Айбергеновтің жары

Айбергеновтің жары

Айбергеновтің жары
ашық дереккөзі
2218
Танысу 1986 жыл. Мектеп бітіріп, оқуға тапсыру үшін Алматыға баратын болып, жолға жиналып жатырмын. Көңілім алып-ұшып, бір орында тұра алмаймын. Уақыт өтпейтін секілді. –Ассалаумағалейкум. Кітаптан басымды көтеріп жалт қарасам, үйге Далдыбай ағам мен Әрепбай ағам кіріп келе жатыр екен. Далдыбай – әкемнің жақын інісі, ал Әрепбай – Далдыбайдың туған қайын ағасы, біздің Қоңырат ауданынан шығатын «Жеңіс байрағы» газетінің тілшісі. Төлеген Айбергеновтің ең жақын досы болған Әрепбай ағам келгенде біздің үйдің іші толып кететін. – Уай, құда, қош келдің! Мақтап жүреді екен­сіңдер, қазір тамақ та пісіп қалды-ау дей­­­мін. Шай алыңдар. Әкем кілт көңілденді. – Мына Бауыржанға жол болсын айта кел­­дік,– деді Әрепбай ағам кеңкілдей күліп. Мен кәдімгідей қомпаңдап қалдым. Дал­дыбай ағам қулана көз қысып қойды. Ендігі әңгіме Алматы, Төлеген ағама ауысты. Ақын­ның елге келген сапарында сұлу шаһар тура­лы досына айтқан әңгімелерін ықыластана тың­дап отырмын. Арасында: «Шіркін, мен де Алматыдан келіп, Сыдық, Болаттарға әң­гіме айтып отырсам ғой...» деп армандап қоя­мын. – Баукен, – деді Әрепбай ағам кетер кез­де ма­ған бұрылып, – мына хатты Үрниса жеңе­шеңе берерсің. Сыртына адресін, теле­фо­нын жазып қойдым. Ұялма, хабарлас, ол – өте жақсы адам! Үрниса! Аты ерекше екен. Басыма бірінші келген ой – осы. Ертеңіне Ілия, Ұлбосын, Клара есімді үш кластасыммен бірге жолға шықтық. Жол­бас­шымыз – мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен са­бақ берген, Ұлбосын мен Ілияның ағасы Сәр­сенбай ағай. Ұшаққа билет болмай, Нө­кістен Ташкентке, Ташкенттен Алматыға пойыз­бен келдік. Сол пойыздың ішінде келе жатып, әлгі хат есіме түсті. Әрепбай ағам айт­паса да, хаттың мен туралы екенін түй­сігім­мен сездім. Ашып, оқығым келді. «Қой, ұят болады...» дейді бір ойым. «Онда тұрған не бар, қайта желімдеп қоя салмайсың ба?» – дейді тағы бір ой кимелеп. Ақыры сол иығымдағы періштем жеңіп, аштым. — «Үрниса! – депті ағам амандық-сау­лық­тан кейін. – Мынау Төлеген ағасы секілді шайыр боламын деп талаптанып жүрген бала. Оқуға түсуіне көмектесерсің». Біздің ауыл ақынды шайыр дейді. Хатты оқып бо­лып, екіұдай сезімде болдым. Бір жағынан ішім жылып тұр. Екінші жағынан сәбет оқу­шысы, республикалық олимпиаданың жеңім­пазы үшін біреуге «оқуға түсір» деп өті­ніш айтқан ыңғайсыз емес пе?! Оның үсті­не, жеңгей қалай қарайды? «А, мен сені сәлем беруге келген екен десем...» десе, өлім ғой... Жоқ, болмайды. «Бұл хатты оқуға түскеннен кейін апарып беремін». Осы ойға бекідім. Сол жылы оқуға түсе алмадым. Сәрсенбай ағай мен қыздар ертерек кетіп қалған болатын. «Құлап қалғасын» Төлеген ағамның үйіне баруға мүлдем құлқым болған жоқ. Хат өзіммен бірге ауылға «қайтты». Ол туралы Әрепбай ағам келіп сұраған сәтте бір-ақ білген әкем аузын толтырып бір-ақ боқтады: «Өй, жатырына тартып кеткен әкеңнің аузын... жасық неме...». 1989 жылы әскерден келіп, тағы Алматы астым. Сол КазГУ-ге келіп тұрмын. Әрине, бұл кезде хат жоқ, бірақ үйдің адресі мен телефон нөмірін жатқа білемін. Бірақ қоңыраулатуға ішімдегі бірдеңе жібермейді. Бұл жолы да тоңқалаң астым. Алматы станок жасаушылар зауытында жұмыс істеп жүрмін. Төлеген ағамның өлеңдерін жатқа соғамын. Кейде тіпті өзі секілді жоғарыдан төменге, төменнен жоғарыға қарап оқимын. Бірақ оқуға түспей тұрып, ақынның үйіне бару ұят секілді. Келесі жылы оқуға түскеннен кейін де звондауға батылым бармай жүрді. Бір күні өзімді жеңіп, автоматқа жеттім-ау, әйтеуір. – Алло. Әйел адамның дауысы. Үрниса жеңешем болуы керек. –Алло, Төлеген ағамның үйі ме екен? Сұра­ғымның түрін қара. Иегіме ие бола алмай қалдым. Сартылдап тұр. – Иә, Төлеген ағаңның үйі. Трубканың ар жағындағы дауыс жып-жылы екен. – Мен Қоңыраттан келіп ем... Сту­дент­пін... Сізге сәлем берейін деп... Тура біреу қуып келе жатқандай сартылдатып жатырмын. Жеңе­шем күліп жіберді: – Ой, айналайын, үйге келе ғой. Адрес... –Білемін. Жеңешем есікті ашып қойып, күтіп отыр екен. – Ой, гүл алып не істейін деп ең, өзің сту­­­­­дентсің. Ал төрлет. Қоңыраттанмын дедің бе? – Иә. «Ленинизм» кеңшарынанмын. Бұрынғы «Авангард», жолдың мына жағы. Нақтылап жатқаным, біздің кеңшар кейін, 70-жылдары құрылған. – Онда кімнің баласысың? – Бабажанның. Жеңешем иығын көтерді. Танымаймын дегені. Онысы рас. Менің ата­ларымды өкімет балық шаруашылығын да­мыту керек деген сылтаумен Мойнақ ауда­ны­на «жер аударып» жіберген. Ағайын ара­сы­на 70-жылдарда ғана келдік. Әңгімеміз шай үстінде жалғасты. Әреп­бай ағамды айтқанда жеңешемнің көзі жарқ ете қалды. Оның қарындасы Сұлудың менің жеңгем екенін естігенде тіпті мәз болды. – Келін боп түсіп жатқан кезім ғой. Шы­мыл­дық ішінде отырмын, – деді сосын ра­хат­тана күліп алып. – Қасымда сол кезде 9-сыныпта оқитын Сұлу бар. Салт бойынша жаңа түскен келін шымылдықтың ішінде де орамал жамылып отырады. Ылдым-жылдым қозғалып қалған адаммын ғой, отырып-оты­рып ішім пысты. Бір жағынан ұйқы қысып барады. Сосын Сұлуға: «Сен менің орныма отыра тұр, сәл мызғып алайын...» дедім. Көзім ілініп кетіпті. Бір кезде бетіме бірдеңе тарс ете қалды. Көзімді ашып қарасам, тақия. «Е, біреудің тақиясы түсіп кеткен екен ғой...» деп шымылдықтан асыра лақтырып жібердім де, қайта көзімді жұмдым. Бір кезде сыртта у-шу болып, бір топ келіншек шымылдық ішіне кіріп келді. Сөйтсем, тақия лақтыру елдің сал­ты екен. Жас келіннің қасында отыр­ған­дар мұндайда тақияны толтырып, сырттағы адамға ұсынады екен. Жұғысты болсын де­ген ниет. Ал мен кері лақтырып жіберіппін. Ішке кіріп келгендер келіннің орнында отырған Сұлуды, қасында жантайып жатқан ме­ні көріп, тіпті шошып кетті. Сол Сұлу ғой. Ба­ласы нешеу дейсің? Құдай берген екен. Тағы біраз әңгіме айттық. Ананы-мы­наны сұрайды. Тіпті, ауылдың арасындағы жол­дарға дейін жатқа біледі. Мен кейде жауап бере алмай дағдарып қаламын. Кейін ойласам, арада өткен ширек ғасырда жер бедері біраз өзгерген екен ғой. Ал жеңешем өз көкірегінде сақталған жобамен сұрайды. Ме­нің білмей қалатыным содан екен. Түсте барғаннан қас қарая бір-ақ шық­тым. Жеңешем есіктің алдына дейін шы­ғарып салды. Өзі де біраз жайтты еске алып, желпініп қалған секілді: «Айналайын, жиі ке­ліп тұр. Біздің ауылдың баласысың ғой сен...». Төбем көкке сәл жетпей тұрды.  width= Шай үстіндегі әңгімелер – Қазақжапқа шомыласыңдар ма? – деді бір күні жеңешем шай үстінде. – Иә. Негізінен «Ленин жапқа» шомы­ла­мыз. Сосын Қазақжапқа келеміз. – Е, ана жаңадан қазылған канал ғой. Ағаң «Ленин» мектебінде жұмыс істеді. Бе­ле­­­себетпен қатынады. Көктем, күзде әрі-бері өт­кенде Қазақжапқа қойып кететін. Мен мек­тепте көп тұрақтағам жоқ. Комсомол жұ­­мысына ілініп, аз уақыттан соң аудандық ком­сомол комитетінің екінші хатшысы боп шы­ға келдім. Таңертең үйден көлікпен алып ке­теді. Содан күні бойы мақта атыздарын ара­лаймыз. Қоңыратта құрылыс қарқынды жүріп жатқан кез. Жұмысшылардың дені – комс­омолдар. Оларға да соғып, жігер беріп ке­теміз. Ағаңа менің белсенділігім аса ұна­ма­ған секілді. Достарына: «Өз елімде Ораза­лие­ваның күйеуі ретінде танылатын болдым ғой...» деп күліп жүретін. Бір күні мектеп ди­ректоры мақта терімге шығасың дегенде та­лағы тарс айырылыпты. «Шықпаймын». «Не­ге?» «Мақта тере алмаймын». Онысы рас ен­ді. Студент кезде де бекітілген норманы орын­дай алмай, мен екі адамның орнына жұ­мыс істейтінмін. Ол терілген мақтаны та­ситын. Таңертең ұйқысынан оянар түрі жоқ. «Мақ­таға бармайсың ба?, – десем, «Бар­май­мын дедім ғой...» деп әрі қарай аударылып түс­ті. Демек, райынан қайтпағаны. Беле­се­бет­ке мініп, фартугімді алып, атызға бетте­дім. Бригадир мені көріп шошып кетті. Ком­сомол комитетінің екінші хатшысы күйеуі­нің орнына жұмысқа келеді деп ой­ла­ма­ған, сірә. Ал Тәшкеннің қызына мақта теру деген түк емес, кірісе беріп ем, ана кісі қояр­да қоймай, үйіне алып кетті. Шай ішіп отыр­мыз. Түске таман шопыр жетті. Бірінші хат­шы іздеп жатыр екен. Бардым. – Қайда жүрсің? – Төлегеннің орнына мақта теруге бар­дым. – Өзі қайда? – Үйде. – Ол немене феодал ма, сонша? Айна­лайын-ау, жан-жағыңа қарасайшы, қазір ХХ ғасыр емес пе? Сосын сен басқа емес, ком­со­мол комитетінің хатшысысың ғой. Күйеуімнің орнына жұмысқа бардым деген не сөз? Бірін­ші хатшы сабырлы адам еді, бірақ әбден күй­се керек, дауысы қатты шығып кетті. – Аға, мен мұнда комсомол хатшысы бол­­­­ғаныммен, үйде әйелмін. Егер ініңізге сөзім жүретін болса, Тәшкенде алып қалар едім. Етегінен ұстап, еліңізге келдім. Енді со­ған бағынуға, ыңғайына жығылуға тиіспін. Сон­дықтан да мені жұмыстан босатыңыз. – Жолдас Оразалиева, не айтып тұрға­ныңыз­ды білесіз бе? Бірінші хатшы енді ресми қалыпқа көшті. – Білемін. Бірақ жұмыс деп күйеуімнен айырылатын жайым жоқ. Бастығым айтары таусылғандай, басын шай­қады. Мен де төмен қарап, үнсіз отыр­мын. Бір кезде хатшысын шақырды: «Маған дереу «Ленин» мектебінің директорын қос». – Алло, ана Айбергенов Төлегенді бүгін­нен бастап мақтадан босатыңдар. Білмеймін, ре­тін тап. Ар жағынан: «Жақсы, жақсы...» де­ген дауыс естіліп жатыр. – Жұмысыңа бара бер, – деді сосын маған бұры­лып. Кешке үйге келгесін Төлегенге айт­сам: «Мен осылай болатынын біліп едім...» деп санын шапаттап, мәз болды. – Қоңыраттан Сарыағашқа көшіп кел­гесін көп дос таптық, – деді жеңешем тағы бір­де шай құйып отырып, – жиі бас қосамыз. Осындай кештерде әдемі әңгіме, ән айты­ла­ды. Сосын жұрт қолқалап, ағаңа өлең оқы­та­ды. Шынымды айтсам, маған бұл ұнам­ай­тын. Олар күлкі қылып жүрген сияқты кө­рі­нетін. Бір күні оңашада өзіне ойымды айт­тым: «Төлеген, сенің мұғалім, кешкі мек­тептің директоры деген атың бар. Сол да жет­пей ме? Жұрт кеу-кеулегенге қолыңды сіл­теп, өлең оқисың келіп. Ақын деп сені ма­зақ қылып жүр...». «Е, шынымен ақын емес­пін бе?». «Ақын дегеннің өлеңі газет-жур­нал­дарға шықпай ма екен? Солай болып, жұрт мойындап жатса, бір сәрі, осындағы азғантай топтың өтірік қолпаштағанына мәзсің. Енді өлең оқитын болсаң, сенімен бірге қонаққа бармаймын...». Бетіме ұзақ қарап, тұрып қал­д­ы, бірақ үндеген жоқ. ...Бір күні Шымкентке кетіп, ерекше көңіл­ді оралды. Бір әнші қызды көріпті. Со­ның сұлулығын айтып, тауыса алар емес: «Үрниса, ана қызды көрсең бар ғой, тура сен де ға­шық боласың. Әдемі ғой, әдемі. Шіркін, дауыс қандай...». Жігіттер келе қалды. Аузының суы құ­рып, оларға да сол қыз туралы әңгіме ай­тып отыр... Келгендер кеш тарап, ыдыс-аяқты жуып бол­ғасын жатып қалдым. Алдында бала ауы­рып, ұйықтамағаным бар, қонақ күткенім бар, қатып қалыппын. Бір кезде ағаң оятады: «Үрниса, тұршы. Мен бір өлең жаздым, тың­да­шы». «Қойшы, Төлеген, ертең оқырсың...». «Жо-жоқ, қазір тыңдашы...». Сүйретіліп әрең тұрдым. Пердемен бөлінген ауызғы бөлме есе­біндегі жерге келдік. «Үрниса, кеше Шым­кентте бір әдемі әнші қыз көрдім дедім ғой, соған арнап өлең жаздым...». Қаным басыма теп­ті. Ұйқым шайдай ашылды. «Мен ғой мұ­ның баласын бағамын, қонағын күтемін. Ал бұл...». Басымды кілт көтеріп, жүзіне қарадым да, тілімді тістей қойдым. Көзі от шашып, ша­быттанып тұр. Маған әйелі емес, сырлас до­сы, оқырманы сияқты қарап тұрғанын ұқ­тым. «Оқы...» дедім еріксіз. Шашын бір сіл­кіп тастады да, оқи жөнелді: Жатады сенің құз кеудең толқып, ба­сылып, Ойнайды сезім жүзіңде сенің от болып. Әндерің сенің тауларға заңғар басы бұлт, Барады мені бөктеріп... Оқып бітті. Сабақты жақсы айтып, мұ­ға­лімнен мақтау күткен баладай үміттене қа­рай­­ды. «Төлеген – сен ақынсың!», – дедім. – Мық­ты ақынсың!» «Рас па, Үрниса?». «Рас!» Бас салып құшақтай алды. Содан екеуміз таң ат­қанша шай ішіп, әңгіме айттық... ...Шай үстінде әңгіме осылай өрілетін. Қоңырат, Нөкіс, Сарыағаш, Қаскелең, Ал­ма­тыны молынан «аралайтынбыз». Жеңешем аль­бомды қолына алатын. Оның әр бетін сон­ша ықыласпен аялай сипап отырып әр суреттің тарихын баяндайтын. Бір рет, екі рет.... он рет көргеннен кейін адам жалыға бас­тайды ғой. Бірақ жеңешемнің жүзі ерек­ше нұрланып кететін сәтін көру де бір ғажап еді. Сөйтсем, ең бақытты сәттерін оймен шолып қайтады екен ғой, жарықтық... «...келін болған жұрт» Жеңешем біздің ауылда бірнеше жыл ға­на тұрған. Бірақ туғаннан сол жерде тұр­ған адам секілді еді. Ол кісі айтқанда, біздің ауыл жұмақтың төрі секілді болып елес­тей­тін. 90-жылдардағы аласапыранда ел жаппай ата­мекенге ауды ғой. Әсіресе, Алматыға көп кел­ді. Соның біразының құжатын түгендеуге Сал­танат апам жүгірді. Кейде сәл кіржіңдесе, жеңе­шем жақтырмай қалатын. Әсіресе, Төле­ген ағамның көзін көрген, соңынан ерген інілері десе жаны қалмайтын. – Бауыржан, бүгін ана Жеңіс ағаңның туған күні екен. Сен келінді алып «Саяхат» ав­то­бекетінің жанына шығып тұр, біз жарты са­ғатта Салтанат екеуміз көлікпен барамыз, – де­ді бір күні жұмысыма звондап. Жаңа үйленіп жатқан кезіміз ғой, тойға баратындай жағ­дайым жоқ еді. Қапелімде аузыма сылтау да түсер емес. Соны сезгендей, жеңешем бас­тыр­малата жөнелді: – Өткенде келгенде туған күнім деп ай­тыпты Салтанға. Биыл мерейтойы болуы ке­рек. Сен бармағанда кім барады? «Кімі бар екен?» дейді ғой қазақ. Сыйлық туралы ой­лап, әуре болма, Салтанат бәрін алып қойды. «Жа­лын» журналында істейтін інісі келіпті де­ген сөздің өзі жетіп жатыр. Ал тездетіп шы­ғ­ыңдар. Жеңіс Естілеуов өте талантты ком­по­зи­тор еді. Төлеген ағамның қасына еріп жү­ріп, бірнеше сөзіне ән жазған. Кезінде Алматыдан үй алып, Қазақ радиосында жұмыс істеп жүр­генде бір-ақ күнде бәрін тастап, ауылға ке­тіп қалған. Енді, міне, қайта көшіп келіп жа­тыр. Үйін әрең таптық. Екі бөлмелі «времян­ка». Әлі еденін де төсеп үлгермеген екен. Үл­кен үйдің іргетасы құйылыпты. Дәл қазір ту­ған күн тойлайтын жағдайы жоқ екені кө­рініп тұр. Әйелі бізді көріп, қатты қы­сы­лып қалды. Тойдың үстіне түсеміз деп барған біз де біртүрлі күйде едік. «Бәріне кінәлі» Үр­ниса жеңешеме қарай береміз. Ол ешқа­н­дай сыр берген жоқ. Шашуын шашып, төрге озды. Әдемі тілегін айтты. Жеңіс ағам өте сым­батты адам еді, Салтанат апам костюм-шалбар, туфли кигізгенде, тіпті ажарланып шы­ға келді. Оның әңгімелері мен әні жүдеу дастарқанның әрін кіргізіп жіберіп еді. «Марфуға», «Сайрашы, сандуғашым» әндері композитордың өз орындауында тіпті ғажап екен. Естеліктер мол айтылған керемет кеш болды. – Келгеніміз жақсы болды, – деді қай­тар­да жеңешем қатты көңілденіп. – Ертең-ақ ана балаларымен бірге қатқан үй салып ала­ды. Жеңістің орны бөлек қой! Біз де мәз едік. «Ешқашан қарақалпақ елі туралы жаман сөз айтпаңдар. Сол елде туып-өстіңдер. Тек қа­на жақсы жағын жеткізіңдер жұртқа» дей­тін. Бірде Кәкімбек Салықовты қаралаған қа­ра­қалпақ басылымына өткір жауап жазған бір ағамызға қатты ренжіді: «Не керегі бар еді?» 1997 жылы ақынның 60 жылдық мерей­тойы атап өтілді. Туған жері Қоңырат та қ­а­лыс қалмады. Аса дұрыс ұйымдас­тырыл­ма­са керек. Бірақ жеңешем келгендерге жақ­­­сысын асырып айтып отырғаны, бала­лары­нан, әсіресе ұлы Дәуреннен де дәл солай айтуды талап еткені есімде қалыпты. Өте жылдам адам еді. Кез келген шаруаға бар ықыласымен кірісетін. Әңгіме айтқанда, жүзі жайнап кететін. Бар даусымен аңқылдай күлетін. Базарға барғанда: «Дұрыс өлше. Грам­нан жейтіндеріңді білемін. Алдай ал­майсыңдар, мен Тәшкеннің қызымын» дей­тін. Өзіне жарасып тұратын.  width= Мәңгілік тарқамайтын той «Мен марттағы найзағай күркірімін» деп жыр­лаған Төлеген Айбергеновтің туған күні – 8 наурыз. Жеңешем жыл сайын сол күнді асыға күтетін. Таңертеңнен бастап қонақ ағы­ла бастайды. Зәкір Асабаев, Мұхтар Ша­ха­нов, Смағұл Елубайлар міндетті түрде ке­ле­тін. Бір қызығы, мүлде шақырылмаған қо­нақтар да болатын арасында. Кешке қарай жас­тар қаптайтын. Ақынның туған күніне де­ген құрметі ғой. Төлеген ағамның ұлы Дәу­рен мен қыздары Салтанат, Махаббат, Хұс­ни, Айнар, күйеу баласы Бауыржан Жа­қып тік аяқтан тұрып күтетін келгендердің бәрін. Өтежан Нұрғалиевті бірінші рет сол шаңырақтан көрдім. Қызықты естеліктер ай­тылып, Төлеген ағамның өлеңдері оқы­лады. «Омырауынан бір сәуір шайқап ескен» жеңешемнің жүзі бұл күні бал-бұл жай­най­тын. Жалпы, 8 наурызда ақынның үйін бетке ала­тын «дәстүр» бұрыннан бар екен. «Біз сту­дент кезімізде ен Алматыда өзімсініп бара­тын жалғыз үй – Айбергеновтің шаңы­ра­ғы еді...» дейді белгілі ақын Қасымхан Бегманов. ...Төлеген ағам қайтыс болғаннан кейін «Лениншіл жастың» сол кездегі бас редак­торы Шерхан Мұртаза мұны хат бөліміне жұмысқа алған. «Жұмысқа тұрғаным бар бол­сын, аңыраймын да отырамын. Өйткені кел­ген хаттың 70-80 пайызы Төлеген туралы бо­латын. «Жап-жас жігіт еді ғой, қалай аяқас­тынан кетіп қалды?» деген әрбір хат жүре­гім­ді тіліп түсетін...» дейтін. Төлегенге деген ел­дің шексіз махаббатына қатты риза бола­тын. Ақынның тойын бүкіл халық болып тойлаған сәтті көруді қатты армандайтын. Түбі солай болатынына сенетін. Белгілі жур­налист Қалбай Әділдің құрастыруымен «Бір­гемін мен сендермен» атты естеліктер кі­табы шыққанда қатты қуанып еді. Көптеген ақын-жазушының ұрпағы әке­сінің шығармасын оқи алмайтыны рас. Ал бұл кісінің Алматы әбден орыстанып кеткен жыл­дарда да балаларына қазақ тілінде білім бе­ріп, әкесінің өлеңдерін бойларына сіңдіруі – ­үлкен ерлік. Әр перзенті әкесінің кез кел­ген өлеңін жатқа оқиды. 2017 жылы туған жері Қарақалпақстанда, Алма­тыда, Астанада, Ақтөбеде, Ақтауда, Шым­кентте һәм Мәскеуде ақынның туған күні кеңінен атап өтілді. Қазір Ақтөбе об­лы­сы әкімдігі тарапынан жыл сайын ең үздік қа­­­ламгерлерге берілетін, әрқайсысы 1 мил­лион теңге тұратын сыйлықтың біреуі Айбер­геновтің атында. Облыс әкімі Оңдасын Ора­залиннің бастамасымен былтыр Ақтө­бенің орталық көшелерінің біріне Төлеген Айбергенов пен Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші қойылды. 2019 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университетінің сол тұстағы рек­торы Бауыржан Ердембековтің мұрындық болуымен ақын атындағы конференц-зал ашыл­ғанда Салтанат апам баяғы мен жиі па­рақтаған альбом мен Төлеген ағам киген көйлекті сыйға тартты. Қазір университеттегі құнды мұралар санатында. Биыл Айбергеновтің туғанына 85 жыл толды. Туған ауылындағы мектеп директоры, Тө­легеннің өлеңдерін жатқа оқитын жалын­ды жас Жеткізген Сәрсенбаев ақынның жыр­ларын оқудан керемет жарыс өткізді. Оған Қарақалпақстанның барлық өңірінен оқушылар қатысты. Telegram канал арқылы әрбір талапкердің оқыған өлеңін тыңдаған сайын өзім қатысып жатқандай күйде толқып отырдым. «Шіркін, – деймін кейде, – осының бәрін Үрниса жеңешем көргенде ғой». Бірақ рухы сезіп жатқаны хақ. Жақында ғана әкесі Төлегенге туралы кітап жазып бітірген Салтанат Ай­бер­генова енді Үрниса жеңешем туралы кі­тап құрастырып жатыр екен. Өте құптарлық іс. 30 жасында жесір қалып, қазақтың ұлы ақы­нының бар мұрасын бүгінге жет­кіз­ген, салиқалы ұрпақ тәрбиелеген инсан қан­дай құрметке де лайық!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары