырылады. Тіпті саяхат кезінде телефондарды жинап алу мәселесі де қарастырылған. Осылайша, саяхатшылар виртуалды әлемнен алыстап, табиғат аясында тыныс алады. Бәрінің мақсаты – адамдарды цифрлық құрылғыларсыз қарым-қатынас құруға үйрету, оған деген тәуелділіктен арылтуға көмектесу.
БҰЛ СИНДРОМДАРДАН
ҚАЛАЙ ЕМДЕЛЕДІ?
Осы тұста жоғарыда атап өткен «FoMO, номофобия, фаббинг сияқты XXI ғасырдың жаңа синдромдарынан арылудың қандай жолдары бар?» деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Гаджеттерге тәуелді болмау туралы гаджеттің өзінен ақпарат іздеп көрген
едік.
Электронды көмекші. App Store, Play Market желісінде цифрлық әлемдегі әрекеттеріңізді бақылап, арнайы таймер қойып, қанша уақыт жұмсағаныңызды ескертіп отыратын мобильді қосымшалар бар. Осы қосымшаларды пайдалануға болады. Немесе қалтафонның экрандағы фонының түсін қараңғылап, қолданбайтын қосымшаларды өшіріп тастаңыз.
Ақылы альтернатив. Сандық құрылғының құрбанына айналғанын сезген жандар үшін нарық түрлі ұсыныстарды алға тартады. Жоғарыда айтқан арнайы детокс турлар, ән-би үйірмелері, медитация, йога курстары бар. Телефонды өз еркіңізбен қоя алмайтын болсаңыз, осындай орындарға барып, ойыңыз бен бойыңызды сергітіп, 1-2 сағат көлемінде болсын онлайн өмірден демала аласыз.
Өзіндік бақылау. Дұрыс не бұрыс шешімді таңдау өз қолыңызда. Жұмысқа барар, қайтар жолда құлаққапты қолданбай, құстардың үні болсын, көшенің шуылы болсын, солардың арасынан өз ойларыңызға ерік беріңіз. Демалыс уақытында үйде, телефон қарап жату мен саябақта серуендеу немесе достармен кездесу нұсқалары ішінен біріншісін таңдамаңыз. Таңертең ояна сала әлеуметтік желіні ақтарудың орнына 5-10 минут жаттығу жасап, ал кешкі ұйқы алдындағы үзілісті кітап оқуға арнаңыз.
Руслан Жұбаныш: АЗҒАНА ДЕМАЛЫП, ҚАЙТАДАН БҰРЫНҒЫ ҚАЛПЫНА ТҮСУ МАҒАН КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ СИЯҚТЫ КӨРІНЕДІ – Өзімді телефонға тәуелді адам ретінде санамаймын. Мүмкін әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы болмағасын шығар. Таңертең тұра сала телефон қарау әдетімде жоқ. Өйткені әртүрлі ақпараттар жаңа оянған миға, тіпті сол күндік көңіл күйге әсер етеді. Ал кешкісін қолданудың ғылыми дәлелденген зиянын білсем де, соны ұстану қиынға соғады. Кешке қарай аяқтау керек шаруалар көбейіп кетеді. Ал digital detox мәселесіне келсем, ешқашан жасап көрмегенмін. Ол менің өмір салтыма айналып кеткен сияқты. Бірақ біраз уақытқа онлайн әлемнен демаламын деп телефонын сөндіріп тастап немесе таймер қойып, бұғаттау әдістерін қолданып жүретін таныстарым бар. Мен оны түсіне алмайды екенмін. Өйткені азғана уақытқа өзін гаджеттерден демалтып, қайтадан сол бұрынғы қалпына түсу маған көзбояушылық сияқты көрінеді. Егер адам өзінің телефонға шектен тыс көп уақыт жұмсайтынын сезсе, арнайы тәсілдер, қосымшалар арқылы емес, әрекетін реттеуді өз қолына алуы керек деп ойлаймын.
Гүлбаршын Нұрхан: ӘЛЕМНЕН ШЕТ ҚАЛҒАН АДАМ СИЯҚТЫ СЕЗІНЕМІН – Өзімді телефонға тәуелді адам ретінде санаймын. Дүкеннен зат сатып алу, автобусқа жолақысын төлеу сияқты қарапайым шаруалардың барлығы смартфон арқылы жүзеге асады. Сол үшін де жанымда телефоным мен интернет болмаса, мен көшеде еркін жүре алмаймын. Әрі менің жұмысым онлайн жасалады, үнемі желіде отыруым керек. Күнімнің 18-20 сағатында телефоным қосылып тұратындықтан, тек ұйықтаған кезде ғана одан демаламын. Оның зиян тұстары өте көп. Кері әсерін үнемі байқаймын. Мысалы, үнемі көзім немесе басым ауырып, шаршап жүремін. Телефонды арасында өшіріп, әлеуметтік желілерге кірмей де өмір сүруге болады. Бірақ ол кезде жаңалықтарды білмей, әлемнен шет қалған адам сияқты сезінемін өзімді. Бір күн желіде болмасам, біраз дүниеден бейхабар қалғандай күй кешемін.
Назигүл Алахатқызы, психолог: ТЕЛЕФОНҒА ТӘУЕЛДІ АДАМДАРДЫҢ МИЫ СОЛ ИЛЛЮЗИЯ-ӘЛЕМНІҢ ӨЗІН ШЫНДЫҚ ДЕП ҚАБЫЛДАЙДЫ – Адамдардың бойын қорқыныш, сенімсіздік билегенде немесе іші пысқанда телефонға кіріп кеткенді жақсы көреді. Бұл дегеніңіз – адамдардың шынайы өмір мәселелерінен қашып, өз қиялындағы арман элементтерін виртуалды әлемнен іздеуі. Осылайша, ол уақытша тыныштанып, жайлылық сезінеді. Телефонға тәуелділік адамның психологиялық күйіне кері әсер етеді. Себебі ол деградацияға алып келеді. Қазіргі отбасы психологтерінің зерттеуі бойынша, әлеуметтік желілер мен дорама-сериалдарға кіріп кеткен адамдардың миы сол иллюзия-әлемнің өзін шындық деп қабылдайды екен. Сол үшін де шынайы өмір мен виртуалды кеңістік арасында қайсысының мәселесіне ден қоюды білмей, жүйке жүйеге салмақ түседі. Пандемия кезінде үлкендер де, кішілер де цифрлық құрылғыларға тәуелді боп қалды. Бірақ бұл еш тоқтаусыз жүру керек процесс деген сөз емес. Телефонының қуаты таусылса немесе оны әр кез қолында ұстап отырмаса өзін жайсыз сезінетін адамдар өте көп. Олар өткенімен немесе болашақпен өмір сүріп, дәл қазіргі сәтті құнсыздандырып жібереді. Сондықтан кез келген жерде телефон қарай беру, әр хабарламаға алаңдау сияқты деструктивті әдеттерді пайдалы әрекеттерге айналдыруға талпыну керек. Таңдау әрқашан бар. Гаджеттер, жасанды интеллекттің бәрі адамзатқа қызмет ету үшін жасалған. Егер оған адамның өзі тәуелді болып бара жатса, оған жақындары немқұрайлы қарамай, одан шығу жолдарын бірге іздеп, көмекке келуі тиіс. Балалар түпсанасында ата-анасына тәуелді. Өйткені олар, біріншіден ата-анасы берген моральдық, материалдық ресурстарды тұтынады. Ал перзенттері телефонға тәуелділікке ұрынып жатса, бұл – ата-ана тарапынан кеткен қателік. «Қазір бәрі солай ғой» деп жауапкершілікті қоғамға итере салмай, әр ата-ана бәрін өз бақылауына алып, оның зардаптары жайлы дұрыстап, егжей-тегжейлі түсіндіруі қажет. Қазір IT технологиялар дамыды, жасанды интеллект дамып келеді. Сондықтан digital detox-қа қатысты түрлі қосымшалар пайда болып жатыр. Мұның бәрі өз-өзіне көмектескісі келетін, өзінің эмоционалды жай-күйін реттегісі келетін адам үшін ең қажетті әдістер.Жыл өткен сайын адамдар цифрлық әлеммен одан әрі біріге түспесе, ажырамайтыны анық аксиома. Сол үшін де одан түбегейлі бас тарту –ақылға сыймайтын жағдай. Тек онымен компромиске келе отырып, виртуал мен шынайы өмірдің арасындағы алтын көпірді жоғалтып алмау керек.
Әсем ҚҰЛМАНОВА