386
Сұғанақ қолдар көбейіп барады
Сұғанақ қолдар көбейіп барады
«Ақпарат кімнің қолында болса, әлем соның қолында» деген тәмсілдің ақиқат екеніне күн өткен сайын көзіміз жетуде. Ақпараттық қарудың қаупі алпауыттар қолындағы ядролық қарумен тең түспесе, кем түспейді. Мемлекеттердің бір-бірінің ақпараттық кеңістігіне тыңшы салып қойғаны сондықтан. Соңғы кезде хакерлік шабуылдардың жиілеуі ақпараттық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне қайта қойды.
Мәселен, жыл басынан бері АҚШ-тың екі компаниясының мәліметтер базасына қол сұғылды. «Sony Pictures Entertainment» компаниясына жасалған хакерлік шабуылдың соңы екі мемлекеттің – Америка мен Солтүстік Кореяның арасындағы кикілжіңге ұласты. Бірі санкциялармен, бірі ядролық қарумен сес көрсетіп, жергілікті халықтың ғана емес, тұтас құрлықтардың тынышын кетірді.
АҚШ-қа кәрістер ғана емес, қытайлар да тіс қайрап жүрген сыңайлы.
«Қытай хакерлері АҚШ-тың қорғаныс және қаржы компанияларының деректерін бақылау үшін «Forbes» сайтын бұзыпты» дегенді естіп, Вашингтонды аңдығандардың қарасы көбейгенін түсіндік. iSIGHT Partners және Invincea компаниясының киберқауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандар тексеру жүргізіп, 2014 жылдың қарашасында ҚХР хакерлері «Forbes» сайтындағы «Thought of the Day» виджетінің бағдарламалық кодына өзгерістер енгізген. Пайдаланушы сайтқа кіріп, виджетті іске қосқан уақытта компьютерге автоматты түрде қауіпті бағдарлама орнатыла бастайды.
Компания мамандарының айтуынша, «Forbes» сайтына 2014 жылдың 28 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында кірген пайдаланушылар хакерлердің шабуылына ұшыраған. Хакерлер сайтты бұзу үшін «Internet Explorer» интернет-браузері мен «Adobe Flash Player» бағдарламалырының олқы тұстарын пайдаланған. Мамандардың пайымдауынша, мұның барлығын жасап отырғандар – Codoso хакерлер тобы болуы мүмкін. The Washington Post басылымы жариялаған деректерге сүйенсек, бұрын бұл топ АҚШ-тың қаржы, энергетика және мемлекеттік компаниялары мен мекемелерінің жүйелеріне де шабуыл жасаған екен.